Ramazan sauapka keneletin ai

Ramazan sauapka keneletin ai

Ораза – арнайы ниет ете отырып таңның атысынан кештің батысына дейін ішіп-жеуден, нәпсі қалауларынан тыйылу. Оның уақыты Құранда былай көрсетілген: «Таңнан, қара жіптен ақ жіп (қараңғылықтан сәуле) ажыратылғанға дейін ішіңдер, жеңдер, сосын оразаны кешке дейін ұстаңдар» («Бақара сүресі, 187-аят), «Кім Рамазан айында болса, ораза ұстасын» («Бақара» сүресі, 185-аят). Бұл айда не істеу керек деген сауалға тоқталатын болсақ, Алла Тағаланы көбірек еске алып, одан кешірім тілеу, мүмкіндігінше жұртқа жақсылық жасап, мейлінше ізгі істі көбірек істеу, жиіркенішті қылықтар мен жамандықтардан, күнә атаулыдан барынша бойды аулақ ұстап, кедей-кембағал, жарлы-жақыбайларды мүсіркеп қол ұшын беру, садақа үлестіру, көбірек ғибадат – құлшылық жасау, қаза намаздарды өтеу, нәпіл ғибадаттарды арттыру, Құран оқу, ауыз бекіткен жандарға ауызашар беру секілді істерді Рамазан айында жасап қалуға тырысу қажет. Пайғамбарымыз (с.а.у) «Ораза ұстаған адамның ризығы адал болса, ақіретте есепке тартылмайды», – деген. «Ораза ұстағанның ұйқысы – ғибадат, үндемегені – (Алла Тағалаға айтылған) мадақ болып саналады. Жақсылықтары мен ғибадаттарына еселеп сауап жазылады».«Ораза қиямет күні ауыз бекіткен жан үшін шапағат етеді. Сол күні ораза Хақ Тағалаға: «Уа, Раббым! Мен оны күндізгі барша ішіп – жеу, ләззат атаулыдан тыйдым. Сол себепті, оған деген шапағатымды қабыл ала гөр!» деп тілек тілейді. Алла Тағала да оразаның бұл тілегін қабыл алып, оның шапағат етуіне рұқсат етеді».
Пайғамбарымыз (с.а.у) «Рамазан айы келген кезде жұмақтың есіктері айқара ашылып, тозақтың есіктері жабылады, шайтандар кісенделеді», – деген. Ал бұл хадисті таратып түсіндірер болсақ, бұл хадистің мән- мазмұны астармен айтылған. Тіке мағынасында ұғынбау керек. Яғни, басқа айларда жабық тұратын жұмақтың есіктері ашылып, ашық тұрған тозақтың есіктері тарс жабылады, еркіндікте жүрген шайтандар тек осы айда ғана кісенделеді деген сөз емес. Жұмақтың есігі айқара ашылады дегені – жұмаққа жетелейтін салиқалы амалдарды істеу мүмкіншілігінің молаятындығы. Бұл айда ораза ұстау, ауыз ашар беру, садақа тарату, Тарауих намазы, Құран оқу – бәрі де ерекше ықыласпен атқарылады. Соның бәріне де еселеніп сауап жазылады. Тіпті, бір ғана Қадір түні жасалатын құлшылықтың сауабы сексен үш жылдың сауабына тең. Яғни, бұл айда жұмаққа апарар істер өте көп, әрі олардың сауабы да басқа айларға қарағанда әлденеше есе артық, тіпті, шексіз екенін білдіреді. Ал, тозақтың есігі жабылады дегені – тозаққа бастайтын іс-әрекеттен ораза ұстаған адамның тыйылатындығы меңзелген. Бұған қоса, мүмін құлдардың күнәлары Ұлы Жаратушының осы айдағы ерекше рақымшылығымен кешіріледі. Патшаның да айтулы мереке қарсаңында түрмедегі қылмыскерлерге кешірімділік жасап, босататыны секілді, Ұлы Жаратушы иеміз Рамазан айында ниеті түзу, тәубесі шынайы құлдарына рақымшылық жасап, олардың күнәларын түгелдей кешіреді.
Олай болса, құрметті мұсылман қауым! Қасиеті мол Рамазан айында сауабы мол істерді молынан жасап, рухани азық жинап, бір-бірімізді жақсылыққа шақырып, Алланың парыз еткен оразасын ұстауға ниет етейік.

Шардара ауданы «Шардара» орталық
мешітінің бас имамы А. Данияров

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38