ҚОШ КЕЛДІҢ, ИӘ, РАМАЗАН!
Ассалаумағалейкүм, йа, шәһри Рамазан,
Уағалайкүмассалам, түсті Құран Кәләм,
Әуелі хазірет Расулына жүз мың сәлем,
Оразаны парыз қылды Алла Тағалам.
Мұхаммед (с.ғ.с.) үмбетіне, йа, шәһри Рамазан.
«Мәрхәбән, йа, Рамазан»,
«Қош келдің, йа, Рамазан» деп, жылына бір рет келетін Рамазан айын барша мұсылман үмбеті асыға күтетіні анық. Рамазан айы – жер бетіндегі Алланы бір деп мойындаған, иманның шарттарына шүбәсіз сенген адамзат баласының сағынып күтетін, бізге екі дүниенің бақытының кілтін ашатын қасиетті Құран Кәрім аяттары түсе бастаған сондай бір мүбәрак ай. Бұл ай барша адамзат баласына өз рахметі мен қайталанбас күнге толы нығметін алып келеді. Рамазан айының мәртебесі туралы Пайғамбарымыз (ﷺ) былай деген: «Айлардың мырзасы – Рамазан, күндердің мырзасы – Жұма, түндердің мырзасы — Қадір түні». Сауабы сарқылмайтын қасиетті айда мол сауаптан кенелуге мүмкіндік бар. Бұл айдың қасиеттілігі сонда, күндіз немесе түнде оқылған Құранның әрбір әрпі үшін еселенген сауап бар. Бұл айда, шайтандар кісенделіп, тозақ есіктері жабылып, жұмақ есіктері ашылады. Нәпіл намаздар оқып, Аллаға құлшылық еткен жанның жүрегіне иман нұры құйылып, көз, құлақ перделері ашылады. Рамазан айының үстемдігі жайлы Алла Елшісі (ﷺ): «Ережеп – Алланікі, Шағбан – менікі, Рамазан болса, үмбетімнің айы», – деген. Яғни, барлық күнәсінен арылып, жақсы амалдармен мол сауап жинайтын ай дегені.
Ислам діні қазақ даласына келгеннен бастап бабаларымыз Рамазан айын үлкен қуанышпен қарсы алатын болған. Оған дәлел ретінде ораза айы таянғанда әр үйге барып жарапазан айтып, иіс шығарып, көрші-қолаңға, жетім-жесірге құдайы нан таратып, садақа беріп, оразаның келгенімен сүйіншілеген. Рамазан айында бір-бірін үйлеріне шақырып ауызашар беріп, сауабын аламыз деп ораза ұстаған адамның сәресін даярлап, қызмет қылатын болған.
Дәстүрмен сіңген дінімізде ата-бабаларымыз барлығы дерлік ауыз бекіткен. Аллаға құлшылығын арттырған. Таң сәріден ниет етіп, ауыз бекітіп, күн батқанда ауыз ашылады. Күннің аптап ыстығына шыдап, сабыр сақтап, оразаны ашып жібермей керісінше Алладан сол қиналған сәттер үшін мол сауаптар тілеген абзал.
Ауыз – астан, тіл – ғайбат пен жаман сөздерден, көз – харамға қараудан, харамды естуден – құлақ тыйылады. Алла Елшісінің (ﷺ): «Кімде-кім жалған сөйлеуін қоймаса, жағымсыз қылықтарынан тыйылмаса, Алла Тағала ондай адамның тек ауыз бекіткеніне мұқтаж емес», – деген. Оразамын деп күні бойы ұйқыға берілу де қате іс. Онда адамның иманы әлсірейді.
Шындығында ораза басқа негізгі ғибадаттарға қарағанда Алла Тағала алдында өзіндік ерекшелікпен дараланады. Себебі, Алла Тағаладан Оның Нәбиі (ﷺ) біздерге жеткен хадисінде баяндағандай: «Әрбір жақсылық оннан жеті жүз есеге дейін еселенеді. Ораза болса Мен үшін оның сауабын Өзім беремін»,-деген.
Оразаның әрбір мүмінге міндетті құлшылық екендігін Хақ Тағала:
«Уа, иман келтіргендер! Сендерден бұрынғыларға парыз етілгендей, тақуалыққа жетулерің үшін, ораза ұстау сендерге де парыз етілді» («Бақара» сүресі, 183-аят), – деген аят білдіреді.
Рамазан айында ораза тұтып, Алладан дұға тілегеннің тілегі кері қайтарылмайды. Әрбір жасалған жақсылықтар еселенеді.
Осы айда көптеп садақа беру абзал. Рамазанда берілетін пітір садақасы бар. Пітір садақа һижреттің екінші жылы Рамазан оразасы парыз етілген жылы уәжіп етілді. Ол отбасындағы әр адам басына өлшеніп есептелген. Пітір садақаның көлемін жергілікті мешіттен біліп, Рамазан айы бітпей беру қажет. Бұл садақаның Ораза айт намазына дейін берілгені дұрыс. Пайғамбарымыз (ﷺ): «Осындай күнде (айт мейрам) кедейлерді қайыр садақа тілеуге мұқтаж етпеңдер», – деген.
Ораза тұтушы аштық халінде өзінің әлсіздігін сезінумен қатар, тоқтықта қадірін біле бермейтін қара су мен бір үзім нанның соншалықты құнды екендігін сезінеді. Бұл дегеніміз – «судың да сұрауы бар» деген мәтелдің мәнін түсіндіреді.
Рамазан айында түндердің төресі болған, мың айдан қайырлы, періштелер жерге түсіп, жер бетінде береке орнайтын Қадір түні бар. Бұл – сауаптар еселеніп жазылатын ерекше, қасиетті түн. Алла Тағала «Қадір» сүресінде: «Расында Біз Құранды қадір түні түсірдік. Қадір кеші мың айдан қайырлы», – деп баяндаған. Осы түні жасаған құлшылықтарымыз 83 жыл жасалған мінәжәттің сауабына татиды.
Құдси хадисте Алла Тағала: «Аузы берік адам ішіп-жеуін тек менің ризалығым үшін доғарды. Ораза – Мені мен құлымның арасындағы риясыз ғибадат. Оған берілетін сый-сауапты Мен ғана өлшеп, Мен беремін. Аузы берік құлымның аштық пен шөлдеуден шыққан ауыз исі Мен үшін миск әтірінен де тамаша», – деген. Олай болса, осы қасиетті Рамазан айында ораза тұтып, Аллаға көптеп зікір айтып, Пайғамбарымызға (ﷺ) салауаттар жолдап, садақа беріп, нәпіл намаз, қаза намаздарын оқып, қадірлі болған Қадір түнін құлшылықпен өткізіп, мол сауаптан алайық! Көрші-қолаңмен қарым-қатынасты жақсартып, ағайын-туыспен тату болып, ренжіскендер бір-бірін кешіріп, сыйластығын арттырып, осылайша береке-бірлікпен Ислам дінімізді дәріптесек нұр үстіне нұр!
Алла Тағала оразамызды қабыл алып, Құран мен сүннетке сай қайырлы іс қылуды нәсіп етсін!
Түркістан қаласы орталық
«Түркістан-Ахмет Яссауи» мешітінің бас имамы Омар қажы Елеуұлы