بسم الله الرحمن الرحيم
﴿ قُلْ هُوَ اللَّهُ أَحَدٌ * اللَّهُ الصَّمَدُ * لَمْ يَلِدْ وَلَمْ يُولَدْ * وَلَمْ يَكُن لَّهُ كُفُوًا أَحَدٌ﴾.
Оқылуы: Бисмилләәһир-рахмаанир-рахиим.
«Қул һуаллааһу әхәд * Аллаһус-самад * Ләм йәлид уа ләм йууләд * Уа ләм йәкул-ләһу куфуән әхәд».
Қазақша мағынасы: «(Ей, Мұхаммед! Оларға) айт: Ол Алла біреу. Алла – Мұңсыз. Ол тумады да туылмады да. Әрі Оған ешкім тең емес».
Сүренің түсу себебі
Ықылас сүресінің түсуі жайында Имам Ахмад Убәй ибн Кағбтен жеткізген мынадай риуаят бар: «Мүшріктер Пайғамбарға (с.а.с.) келіп: «Ей, Мұхаммед! Бізге өзіңнің Раббыңды сипатта», – десті. Сонда Ықылас сүресі түсті».
Сүренің ерекшелігі туралы
Ықылас сүресі Құран Кәрімдегі 112-сүре. Меккеде түскен. Төрт аяттан тұрады. Аяттардың негізгі мағынасы Алла Тағаланың бірлігі – таухид туралы. Осы тұрғыдан алғанда Ықылас сүресі Құран Кәрімнің үштен біріне тең.
Алланың Елшісі (с.а.с.) Абдулла ибн Хубейбке (р.а.): «Қул һуаллаһу ахад» пен екі сақтану сүресін (Фалақ, Нас сүрелерін) кешке және таңертең үш рет оқуың барлық қажетіңе жеткілікті», – деген (Әбу Дәуіт, Термези және Нәсәи риуаят еткен хадис).
Алланың Елшісі (с.а.с.) былай деген: «Кімде-кім «Қул һуаллаһу ахадты» үш мәрте оқыса бүкіл Құранды оқығандай болады».
Расулаллла (с.а.с.): «Кімде-кім «Қул һуаллаһу ахадты» он рет оқыса Алла оған жәннатта бір үй салады», – деді. Сонда Омар: «Олай болса, оны көп оқуымыз керек екен ғой», – деді. Расулалла (с.а.с.): «Алла ең ұлық әрі ең жақсы», – деді.
Пайғамбар (с.а.с.): «Сендердің біреулеріңнің бір түнде Құранның үштен бірін оқуға күші жетпей ме?» – деп сұрады. Сонда бұл сахабаларға ауыр тиіп: «Уа, Расулалла! Оған қайсысымыздың күші жетеді дерсің?» – десті. Сонда Расулалла (с.а.с.): «Ол – «Қул һуаллаһу ахад», Құранның үштен біріне тең», – деді (Бұхари, Муслим риуаят еткен).
Ықылас сүресі толықтай Алла Тағаланы таныстыру. Алла Тағала туралы танымымыз күшейген сайын Оған деген құлшылығымыз да жақсара түседі. Бұл сүренің Құранның үштен біріне тең болуының сыры туралы ғұламалар: «Құран Кәрімнің негізгі ілімдері үшеу: Алланың бірлігі, шариғат үкімдері және бұрынғылардың қиссалары. Ықылас сүресі осылардың алғашқысын қамтып тұр. Сондықтан да Құранның үштен біріне тең сипатта», – дескен.
Сүренің қысқаша тәпсірі
«Қул һуаллааһу әхәд» – «Айт: Ол Алла – біреу».
