Мұсылман қабірлерін зиярат етудің үкімі
بسم الله الرحمن الرحيم
Рақымды, Мейірімді Алла Тағаланың атымен!
الحمد لله رب العالمين و الصلاة و السلام على خير خلقه محمد وعلى آله وأصحابه و من اتبعهم إلى يوم الدين ” أما بعد“
Күллі мақтау мен мадақ әлемдердің Раббысы – Алла тағалаға болсын! Жаратылғандардың абзалы Мұхаммедке, оның отбасы мен сахабаларына және оларға ергендерге қияметке дейін Алла тағаланың сәлемі мен салауаты жаусын! Шариғатта қабірлерді зиярат ету ер кісілер үшін мұстахаб, әйелдер үшін рұқсат етілген іс болып табылады. Пайғамбарымыз (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын) алғашқы кезеңде, тағдырға сенім мәселесі халық санасында толық орнығып, жаһилия дәуіріндегі әдеттер жалғасып жатқанда қабірлерді зиярат етуге тыйым салып, кейін мұсылмандар санасында дұрыс сенім орныққан соң рұқсат берген. Бұған қатысты Пайғамбарымыз (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын):
عَنْ بُرَيْدَةَ قال: قَالَ رَسُولُ اللهِ : «كُنْتُ نَهَيْتُكُمْ عَنْ زِيَارَةِ الْقُبُورِ فَزُورُوهَا»
«Мен сендерді қабірлерді зиярат етуден тыйған едім. Енді зиярат етулеріңе болады», – деп айтты» – деген[1]. Бір күні Пайғамбар (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын) әл-Бақиғ мазаратын (ол Мәдине тұрғындарын жерлейтін қабір еді) зиярат етті. Пайғамбар (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын) мәйіттерге сәлем беріп, оларға дұға жасап, олар үшін Алладан кешірім сұраған болатын. Қабірлерді зиярат етудің тірілер үшін де, қайтыс болғандар үшін де пайдасы бар. Өйткені, Пайғамбарымыз (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын) Мәдинеде анасы Әминаның қабірін зиярат етіп, көз жасын төккен. Пайғамбарымыздың (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын) жылағанын көрген айналасындағылар да қосыла жылаған. Содан кейін барып, қабірлерді зиярат етуге рұқсат берілген[2]. Сол секілді тірі не, бақилық болса да ғұламаларға, әулие адамдарға құрмет білдіру, ізет көрсету – сүннет амалдарынан. Өйткені дін ғалымдарын құрметтеу Алла Тағаланың діни жораларына, Ислам дініне деген құрметті білдіреді. Алайда, Пайғамбар (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын) өз үмметіне үйретіп кеткендей қабірді зиярат етуде шариғат талаптарының шегінен шықпау керек. Қабірстанға кірер кезде алдымен ондағыларға Алланың сәлемін жолдап, Құран аяттарын оқып, содан соң дұға жасау керек. Бұған қатысты мүміндердің анасы Айшадан (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте былай дейді: Айша (Алла оған разы болсын) анамыз Пайғамбарымыздан (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын): «Уа, Алланың Елшісі, қабірстанды зиярат еткенде не істеуім керек?» деп сұрағанда Пайғамбар (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын):
السَّلَام عَلَى أَهْلِ الدَّارِ مِنَ الْمُؤْمِنينَ و الْمُسْلِمينَ وَ يَرْحَمُ اللهُ الْمُسْتَقْدِمينَ وَ الْمُسْتَأْخِرِينَ وَ إِنَّا إِنْ شَاءَ اللهُ بِكُمْ لاَحِقُونَ
«Әссләму ̒алә әһлид-даари мин-әл-му̒миниина уәл-муслимин уә йархаму-Ллаһу әл-мустақдимина уәл-муста ̒хирина уә иннә иншаа Аллаһу бикум ләәхиқун». «Иә, Қабір тұрғындарының мүмін-мұсылмандары, сендерге Алланың амандығы болсын! Қабірде жатқан әуелгілерге және олардан кейінгілерге Алланың рақымы жаусын! Алла қаласа, біз де қатарларыңызға барып қосыламыз!»[3]. Қабірлерді зиярат ету барысында шариғат мына іс-әрекеттерге тыйым салады:
1) Қабірлерді зиярат ету күндерін арнайы белгілеу; бірақ мұсылмандар бір күнді арнайы белгілеп қоймай қабірді қанша рет зиярат етемін десе де өз еркінде.
2) Қабір басына арнайы бір зат сатып алып бару немесе зиярат жасағанда арнайы киім үлгісімен киініп бару. Мұндай әрекеттерден барынша сақтану қажет. Себебі арнайы киім үлгісіменен зиярат жасау тек қажылық пен ұмра рәсімдеріне ғана тән.
3) Қабірді сипау, сүю және топырағын алу;
4) Алкагольдік ішімдік ішу;
5) Қабірдің басына майшам, т.с.с. нәрселерді қою;
6) Қабірде құрбан шалу және өліге серт беру. Қабір басында бос дүние әңгімелерін айту, жағымсыз әрекеттерді істеу – бақилық болған жандарға деген құрметсіздік. Зиярат жасаушы жоғарыда тыйым салынған осындай әрекеттерден сақ болса, шариғат тұрғысынан қабірді зиярат етуге рұқсат әрі сауапқа кенеледі.
والله اعلم بالصدق و الصواب هذا آخر ما أردنا إيراده في هذه الرسالة الوجيزة و نحمد الله سبحانه و تعالى أولا و آخرا و الصلاة و السلام على سيدنا و مولانا محمد و آله و أصحابه صلاة و سلاما دائمين خالدين القسم الشريعة الغراء و الإفتاء في الإدارة الدينية لمسلمى قزاقستان م27.02.2014
ҚМДБ-ның шариғат және пәтуа бөлімі