Allanin rakim nuri

Allanin rakim nuri

Алла тағала рабби-әл-әууәл айын күллі мұсылман жамағаты үшін шұғылалы нұр етіп, барша адамзатқа мейірімі түсіп, рақым етуі үшін өз елшісі Мұхаммедті (с.ғ.с.) жарық дүниеге жіберді. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) дүниеге келген бұл күні – Мәуліт деп аталады. Бұл күн адамзат дәуірінің дамуын күрт өзгертіп, рухани және қоғамдық салада ең ұлы төңкеріс жасады. Адамдардың ой-санасын ақиқатқа жетелеп, жүректеріне мейірім мен рақым сыйлады. Соңғы пайғамбар келер кезде араб түбегі ғана емес, бүкіл адамзат ең ауыр кезеңді бастан кешуде еді. Жер жүзі халықтары арасында наным-сенім тұрғысынан бір-біріне кереғар ағымдар пайда болып, жік-жікке ыдырады. Адамгершілік қадір-қасиет аяқасты етіліп, күштілер әлсіздерге күн көрсетпей, табанына салып, езумен болды.

Византия, Рим, Үндістан, Месопотамия, Мысыр, Қытай сияқты көне мәдениет ошақтарында қоғамдық-діни ахуалдың тым мүшкіл болғанын діндер тарихы да растайды. Міне, осындай қараңғы дәуірде Алла тағала сүйікті құлы Мұхаммедке (с.ғ.с.) пайғамбарлық міндетті жүктеді. Мейірім мен мейірбандықтың, адамгершілік пен парасаттылықтың, ізгілік пен жақсылықтың, көркем мінез-құлықтың үлгісін паш етсін деп оны күллі әлемге рақым етіп жіберді. Бұл жөнінде Алла тағала Құран Кәрімде: «Біз сені бүкіл әлемге рақым етіп қана жібердік», – деген. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұны бүкіл ғұмырымен тамаша түрде жүзеге асыра білді. Екі жиһан Сұлтанының рақымдылығы – тек адамзатты ғана емес, барлық болмысты қамтыған терең сүйіспеншілік. Бұл рақым қазір де, болашақта да жаратылыс атаулыны өз нұрымен қамти берері сөзсіз.

Хазреті пайғамбарымызды (с.ғ.с.) еске алғанда, ойымызға мейірім мен сүйіспеншілік келеді. Өйткені ол бүкіл адамзатқа мейірімділік пен рақым алып келді. Достары тұрмақ, дұшпандары да одан тек жақсылық пен ізгілік көрді. Ол адамдарға мейірімділік пен жанашырлықтың дәнін еге білді. Олардың мәңгілік бақыты үшін үнемі тура жолға шақырумен болды. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) адамзатқа жаны ашығандығы соншалық, тіпті өз жанын құрбан етуден де аянбады. Құран Кәрімде Алла Тағала оның жабырқаулы көңілін жұбатып: «Олар Құранға сенбеді деп, өзіңді жеп бітіре жаздайсың», – дейді. Сонымен қатар Алла елшісінің (с.ғ.с.): «Мен лағнеттеуші емес, рақым етуші етіп жіберілдім», – деуі пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жүрек-жарды сөздері еді. Ол халыққа қайғы мен қасірет арқалатып немесе қарғыс айтып лағнеттеу үшін емес, барша адамзатқа Алладан рақым тілеу үшін жіберілді.

Міне, Мәуліт – бүкіл әлем асыға күткен Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) дүние есігін ашқан күні. Бұл күні мұсылман жамағаты жүректеріндегі пайғамбарымызға (с.ғ.с.) махаббаттарын арттырып, Оған (с.ғ.с.) сансыз салауат айтып, сәлем жолдайды.

Мәулітте мұсылман жамағаты бір жерге жиналып, Құран сүрелерін, оның ішінде Исламның бастапқы қалыптасу кезеңіндегі оқиғаларға, пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) дүниеге келуіне байланысты түскен аяттарды дауыстап оқиды. Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айтады. Жиналған мұсылмандар ұлық пайғамбарымызға (с.ғ.с.) деген өз сүйіспеншіліктері мен қуаныштарын білдіргені үшін сауап алады.

Бүгінде аталмыш күннің амалдарын орындаудың нәтижесінде адамдар пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) дүниеге қалай келгені және өмір жолы туралы тәлімі мол ғибратты әңгімелерді естіген кезде орындарынан тұрып, Оған (с.ғ.с.) құрмет көрсету дәстүрге айналып келеді.

Егер мұсылмандар қандай да бір істі бар ділімен ұнатса, ол Алла алдында да ұнамды болады. Бұл сөзімізді Алла елшісінің (с.ғ.с.) мына бір хадисі толығымен қуаттайды. «Мұсылмандар жақсы көрген нәрсе Алланың алдында да жақсы». Қазір осы хадисті ескерген мұсылмандар Мәулітті тойлауды және онда салауат айтылған кезде орындарынан тұруды жөн көреді.

Бір күні пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзінің шайыры (ақын) Хасан ибн Сәбиттің (р.а.) жанынан өткенде ол құрмет үшін орнынан тұрып:

«Құрметіңе орнымнан тұру парыз,

Парызды орындамау болар қарыз», –

деген өлең жолдарын оқыған.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзін бәрінен артық жақсы көру жөнінде: «Сіздердің қай-қайсыларың мені өз ата-аналарыңнан, балаларыңнан және барлық адамнан артық жақсы көрмейінше иман келтіре алмайсыңдар», – деген. Тағы бір хадисінде: «Қиямет күні мүмін жақсы көрген адамымен бірге тіріледі», – дейді.

Ұлық пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мәулітін тойлауға рұқсат берілген. Ал оған қатысқан адам сауап алады. Мәуліттің рұқсат екендігі туралы пәтуәда былай делінген: «Ей, тура діндегі бауырларым! Расулулланың (с.ғ.с.) хадисіне амал ету бізге уәжіп». Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадис-шәріпінде: «Мен сендерге екі нәрсені қалдырдым. Егер оны мықтап ұстасаңдар, менен кейін ешқашан адаспайсыңдар. Ол Алланың кітабы және менің сүннетім», – дейді.

Демек, Алланың құлдарына Құранды, оның тәпсірін және пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ха-дистерін оқып, тәлім алуымыз, бұйырған нәрселерге амал етіп, рұқсат бермегендерінен тыйы-луымыз уәжіп.

Бүкіл әлемге рақым етіп жіберілген Алла елшісі (с.ғ.с.) ең үлкен дұғасын ақыретке сақтаған. Өйткені ізіне ерген үмметіне сол күні шапағат етеді. Жолдаған салауат пен сәлемдеріміз біз күнәһар болған күннің өзінде оның шапағат етуіне себепкер. Бұл туралы пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өзі: «Менің шапағатым үмметімнің арасынан ең үлкен күнә жасағандарға», – деген жоқ па еді? Ол үшін жүрегіміз-де пайғамбарымызға (с.ғ.с.) деген сәл де болса махаббат болуы шарт.

Ендеше, Алла тағала біздің жүрегімізге терең иман, пайғамбарымызға деген махаббат сыйлап, оның (с.ғ.с.) үмметі болуға лайық қылсын. Ақыретте Расулулланың (с.ғ.с.) байрағының астына жиналып, кәусар бұлағынан ғана ішуді нәсіп етсін! Әмин!

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38