Еркін деген бозбала бақыт іздеп жолға шыққан еді. Ол Делін деген ауылдағы Елшіннің баласы болатын. Алғашында қайда барарын білмей аңырып тұрды. Жанына жүдеу жүзді, жұпыны ақсақал келіп: “Балам, мынау оң жақтағы жолға түсіп бірге жүрейік!” деді. Бозбаланың көкейіне: “Түгі жоқ кәрімен бірге жүріп не табам?” деген ой сумаң етіп келе қалды. Ол басын шайқады. Қария жөніне кетті. Дәл осы сәтте жылмаң жүзді біреу жетіп келді. Әлгі ең алдымен бозбаланың қолына бір бума ақшаны ұстата қойды. Бозбала бірден: “Неткен жомарт жан!” деп таңданып қалды. Оған көңілі де жібіп сала берді. Енді не айтар екен деп күтті. Жылмаң жүзді: “Бауырым, көп ақша табатын жерге барғың келе ме?” деп елжіреді. Бозбала ойындағысын дөп басқан соң: “Иә” деді. Ол: “Олай болса айналаңдағы ештеңеге де, ешкімге де алаң болмай, тек сол ақша жаққа қарай тура жүрсең, әрі жылдам, әрі тура барасың” деді. Бозбаланың тілегені де осы емес пе! “Қалай барам, айтыңыз!” деді батылданып. Жылмаң жүзді: “Айналаңа алаң болмауың үшін көзіңді байлауым керек. Бұған көнесің бе?” деді. Бозбала сәл мүдіріп: “Жарайды” деп, келісе кетті. Әлгі де осы құптауды іліп алып: “Ендеше менің айтқан бағытымнан аумай жүріп отырасың” деді. Бозбала: “Қалай қарай?” деп сұрады. Ол: “Міне, мына жаққа тек солға қарай жүріп отыр. Бір кезде мол ақшаның үстінен түсесің” деді шегелеп. Бозбала әнтек күдіктенгендей: “Сіз, өзіңіз онда болдыңыз ба?” деп сұрауға батылы жетті. Жылмаң жүзді: “Әрине, сонша көп ақшам болмаса мен саған мұнша ақшаны тектен-текке қалай бере алам?!” деді, берген бір бума ақшасын нұсқап. Бозбала басын изегенін өзі де білмей қалды. Дәл осы сәтті аңдып тұрған Жылмаң да жып еткізіп бозбаланың көзін байлай қойды. Бозбаланың сол қолынан жетелеп солға бұрып: “Енді еш бөгелмей тарта бер!” деп бұйырды.
Сәулесіз қалған бозбала қолын қарманып, беті бұрылған жаққа кібіртіктеп кете барды. Көз алдына ақшадан өзге ештеңе де елестемейді. Бір уақытта оң жақ тұсынан: “Тоқтаңыз!” деген дауыс естілді. Бозбала тұра қалды да әлгі беймәлім дауыспен сөйлесе бастады. “Олай жүруге болмайды!” деді ол. “Неге?” “Алдыңызға қарай енді бірнеше қадам бассаңыз, түпсіз құрдымға құлайсыз!” “Өтірік айтып тұрсыз!” “Сіз маған неге сенбейсіз? Мен түпсіз аңғарды көріп тұрмын ал сіз оны көріп тұрған жоқсыз. Өйткені көзіңіз байлаулы ғой” Бозбаланың есіне Жылмаңның “Ештеңеге, ешкімге де қара ма!” деген сөзі түсе кетті. Сонан соң оның көкейінде “Мынау менің көп ақшаға жететінімді біліп қызғанып тұр” деген күдік туа қалды.“Мен саған сенбеймін” деді. Бөгде дауыс: “Сенбесеңіз көзіңізді шешейін, өзіңіз көріңіз!” деді. Бозбала: “Жоқ, жоқ маған жоламаңыз, жолымнан қаламын!” деп безілдеді. Бөгде дауыспен енді бозбала дауласа бастады. Дауыс: “Сіз, міне былай оңға қарай жүрсеңіз қатерсіз, кең даңғыл жол алдыңыздан ашылады.” “Ол жақта маған мол ақша бар ма?” “Онда жетсеңіз ақшаның еш қажеті болмайды. “Жоқ, сіз мені алдап адастырғалы тұрсыз! Ақшаның керегі жоқ ондай жер бола ма? Міне, мені былай жіберген адам мұнша ақша берді. Сенікі құр сөз.” Бөгде дауыс: “Сіз енді аз уақыттан кейін менің сөзіме де сенесіз. Қолыңыздағы ақшаның да еш керегі болмайды.
Ол кезде менің айтқан ақылымның да пайдасы тимейді. Тек, таусылмайтын өкініштің дәмін татасыз!” деп алыстап кетті. Бозбала да қорқынышты, түпсіз түнек апанның шетіне жетті…
Міне бұл мысал, аңыздан көрі күнде көріп жүрген шындыққа ұқсайды. Ақірет күнінен бейғам пенделер мол ақша, даңғаза атақ-даңқ, бір күндік биік лауазым, жәдігөй марапат-сыйлық, ақылды алған арақ-шарап іспетті арбаушылардың көлгірлігіне де, алдағанына да, құтылмайтын құрдымға айдағанына да сене береді, сене береді.
Құтқарушының сөзін құлағына да ілмейді. Себебі, адасушының бозбалаға ұқсап көкірек көзі байланған-ды.