Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) дүние-мүлікті өткінші қызық деп бағалаған. Мысалы, ол бір хадисінде адамдардың өмір бойы теріп жинаған дүние-мүліктерінің оларға қабірге дейін ғана серік болып, одан арғысын оның еш қажетіне жарамайтынын айтқан: «Үш нәрсе мәйіттің артынан жүреді: бала-шағасы, дүние-мүлкі және іс-әрекеті. Екеуі кері қайтады, біреуі оның жанында қалады.
Бала-шағасы мен дүние-мүлкі кері қайтып, жақсылы-жаманды іс-әрекеті ғана жанында қалады» (Муслим, Зухд, 2690). Аллаһ Елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) тағы бір хадисінде:
«Адам баласы дүнием, дүнием дейді. Ей, адам баласы! Жеп бітірген, киіп ескірткен немесе жақсылық жолында жұмсап өзіңнен бұрын (ақыретке) жібергеннен басқа қандай мал-мүлкің бар?» – деген (Муслим, Зухд, 2959).
Осы хадиске сәйкес Шортанбай ақын:
Алтын-күміс абзалың
Өлгеннен соң не керек?
Өлген малың – иманың,
Тіріде қамын жиғаның.
Аманатын алғанша
Жалғанда бар ма қиғаның, – деп жырлаған.
ОҚО Орталық мешіт