Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ
Қазақстан мұсылмандары
діни басқармасының төрағасы,
Бас мүфти
ИМАНДЫЛЫҚҚА ҰЙЫТҚАН ТҰЛҒАЛАР
Қазақ елі Қарахан қағанаты дәуірінен күні бүгінге дейін Ислам дінін ұстап келеді. Дешті қыпшақ даласының перзенті нәубет заманы туып, басына қара бұлт үйірілсе де бір сәт мұсылмандықты ұмытпаған. Сонымен бірге, Ислам ғылымының өркендеуіне өзіндік үлес қоса білген халық. Әлем қазақ топырағынан шыққан Ахмет Иассауи, Жүсіп Баласағұни һәм Ахмед Иүгінеки бастаған тұғырлы тұлғалар есімі мен еңбегін біледі.
Қазақ ғұламаларын танып-білу және еңбектерін насихаттау кезек күттірмес мәселенің бірі. Бұл біздің руханиятымыздың тарихы. Дініміздің тарихы. Құран Кәрім мен Пайғамбар сүннетін жете түсінуге баспалдақ. Кешегі мен бүгінді жалғайтын алтын көпір. Жер астындағы қазынадан да қымбат дүниеміз.
Күллі түркінің рухани ұстазы Қожа Ахмет Иассауи өз хикметтерін өлең жолдарымен жеткізіп, кейінгілерге діни- уағыздың сара жолын салып кетті. Әзірет Сұлтан хикметін:
«Бісміллә» деп баян еттім хикмет айтып,
Шәкірттерге дүр мен гауһар шаштым міне.
Жанды жалдап, қайғы шегіп, қандар жұтып,
Мен «дәптер сәни» сөзін аштым, міне, – деп бастайды.
Өз жұртына сыймай қуылған «ғұламасымақтарды» пір тұтып жүрген бүгінгі жастарға ата мұрасы ауадай қажет. Тіпті, қазақтан дін қайраткері шықпаған деп кесіп айтатын келте ойлы жастар шоғыры да жоқ емес. Оның бір себебі, қазақ ғұламаларының шығармалары әдебиет мұрасы ретінде ғана зерттелгендіктен. Біз мүфтият бастаған дін қызметкерлері Ахмет Иассауиден бастап Абайға дейінгі ғұламалар легінің еңбектерін діни тағылым және насихат тұрғысынан көпшілікке танытудамыз. Мәселен, түркі халқына ортақ тұлға Жүсіп Баласағұни баба (шамамен 1017-1075) әңгіменің әлқиссасын:
Алла аты¬мен бас¬та¬дым сөз әлібін,
Жарылқаған, жаратқан бір Тәңірім!
Рақымды Ием пайғамбарын жіберді,
Кісі ізгісі, ел са¬ра¬сы жігерлі,-деп жырлайды.
Ал, Ах¬мет Иүгінеки (ХІІІ ғ.) болса:
Бір Алла өлтіретін тірілтетін,
Көрерсің сен де оны көзің жетіп.
Иесі құдіреттің жалғыз Құдай,
Өлгендерді тірілту оған оңай,-деп жырлайды.
Міне, бұл тұнып тұрған таухид. Иманшартты төрт жол өлеңмен жеткізуде. Тілге жеңіл, ойда тайға таңба басқандай жатталып қалады.
Абылай ханның ақылшысы Бұхар жырау Қалқаманұлы (1668-1781) мақтау-мадаққа Құдай Тағаланың лайық екендігін, әңгіменің абзалы иманды түгендеу екендігін жалпақ жұртқа ұғынықты жыр жолдарымен жеткізген.
Ей, айташы, Алланы айт,
Аты жақсы Құдайды айт.
Төрт шадияр Мұстафа,
Мұсқаф ашқан ғаламды айт.
Тәңірім сөзі – Фұрқанды айт,
Кәләм Алла – Құранды айт.
Тәңірім салса аузыңа,
Жан жолдасың – иманды айт.
Жамандыққа жақсылық
Көктемеген Еділді айт.
Қара қылды қақ жарған
Наушаруандай әділді айт.
Аршы менен Күрсіні айт.
Лаухы менен Кәләмді айт.
Құдыретімен жаратқан
Он сегіз мың ғаламды айт.
Ақтан сия танытқан
Дәуіт пенен қаламды айт.
Сөйлеу үшін жаратқан
Сөз анасы сәлемді айт.
Тірілікте сыйласқан
Ата менен анаңды айт.
Адам үшін жаратқан
Қызықты нәубет балаңды айт.
