Сыпайылық, қарапайымдылық, кішіпейілділік қасиеттері – шынайы мұсылманға тән көркем сипаттар. Адам бойындағы мінез-құлықтар оның түр-келбеті мен іс-әрекетінен, сөйлеген сөздерінен айқын аңғарылып тұрады.
Алғаш кездескен кездегі сәлемдесуден немесе берген сәлемге қайтарған жауаптардан-ақ, қарсыңдағы адамның әдеп-ахлағы мен адамгершілік дәрежесінің қай деңгейде екендігін байқауға болады. Алғашқы жолығуда-ақ жылы шырай танытып, бірінші болып сәлем беру немесе берілген сәлемге жылы жүзбен күлімсірей жауап қайтару – сыпайылықтың, жоғары мәдениеттіліктің, ізгіліктің жарқын көрінісі.
Екі мұсылман бір-бірімен жолыққанда бірінші болып сәлем беру қаншалықты маңызды болса берілген сәлемге дұрыс жауап қайтару да сондай маңызға ие деуге болады. Кейбір жандардың тарапынан кейде өзі сәлем бермегенімен тұрмай, берген сәлеміңе немқұрайлылықпен жауап қатып немесе жауап та бермей кекірейіп тұратындардың да қоғамдық ортада кездесіп жататындығы қынжылтады. Бұлай сәлемдесу – тәкаппарлықтың, сараңдықтың белгісі. Пайғамбарымыз (с.ғ.у) бұл жөнінде: «Адамдардың ең сараңы, сәлемге сараңдық танытқандары», – деген. Сонымен қатар, тәкаппар пенделердің жәннатқа кірмек түгілі оның иісін де сезбейтіндігі жөнінде хадистерде көптеп ескертілген. Имам Ахмадтан жеткен келесі хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.у.) былай дейді: «Алла Тағала Адам атаны жаратқаннан кейін оған: «Ана отырған топқа бар да, сәлем бер. Олардың саған қалай жауап қайтаратынын тыңдап көр. Себебі, олардың қайтарған сәлемі сенің және ұрпағыңның сәлемі болады», − дейді. Ол жерде бір топ періштелер отырған еді. Адам ата оларға барып: «Ассаламу алейкум!», − деп амандасады. Олар: «Ассаламу алайка уа рахматуллаһ!» − деп жауап қайтарады».Бұл хадис біріншіден, адамдар арасындағы қарым-қатынас негіздерінің басы сәлемдесуден басталатындығын білдірсе, екіншіден, сол сәлемнің қалай берілетіндігін білдіріп тұр. Үшіншіден, берілген сәлемге артығымен жауап қайтарудың маңыздылығын ұқтыруда. Төртіншіден, сәлемдесу мәдениетінің тарихы сонау Адам атамыздан бастау алатындығын көрсетіп беруде.
Алғашқы кездескен кездегі мәміленің адам көңіл-күйі мен одан кейінгі қарым-қатынасқа қаншалықты ықпал ететіндігін мына бір мысалмен түсіндіруге болады. Бір ит қабырғасына түгел айна қойылған би жаттығу залына байқаусызда кіріп келеді. Кенет, күтпеген жерден өзі секілді көп иттер пайда болып өзіне қарай түсі сұрлана қарап тұрғанын көреді де дереу мыналар менімен таласып, төбелесуге келген екен деп ойлап, тістерін ақситып ырылдай бастайды. Сөйтсе оларда бұған қарай тістерін ақситып сес көрсетеді. Бұл да одан сайын жақтарын ырситып, азу тістерін ақситып айнаға қарай жақындай бастайды. Олар да дәл осылай мұның істегендерін қайталап өзіне қарай жақындап келеді. Бір кезде өзімен өзі төбелесіп, залды басына көтере үріп, айқайлап, айналарды қиратып, сындырып залдың астаң-кестеңін шығарғанын байқаймыз. Ал енді дәл осы жағдай керісінше болып, жаңағы ит тістерін ақситқанның орнына құйрығын бұралаңдата қалады да төңірегіне сестеніп емес, керісінше жылы жүзбен көз тастайды. Сөйтсе, олар да құйрықтарын бұралаңдатып өзіне қарап