Мейiрiмдi, рахымды Алланың атымен бастаймын!
Иә, Рамазан айында барша мұсылман Алла тағаланың шапағат-рахымына бөленіп, дұға-тiлектерiнiң қабыл болуы үшiн қайырлы iстердi көбейтiп, жүрегiн, тiлiн және барша iс-әрекетiн ғибадатқа бейімдейді. Өйткенi, Рамазан – қайырымдылық, мейірiмдiлiк айы.
Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (c.ғ.с.) рамазан туралы хадис-шәрифiнде былай дейді: “Кiм Рамазан айының оразасын шын иман және ықыласпен ұстаса, оның бұрын iстелген күнәлары кешiрiледi”, “Ораза ұстау сабырдың жартысы”. Ал дана халқымыз: “Сабыр түбi сары алтын”, “Әр бейнеттiң бiр зейнетi бар” деп нақыл сөз қалдырған. Демек, ораза ұстау барысында сабырымыз бен бейнетiмiздің қайтарымы болары хақ.
Ораза ұстаудың нәтижесінде адамзатты тақуалыққа тәрбиелейтін төзiмдiлiк, шыдамдылық, сабырлылық, жанашырлық секiлдi iзгi қасиеттердi тал бойымызға қалыптастыра түсеміз. Оразаның сыйын Алла береді. Хадис шарифте: “Адам баласының барлық амалы өзi үшiн. Ораза Мен үшiн, оның сауабын Мен беремiн”, – деп баяндалады.
Жалпы мұсылман қауымның ортақ тойлар екі мерекесі бар. Ол ораза және құрбан айт мейрамы.
Мухаддис Абу Дауд сахаба Әнастан (р.а.) жеткізген хадисте дініміздегі қос мереке баяндалады: “Алла Елшісі (с.ғ.с.) Мәдинаға келгенде, олардың екi мерекесi болатын. Пайғамбарымыз сол екі жайында: “Бұл қандай күндер?» – деп сұрағанда олар: “Жаһилия дәуiрiнде ол күндердi ойын, күлкiмен өткiзетiн едiк”, – дедi. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Алла тағала осы екi күндi олардан да жақсы күн болған – Құрбан және Ораза айт күндерiмен алмастырды», – дейдi”.
Ораза айт күнi ертерек тұрып ғұсыл алып, хош иiс себіну Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүйсiнiп жасайтын әдеттерiнен едi. Сол үшін бұл амалдар мұстахаб болып саналады. Себебi, айт күні жұма намазындағыдай көпшiлiк бір-бірімен араласа түседі. Жұма күнi қандай амал сүннет болса, айт күнiнде де сүннет етiп бекiтiлген. Айтқа байланысты және бiр сүннет амалы жайында айтылған хадисте: “Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айт күнi мешiтке барған жолмен қайтпай, басқа жолмен қайтатын едi”, – делiнген. Демек, айт көпшiлiкпен дидарласып, кең ауқымда өткiзiлетiн мереке.
Халқымызда: “Шаттық нұрландырады” деген нақыл бар. Шариғат бойынша да айттарда қуанышты болу, жүзiнен нұрлы шырай таралу – Алланың рахметi, пайғамбардың шапағаты, жәннәт және оның нығметтерiне үмiт арту белгiсi. Сондықтан мереке күндерi, адамдарға мейiрiммен қарау амалдардың ең сауаптысы және абзалы және айт күнгi тұрыс-жүрiсiмiз, киiнуiмiз, жүзiмiздiң шырайы – дұға iспеттес ғибадат болып табылады.
Аллаға иман келтiрген адам әрқашан Жасаған иемiзге оралуына, Құдай тағала тарапынан берілетін сый-сыяпаттармен, әжір-сауаптармен марапатталуына сенедi. Сол үшiн мұсылман айт күндері көңiлi көтерiңкi, жүзiне қуаныш күлкiсi үйiрiлген халде жүредi.