Өлгеннен соң жер жұтқан
Қараң қалған денеңді айт. Бұл шариғат емей немене!?
Мына өлең жолдарына зер салып көріңіз:
Дін пұсырман баласы
Адамдықтан жерімес,
Тіл пұсырман, қарашы,
Арамдықтан шегінбес.
Дәніккесін бұл шіркін,
Адал бір дәм жегізбес!
Бұл Үмбетей жыраудың (1697-1786) сөзі. Шынайы мұсылман мен тілімен ғана мұсылман болған жанның ара-жігін ажыратып жеткізуде.
Алдыңғы жыраулардың ізімен жүрген ақын Шортанбай Қанайұлы (1808-1881) халықты ақыретке амал етуге шақырып, насихат айтқан.
Үлкендер, саған айтайын,
Мал басына бармаңдар,
Ақырет қамын қармаңдар!
Дүниенің боғы үшін
Сірә, тіпті азбаңдар!
Тентек болма балаға,
Безер болма келінге,
Қадірің кетер еліңе,
Қарауыл қой сөзіңе!
Қанша нәрсе ереді
Өлгеннен соң өзіңе?!
Қарай алмай жүрерсің
Таңда махшар күнінде
Құдайыңның жүзіне!
Атаның тілін ұл алмас,
Ананың тілін қыз алмас.
Айта беріп қайтейін,
Өлінің тілін тірі алмас!
Жақыннан шыққан жақсыны
Ағайын-туған көре алмас.
Ақыр заманның белгісі –
Бірге туған бауырың
Тату да болып жүре алмас!
Алтынға қимас қымбат насихат. Дастарқан басында ұл мен қызға бұл шумақтарды жаттатып қойсаңыз, өмірлік тәлім-тәрбие. Имандылық, әдеп, тәрбие туралы насихатты бір өлеңге сыйдырған кісінің тек ақын болуы жеткіліксіз. Имандылық жайлы қолға қалам алып, насихат жазу үшін жылдар бойы дін үйренген тұлға болуы қажет. Ал, күні бүгінге дейін өлеңі сынға ілікпей, мін табылмауы соның бірден бірі айғағы.
Айдан ару нәрсе жоқ,
Түнде бар да, күндіз жоқ.
Күннен ару нәрсе жоқ,
Күндіз бар да, түнде жоқ.
Мұсылманшылық кімде жоқ.
Тілде бар да, ділде жоқ.
Көшпелі бейнет, көп дәулет
Біреуде бар да, бірде жоқ.
Бұл сыр сүлейі Базар жырау Оңдасұлының (1842-1911) сөзі. Мұсылмандық туралы әркім-ақ шама-шарқысына қарай сөз айтуы мүмкін. Алайда, амал ету тек нағыз азаматтың ғана қолынан келетін іс екенін ұқтыруда.
Кейіннен Маңғыстаудың марқасқасы Қашаған Күржіманұлы (1841-1929) қазақ даласында діни дәстүрді қалыптастырып кеткен ұлы тұлғаларды былайша еске алады:
Мұсылман кемдiк көрген жоқ,
Әзiрет Сұлтан – Қожа Ахмет
Шайтанға соғыс ашқалы.
Зiкiрмен зарлап ерте-кеш,
Нәпсiсiн байлап тастады.
Соңынан өттi Бақырған
Мүшкiлiн айтқан бастағы.
Кәмiл инсан – шын асыл
Мүрсәлiм өткен Бастамы.
Қазақ мұсылмандығының тамыры тереңде. Міне, бұл қазақ даласында шашылып жатқан жақұтымыз. Қараусыз қалған қазынамыз. Құран Кәрімнің шексіз хыкметі мен сүннеттің көп қырлы сырын дұрыс үйрену үшін кешегі ғұламалар еңбегін оқуға және оқытуға міндеттіміз. Мұсылмандың дәнін біздің топыраққа егіп кеткен данышпан бабалар кітабын түрлі деңгейдегі мінберлерде танытуға жауаптымыз. Қала берсе, әрбір шаңырақта әке бала-шағасына бір мезгіл оқып бергені құба-құп болар еді. Бүгін ғана нағыз таухид келді деп төбеден жай түсіріп жүргендердің жаңсақ пікірінің бір себебі осы. Ата мұрасының айтарлықтай көпшілікке насихатталмауында. Бұған елдің дін және зиялы қауымдарына ортақ жауапкершілік.