Түсініктемесі: «Қул» – «айт», яғни Алла Тағала Елшісіне (с.а.с) осылай айтуын бұйырып тұр. Пайғамбарға (с.а.с.) айтылған әмір барша мұсылмандарға да қатысты. Менің, яғни Раббыңның жайын сұрағанға былай деп айт. Әлемдердің Жаратушысы мүшріктер мен әрнеге табына беретін наным танымы жағынан адасушы қауымдар айтып жүргендей, екеу де, үшеу де емес. Немесе кейбіреулердің тантып жүргендері секілді Оның ешқандай серіктері де, орынбасарлары мен уәзірлері де, кеңесшілері мен көмекшілері жоқ. Ол – біреу.
Ибн Жузәй Әт-Тәсһил ли улум әт-Тәнзил атты кітабында былай деген: «Алла Тағаланың бірлік сипатының үш түрлі мағынасы бар және үшеуі де Оның сипаттарына сай келеді. Біріншісі: Ол – біреу, яғни екіншісі жоқ – санамалауға жатпайды. Екіншісі: Ол – бір, яғни Оның сай келетін теңдесі де, серігі де жоқ. Үшіншісі: Ол – бір, яғни ешқашан да бөлікке бөлінбейді. Бұл сүренің түсірілуіндегі мақсат – мүшріктерге жауап, олардың табынып жүрген серіктерін теріске шығару. Алла Тағала Құран Кәрімде Өзінің бірлігі туралы айқын дәлелдер түсірген. Олардың ең анықтары төртеу. Біріншісі: «Жарата алатын жарата алмайтынмен тең бе?» (Нахыл, 17), бұл – жарату, жоқтан бар ету арқылы дәлелдеу. Мұның мағынасы – Алла Тағала болмыстағы барлық нәрселерді жаратқан болса, Оның серігінің болуы мүмкін емес. Екіншісі: «Егер ол екеуінде (жер мен көкте) Алладан өзге құдайлар болса, екеуі де бұзылып кетер еді» (Әнбия, 22), бұл – аса шебер дәлдік пен еш қайталанбас айқын жасампаздықтың дәлелі. Үшіншісі: «Егер олар айтып жүргендей Онымен бірге басқа тәңірлер болса еді, олар да Аршының Иесіне қарай ұмтылар еді» (Исра, 42) – нық үстемдік пен баламасыз басымдылық дәлелі. Төртіншісі: «Алла ешқандай бала иемденбеді. Онымен бірге еш тәңір де жоқ. Ондай болғанда әрбірі өзінің жаратқанын алып кетіп, бір-біріне үстемдік қылар еді. Алла олардың сипаттағандарынан пәк» (Мүминун, 91) – құдайлық сипатты таласқа салуды мүлде терістеп, бұл сипатта Алла Тағаланың теңдессіздігін дәлелдейді».
«Аллаһус-самад» – «Алла – Мұңсыз».
Түсініктемесі: Құран Кәрімнің қазақша мағына және түсінігінде марқұм Халифа Алтай «Ас-Самад» сипатын «Мұңсыз» деп берген. Бұл сөз Ас-Самад сипатының мағыналарының бір қырына сай келгенімен, жалпы мағынаны толық ашып бере алмайды. Негізі, араб тіліндегі самада түбірі – бағытталу, бару, нық тұру, берік болу деген мағыналарды береді. Ас-Самад сипатын кеңірек түсіну үшін бұл туралы сахабалар мен ғұламалардың пікірлеріне назар аударайық.
Ибн Аббас (р.а.): «Ас-Самад – бүкіл жаратылыс өздерінің күллі мұқтаждықтары мен мәселелерін бағыттап, тілейтін Тәңірі». Көптеген тәпсірлерде осы анықтама негізге алынған. Олардың барлығы Ас-Самад – Алла Мұқтажсыз, алған жаратылыс атаулы оған мұқтаж дегенге саяды.
Ибн Масғұд (р.а.): «Ас-Самад – үстемдігі мен өктемдігі кемелетіне жеткен Ие». Ал, Зәйд ибн Әсләм: «Ас-Самад – Ие», – деген анықтама береді. Хасан Басри мен Қатада: «Ас-Самад – жаратылыс жойылғаннан кейін жалғыз қалушы», – деген. Рабиъ ибн Әнес: «Ас-Самад – тумаған әрі туылмаған деген мағынаны білдіреді. Яғни, кейінгі аяттар осы сипаттың анықтамасы», – дейді.