Айт мұсылмандардың ұлы мейрамы. Бұл күндерде шариғат мұсылмандарға мешiтке жиналып бiрге айт намазын оқуды, одан соң бiрiн-бiрi мерекемен құттықтауды, үйлерiнде тәттi тағамдар жасауды, келген қонақтарды күтудi, алыс-жақын туған-туысқандарына барып жүздесудi, олардың iшiнде қиыншылыққа тап болғандарына көмек қолын созуды және басына қайғы келгендерге арнайы сыйлықтар жасап көңiлдерiн табуды, сырқат таныстарына зиярат жасауды, өткендердi еске алуды, араздасқандарға мiндеттi түрде бiр-бiрiмен татуласуды бұйырады.
Айт күндері мұсылмандар бiр-бiрiнiң татулықтарын нығайтуы – мерекенiң негiзгi сәнi. Сол үшiн момындардың бiр-бiрiнiң татулықтарын арттырып тұру мақсатында пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): “Бiр-бiрiңе сыйлық берiп татуласыңдар. Бiрiңе-бiрiң берген сыйлықтарың араларыңдағы өшпендiлiктi жояды”, – деген. Пайғамбарымызға сыйлық берiлгенде ол кісі сыймен қайтарым жасап отырған. Дiнiмiздiң жария еткен бауырластық, туыстық тек айтылып қана қоймай, ислам тарихында теңдессіз туыстықты мәдиналық пен меккелiк сахабалар (ансарлар мен мұхажирлер) арасында жүзеге асқаны тайға таңба басылғандай жазылған.
Ал пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): “Мүмiннiң мүмiн туысына жақсы сөзден артық сыйлығы болмайды”, – дейдi. Сондықтан айт намазға жиналған көпшiлiк жылы лебiздерi мен тiлектерiн бiр-бiрiне білдіріп отырғаны жөн.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айт мерекесінде құрбандық шалып жатып: “Жаратқан ием, Мұхаммедтен, Мұхаммед отбасынан және Мұхаммед үмбетiнен қабыл ет!” – деген. Міне, сонан бері сахабалар “таққаббәл миннә, уа минкум” яғни, “Алла бiзден де, сiзден де қабыл еткей” деген дұғаны қалыптастырды. Бұл дұғаны сахабалар мерекелерде бiр-бiрiне айтуға әдеттенген. Бiздің де “ниет оң, ораза қабыл болсын” деп жататынымыз осыдан болса керек.
Қазақ елі де өзге мұсылмандар секілді айт мейрамына арнап дастархан жаяды. Ысырапқа бармай айттап келушi қонақтарға дастархан жайып құрмет көрсету мұсылмандық. Қонақжайлылық – халқымыздың әдет-ғұрпы үшiн де, дiнiмiз үшiн де ең маңызды қасиет. Себебі, пайғамбарымыз (с.ғ.с.): “Аллаға және қиямет күнiне сенетiн кiсi қонағын жақсылап күтсiн”, – дейді. Тағы бiр хадисінде дұғасы қабыл болатын үш кiсiнiң бiрi қонақ екенін айтып өткен. Ал халқымыз “Мейманды қарсы ал, Қыдырына жолығасың”, – деп даналық сөз қалдырған.
