Құрметті Мұсылман бауырлар! Рамазан айы басталар алдында Рамазан айындағы оразаға дайындық және ораза жөніндегі кейбір мәселелерді алдын ала білу мақсатында ораза жайында мағлұмат беруді жөн көрдік.
Тәуелсіздігімізді алғалы елімізде бұл құтты болған Рамазан айының оразасын барша мұсылмандарымыз өзгеше қуаныш және еркіндікпен ұстап келуде. Елімізде рамазан айын кәрі-жас бірдей ынтығып күтеді.
Рамазан айы мейірімділік, береке айы болғандықтан жеке көңіл бөліп, ағайын-туыс, жетім-жесір, жоқ-жітіктердің жағдайынан хабар алу керек.
Ораза сөзі араб тілінде «сиям», сөздік мағынасы тыйылу, сақтану дегені. Шариғаттағы мағынасы белгілі бір уақытта белгілі шарттармен белгілі көріністе тыйылу дегені. Яғни таң атқаннан күн батқанға дейін жеп-ішуден және жыныстық қанынастан тыйылу ораза болады. Бірақ оның басқа тыйымдары да бар. Кейбір бауырларымыз ораза тұту тек жеп-ішуден тыйылу деп түсінеді. Бірақ бұл түсінік өте тар түсінік. Ғұламаларымыз ораза тұтушыларды жоғарыдағы пікірлерін негізге ала отырып үш бөлекке бөледі:
1. Жалпылама ораза. Бұнда тек жеп-ішуден тыйылу.
2. Салихтардың оразасы. Олар жеп-ішуден тыйылып қана қоймай бәлкім дене мүшелерін күнә істеуден де сақтайды. Бұл ораза бес шартты үнемі орындаумен шыңына жетеді. Олар: а)шариғат қайтарған барша нәрселерден көзді тыйу; б)тілді ғайбаттан, өтіріктен, өсекшіліктен, жалған ант етуден сақтау. Пайғамбарымыз (с.а.у.) бұл нәрселер оразаның сауабын жоятындығын айтқан; в) мәкрух болған сөздерден құлақты сақтау, яғни жаман сөздерді мүмкіндігінше тыңдамау; г) барша дене мүшелерді жаман істерден тыйыу және де күмәнді тамақтардан сақтану;
3. Пайғамбарлар және Сыддықтардың оразасы. Бұнда жоғарыда айтылғандармен бірге жүректе, бүкіл дене, пікір, діл ораза тұтады.
Кейде ораза туралы үкімдерді білмегендері немесе білсе де немқұрайлылықтан кейбір бауырларымыздың Рамазанның басында, ортасында, соңында үш күн ораза тұтқаны бір айлық оразаның сауабын алдым деп ойлайды. Бірақ олардың бұл ойлары негізсіз болып Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадисінде: «Кімде кім Рамазанда үзірсіз және ешбір сырқатсыз бір күнді ораза тұтпай өткерсе бүкіл ғұмыр ораза тұтса да сол бір күннің қазасына өтпейді».
Рамазан оразасы парыз болған оразаға жатады. Ораза парыз, уәжіп, сүндет тағы басқа түрлерге бөлінеді. Рамазан айынан басқа оразалар солар санатына жатады. Бұл оразаны ес-ақыл орнында, балиғат жасына жеткен, денсаулығы көтеретін, тұрғылықты яғни жолаушы болмаған пенделерге орындауды талап ететін ғибадат.
Дініміз еш кімді шамасынан артық нәрсеге бұйырмайды. Сол сияқты ораза жөнінде де белгілі бір жағдайдағы кісілерге ораза тұтпауға рұқсат берілген.
Олар:а)Жолаушы және науқас кісілер. Егер жолаушы мекеніне яғни үйіне жетсе күніне күн тұтады, жолда яғни барған жерінде жағдай мүмкіндігі болса тұтсада болады, бірақ міндет болмайды. Науқас дертінен айықса күніне күн тұтады. Сапарда немесе науқастықтан өмірден өтсе, оларға еш нәрсе уәжіп болмайды.
б)Жүкті немесе емізулі баласы бар әйелде баласына және өзіне зиян жету қауіпі болса ораза тұтпауға рұқсат. Олар мүмкіндіктері болғанда қазасын тұтып береді.
