Қалада жат ағымдармен күрес жұмыстары жандана түскен. Мәселен, өткен жылы жастармен 605 кездесу ұйымдастырылса, оған 120 723 адам қамтылған. 19 адам дәстүрлі дінімізге оралыпты.Орталық мешіт жанынан ақылдастар алқасы құрылған болатын. Соған сәйкес барлық ауданда кездесулер өткізудің нәтижесінде жаназа рәсімдері бірізділікке түсті.
ҚМДБ-ның Шымкент қаласы бойынша өкіл имамы Бақтыбай Бейсенбаевтың айтуынша, биыл да атқарылар жұмыс ауқымды. Әсіресе, жат ағымдармен күрес, мешіттердегі есеп-қисап мәселесі, жастарды қолдау бойынша нақты жұмыстар атқарылмақ.
Жастар жылында өкілдік тарапынан 172 іс-шара ұйымдастыру жоспарланып отыр. Өкіл имам өткен жылдағы негізгі жетістіктерді саралап, биылғы қолға алынар жұмыстарды кеңірек әңгімелеп берді.
– Бақтыбай Қыдырбайұлы, өткен жылы жүзеге асқан жұмыстар жетерлік. Солардың ең негізгілерінің бірі – жат ағымдармен күресу екені мәлім. Осы жұмыстардың барысын тарқатып айтып берсеңіз.
– Жалпы, жат ағымдармен күрес жұмысымыздың негізгі бағытына айналғаны рас. 2018 жылы имамдар тарапынан бірқатар жұмыс жүргізілді. Жергілікті әкімдік, құқық қорғау орган өкілдерінің қолдауымен көптеген іс-шаралар өткізілді. Қазір бұл мәселеде халықтың санасы оянды.
Жат ағым жетегіне ергендерді жүріс-тұрысынан, сөйлеген сөзінен-ақ аңғаратын жағдайға жеттік. Дін саласындағы мемлекеттік саясат қарқынды жүре бастады. Оң нәтижелері де баршылық.
Қазір діни ахуал тұрақты. Бәрі бір мәзһабқа сай амал етуде. Кімнің адасқан, бүлікшіл екенін халық та анық ажырататын жағдайда. Яғни, халықтың да сауаты артып келеді.
Дегенмен сақалы, балағын реттемей жүргендер көзге түсіп жатқан шығар. Уақыт сәтімен ол да реттеледі. Бұл – өткінші нәрсе. Ислам тарихында бұндай жағдайлар болған. Дінде ақ пен қараның аражігі ажыратылған. Хақ пен нақақ белгілі нәрсе.
Уағыз-насихат жұмыстары күш алса, бәрі де дұрыс жолға түседі деп ойлаймын. 2018 жылы сәләфилік бағытты ұстанатын азаматтармен 450 рет жеке кездесу өткізілді. Нәтижесінде, 12 адам ата дініне бейімделуге бет алды. 6 түзеу мекемесінде жазасын өтеушілермен 639 кездесу ұйымдастырылса, оған 8481 адам қатысты.
12 жоғары, 45 орта арнаулы оқу орнында 605 кездесу ұйымдастырылып, оған 120 723 адам қатыстырылды.
Өткен жылы қалада жат ағыммен күресуге арнайы маманданған 20 мешіт болса, қазір олардың саны 34-ке жетті.
Алдымыздағы басты мақсат – қаладағы 104 мешіттің бәрін де кереғар ағымдармен күресуге мамандандыру.
Жалпы айтқанда, 2018 жылы 19 адам дәстүрлі дініміге қайтты. 59 адам бейімделуде. Биыл да жақсы нәтиже болады деп ойлаймын.
– Өткен жылы шешімін тапқан күрделі мәселенің бірі – имамдарға жалақы беру, мешітердегі қаржылық есеп-қисапты жүргізу болғаны мәлім. Биылғы жоспарларыңызды білсек…
– Әрине, ондағы басты мақсат – халықтың мешітке деген сенімін арттыру ғой. Мешіттердің қаржылық есептемелерін жүргізу, имамдарға жалақы беру сынды маңызды мәселелер бойынша биыл да ауқымды жұмыстар атқару көзделуде. Республикада алғаш болып Шымкентте орталықтандырылған бухгалтерлік кеңсе жұмыс істей бастады.
Қаладағы барлық мешіттің кірісі мен шығысын талдадық. Көбісінде бухгалтерия жағынан сапалы жұмыс жүргізілмеген. 10-12 мешітте ғана жұмыс жүйелі. Сол себептен көп имамдар жалақы алмаған. Зейнетақысы мардымсыз. Мешіттердің нақты бюджеті жоқ.
