Әр халықтың тағдырында ерекше мәнге ие тарихи белестер болады. Солардың ішінде елдің еркіндігін айғақтайтын, ұлттың рухын асқақтатып, жаңа дәуірдің есігін айқара ашатын айтулы күндер бар. Ұлт үшін ұмытылмас ұлы күндердің бірегейі – Тәуелсіздік күні. Бұл – халқымыздың сан ғасыр армандаған азаттығының ақ таңы атқан күн, елдігіміздің мәңгілікке бекіген сәті.

Бүгін біз азаттықтың ақ таңын аңсаған бабалар мұратын орындаған ұрпақ ретінде осы мерекені ерекше тебіреніспен атап өтеміз. Өйткені Тәуелсіздік тек саяси дербестік емес, ол – рухани дамудың, ұлт бірлігінің, мемлекет тұтастығының алтын қазығы.

Расында азаттық алу – Алланың сыйы әрі әрбір азаматқа үлкен жауапкершілік жүктейтін мызғымас міндет. Асыл дінімізде еркін қоғам мен әділетті өмірге қол жеткізу – баға жетпес құндылықтың бірі. Мұндай нығметке бөленуге кез келген пенде лайықты. Сондықтан Алланың берген әрбір нығметіне шүкір етуіміз қажет. Алла Тағала қасиетті Құранда: «Алланың өздеріңе нәсіп еткен нығметін естеріңе алыңдар…» («Мәида» сүресі, 7-аят) деп ескерткен.

Тәуелсіздік – бізге берілген баға жетпес сый ғана емес, сонымен бірге үлкен жауапкершілік. Мұндай аса үлкен жауапкершілікті сезінген адам ата-бабаның қаны төгілген қасиетті жерді аман сақтауға, бірлікті бекем етуге, әділдікті ту етуге, рухани құндылықтарды жаңғыртуға және жас ұрпақты имандылыққа тәрбиелеуге күш салады.

Қазақ даласы ғасырлар бойы талай тар жол, тайғақ кешуден өтті. Халқымыз небір нәубетті замандарды бастан кешті. Тәуелсіздік алу жолында мыңдаған ер-азамат жанын пида етіп, елдік туын жықпады. Міне, бүгінгі азаттығымыз – сол ұлы күрестің жемісі, бабалар аманатының орындалуы, ұлттық рухтың қайта түлеуі.

Тәуелсіздік алғаннан кейін халқымыздың рухани өмірі жаңа серпін алды. Ислам дінімен сабақтасқан төл мәдениетіміз, салт-дәстүріміз қайтадан жаңғырып, ел ішінде имандылыққа бетбұрыс күшейе түсті. Аллаға шүкір, мешіттер салынып, медреселер ашылып, діни-ағартушылық бағыттағы жұмыстар кеңінен қолға алынды. Имамдарымыз қоғамдағы тұрақтылық пен татулықты сақтау жолында еңбек етіп, жас буынды дұрыс бағытқа жетелеуде.

Өйткені ұлттың рухани иммунитетін қалыптастыруда дін қызметкерлерінің рөлі ерекше. Себебі салтымызбен сабақтасқан асыл дініміз адам санасын тәрбиелейді, жүректі тазартып, қоғамды бірлікке үндейді. Біз осынау ұлы міндетті абыроймен атқару үшін қажырлы еңбек етіп келеміз.

Тәуелсіздікті сақтап қалудың басты тірегі – бірлікті бекем ету. Бірлік – Тәуелсіздіктің алтын тұғыры. Өзара ауызбіршілікті сақтаудың маңызы жайлы Хақ Тағала Құранда былай деген: «Барлығың да Алланың желісіне (дініне) мықтап жармасыңдар және өзара бөлінбеңдер. Сондай-ақ Алланың өздеріңе (үйіп-төгіп) берген нығметін естеріңе алыңдар. Кезінде бір-біріңе бітіспес дұшпан едіңдер, ал бүгін Алла Тағала жүректеріңді жарастырды. Сөйтіп Оның (иман, хақ дін Ислам сынды) баға жетпес нығметінің арқасында біріңе-бірің бауыр болдыңдар. Сондай-ақ кезінде сендер тозақ шыңырауының шетінде тұрған едіңдер, алайда Алла сендерді одан сақтады. Сендер тура жолға түссін деп Алла Өзінің аяттарын, міне осылайша ашық баяндайды» («Әли-Имран» сүресі, 103-аят).

Біз көпұлтты, көпконфессиялы елміз. Тәуелсіздік жылдарында елімізде дінаралық және ұлтаралық келісімнің бірегей үлгісі қалыптасты. Біз әрдайым бірлікті бағалап, ұрпақ санасына татулықтың қымбат қазына екенін сіңіруіміз керек. Өйткені бірлігі бекем елдің іргесі сөгілмейді.

Тәуелсіздіктің ең үлкен игіліктерінің бірі – еркін ойлайтын, жаңашылдыққа ұмтылатын, имандылықты ту еткен, білімге құштар жаңа буынның қалыптасуы. Бүгінгі жас – еліміздің болашақ иесі, мемлекетіміздің даму тетігін ұстайтын негізгі күш. Жастарымыздың иманды, білімді, отаншыл болып өсуіне үлкен буын ағалар, баршамыз барынша үлес қосуымыз қажет. Бұл – ортақ міндетіміз. Әрбір ата-ана, ұстаз, дін қызметкері ұрпақ тәрбиесіне ерекше көңіл бөлсе, ел ертеңі баянды болары анық.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Сендердің ең жақсыларың – қоғамға пайдалы болғандарың» деген. Ендеше елге пайдалы, қоғамға адал қызмет ететін азаматтарды тәрбиелеу тәуелсіздік жолындағы басты мақсаттардың бірі екені хақ. Бүгінгі ұрпақ Тәуелсіздік тек мереке емес, ол ұлттың болашағын айқындайтын мәңгілік идея екенін жете түсінуі керек. Осы қасиетті күн бізге елдің даму жолындағы жетістіктерді бағалауға, болашаққа сеніммен қарауға мүмкіндік береді.

Түйіндеп айтқанда, Тәуелсіздік – бабаларымыз аманат етіп қалдырған қастерлі құндылық. Оны қорғау, нығайту және келесі ұрпаққа аманат етіп қалдыру – баршамыздың қасиетті парызымыз. Алла Тағала елімізге амандық, жұртымызға тыныштық, жерімізге береке, халқымызға бірлік нәсіп етсін! Тәуелсіздігіміз тұғырлы, болашағымыз баянды болғай! Әумин!

  •  
  •  
  •  
  •  
  •  
  •  

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38