Isaga elikteuma alde shaitangama

Isaga elikteuma alde shaitangama

Надандық – адамды орға жығады. Білімсіз адам тамырсыз ағаш секілді. Ал қоғамда жаппай білімсіздіктің белең алуы – ел басына төнген қатер. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) бір хадисінде: «Исламға ең үлкен қауіп төндіретін, ол – мұсылмандардың жаулары емес, мұсылмандардың өз араларынан шыққан білімсіздер»,- деген екен. Бүгінгі күндері асыл дінімізге аса қауіп төндіріп отырған небір «діндарларымыз» да, неше түрлі діни ағымдар да қаптап кеткені, олардың арасынан жалған пайғамбарлар мен әулиелер бой көрсетіп жатқаны рас. Біреулер пай-даның соңынан қуып, жаңа «дін» ойлап тауып, дәстүрлі діндерге қарсы шығып жатса, енді бір адамдар діни білімі-нің таяздығына қарамастан, ел арасында «пәтуа» шығарып, теріс уағыз таратып жүр.
Қазіргі әлемдегі діни ахуалға қарап отырсақ, пайдакүнем секталардан басқа, білімсіздіктің, ашығын айтқанда, надандықтың нәтижесінде туындаған сан қилы діни «ғибадат» түрлерін кездестіру қиын емес. Мұндай «ғибадаттар» өздерін мұсылманбыз дейтін кейбір дүмше діндарлардың арасында да, христиандар мен буддистер, т.б. арасында да жеткілікті. Солардың ішінен біздің қазір айтайын деп отырғанымыз, Филиппин мемлекетінде дәстүрге айналып үлгерген бір жан түршіктірер діни «ғибадат» туралы.
Әлдекімдердің «пәтуа» шығаруымен өмірге келген бұл діни рәсім Филиппинде әр жыл сайын Ұлы Пост кезінде орындалды. Христиандардың түсінігінше, Иса пайғамбарды (ғ.с.) өзін Алланың елшісі, Мәсіх деп жариялағаны үшін иаһұдилер шармық (крест) ағашына керіп өлтірген-міс. Осы кезден бастап христиандар мен иаһұдилер арасына жік түскен. Христиан дінін ұстанушылар күні бүгінге дейін иаһұдилерге Иса (ғ.с.) пайғамбарды өлтіргендер ретінде қарап келеді.
Міне, енді олар пайғамбарларына деген «махаббатын» білдірудің жаңа бір үлгісін ойлап тапқан. Филиппин астанасы Манила қаласынан 70 шақырым жердегі Сан-Фернандо қаласы мен Сан Педро Кутуд елді-мекені аймағында кеңінен тарап үлгерген бұл діни рәсімде дін фанаттары көпшіліктің алдында өздерін кәдімгідей шармық ағашына кергізеді екен. Бұл жердегі мақсат – Иса (ғ.с.) пайғамбардың соңғы сағаттарындағы жан қиналысын сезіну. Сөйтіп, бұған дейін біліп-білмей істеген күнәларынан «арылу». Олар кәдімгідей ағашқа өздерін таңып, алақандарына және аяқтарына шеге қағады. Сөйтіп, қан-жоса күйлерінде оларды ағашпен бірге тік көтеріп, рәсімді тамашалауға келген халық алдында бір жарым сағат қиналады екен. Содан кейін ғана жерге түсіреді. Бұл бүгінгі күндері діни ғибадаттан гөрі, көпші-лік қызыға тамашалайтын театрландырылған көрініске, яғни шоуға айналып үлгерген.
Жыл сайын христиандардың діни мейрамы кезінде ондаған адам «күнәсынан арылу» рәсіміне қатысады. Филиппин еліне ат басын тірейтін шетелдік туристердің біраз бөлігі осы сәтті көріп қалу үшін келеді. Өйткені, мұндай «бірегей» діни ғибадат әлемнің басқа еш жерінде кездеспейтіні рас.
