Биылғы жылы Рамазан айы мамыр айының 16 жұлдызында басталады.
Құран Кәрімнің Бақара сүресінің 183 аятында: «Ей иман келтіргендер, тақуалылардан табылуларың үшін сендерден бұрын өткендерге парыз етілгені сияқты сендерге де санаулы күндерде ораза тұту парыз етілді». деп баяндалған.
Ораза жаңадан пайда болған ғибадат емес, барлық діндерде бұрыннан бар екендігі аяттан мәлім. Дегенмен ораза жайлы түсініктер әртүрлі болды. Кейбірі белгілі бір азық түрін жемеу деп түсінсе, енді бірі мүлде ештеңе жемей біраз уақыт барша нәрседен тыйды, ал христиандар малдан шыққан азықтан өзін тыйылуды ораза деп түсінді. Олардың тұтқан оразасының уақыты 40 күн.
Олай болса, Ислам дініндегі оразаның ерекшеліктеріне, оның маңызы мен мәніне тоқталып өтелік:
Оразаның уақыты
Алдымен оразаның уақытын белгілеп алайық. Бұл жайлы Құран Кәрімнің Бақара сүресінің 185- аятында айтылған:
«(Ол санаулы күндер) Рамазан айы. Ол айда адамдарға тура жол және (шындық пен жалғанды) ажыратушы ашық аяттары бар Құран түсірілген. Енді, сендерден кім ол айда әзір болса, ораза тұтсын». (Бақара сүресі, 185 аят. )
Аятта оразаның бір ай тұтылатыны айтылған. Хазіреті Пайғамбар (с.а.у.) да хадистерде бұл жайлы мәліметтер беріп өткен:
Назр ибн Шайбан рахматуллаһи алейһидан риуаят етіледі: «Абу Салама ибн Абдурахманға: «Маған сен атаңнан, атаң Пайғамбар (с. а. у. ) нан есіткен Рамазан айы жөнінде айтып бер. Сонда атаң мен Расулуллаһ (с. а. у. ) араларында ешкім жоқ екен», дедім. «Иә, атам маған Расулуллаһ с. а. у. айтты деді. «Әлбетте Алла сендерге Рамазан оразасын парыз етті. Мен сендерге түндерінде құлшылықты сүннет еттім. Кімде-кім иманмен, сауап үмітінде оразасын тұтса және түндерін құлшылықпен өткізсе, күнәларынан анасынан жаңа туылған сияқты болып шығады»-деді. (Насаий және Ахмад р. е. ).
Рамазан айы – он екі айдың ең қасиеттісі, ең берекелісі, ең ұлығы, он екі айдың сұлтаны. Оған сұлтандық мәртебе берілгені «Ол айда адамдарға тура жол және (шындық пен жалғанды) ажыратушы ашық аяттары бар Құран түсірілген». Алла тағала адамзаттың қиямет күніне дейін үкімін жоймайтын, ақ пен қараны, шындық пен өтірікті ажыратып беретін Құран Кәрімді Рамазан айында түсірген. Кімде-кім Рамазан айына сау-сәлемет жетсе, жаңа айды көрсе немесе Рамазан айы басталғаны туралы хабар жетсе, ораза тұтсын. Рамазан айындағы оразасын тұту әрбір иманды адамға парыз. «Алланың бұйрығын орындамай, Рамазан күндерін себепсіз ораза тұтпай өткізсе бола береді», деген адам күпірлік келтірген болады.
Ол айда Алланың рахметі, қайыр-берекесі жауады. Рахмет періштелері түседі. Пенделердің тұтқан оразаларын мен ізгі амалдарының сауаптарын еселеп беріледі. Мүбәрәк айдың құрметіне тозақ есіктері жабылып, оған кіру уақытша түнге сүріледі. Момындарға Алланың рахметі төгіліп, Оларға жақсы мүмкіндіктер беріледі. Ораза тұтып, ғибадат еткен адамдар тозақтан құтылады.
