Шымкент қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері, дін қызметкерлері мен еңбек адамдарына ауызашар берілді.
Ауызашарға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қатысып, жиналған қауымды қасиетті Рамазан айымен құттықтады.
«Рамазан – жүректі тәрбиелейтін ай. Бұл айда мұсылман баласы нәпсісін тәрбиелеп, сабыр мен шүкіршілікке үйренеді. Ораза адамды мейірім мен жанашырлыққа жетелейді.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): “Кімде-кім Рамазан айында иман келтіріп, сауабынан үміт етіп ораза ұстаса, оның өткен күнәлары кешіріледі” – деген.
Ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлы атамыз да адам болмысының мәнін түсіндіре отырып: «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» – деген еді.Бұл сөз – исламның да негізгі қағидаларының бірі. Өйткені дініміз адамды мейірімге, бауырмалдыққа, кешірім мен сабырға шақырады. Рамазан айы – осы асыл қасиеттерді жүрекке сіңіретін ерекше уақыт», – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Ауызашар барысында қонақтарға қазақтың дәстүрлі наурыз көже тағамы ұсынылып, «Қош келдің, Рамазан!» арнауы орындалып, жарапазан жыры айтылды. Кеш соңында қасиетті Құран аяттары оқылып, Бас мүфти арнайы дұға жасады. Сондай-ақ ауызашар қонақтарына Рамазан айына арналған сыйлықтар табыс етілді.