Ең алғаш мұндай «ғұрыпты» 1961 жылы Арсенио Аноза есімді емші бастаған көрінеді. Ол осымен қатарынан 15 жыл айналысып, кейін оның «жолын» қуушылар саны көбейген. Осылайша, қазір әр жылда христианша Киелі Жұма күні сан Педро Кудудтің шаң басқан көшелері қайнаған шоуға айналады. Ағашқа керіліп, күнәдан арылғысы келген адамдар саны 1991 жылы ең көп болған көрінеді. Өйткені, сол жылы Филиппинде Пинтубо жанартауы атқылап, адамдардың зәре құтын қашырса керек. Мұны «Құдайдың қаһары» деп түсінген «діндарлар» жаппай өздеріне крест ағаштарын дайындаған. Бүгінге дейін Исаның (ғ.с.) соңғы сәттегі жан қиналысын сезінгендер арасында христиан діндарларынан өзге қарапайым адамдар да, соның ішінде, бір 18 жасар қыз бен 13 жасар екі бала да болған. Ал, Филиппиннің ресми билігі бұл жағдаймен күресуге құлықты емес. Олар тек адамдарға алдымен денсаулықтарын тексертуді, сосын алақандары мен аяқтарына қағылатын 15 сантиметрлік шегені спиртпен залалсыздандыруды ескертумен шектеледі. «Біз, бұл құбылысқа қарсы тұрғымыз келмейді. Өйткені, бұл шынымен кейбіреулер үшін «күнәдан тазару» салты ғой»,- дейді Филиппин Денсаулық сақтау министрі Франсиско Дуке. Ал, шіркеулер бұған қатысты не дейді? Негізінен, Филиппиннің Католик шіркеуі Исаға (ғ.с) «ұқсауға» тырысатындардың әрекетін қолдамайды екен. Поптардың айтуынша, бұлар аталмыш ғибадаттың рухани жағына емес, тура қаз-қалпында қайталауға көбірек көңіл бөледі. «Ағашқа керілу бүгінде шоуға айналып кетті. Оны рухани тұрғыда түйсінуді адамдар ұмытқалы қашан. Күнәһарлардың тек денесін жаралаудан басқа ешбір пайдасы жоқ әрекет» дейді Католик шіркеуінің архиепископы Диограсиас Инигес.
Мұнымен бірге, жыл сайын осы күні Иса (ғ.с.) пайғамбардың «жолын» қуушылармен қатар, өздерін қамшымен сабау рәсімі де өтеді. Күнәдан арылуды көздеген христиандар да сол күні арқаларын қызыл-жоса қан етіп, қамшылайды. Бұл «ғибадат» Филиппинде крест ағашына керілуден әлдеқайда бұрын пайда болған. Яғни, 1500 жылы оны бұл өлкеге испандық миссионерлер алып келсе керек. Сол шақтан бері жаңа дінге кірген филиппиндіктер аталмыш әдетті де орындауды үйренген. Алайда, өздерін құрбан етушілердің шектен шығып бара жатқанын байқаған жергілікті билік XVIII ғасырда дүре соғу ғибадатына біраз шектеулер де қойған.
