Shukirge de darrmensizibiz

Shukirge de darrmensizibizШүкір – өзіңе жасалған жақсылықты түсініп, оны жасағанға алғыс пен ризашылық білдіру деген сөз. Ал, хамд – тек жақсылық жасалған уақытта ғана емес, әрдайым өз ілтипатың мен игі сезімдеріңді білдіру. Олай болса, хамд білдіру шүкірден гөрі ауқымдырақ. Десек те хамд мазмұнында шүкір де қоса қамтылады.

Негізінде, шүкір – нығметті берушіні мойындап, еске алу деген сөз. Ол зікір мағынасына да ие бола алады. Өйткені, Құран Кәрімді осы екі ұғымда байланыстыратын аятта былай делінеді: «Сендер Мені еске алыңдар, Мен де сендерді еске алайын. Маған шүкірлік қылыңдар, күпірлік, көргенсіздік жасамаңдар» (Бақара сүресі, 152-аят). Сондықтан, хазірет Убайдуллаһ Ахрар «Шүкір нығмет ішінде жүріп нығметті берушіге ескеру бақыты», деп сипаттаған екен. Шүкірлік ету – Алла Тағаланың берген нығметтерінен пайдаланып, қол қусырып отырмай сол нығметтер арқылы Оған жақындаудың да бір жолы. Ал, шүкіршілік жасамау дегеніміз берілген нығметтердің қызығын көріп, пайдаланып алғаннан соң оның иесіне көргенсіздік жасау. Мұны Құран былайша ескертеді: «… егер көргенсіздік қылатын болсаңдар, күмәнсіз азабым тым қатты болмақ!» (Ибраһим сүресі, 7-аят).

Шүкірдің осы мағынасын терең түсінген Пайғамбарымыз (с.а.у.) қашанда шүкір халінде ғұмыр кешті. Түнде тұрып аяқтары іскенге дейін намаз оқуының себебін сұраған Айшаға: «Шүкір етуші құл болмайын ба?» — деп жауап берген-ді (Бұхари, Муслим).

Шүкір Алла Тағалаға өте ұнамды амал болғандықтан, берген нығметтерінің артуына себеп болады. «Егер шүкірлік қылсаңдар, нығметтерімді (одан сайын) күмәнсіз арттырамын» (Ибраһим сүресі, 7-аят) деген аят осыны баяндап тұр.

Ғалым Елмалылы өз тәпсірінде нығметтерге шүкіршілік етудің үш түрлі болатынын, яғни жүрекпен, тілмен және дене арқылы орындалатындығын айтады. Тағы да осы үшеуінің бірімен шүкіршілікке қайшы келетін әрекет жасау күпірлікке апаратынын айтады (Елмалылы І, 447).

Тіл арқылы шүкір білдіру барлық нығметтердің Алла Тағаладан екендігін жария етіп, тілмен айту. Сондай-ақ, бұған себепші болған пенделерге де рақмет айту. Сонда негізгі нығметті беруші Аллаға шүкір етуге апаратын жол болып табылады. Алайда, сол себеп болушының арғы жағындағы шын нығмет беруші Алла Тағала екендігін білу, міне көрегендік болып саналады.

Ал, жүрекпен шүкір ету – тілмен айтпағанның өзінде де үнемі Аллаға алғысыңды білдіріп, мадақтап жадыңда ұстау яғни әр сәтті пайдаланып, әрбір алған деміңді санаңда сақтап, шүкір сезімімен ояу ұстауың.

Дененің шүкіріне келетін болсақ, денеміздің бүкіл ағзаларын Алланың әміріне сәйкес, Оның ризашылығына лайық болатын амалдарға баулу. Бұлардың ең басында құлшылықтарымызды толықтай өтеу, тыйымдардан тыйылу және бізге берілген нығметтерді орын-орнымен Алла Тағала әмір еткен жерлерге жұмсау болып табылады.

Алла Тағала «Әли Имран» сүресінің 145-ші аятында «Біз шүкірлік еткендерді сыйға бөлейміз», — деп сүйіншілесе, Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір хадисінде: «Қиямет күні «Әрбір сәтінде Аллаға шүкірлік еткендер орындарынан тұрсын» деп айтылады. Сонда біраз адам орнынан түрегеледі. Оларға арнайы байрақ ашылып, олар сол байрақтың астында жәннатқа кіреді» деген.

Шүкір – бір жағынан алғанда адамның менмендігіне тежеу болатын нәрсе. Істеген істерінің, тапқан табыстарының, жиған мүлкінің негізгі иесі Алла Тағала екендігіне шын көңілден сенгендіктің белгісі. Абдулқадир Ғайлани бұл жайында қандай керемет айтады:

«Ей, амалдарымен мақтанғандар! Ей, амалдарының мастығына батқандар! Ей, амалдарын тәкаппарлықпен паш еткендер! Неткен қараңғы едіңдер. Егер Алланың тауфиғы болмағанда намаз да оқи алмас едіңдер, ораза да тұтпаған болар едіңдер. Сабырға да күштерің жетпес еді. Сендер әлі мақтану емес, шүкірлік ету керек болатын күйдесіңдер. Шүкір ету міндетіңіз тұрғанда, мақтануға жол болсын!».

Олай болса, Алла Тағаладан басқасына сүйенбей һәм Оған шынайы шүкірлігімізді білдіріп отыруымыз керек-ақ. Тіпті, шүкірлік ете алатын күйге жеткізгені үшін де шүкір етуіміз керек. Өйткені, әр ісімізде бізге тауфиқ беріп отыратын Хақ Тағала емес пе? Сондықтан, арифтер (өзін және Раббысын таныған құлдар) атқарған амалдарына сенім артпайды, үнемі шүкірлікпен Раббысына сыйынып отырады.