Бір ай ораза ұстайтынымыз мәлім болса, ал енді Рамазан айының ішіндегі күнделікті оразамыздың уақыты жайлы Құран Кәрімнің не дейтінін көрелік:
«Таңнан, ақ жіп қара жіптен ажыратылған кезге дейін, жеп-іше беріңдер. Сонан кешке дейін оразаны кемшіліксіз тұтыңдар». (Бақара, 2/187) Мұндағы ақ жіп пен қара жіптің, түн мен күн екені, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) берген түсініктемесінен мәлім. Түн мен күн бір бірінен ажырауы, оразаның басталатын уақыты. Міне, осы уақытта сіз оразаға дайындық жасайсыз. Бұл дайындық жайлы хазіреті Пайғамбар былай деген:
Анас ибн Маликтің риуаятына қарағанда, Пайғамбарымыз (с.а.у.) айтты: «Сәресіні жеңдер, әлбетте, сәресіде береке бар». Сәресіде тамақтанып күндізгі құлшылықтарға қуат жинап аламыз. Тағы бір айта кетерлік жайт, күн батқаннан кейін де кейбіреулер өздеріне кейбір амалдарды тиып жатады. Мәселен, әйелдеріне бір ай бойы жақындамау деген сияқты. Бұл жайлы да Құран Кәрімде мәлімет берілген. «Сендерге ораза түнінде әйелдеріңе қосылу адал етілді.
Оразадағы кеңшілік
Ислам діні адамдарға ауыртпашылық, қиыншылық тудыруды мақсат тұтпайды. Ислам дінінінң кеңшілік, жеңілдік діні екенін мына аяттан аңғарамыз:
«Егер сендерден біреу науқас немесе жолаушы болса, ол жағдайда (ораза тұтылмаған күндерінің) санағын басқа күндерде тұтады. (кәрілігі немесе әлсіздігі себепті) ораза ұстауға қиналатындар (бір күндік, оразаға – бір күндік) бір міскін-бишараның азығы мөлшерінде тағамды төлеп берулері қажет. Егер, кім өз ықтиярымен қосымша игілік жасаса (қажеттіктен молырақ төлеу берсе), өзіне жақсы. Егер, білсеңдер, ораза тұтуларың өздерің үшін (төлем беруден немесе кешірімді ораза ұстаудан көрі) жақсырақ. ». (Бақара сүресі 184 аят. )
Оразадағы ниет
Оразаның қандай ниетпен, не үшін тұтылатынын да шет қалмаған. «Ей иман келтіргендер, тақуалылардан табылуларың үшін сендерден бұрын өткендерге парыз етілгені сияқты сендерге де санаулы күндерде ораза тұту парыз етілді». (Бақара, 2/183) Ораза адам жүрегінде тақуалық сезімін оятатын бірден бір ғибадат. Яғни ең алдымен Алланың алдындағы жауапкершілікті, сосын ретімен өзіңнің, адамдардың, жан-жануарлардың алдындағы жауапкершілік сезімін терең түйсіндіріп береді. Бұл тұрғыда айтылған Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадистері былай түсініктеме берген:
Пайғамбар (с. а. у. ) айтты: «Кімде-кім Рамазан оразасын иманмен, сауап үмітінде ұстаса, оның өткен күнәлары кешіріледі» деді.
Абу Хурайра (р.а.) дан риуаят етіледі. Расулуллаһ (с.а.у.) айтты: «Кімде кім жалған сөзбен оған амал етуді қоймаса, ол адамның тағам жемей, сусын ішпегені Аллаһ тағалаға қажет емес». (Бухари. Саум 1770 хадис). Сондықтан оразадағы негізгі мақсат аш жүру ғана емес, барша жамандық атаулыдан қол үзу.
Ораза тұтқандарға берілетін сый
Ислам діні әрбір орындалған құлшылықтың үлкен сыйы болатынын, орындалмағандарының да жазасы болатынын білдірген. Олай болса, ораза тұтқандардың кенелетін сый-сипатына көз жүгіртелік:
Абу Хурайра (р. а. ) риуаят етіледі: «Пайғамбар (с. а. у. ) былай деді: «Алла тағала айтты: Адам баласының барлық амалы өзі үшін, тек қана Ораза Мен үшін және оның силығын Мен өзім беремін деді. Ораза сақтаушы. Қашан қайсыбіріңіз ораза тұтса, жаман сөз сөйлемесін, бақырмасын. Егер біреу балағаттамақшы немесе ұрыспақшы болса, мен Ораза тұтқанмын деп айтсын. Алланың атымен ант етемін! Әлбетте, ораза тұтқан адамның аузының иісі Алланың құзырында миск хош иістенде сүйіктірек. Ораза тұтқан адам үшін екі қуаныш бар. Қашан ауыз ашса қуанады, және Раббысына жолыққанда, оразасымен қуанады.
Демек пенденің оразадан басқа барлық амалы өзі үшін. Тек қана ұстаған оразасы Алла үшін. Мұны қалай түсіну мүмкін? жауап: Пенденің оразадан басқа барлық амалдарда қаласада қаламасада аз болсада рия (көрсету үшін) араласуы мүмкін.