Данышпан Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы (1845-1904):
Алла – мінсіз әуелден,
Пайғамбар – хақ,
Мүмин болсаң, үйреніп,
сен де ұқсап бақ.
Құран рас, Алланың сөзі-дүр ол,
Тәуилін білерлік ғылымың шақ.
Алланың, Пайғамбардың жо¬лын¬да¬мыз,
Ын¬та¬мыз¬ды бұзбастық има¬ны¬мыз.
Пай¬да мақтан, әуесқой шай¬тан ісі,
Кәні біздің нәпсіні тыйғанымыз?
Мұны жазу үшін Абайдың ақын боп тууы жеткіліксіз екені айтпаса да түсінікті. Талай сенім кітаптарын оқымай, жүрекке тоқымай осылайша жазу мүмкін емес. Бұлар қазақтың дін ғұламалары. Атеистік саясат зұлмат заманында қазақ даласындағы имандылық шырағын сөндірмеген саңлақтар. Еліміздегі мешіттер қиратылып, Құран оқуға тыйым салынған дәуірде ғұламаларының жанпидалығы және ықыласы мұсылмандыққа қорған болды. Жазған еңбектерін әдеби мұра деген сылтаумен ұрпағы оқып, имани тәлім алып отырды Осылайша, Ислам діні қара өлең жолдарымен насихатын тоқтатпады.
Дін даналары айтылғанда Мәшһүр Жүсіп бір төбе. Жауһардай жазбалары бүгінде терең зерттеуге сұранып-ақ тұр. Бүгінгі жас ғалымдар Иассауиден Абайға дейінгі ғұламалардың еңбегін зерттесе, сырын аша түссе нұр үстіне нұр болар еді. Мәшһүр Жүсіп:
Бисмилләһир-рахманир-рахим дейін,
Құдайға хамд айтамын мұнан кейін.
Айырған тіл мен жақты заман болар,
Сөйлеп қал, қызыл тілім, оған дейін,-неткен тамаша сөздер.
Ташкенттегі «Көкелташ» медресесінің түлегі, өсиетін өлеңмен өрген Тұрмағамбет Ізтілеуов (1882-1939):
Ей, Кәрім,көңілін көркейт мұсылманның!
Қуандыр қайбірін де қысылғанның!
Таупық бер біреуі емес, бәріне де,
Көңілінен иман нұрын ұшырғанның!
Серігің жоқ бір Алла,
Өлмейтін тіпті тірі, Алла.
Қастық қылған Ханнастың,
Тұмсығына ұр, Алла.
«Үмітіңді үзбе!» деп
Айтқансың Өзің Құранда. Мұнда шариғат та, насихат та бар.
Бұл өлең жолдары теңізден тамшы ғана. Бар болғаны, ата-бабадан жеткен жәдігердің жұрнағы. Ары қарай терең үңілсең түбі көрінбейтін мұхиттай мұра жатыр. Қазақ әдебиетінде мұсылмандық танымнан туған туындылар толып жатыр. Тегінде, халықтың ұлттық санасы мен болмысы Ислам дінімен тонның ішкі бауындай астасып, жымдасып кеткен. Тіпті, қазақ халқының болмыс-бітімін, мәдениет-әдебиетін Ислам дінінен ажыратып қарау мүмкін емес. Дәлел ретінде халқымыздың ауызекі тілінде қалыптасқан сөз оралымдарын да келтіруге болады. Өйткені сөз – адамның айнасы, ішкі сана-сезімінің сыртқа шыққан көрінісі.
Сайып келгенде, «Алла – бір, Құран – шын, Пайғамбар – хақ» деген қағиданы ертелі-кеш айтып жүрген кең сахара жұртының жадында ислами қағидалар берік орнаған еді. Олар тіршілігін де, өлімін де мұсылманшылық шарттарына сай ету тырысып бақты. Халқымыздың сана-салтында Құдайды мадақтау, зікір ету үлгілері ерекше сақталып қалды. Бабадан атаға, атадан әкеге, әкеден балаға, баладан кейінгі толқынға жетіп, ұрпақ жадының түбінде жатталған зікір үлгісінің бірі мынадай.
Лә иләһә иллаллаһ!
Иллалада пайда бар.
Білмеген құлға не ай¬ла бар?
Жатар жерің қараңғы,
Шамшырағың сайлап ал!
Төсекке жатқанда кәлимасын қайталап, тілек тілегенде «Алла құлым дегей, Пайғамбар үмбетім дегей» деп қайырды. Сол арқылы мұсылмандықтың сара жолынан сырт кетпеді.