Бүгін Шымкент қаласы әкімінің қолдауымен қалалық «Әл-Фараби» атындағы ғылыми әмбебап кітапханасында Шымкент қаласының бас имамы Бақдаулет қажы Нұрматұлының «Ізгілікке бастар жол» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.
Игі шараға мемлекет және қоғам қайраткері Шалатай Мырзахметұлы, ақын, жазушы Құралбек Сағынтай, қалалық Әл-Фараби атындағы ғылыми әмбебап кітапханасының директоры, айтыскер ақын Анар Жаппарқұлова, ардагер имам Бекайдар Әміре, орталық мешіттің наиб имамы Ахметжан Керімбек, дінтанушы Мұхамеджан Естеміров және зиялы қауым өкілдері мен кітапсүйер қауым қатысты.
Бұл кітап Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының алғы сөзімен басталып, түрлі деңгейдегі тақырыпты қамтитын құнды еңбек болып саналады. Онда жастар тәрбиесі, дін мен дәстүр, отанды сүю, имандылық, адамгершілік және түрлі жат ағымдардың арбауынан сақтану т.б. өзекті тақырыптар қамтылған.
Кітап медресе және діни сауат ашу курсының шәкірттеріне, жалпы көпшілік қауымға арналған.
Айта кетейік, игі шара барысында кітапхаға қорына «Мүфтият» баспасынан жарық көрген кітаптар табыс етілді.
ҚМДБ-ның Шымкент қаласы бойынша баспасөз қызметі








