Айтылған сипаттардың бәрі де Алла Тағалаға лайықты сипаттар. Олардың ешқайсысын да терістеуге болмайды. Бұл туралы Бәйһақи айтып өткен.
Ал, тегі Орталық Азиядан шыққан мәшһүр тәпсірші әрі араб тілі ғылымын терең білгірі Әбулқасим аз-Замахшари өзінің Әл-Кәшшәф атты тәпсірінде былай дейді: «Ас-Самад: қажеттілік атаулы бағытталушы Ие. Мағынасы: «Ол – өздерің танитын Алла, сендердің көктер мен жерлердің де, өздеріңнің де Жаратушыларың деп мойындаған Жаратушыларың. Ол – Біреу. Бүкіл иләһи сипаттар тек Оған ғана лайық. Ондай сипаттарға Одан басқа ешкім де ортақтаса алмайды. Ол – әрбір махлұқтың өзінің қажеті мен тілегін тілейтіні (Тәңірлері). Олар Оған мұқтажсыз тіршілік ете алмайды».
«Ләм йәлид уа ләм йууләд» – «Ол тумады да туылмады да».
Түсініктемесі: Жұбайы мен балаларының болуын терістеу. Алла ондай сипаттардан пәк әрі оларға мұқтаж емес. «Алла еш бала иемденбеді. Онымен бірге тәңір де жоқ» (Мүминун, 91). «Барлық мақтау бала иемденбеген әрі мүлкінде еш серігі болмаған, сондай-ақ әлсіз көмекшісі болмаған Аллаға лайық..» (Исра, 111). Адасушы көпшілік – христиандарға және тағы басқа да қарапайым логикалық алғышарттарға сыйымсыз теріс нанымдардың иелеріне айтылған жауап. Иса (а.с.) пайғамбар да, періштелер де Алла Тағаланың балалары да, қыздары да емес. Ол ондай мақұлықтық сипаттарға Жоғары. Оның жұбайы да, баласы да, ата-анасы да жоқ. Тумаған әрі туылмаған. Ол ештеңеге де мұқтаж емес.
«Уа ләм йәкул-ләһу куфуән әхәд» – «Әрі Оған ешкім тең емес».
Түсініктемесі: Еш ұқсасы да теңдесі де жоқ. «Еш нәрсе Ол сияқты емес». (Шура, 11). Таухид дегеніміз Алланың барлығы мен бірлігін мойындап қана қою емес, сонымен қоса Оның еш серігінің де, теңдесінің де жоқ екендігін жариялау. Сол ссебепті таухид куәлігі (кәлима шәһәдәт) серіктікті терістеп, бірлікті нақтылау арқылы болады. Болмыстағы барлық жаратылыс атаулы Оның қалауы мен даналығының шегінен шығып кете алмайды. Жаратылыс туралы әңгіме ұшқыр қиялдың жетістігі емес, нағыз ақиқат. Жаратылыс Алланың затынан бөлініп шыққан да емес, шындығында, Ол – барлық жаратылысты жоқтан бар етіп Жаратушы, Тәрбиешісі әрі нақ Иесі. Осы негіз бойынша Алла ешқандай нәрсенің де атасы да, анасы да емес, еш нәрседен бөлініп те шыққан емес. Осы ақиқат негізі бойынша пенделердің ешқайсысы да қандай да бір себеппен Алла Тағаланың Өзіне қосылып та кете алмайды. Мұндай азғын пікірді сопылық ағымының кейбір адасушы өкілдері айтқан. Алла Тағаланың сипаты – «Еш нәрсе Ол сияқты емес». (Шура, 11).
Шымкент қаласы орталық мешіті