Құран Кәрімдегі «Сендерге берілген нығмет атаулының барлығы Аллаһтан» (Нахл сүресі, 53-аят) деген аятқа қарамастан, мына жалғанға жалаңаш болып келген адам баласы, қолы жеткен әр нығметті өзі тапқандай болып шүкірлікті ұмытып кетеді. Денемізді алайықшы, әр сәтте таңқалдырарлық жаратылыс көріністеріне сахна болуда. Миллиардтаған жасушаларымыз әрі өз ішінде, әрі өзге жасушалармен келісім ішінде тіршілігін жалғастырып денемізді тік ұстап тұр. Алла Тағаланың нығметтері шексіз. Бір ғана тыныс алып беруіміздің өзі екі нығмет беруде (біріншісі ауа алуымыз, екіншісі қалдық ауаны шығарып тастауымыз). Демек, бір демнің өзінде екі шүкір міндет болып тұрса, қалай біз Аллаға деген шүкірлігімізді өтей алмақпыз! Мүмкін емес тәрізді (Елмалылы І, 449). Солай бола тұра, сол дем алып-беру нығметін теледидар алдында пайдасыз, тіпті бұзақы бағдарламаларға немесе басқа да мағынасыз істерге жұмсап тауысуымыз қандай үлкен қасірет?!

Шын мәнінде, толықтай шүкірлік ете алуымыз – тым қиын міндет. Сол себепті Құран Кәрімде: «Құлдарымның арасында шүкірлік ететіндер тым аз» (Сәбә сүресі, 13-аят) деп ескертіледі. Аяттағы «шакур» сөзі көп шүкірлік етуші, бар күшін шүкірге жұмсайтын, үнемі шүкірмен болатын адам деген сөз. Сахаба ибн Аббастан жеткен бір риуаятта: «Барлық жағдайда шүкірлік етуші» мағынасына келетіндігі айтылған. Нәміл сүресінде «Уа, Раббым! Маған анама, әкеме тарту еткен нығметтеріңе шүкірлік етуімді және Сен разы болатын істер істеуімді илхам ет. Өз рақымыңмен мені де салих құлдарыңның қатарына қоса гөр!» (Нәміл сүресі, 19-аят) деген дұғаны өзіне қағида етіп алған Сүлеймен (а.с.) сол аз шакур құлдардың бірі болғандығы айтылады.

Хазірет Омар бір кісінің: «Раббым, мені аздың бірі қыла гөр!», — деп дұға жасағанын естиді. «Бұл қандай дұға?» — деп сұрағанда, әлгі кісі: «Алла Тағала Құран Кәрімде «Құдарымның ішінде шүкір етушілер аз», — дейтінін естідім. Мен сол арам шөптей көптің бірі емес, сирек жауқазындай аздың бірі болуды қаладым», — деп жауап береді. Сонда хазірет Омар: «Бәрі де менен ақылды», — деп өзін кінәлаған екен.

Деректер бойынша: «Алла Тағала пайғамбар Дәуітке (а.с.) «Нығметтеріме шүкір ет!» деп уахи жіберді. Ол: «Тәңірдің нығметтеріне шүкір ете алсам, одан асқан нығмет болмас еді. Бірақ, толық шүкір ете алар ма екем?» — деп сұрайды. Сонда Хақ Тағала: «Осыны ұққан болсаң, құлдардың арасындағы ең шүкіршілі болғаның», — деп бұйырды».

Бүгінгі қиын-қыстау заманда алдағы орны толмас үлкен қиямет апатының хабаршыларының бірі болып жақындап келе жатқан ғаламдық ысыну проблемасы, қара судың қаншалықты баға жетпес нығмет екенін түсінуімізге итермелеуде. Құран Кәрімде судың қадір-қасиеті жайында керемет айтылады: «Айт: Көрдіңдер ме, егер суларың тартылып қалса, сендерге кім ағын су бере алады?» (Мүлік сүресі, 30-аят). Әрине, мұндай нығметті бізге әу бастан тарту еткен Раббымыз ғана тартылған суды бізге қайтарып бере алады. Алайда, адам баласының басым көпшілігі күнделікті тіршілігінің басты көзі болып отырған суды ойланбастан ысырап қылып, оны молынан пайдаланып жатыр. Жаратқан Раббысын тым болмаса, еске алудан мақрұм. Дәл аятта айтылғанындай: «Адам баласы шын мәнінде Раббысына келгенде көргенсіз» (Адият сүресі, 6-аят). Яғни, өзіне беріліп жатқан нығметті ажырата алмады, сөйтіп шүкірін де білдіре алмады. Оларды өзінен деп білді. Тіпті қолында бар нығметтерді ұмытып, қолындағы жоқты ғана көріп, шағым айтумен әлек. Алланың сый етіп берген нәрселерін қалағанынша қолданып, Оған қарсы қылықтар жасаудан артық көргенсіздік бар ма? Мұның соңы сау басымызға сақина тілеу демек!

Бір сөзбен айтқанда, нығметтердің қарызын өтемек былай тұрсын, есебіне де жете алмаймыз. Ендеше, Хақ Тағалаға шүкіршілігімізді өтеуге дәрменсіз екенімізді ұғынып, қолдан келгенше, тіліміздің жеткенінше шүкір жасасақ, бәлкім Алланың құзырында ақиқи шүкір ретінде есептелер. Дүниеде де, ақыретте де нығметтеріміздің артуына себеп болар деген үміттен арылмайық!

 

ОҚО Орталық мешіті

от Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38

Добавить комментарий