Осы мәселелерді шешу мақсатында бухгалтерлік кеңсе ашылды. 4-5 бухгалтер қаладағы 20-30 мешітке бақылау жүргізеді. Осы жүйе арқылы имамдарға жалақы беру, зейнетақы мәселесін шешу және әлеуметтік аударымдарды реттеумен қатар, жоғары деңгейде әр мешітте қаржылық көрсеткіштер бойынша бухгалтерлік есептер жүргізу, кеңес беру секілді жетістіктерге қол жеткіздік. 30-дан астам мешіттің қаржылық есеп-қисап ахуалы ұялмайтын жағдайда.
Тағы бір айта кетерлігі, бізде 27 мешіт цифрландыру жүйесіне көшті. Қаржылық операцияларын тікелей банкпен орындауда. Қазір есеп-шотына қанша қаржы түскенін онлайн режимде көріп отырады. Бұл да имамдардың сауатын ашуға түрткі болды.
Қазіргі уақытта имам осы қоғамдағы ең адал, ең сенімді, ең құрметті адам болуы үшін осындай технологияларды да меңгеруі керек. Тек Құран оқуды білуі жеткіліксіз. Аллаға шүкір, имамдар 2019 жылдан бастап ел алдында есеп бере алатын жағдайға жетіп отыр. Кіріс-шығыс құжаттарының бәрі реттелді. Біз есеп беруге дайынбыз. Имамдар да, халық та ашықтық деген нәрсені үйренуі тиіс. Заман талабы осы.
Қазір бұл бағыттағы жұмыстар реттелді, коммуналды шығындардың есебін беруге даярмыз. Мешіттердегі барлық садақа жәшігіне өкілдік тарапынан бақылау жүргізіледі. Жәшікке түскен ақшадан коммуналды шығындар, имамдардың жалақысы төленеді. Яғни, барлық мешіттің жағдайы өкілдік тарапынан қадағаланады.
Сондай-ақ, талдау жұмыстары көрсеткендей, Шымкент халқының жомарт екенін байқадым. Мешітке келетін адамдардың бәрі қайырымды жандар деп айтсақ болады. Олардың бәрі де қайырымдылыққа үлес қосып, түйткілді мәселелерді шешуде белсенділік танытып келеді.
– Елімізде 2019 Жастар жылы болып жарияланды. Бұл бағыт бойынша қандай жоспарларыңыз бар?
– Өздеріңіз білесіздер, бізде өкілдік жанынан жастар бөлімі ашылған. Бүгінде жақсы, нәтижелі жұмыс істеуде. Бөлім жетекшісі Азамат Әбдікәрімов өткен жылы еліміз бойынша жастармен жұмыс істейтін үздік маман ретінде танылып, жеңімпаз атанды. ҚМДБ жолдамасымен умра-қажылыққа барып қайтты.
Елбасы жастарға көңіл бөліп отырғаннан кейін еліміздің бас мүфтиі де 2019 жылды «Ислам және жастар» жылы деп жариялады. Біз де жастарды Исламның көптеген құндылықтарына баулуды мақсат етіп отырмыз. Қалада биыл бұл мақсатта 170 іс-шара өтеді. Барлық мешіттер ұйымдаса бір мүдде, бір мақсат аясында жұмыс істейді.
Жастарға көңіл бөлінсе, жат ағымның жетегіне ілесу да болмайды. Діннің мақсаты да осы – қоғамдағы игі істердің басында жүру, жамандықтың алдын алу. Қайырымдылық іс-шараларына көптеп атсалысуды да көздеп отырмыз. Көп балалы отбасыларға үй әперіп жатырмыз. Қоғамда күрделі жағдайлардың шешілуіне өз тарапымыздан мейлінше үлесіміз болуы керек.
Жалпы, биылғы атқаратын жұмыс бағытымыз белгілі. Ол – имамдарды толық айлықпен қамтамасыз ету. Биыл 200-ге жуық жат ағым мүшесін дәстүрлі дінімізге қайтару да жоспарда. Осы бағытта барлық мекемемен тығыз жұмыс істесек дейміз.
Жалпы, қалада 104 мешіт, 1 медресе-колледж, 1 қарилар дайындау орталығы, 256 мешіт қызметкері тіркелген. Мешіттердің барлығында рухани іс-шаралар ұйымдастырылады. 54 мешітте сауат ашу курсы жұмыс істейді. Жалпы, қаладағы мешіттерде 5003 адам діни сауат ашып жүр.
Жастарды имандылыққа ұйыту, жат ағымдардан сақтандыру, дәстүрлі діннің құндылығын түсіндіру, сол арқылы салауатты қоғам қалыптастыруға ықпал ету—біздің жұмысымыздың басты мақсаты.
– Әңгімеңізге рақмет!