тұрғанын көреді. Бұл, мыналар бұл жерге менімен ойнауға келген екен ғой деп ойлап құйрығын одан сайын ойнақтатып, белдерін оңды-солды майыстырып, айнаға қарай жақындап келеді. Олар да мұның істегендерін айнытпай қайталап, бұған қарай жақындай түседі. Бір кезде жаңағы ит төңірегіндегі өзінен аумайтын иттерді жүгіртіп, секіртіп, алдыңғы аяқтарын көтеріп, артқы екі аяқтары мен ойнақтап жүргірткенін, бейне бір иттердің би жаттығуымен айналысып жатқан керемет бір көрінісін тамашалауға болар еді. Яғни, бұдан алғаш кездескен кездегі мәміле дұрыс болса одан кейінгі қарым-қатынастың да дұрыс өрбитінін көруге болады. Алғашқы кездескен кездегі мәміле нашар болса одан кейінгі қарым-қатынаста нашар болады. Ал алғашқы мәміленің сәлемдесуден басталатындығы белгілі. Халқымызда «Сәлем түзелмей, әлем түзелмейді» деген сөздер бар. «Сәлемің түзу болсын!», «сәлемі түзу адам еді» деген сөздердің қазақы сөйлеу мәдениетінде кеңінен қолданылатындығы да осы себепті болса керек. Пайғамбарымыз: (с.ғ.у) «Өзара сәлемдесуді кеңінен жайыңдар.Сонда араларыңдағы мейрімділік, сүйіспеншілік күшейеді»,– деген. Сондай-ақ, сәлем жөнінде айтылған мақал-мәтелдеріміз бен өлең-жырларымыз да жетерлік. Арнайы сәлемдесу – салтымыз.
Сәлем – арабтың «әс-сәләм» деген сөзінен шыққан. Ол, «амандық», «есендік», «тыныштық» – деген мағыналарды білдіреді. Ал «Әссәләму алейкум!» – деп амандасу, «сізге Алланың тыныштығы, амандығы болсын!» – деген мағына береді. Оған «уа алейкум әссәләм!» – деп жауап қайтарылады. Ол, «сізге де Алланың амандығы, тыныштығы болсын» – дегенді білдіреді. Осылай сәлемдесу арқылы бір-бірімізге дұға жасасып, Алланың көп жақсылықтарын тілеген болсақ, бір жағынан мол сауаптарға кенелетіндігіміз анық. Бірде пайғамбарымыз (с.ғ.у) бір топ сахабаларымен отырған кезде бір кісі келіп: «Әс-сәләму алейкум! (Сіздерге Алланың сәлемі, есендігі, тыныштығы болсын!)», – деп сәлем береді. Пайғамбарымыз: (с.ғ.у) «Уа алейкум әссәләм! (сізге де Алланың амандығы, тыныштығы болсын!)» – деп оған жауап бергеннен кейін ол адам топқа қосылып отырады. Пайғамбарымыз: (с.ғ.у): «Он сауап», – дейді. Кейін екінші бір кісі келіп: «Әс-сәләму алейкум уа рахматуллаһ! (Сіздерге Алланың сәлемі, есендігі, тыныштығы мен рахметі болсын!)», – дейді. Пайғамбарымыз: (с.ғ.у): оған да дәл солай жауап қайтарғаннан кейін, ол адам отырды. Пайғамбарымыз: (с.ғ.у) «Жиырма сауап», – дейді. Осыдан соң үшінші адам келіп: «Әс-сәләму алейкум уа рахматуллаһи уа бәракәтуһ! (Сіздерге Алланың сәлемі, есендігі, тыныштығы, рахметі мен берекеті болсын!)», – деп алдыңғы екі кісінің сәлеменінен ерекше сәлем береді. Пайғамбарымыз: (с.ғ.у) оған да жауап бергеннен соң, топқа келіп қосылады. Пайғамбарымыз: (с.ғ.у) «Отыз сауап», – дейді». (Бұл хадисті имам Дауд және имам Тирмизилар өздерінің хадис кітаптарында риуаят еткен).
Алла Тағала «Ниса» сүресінің 86-аятында «Қашан сендерге сәлем берілсе, одан жақсырақ немесе соның өзін қайтарыңдар», – деп бұйырған.
Берілген сәлемге дұрыстап жауап қайтару да парыз құрметті бауырлар. Әрқашанда бірбірімзге деген сәлеміміз түзу болғай!
Сыздықов Бекзат,
Мақтарал аудандық орталық
«Нұғман» мешітінің бас имамы