Түркі әлемінің көшбасшы жастармен кездесу Түркістан қаласында өтті. Аталмыш кездесуде ҚМДБ Шымкент қаласының өкілідігіне қарасты Жастар ісі секторының меңгерушісі А.Абдікерімұлы баяндама оқыды.

Дін және Жастар

Жастар қашанда қоғамның қозғаушы күші. Болашағын бағамдайтын мемлекет жастарының санасының ояу, білімінің жоғары болуына басты мән береді. Білім мен ғылымның салтанат құруы отанның еңсесін ешкімге бастырмауға сеп болатынын бүгінгі заман дәлелдеп отыр. Жастарды тәрбиелеудің маңызы жайында Елбасы Н.Назарбаев: «Қазақстанның болашағы бүгiнгi жастар. Сiздер оларға қалай бiлiм берсеңiздер, Қазақстан сол деңгейде болады» деп, атап көрсеткен болатын. Елiмiздiң болашағы жастардың еңбекқорлығына, талап-тiлегiне, арман-мұратына байланысты. Олар ата-бабаларымыздан мұра  болып келе жатқан құндылықтарымызды, тарихи дәстүрлерiмiздi жаңғыртып, оны алға бастырып қана қоймай, экономикасын, ғылымын да дамытуға, жiгерлене ел үшiн еңбектенуге мiндеттi.

Сан ғасырдан бері келе жатқан дәстүрлі діни ұстаным – Әбу Ханифа мәзхабы және Матуруди ақидасы қазақтың баласын тек қазақ қоғамының мүддесіне тәуелді етеді. Бұл бағытты ұстанушылар өзінің қарапайымдылық, ізгілікті сипаттарымен ерекшеленеді. Мұны жақсы біле білген ата-бабаларымыз осы бағытты ертеден бері нық ұстап, мұсылмандар арасына жік түсірмей келген еді.

Ал қазіргі таңда дінге бет бұрған жастар арасында діни сауаттылықты арттыру мақсатында Ислам мемлекеттеріне барып, ілім ізденіп келушілердің саны көбейді. Сол жастарымыздың Исламның қазақ қоғамының дәстүрлі ұстанымы мен ерекшеліктеріне, құндылықтарына ешқандай да қарама-қайшылық туғызбайтын тәлім үйреніп келіп жатқандар бар. Десекте, діни сауаттығының таяздығынан жат елде алып жатқан ілімнің парқына бармай, қазақтың ұлттық құндылықтары мен ерекшеліктерін мүлдем жоққа шығарып, кейбір мемлекеттердің идеологияларын алып, бүгінде ел арасына іріткі салып жүрген жастар да аз емес.

Дінге қызыққан адам дін дегеніміз тұнып тұрған жақсылық деген оймен «рухани ұстаздың» айтқан уағызын ықыласпен қабылдайды. Ол үішн «ұстаздың» дінге қатысты айтқан әрбір сөзі шындық. Өйткені ол оның түсінігінде дін адамы ал, діндегі адам өтірік айтпайды. Қатарына адам тартып, қатарын көбейтуді көздеген теріс ағым өкілдері осынау «қағиданы» тиімді пайдаланады. Ол адамға күле қарап, имандылық, ізгілік, тақуалық, мейірім мен кешірім жайында көп айтып тыңдаушының сеніміне кіреді. Бұл бар болғаны азаматтардың басын айналдырып, өз қатарларына тарту үшін пайдаланатын бүркенішті реңк екенін естен шығармаған жөн. Айласын асырып, көздеген адамын өз қатарына қосқан соң, оған «өзіміз» деп басқа идеология құя бастайды. Оны қасындағы ағайын-туысы мен ата-анасы, жора-жолдастарынан алыстатып, өздерімен пікірлес жамағатқа қосады. Ең бастысы, оның дүниетанымын өзгертеді, мемлекетке, ұлтқа, дәстүріне қайшы көзқарас қалыптастырады.

Қазақ «іштен шыққан жау жаман» дегендей басқа дінді немесе теріс ағымды уағыздайтын миссионерлерден гөрі өзіміздің Ислам дінін бет перде етіп халықтың санасын улап жүргендер қаншама. Діни сауаты кешегі атеизм мен Исламның ортасында қалқып тұрған қазақтың кез-келген азаматы осы теріс пиғылды ағымдардың тұзағына түскендерін аңғармай қалады. Осыларды ескере отырып, бүгінгі таңдағы біздің басты мәселеміз – діни сауатсыздық жою ,діни сауаттылықты артыру деп ойлаймын.Сондықтан еліміздегі Діни басқармаға қарайтын оқу орындарын түгендеп шығуды жөн көрдік.

Исламның қасиетті рухын қайта жаңғыртып, халықтың санасын біржақты етудің жолдарында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы аянбай қызмет етіп келеді.Бүгінде Діни басқармаға қарасты 1 университет, 1 имамдардың білімін жетілдіру институты, 9 медресе, 2 қарилар орталығы жұмыс істейді.

Ислам және  дінтану – бұл діннің қоғамдық маңыздылығы бар феномен ретінде жалпы жүйелік білім беретін пәндер. Қазіргі жаһандану процесі кезінде әр мемлекет өзінің ұлттық құндылықтарын, ұлттық болмысын сақтап қалуға тырысады. Бүгінгі әлеуметтік жағдайда елімізде белгілі бір идеологиялық білім ретінде дінге деген қажеттілік бар. Сол себептен, Қазақстан қоғамының түрлі этностық, конфессиялық сипатын ескере отыра, соған қоса ұлттық діни мұраны сақтап қалатындай қазіргі зайырлы қоғамға, заман талабына сай Ислам және  дінтану пәндерін оқыту, және жастарға кеңінен насихаттап дінтанушы мамандар аса қажет және бұл тақырып қашан да өзекті болып қала бермек.

Қазақ халқының ұлы ойшылы Абай Құнанбаев: “Адам баласын заман өсіреді, кімде-кім жаман болса, оған замандастарының бәрі кінәлі”, – деп ұлағатты сөз айтқан. Бұл жағдай адам, қоғам, мемлекет дамуының маңызды қырларын ашып көрсетеді. Сондықтан мемлекеттің жастарды тәрбиелеуге, тәні сау және рухани бай жастар ортасын қалыптастыру үшін қолайлы жағдай жасауға ерекше көңіл бөлуі өте маңызды , Жастардың заманға сай діни білім деңгейлерін арттырып, дәстүрлі құндылықтарды сақтау бүгінгі күннің басты мәселесі.

ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ ДІНИ БАСҚАРМАСЫ

ШЫМКЕНТ МЕДРЕССЕ КОЛЛЕДЖІ

ЖАСТАР СЕКТОРЫНЫНІҢ ЖЕТЕКШІСІ

АБДІКЕРІМҰЛЫ.А

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38