
Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының Бағдарлық баяндамасы аясында, ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі әрі Мүфтият баспасының директоры Батыржан Мансұровтың қатысуымен Шымкент қаласындағы мешіттерге қарасты діни дүкен иелерімен кездесу ұйымдастырылды.
Игі шара барысында Батыржан Берденұлы ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының ыстық сәлемін жеткізіп, Мүфтият баспасының жұмыстары туралы түсіндіріп берді. Мұнымен қатар, діни дүкен иелерімен Мүфтият баспасынан жарық көрген кітаптарды елге насихаттау, жеткізу, сатылымы жөнінде келісім шарт жасалды. Басқосу аясында Мүфтият баспасының Шымкент қаласындағы өкілі Мұхамеджан Естеміров атқарылып жатқан оңды жұмыстары туралы баян етті.
Кездесу соңында Шымкент қаласына арнайы келген Батыржан ұстазға шаһар бас имамы Бақдәулет Нұрматұлының атынан алғыс айтып, ризалық білдірілді.
Айта кетейін, осы уақытқа дейін Мүфтият баспасынан 90-ға жуық әртүрлі мазмұндағы кітаптар жарық көрді.
ҚМДБ Шымкент қаласы бойынша баспасөз қызметі