в)Қартайғандықтан, науқастықтан немесе ауруы асқындап кетпеу үшін жиі дәрі қабылдайтындар Рамазанда және одан басқа кездерде де ораза тұта алмайтын кісілер ораза тұтпайды. Олар фидя береді, яғни ораза тұтылмаған әр бір күні үшін бір міскіннің (жейтін тамағы жоқ кембағал) қарнын тойдыру немесе соның мөлшеріндегі қаржысын беру керек.
г) Хайз және нифасдағы әйелдер тазаланғанға дейін ораза тұтпайды. Кейін қазасын тұтып береді.
Енді бір кісі Рамазан оразасының қазасын орындай алмай дүниеден өтсе, перзенттері ол үшін сол қаза болған оразаны тұтып беруге де болады. Әлбетте Рамазаннан басқа уақытта. Имам Бухарий риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у.) құзырына бір кісі келіп «Ей Расулуллаһ, анам дүниеден өтті. Оның бір ай ораза қарызы бар еді. Анам үшін сол оразаны мен тұтып берсем боладыма? деп сұрағанында, Пайғамбарымыз: Ия Аллаһтың қарызы үзілуге хақылы» деген. Басқа бір хадисте : «Бір кісі өлсе оның үстінде ораза болса, сол мәйіттің иесі ол үшін оразаны тұтып береді», деп бұйырған.
Ораза тұтушылар күн батқан соң ауызды ашу, сәресіні таңға жақын ішу дұрыс болады. Егер ерте тұрып ауыз жабылған болса да белгіленген уақытқа дейін қайта ішіп жеуге болады. Кей біреулер сәресіге тұрмай оразаны жалғастырады, мұндай дұрыс болғанымен сәресіге тұру абзал. Өйткені Пайғамбарымыз (с.а.у.) «Сәресіге тұрыңдар, сәресіде береке бар» деген. Кейде сәресіге ұйықтап қалған жағдайда сәресісіз тек ниетпен ораза тұтылады.
Осы орында оразаны бұзатын және бұзбайтын кейбір жағдайлар туралы да мағлұмат бермекпіз.
Жеп-ішу және жыныстық қатынас оразаны бұзуы баршамызға мәлім. Бұлардан тыс зорлап ауызды толтырып құсса, темекі және наспай ату, ауыз-мұрынды шайғанда абайсыздан ішке су кетсе ораза бұзылады. Егер бұл істерді әтейі істесе, ауыр күнә болады және оразаны бұзған немесе үзірсіз тәрік қылған әрбір күні үшін алпыс күн ортасын үзбей кезекпен ораза тұтып береді. Бірақ хадисте айтылғандай бүкіл ғұмыр бойы ораза тұтса да сол бір күннің сауабын таба алмайды. Демек соған қарай амал ету қажет.
Төмендегі жағдайларда ораза бұзылмайды.
а)Ораза екендігі есінен шығып жеп-ішсе. Бұл жөнінде Пайғамбарымыз (с.а.у.) «Аллаһ Тағала оны зияпат етіпті» деген.
б) Ұйқыда жүніп болу.
в) Қан алдыру.
г) Әйелін шәһуәтсіз (ләззәтсіз) сүю. Бірақ шәһуәтпен болмайды. Ибн Аббастың риуаятында, бір жігіт: «Ораза кезімде әйелімді сүйсем бола ма? деп сұрады. Расулуллаһ: «Жоқ» деді. Кейін бір қария да сол сұрақты сұрады. «Ия болады» деді. Сонда жігіт: «Не үшін маған рұқсат бермедіңіз, ол кісіге рұқсат бердіңіз, біз бір дінде емеспіз бә?» деді. Пайғамбарымыз: «Ол кәрі шал, өзіні сақтай алады, сен жассың өзіңді тия алмастығың мүмкін» деді.
д) Перзентіні жақсы көріп сүю.
е) Шомылу. Бұнда тек ауыз-мұрын және құлақтан су кіріп кетуден сақ болу керек.
ж) Түкірікті жұту, тамақтан соң тіс арасында қалып кеткен бидайдан кіші нәрсені сырқа шығармай жұту. Егер аузынан сыртқа шығарып көріп соң жұтса бұзылады.
з) Денеге дәрі, май сүрту.
и) Қажеттілік үшін тамақтың дәмін көру, тек кейін түкіріп тастау керек.
Биылғы Рамазан айының бірінші жұлдызы 16-мамырдан басталады яғни сол күні ауыз берік болады.
Баршамызды Рамазанға аман сау жетуімізді Аллаһ нәсіп етсін. (Әмин)
Сайрам ауданының бас имамы: Панов Исмайл