«Қажылық парызын өтеуді елемеуге болмайды..»
Егер жасы ұлғайған адам қажылық жасай алмайтын халде болса, онда ол өзінің орнына басқа адамды жіберуіне болады.
Ақтық қажылық кезінде Алла Елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Хасам тайпасынан бір жас әйел келіп былай дейді:
«Уа, Алла Елшісі! Қажылық парызын өтеу туралы бұйрық әкемнің қартайған шағына тура келді. Оның тіпті түйе үстінде отыруға да шамасы жоқ. Ол үшін оның қажылығын мен өтей аламын ба?».
Сонда Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай жауап берген екен: «Иә, әкең үшін сен оның қажылығын өтей аласың» (Бұхари, Хаж).
Ибн Аббас (оған Алла разы болсын) былай айтқан:
Бір әйел қажылық жасауға ант беріп, бірақ антын орындай алмай көз жұмған екен. Сол әйелдің ағасы Алла Елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келіп, мұндай жағдайда не істеуге болатыны туралы сұрапты. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оған мынадай сұрақ қояды: «Егер сенің қарындасыңның артында төленбеген қарызы қалса, сен оны төлер ме едің?».
Әйелдің ағасы: «Иә, уа, Алла Елшісі», – деп жауап берген екен.
Сонда Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай айтқан: «Онда оның Алла Тағала алдындағы қарызын өте, өйткені Ол басқаларға қарағанда Оның қарызын өтеуге лайық» (Насаи, Манасикул-Хаж).
Қажылық парызды өтеуді елемеуге болмайды. Егер қажылық парыз етілген мұсылманның осы құлшылық түрін өтеуге шамасы келмесе, бұл жағдайда ол өзінің орнына сенімді деген адамын қажылыққа жіберуі керек. Себебі бұл міндетті елемеу — Жаратушының қаһары мен жазасына ұшыраудың себебіне айналады.
Зекет, құрбандық шалу және садақа беру сияқты мүлікпен жасалатын құлшылық түрлерінде де орынбасарлық рұқсат етілген болып табылады, дәл сол сияқты, мүлікпен әрі денемен жасалатын құлшылық түрі болып табылатын қажылықта да орынбасарлық, яғни өз орнына басқа адамды жіберуге рұқсат етілген. Алайда өзіне қажылық парыз болған жан өзінің орнына басқа адамды жіберуі үшін, оның өздігінен қажылық жасауға деген күш-қайраты болмауы қажет. Олай болмаған жағдайда, адамға өзінің орнына басқа біреуді жіберуге тыйым салынады.
Басқа жан үшін қажылық парызын өтейтін адам – қажылық рәсімдерін білетін және басқа адам үшін қажылық өтеуге деген ниеті бар лайықты адам болуы керек.