Мәселен, намаз оқыған адам дәрет алғанында, намаз оқуға жай таңдағанда, намаз оқығанда басқалар көреді. Зекет бергенінде, қанша жасырса да зекетті алған адам біліп, ақысына дұға етеді. Қажылыққа барғанда, мүлдем жария болады. Қажылықтан келген соң топ-топ адамдар зияратқа келеді. «Қажеке» деп атайды.
Оразада, бұл нәрселердің біреуі жоқ, ешкім көрмейтін уақытта, сәресі ішеді. Күндіз көпшілікпен бірдей жүреді. Ауыз ашар уақыты кіргенде, жалғыз өзі қалғанда да ораза ұстаған адам. Алла көріп тұрғанын біліп, ауызын ашып жібермейді. Міне бұлардың барлығы ораза Алла үшін ұсталуының белгісі. Сол үшін жалғыз Аллаһ үшін болған ғибадаттың сыйлығын Алла тағала өзі беруге уәде еткен. Бір сауап берілетін амалдың сауабы он мәртеден, жеті жүз мәртеге дейін көбеюі мүмкін, бірақ одан артық болуы мүмкін. Ораза үшін берілітен сауаптың көбеюі, оны Алладан басқа ешкім білмейді.
Ораза сақтаушы. Түрлі жаман істерден, күнәлардан аурулардан, жаман мінезден, тозақтан сақтайды. Ұятсыз сөздерді айту мұсылман адамға мүлдем дұрыс келмейді. Аллаға ғибадат ету үшін, Алланың парыз еткен оразасын ұстау үшін, бекіткен ауыздан жаман сөздер, боқтау, бақыру, еш дұрыс келмейді. Ораза ұстаған адамның аузының иісі Алланың жанында хош иісті мисктенде сүйіктірек. Ораза ұстаған адамның екі қуанышы бар. Бірінші қуанышы, ауыз ашарда қуанады. Екінші қуанышы, Алла тағалаға жолыққанда, ұстаған оразасынан қуанады. Бұл екі қуаныш текқана ораза ұстаған пенделерге ,Бұл оразаның ұлы қасиеті.
Басқа бір риуаятта:
«Адам баласының барлық амалы (сауабы) көбейтіліп беріледі. Бір жақсылыққа он сауап, соған ұқсас жеті жүз есеге дейін көбейтіліп беріледі. Алла тағала: «Текқана ораза Мен үшін оның қарымын Мен беремін. Адам баласы шахуаты мен тағамын Мен үшін тастады. –деді.
Саһл (р. а. ) дан риуаят етіледі: «Пайғамбар (с. а. у. ) айтты: «Жәннәттың бір есігі болып, «Раййан» деп аталады. Қиямет күні ол есіктен ораза ұстағандар кіреді. Олардан басқа ешкім кірмейді. Ораза ұстағандар қайда?-деп сұрағанда, олар ол есіктен кіреді. Олардың соңғысы кірсе, ол есік жабылады. Одан басқа ешкім кірмейді» -деді.
Бұл хадисте ақыретте ораза ғибадатының қасиеті басқа ғибадаттардан қаншалықты ұлы екендігі айтылған.
Қиямет күні ораза ұстағандар жәннәтқа кірулеріге арнайы «Раййан» деп аталатын есік ашылады екен. Сол есікте «ораза ұстағандар қайда?» деп шақырып, олар жәннәтқа кіреді екен. Ораза ұстағандар кіріп болғаннан кейін ешкім кірмейді, ол есік жабылады.
Қиямет күні барлық адам жәннәтқа тезірек кіруге асығып тұрған уақытта ораза ұстағандарға арнайы «Раййан» деп аталатын есіктен кіргізуін баршамызға нәсіп етсін.
Жабир (р. а. ) дан риуаят етіледі: Бір адам Пайғамбар (с. а. у. ) ға: «Айтыңызшы, егер парыз намаздарды оқысам, Рамазан (оразасын) тұтсам, халалды халал, харамды харам десем әрі осы айтқандарыма артық нәрсе қоспасам жәннәтқа кіремінбе?»-деп сұрады. Пайғамбарымыз (с. а. у. ): «Иә» -деді. «Аллаға ант етемін, міне осыған еш нәрсені артық қоспаймын» деді. «Мүслім риуаят еткен.)
Парыз намаздарын өз уақытында оқып жүрген пенденің жәннәтқа кіруіне себеп болатын амалдардың бірі. Парыз намазын оқымайтын немесе шала оқитындар бұған үміт етпесе де болады.
Ендеше Алланың берген үлкен мүмкіндігін тиімді пайдаланып, ақыреттік азығымызды қамдап алайық ағайын! Алла Тағала тұтқан оразаларыңызды қабыл етсін!
Сарыағаш ауданының бас имамы Берік қажы Қалдаров