Бүгін ҚМДБ жанындағы Әйел-қыздар секторының аймақтағы өкілдерімен кездескен Бас мүфти Серікбай қажы Ораз балалар арасындағы әлімжеттік, телефонға «тәуелділік», т.б. ұрпақ тәрбиесіне қатысты мәселелер жайлы ойларымен бөлісті.
«Өздеріңіз білесіздер, қазір қоғамда телефонға «тәуелділік» деген үрдіс белең алды. Бүлдіршіндер былай тұрсын, телефонға телмірген ересек адамдарды жиі кездестіреміз. Көп жағдайда ата-аналар оны ойнатудың немесе жұбатудың құралы ретінде береді. Бұл қаншама балалардың денсаулығына зиян келтіруде. Сіздер ана, ұстаз ретінде осы мәселеге жіті мән беріп, телефонға телмірген балаға көмектесудің жан-жақты әдістері жайлы ойланып, нақты ұсыныс берсеңіздер. Бала тәрбиесіне қатысты тағы бір мәселе – мектептегі әлімжеттік оқиғалар. Әйел-қыздар секторы осы түйткілдерге терең мән беруі тиіс»,– деп атап өтті Бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлы.
Сонымен қатар, ҚМДБ Төрағасы С.Ораз деструктивті ағым өкілдері арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуге қатысты көпшілік елей бермейтін тәсілдер жайлы өз ойын ортаға салды.