sadakanin sauabi kandai

sadakanin sauabi kandai

 

Қазақ халқы садақа шығаруға аса мән берген. Ұлтымыз «Малым- жанымның садағасы, жаным-арымның садақасы» деген аталы сөз бар. Демек малды жаным үшін, жанымды арым үшін құрбан етем деген бұл аталы сөздің астарында зор мағына жатыр. Бұған қарап ата-бабаларымыздың көзқарасының соншалықты берік болғандығын байқаймыз.

Қазақ халқы қашанда жетім мен жесірге, мұқтаждарға садақа беріп, сол арқылы шүкірлік етіп, Ұлы Жаратушыға шынайы сеніп, келген. Байырғы балаларымыз садақаның маңыздылығын жете білген десек, артық айтқандық емес. Бабаларымыз жолаушыға, мүсәпірге, кедей-кепшікке аса мейірім танытатындығы осының айғағы болса керек. Тіпті бұрынғы малды, дәулетті байлардың өзі садақасына, зекетіне бір қора мал шығарып, талай адамды кедейліктен құтқаратын болған. Тарихта мұндай дәлелдер көптеп кездеседі. Бұл бабаларымыздың жомарттығының өлшемі болса керек.

Асыл дініміз исламда садақа, зекет туралы тағылымдар мол кездеседі.

Қиындықтарға ұшырап, өмірден түңілген, уайым-қайғының терең тұңғиығына батқан адамға садақа зор жеңілдік әкелетіндігі дінімізде айтылған.

Алла Тағала Құранда «Лəйлі» сүресі, 5-7-ші аяттарында:

«Ал кім (садақа) беріп, тақуалық жасаса. Əрі ең жақсыны (дінді) шын деп, растаса. Жақында Біз оған ең жеңілін оңайластырамыз»,- дейді.
Демек садақа беру арқылы әрбір қиындық жеңілдейді деген.

Сонымен қатар қасиетті Құрандағы «Сәба» сүресі, 39-аятында тағы да бұл туралы:

«Ақиқатында, Раббым құлдарының арасынан қалағанының ризығын кеңітіп және қалағанының (ризығын) шектеп қояды. Сендер не жұмсасаңдар да Ол оның (жұмсағандарыңның) орнын қайта толтырады. Ол – ризық берушілердің ең қайырлысы»),- делінген.
Ал хадистерде болса:

«Уаллаһи, садақа берумен мал азаймайды. Олай болса садақа беріңдер!» (Ахмад)
«Садақа дүние-мүлікті кеңейтеді, олайболса, садақа беріңдер!» (Ибн Әбиддүнйиа) десе,«Садақа беріп ризықтарыңды көбейтіңдер» (Бәйхақи) деп өсиет айтқан.
Бұған қарап садақа беру-рыздық, несібені азайтпайтындығын көреміз. Керісінше рыздық молая түсетіндігі айтылады.

Ертедегі тағылымды әңгімелерде бір ғұлама: «Менің тағдырыма жазылған ризықты менен басқа ешкім жей алмайтынын түсінгенде, жүрегім тыныштық тапты» депті.

Сондықтан өзімізге Ұлы Жаратушыдан бұйырған несібе ешқайда кетпейтіндігіне әр кез сабыр етуміз керек.

 Ибраһим Қарнақбайұлы, «Мұқамади» мешітінің бас имамы

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38