Ахметжан қажы Керімбек,
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының
Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша
өкіл имамы
ИСЛАМДА ЭКСТРЕМИЗМ, ЭКСТРЕМИЗМДЕ ИСЛАМ ЖОҚ
Ақтөбе қаласында орын алған жағдайға байланысты Қазақстан Мұсылмандары дiни басқармасының төрағасы, бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы хазiреттiң ел халқын ынтымақ пен бiрлiкке, сабырлылыққа шақырған үндеуi жарияланған болатын.
Жалпы, тарихқа көз жүгiртсек, қай қоғамда болмасын дiни сенiм, рухани ұстаным – мемлекет үшiн маңызды тiректердiң бiрi саналған. Арысы үш ғасыр, берiсi жетпiс жыл адам санасын материалдық мүмкiндiктермен шектеген кеңестiк кезеңнiң қабырғасы сөгiлгеннен соң қазақ топырағында Хақ сенiм қайта түлеп, халықтың рухани кеңiстiгi түбегейлi өзгердi.
Бүгiнгi күнi дiн қоғамның әлеуметтiк және рухани өмiрiнiң түпқазығына айналды. Ата дiнiн таныған жұрт дәстүрлi құндылықтарын қайта жаңғыртуға талпыныс жасауда. Аллаға шүкiр, тәуелсiздiк алғалы Отанымызда ата дiнiмiз қанат жайып, құбылаға бет бұрған иманы кәмiл жандардың қатары көбеюде.
Қазақстанның тарихы мен мәдениетiнiң ондаған ғасыры Ислам дiнiмен егiз өрiлiп, мұсылманшылық қағидаттары ертеден қалыптасты. Ата-бабаларымыз саф дiндi қылыштың жүзiмен емес, үлкен парасат-пайыммен ерiктi түрде қабылдап, сан салалы мәдениетiмен, руханиятымен ұштастыра бiлдi.
Соңғы уақытта бұлыңғыр саяси мақсаттарына қол жеткiзу үшiн дiндi қалқан етiп, терiс түсiндiрiп, қоғамда исламафобиялық көзқарасты қоздырушы топтар да көбейiп келедi. Бiр сөзбен айтқанда, маргиналды топтар дiндi саясиландырып, экстремизм дәнiн әлемге шашып әлек. Тiптi, бүгiнгi замандағы терроризм мен экстремизм ұйымдасқан трансшекаралық қылмыспен тығыз бiрiгiп кеттi десе де болады. Дiни экстремизм түсiнiгiнде «өзiңе қалағаныңды басқаға да қала» деген қағидалар болмайды. Олардың басты қаруы – қатыгездiк пен шапқыншылық, тұрақсыздық пен бұзақылық.
Шын мәнiнде Хақ дiннiң зорлық пен зомбылыққа, экстремизмге ешқандай қатысы жоқ. Исламда – экстремизм, экстремизмде ислам жоқ. Пайғамбарымыздан мирас болып, ата-бабамыздан аманат күйiнде жеткен асыл дiнiмiз ешуақытта қатыгездiк пен қантөгiске үндемеген. Шынайы дiннiң негiзгi мақсаты – адамзатты рухани кемелдiкке жеткiзiп, осы дүниеде және бақилық өмiрде бақытқа жеткiзу болып табылады.
Экстремизм мен әсiредiншiлдiктiң басты себебi дiни сауатсыздықтан басталады. Алла Тағала қасиеттi Құран Кәрiмнiң «Бақара» сүресiнiң, 190-шы аятында «…Шектен шықпаңдар. Негiзiнен Алла Тағала шектен шығушыларды жақсы көрмейдi» деп әрнәрсенi байыппен шешудi бұйырған.
Осы орайда, дiни экстремизммен күресте ең маңызды қадам бұл дiни сауаттылық екендiгi даусыз. Дiни сауатты болу үшiн белгiлi бiр дiни курсты бiтiру шарт емес. Дiни сауаттылық ұлттық тарих, дәстүрмен қатар, әлемдiк деңгейдегi үрдiстерден хабардар болудан тұрады. Өз Отанын сүю мен дәстүрiн ұстану, тарихын қастерлеу – дiни сауаттылықтың бiр қыры. Өйткенi, қазақ тарихына үңiлген кез келген адам қазақ халқында өзге елдi жаулау, өзге ұлт пен дiндi кемсiту секiлдi көрiнiстердiң орын алмағандығын көре алар едi.
Құранда «Кiм кiсi өлтiрмеген немесе жер жүзiнде бұзақылық қылмаған бiреудi өлтiрсе, сонда шынайы түрде барлық адамды өлтiргенмен және кiм оны тiрiлтсе (өлiмнен құтқарса), барлық адамды тiрiлткенмен тең», («Маида» сүресi, 32-аят) деген иләһи қағида бар. Хадисте: «Екi көз ақыретте тозаққа күймейдi: бiрiншiсi – күнәсына өкiнiш бiлдiрiп, оңашада егiлiп жылаған көз; екiншiсi – Отанды қорғап, шекара күзеткен көз» деп айтқан. Сондықтан терроризмдi жалпы адамзаттың жауы деп санау керек.
Қасиеттi Рамазан айы қарсаңында Ақтөбе қаласында лаңкестер қолынан қаза тапқан бауырларымызды облыс мұсылмандары мен мешiт имамдары өте қатты күйзелiспен аза тұтты. Марқұмдарға барлық мешiттерде арнайы Құран бағышталды.
Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы өз мәлiмдемесiнде «Ақиқатында, жазықсыз жандардың өмiрiн қиған залымдарды ел азаматтары, шынайы мұсылман бауырларымыз түбегейлi айыптайды. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаев айтқандай, елiмiздiң тыныштығы мен бейбiт өмiрi – баршамыз үшiн ең жоғары құндылық. Сондықтан қоғамдағы тыныштық пен бейбiт өмiрдi сақтау – әр азаматтың борышы һәм парызы» деген болатын.
Бiз де барша жерлестерiмiздi арандатушылық әрекеттерге берiлмеуге, қоғам тыныштығын қадiрлеуге және жауыздықпен жұмыла күресуге шақырамыз.
Қасиеттi Рамазан айы баршамызға құт-берекелi болсын, ағайын!
«Оңтүстік Қазақстан»
газеті 2016ж №93 саны