Міне, компьютерлендіру ғасыры келсе де, орта ғасырлық түсініктегі осындай кейбір діни іс-әрекеттер «күн тәртібінен» қалмай келеді. Ал христиан діні өкілдері айтпақшы, Иса (ғ.с.) пайғамбар шынымен де ағашқа керіліп өлтірілген бе еді? Жоқ, әрине! Иса (ғ.с.) пайғамбар мыңдаған адамның алдында шармыққа керіліп, жан қиналысын сезген емес. Оны Алла тағала көкке көтеріп әкеткен. Пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.) түсірілген Алла тағаланың соңғы қасиетті кітабы – Құран Кәрімде баяндалады. Жаратқан Иеміз онда: «Мәрием ұлы Иса Мәсіхті өлтірдік!» – дегендіктері… Негізінде, олар оны өлтірмеді де, аспады, бірақ оларға ұқсатылды: (Олар Исаға ұқсатылған біреуді өлтірді). Расында, ол жайында қайшылықтағылар, әрине, одан күдіктенуде. Олардың оған байланысты мәліметтері жоқ. Бірақ, күмәннің ғана соңында. Олар оны анық өлтірмеді. Олай емес, Алла оны өз тарапына көтерді. Алла өте үстем, хикмет иесі»,- деген жолдардан көреміз. Алла тағала «Ғимран» сүресінде және былай дейді: «Олар айлакерлік істеді, Алла да амалын тапты. Алла – тәсілшілдердің жақсысы. Иаһұдилер Исаны (ғ.с.) өлтіру үшін айлакерлік жасады. Алла амалын тауып, олардың біреуін Исаға (ғ.с.) ұқсатты. Олар соны өлтірді» (3:54-аят). Құран аяттарында осы мәліметтерге және басқа да тарихи деректерге сүйенсек, иаһұдилер Исаны (ғ.с.) өлтіруге бел буғанда, Алла тағала оны көкке көтеріп, оған қарсы шығып жүрген адамдардың бірін соған ұқсатқан екен. Иаһұдилер сол адамды ағашқа керіп өлтірген.
Қасиетті Құран Кәрімде баяндалған бұл ақиқат пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) хадисінде онан әрі жалғасын табады. Аллаһ Елшісі (с.ғ.с.) Иса (ғ.с.) пайғамбардың тірі екендігін және ақырзаман келгенде Алла тарапынан жерге қайта түсетіндігін айтады.
Кейбір христиан дінін ұстанушы ағымдар арасында Исаның (ғ.с.) ағашқа керіліп өлтірілгеніне сенбейтіндер де бар көрінеді. Алайда, жалпы католиктер де, протестанттар да, православтар да, иаһұдилер де, Құранда айтылғандай, шармыққа таңылып өлтірілген Исаға (ғ.с.) ұқсатылған адамды соның (ғ.с.) өзі деген сенімнен бас тартар емес. Олар Алла тағаланың өздерінен асқан айлакерлік жасағандығын қайдан білсін?! Ал енді Филиппин еліндегі дін фанаттарына қайта оралайық. Шармық ағашына керіліп өлтірілген Иса (ғ.с.) пайғамбарға ұқсас басқа адам болса, сонда олар кім үшін өздерінің жанын қинап, қол-аяқтарына шеге қағып, зардап шегуде? Тіпті, олардың түсінігіндегідей, пайғамбар (ғ.с.) ағашқа керілгеннің өзінде, осындай қадамға өздерін итермелеуге болар ма еді? Адамның жасаған күллі күнәлары соның нәтижесінде кешірілер ме? Әрине, бұған сену қиын. Мұның бәрі сол адамдардың діни надандықтарының, көзсіз фанатизмге берілулерінің салдарынан орын алып жатқан оқиға екендігі талас тудырмайды. Қасиетті Құран Кәрімнің «Ғафыр» сүресіндегі: «Өйткені, оларға, елшілері, мүғжизалармен келгенде, өз қастарындағы білімге мардамсыды да ажуалаған нәрселері бастарына жетті. Ал енді азабымызды көргенде: «Жалғыз ғана Аллаға сендік. Сондай-ақ, Оған ортақ қосқан нәрселерімізге қарсы келдік» дейді. Бірақ, азабымызды көргендегі сенімдері оларға пайда бермейді. Өйткені, Алланың құлдарына байланысты болып келе жатқан жолы – осы. Бұл жерде кәпірлер зиян көреді» (83-84-85-аяттар) деген аят осыған байланысты айтылса керек.

Ескендір ТАСБОЛАТОВ,
«Ислам және өркениет».

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38