Бүгін Шымкент қаласы А.Асқаров атындағы дендросаябақта Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 35 жылдық мерейтойына орай салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында «Руханият марафон – 2025» шарасы ұйымдастырылды.
Игі шараны Шымкент орталық мешітінің найб имамы Мұхамеджан Естеміров жүргізді. Жарыс талабына сәйкес 5 км жүгірушілерге жарысты бастау және ережелерін түсіндіру үшін қалалық Спорт басқармасының арнайы мамандары төрелік етті. Айтулы шара алдымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік әнұран айтумен басталды Игі шараның ашылу салтанатында ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының құттықтау сәлемін жеткізу үшін ҚМДБ Бас мүфти кеңесшісі және Стратегиялық талдау және даму бөлімінің меңгерушісі Смайыл Сейтбеков арнайы қатысып, Мүфтияттың 35 жылдық мерейтойына орай тұңғыш өткізіліп отырған шараның маңыздылығына тоқталып, қатысушыларға жеңіс пен табыс тіледі. Және Шымкент қаласының бас имамы Бақдаулет қажы Нұрматұлы, Шымкент қаласы Дін істер басқармасының басшысы Бақтияр Әлтайұлы құттықтау сөз сөйледі.
Жарысқа 296 дін өкілдері мен қала тұрғындары қатысты. Жарыс нәтижесі бойынша:
І-орын Медербек Жарас
ІІ-орын Нұрсұлтан Нақытбеков
ІІІ-орын Сүндетхан Сейфулла және ынталандыру сыйлығына Әмірбек Бегетай және Бекжан Смайлов, Алишер Ақатовтар иеленді. Барлық жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар мен алғыс хат табысталды.
Жарыс соңында шаһар бас имамы Бақдаулет қажы Нұрматұлы барша қатысушыларға алғыс айтып, ризалық білдірді.
ҚМДБ-ның Шымкент қаласы бойынша баспасөз қызметі