Айт мейрамында ата-аналарымыздың, науқастардың, туған-туыстардың, хал-жағдайын сұрап бару үлкен сауап iс. Алла тағала қасиеттi Құранда:
«وَ أَعْبُدُوا اللهَ وَلا تُشْرِكُوا بِهِ شَيْئاً وَ بِالْوالِدَيْنِ إِحْسَاناً وَ بِذِى الْقُرْبَى وَالْيَتَمَى وَالْمَسَاكِينَ وَ الْجارِ ذِى الْقُرْبَى وَ الْجارِ الْجُنُبِ وَالصّاحِبِ بِالْجَنْبِ وَ إِبْنِ السَّبيلِ وَ ما مَلَكَتْ أَيْمانُكُمْ…»
“Аллаға сыйыныңдар, оған ештеңенi теңестiрмеңдер, ата-аналарыңа, туыс-туғандарыңа, жақын көршi (дiндегi туыстығы бар көршi), бөгде көршiге (жай ғана көршi), жан жолдастарыңа (бiрге жұмыс iстейтiндеріңе), мүсәпiрге, қол астыңдағыларға жақсылық жасаңдар” (“Ниса” сүресi, 36-аят), – дейді. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): “Ата-ана разы болмай, Алла тағала разы болмайды”, – деп айтып кеткен. Олай болса, айт күндері ата-анаға қошемет көрсетiп, разылықтарыналу қажет-ақ. Ал бақилық болғандарға Құран оқылып, сауабы бағышталады.
Айт күндері бала-шағаға сыйлық, жаңа киiм-кешек сыйлау, көрiктi орындарын көрсетiп қыдырту жақсы амал. Сол арқылы бала мұсылманшылыққа тәрбиеленеді. Себебі, баланы тәрбиелеу ата-ананың міндеті. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): “Сәби дүниеге пәк және мұсылман болып туылады. Кейiн оны ата-анасы яһуди немесе насара яки отқа табынушы етедi,” – деген. Яғни, алған тәрбиесiне қарай баланың діні де анықталады. Ал, дана халқымыз “Ұяда не көрсең, ұшқанда соны iлесің” деп кеткен.
Әр қоғамда ерекше көңiл бөлудi талап ететiн жандар бар. Жетiм-жесiр және тағы басқа мұқтаж кісілер. Айт мейрамдарында оларға көңiл бөлу мұсылмандардың мiндетi. Өйткенi, олар көмекке, жылы лебiзге аса мұқтаж. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): “Жетiмге қарайласқан кiсi менiмен жәннатта мына екi саусақтай бiрге болады” деп ортаншы және сұқ саусақтарын ашып көрсеткен. Жетiмдер секiлдi жесiр әйелдер мен кедей мiскiндерге де көмек беру сауапты iстерден. “Жесiр әйелдiң және кедейдiң бiр күндiк нәпақасы үшiн жүгiрген мұсылман Алла тағала жолында соғысқан мұжтаһид сияқты. Немесе түнiмен намаз оқып, күнi бойы ораза ұстаған кiсi тәрiздi”, – дейді Алла Елшісі. Оразаның нәтижесімен жанашырлық, мейiрiмдiлiк деген қасиеттерді бойына дарыта бiлген мұсылманға айт күнi пiтiр садақа беру міндеті жүктеледi. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Пiтiр садақасы ораза ұстағанның айтқан пайдасыз сөзiнiң, басқа жағымсыз амалдарының ластығынан тазалаушы және мұқтаждарға азық ретiнде берілуі уәжiп етілдi”, – дейді. (Абу Дауд риуаят еткен) Демек, пiтiр садақасы рамазандағы ғибадаттардың сауабын толықтыру үшiн берiледi. Бұл хижраның екiншi жылында мұсылмандарға оразамен қатар жүктелген амал. Сондықтан мереке күнгi садақаларымызды шын көңiлмен берiп, қоғамға жәрдемдеу мұсылманға ортақ іс. Қасиеттi Құранда:
«…وَ ما تَفْعَلُوا مِنْ خَيْرٍ فَإِنَّ اللهَ كانَ بِهِ عَلِيماً»
“…Қайырдан не iстесеңдер, Алла оны күдiксiз бiледi», – делiнген. (“Ниса” сүресi, 127-аят) Демек, қандай жақсылық жасасақ та ол сауапсыз қалмайды. Олай болса, айт мерекелерінде сауапты амалдарды арттыру, нұр үстіне нұр болмақ.
ҚМДБ-ның Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша өкіл имамы
Бақтыбай қажы Бейсенбаев.