Алла тағала Құран Кәрімде: «Намазды толық орындаңдар, зекет беріңдер. Сондай-ақ (Алланың құзырына), иілушілермен бірге иіліңдер» («Бақара» сүресі, 43-аят),- деп бұйырады.  Аятта әмір етілгендей, Алла тағала шамасы жететін зекет нысабына саны жетерлік мал дүниесі бар әрбір иман келтірген мұсылмандарға зекет беру парыз екендігін баян етеді.  Алла тағала осы дүниеге адам баласын бекерден бекер жаратып қойған жоқ. Әр нәрсенің сұрауы бар. Қиямет күні Алла тағала ең бірінші бай болғандардан сұрар. «Ей, құлым, Мен саған өмір бердім, жаман мен жақсыны, халал мен харамды ажырату үшін ақыл, сана-сезім бердім, басқаға бермеген байлықты саған бердім, мал-мүлік, дүние бердім, неге намаз оқымадың, неге зекет, садақа бермедің, неге тәуба етпедің?»- деп сұрар. Сол кезде әлгі адам айтар: «Ей, Раббым, басқаға бермеген байлықты, мал-дүниені маған бердің, соларды қарап бағамын деп менің уақытым болмады» дер. Сол кезде Алла тағала Сүлеймен (ғ.с.) пайғамбарды мысал етер. «Сен Сүлеймендей пайғамбар, патша болған жоқсың. Сүлеймен (ғ.с.) өзі пайғамбар, өзі патша, бай болса да намазын қазаға қалдырмады, маған құлшылық етті (зекет, садақасын берді деген мағынада). Сен сылтау етіп тұрсың, Мен берген дүниеге сараңдық еттің, енді сенің барар жерің – тозақ» деп тозаққа салуға ғазап періштелеріне әмір етер. Бұған дәлел пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисі:  «Сараң адам тақуа болса да жәннатқа кірмейді»,- деген. Бұл туралы Құран Кәрімде: «Қазыналарыңды Алла жолынан аямаңдар (сараңдық жасап), бастарыңды қатерге тікпеңдер. Жақсылық жасаңдар. Ізгі жандарды Алла шын дос тұтады» («Бақара» сүресі, 195-аят),- делінген.

Мұса (ғ.с.) бір кісінің намаз оқығанын көріп: «Я, Раббым, бұл кісі қалай көп намаз оқиды?»- деп сұрады. Сол кезде Алла тағала: «Я, Мұса (ғ.с.), бұл кісі бір күнде мың рәкәт намаз оқыса да, мың құлды азат етсе де, мың рет қажыға барса да, дүниесінен зекет бергенге дейін ешбірі қабыл болмас»,- деді.  Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) бұл турасында: «Зекет бермегеннің намазы да қабыл емес»,- деген.  Адам баласына екі дүниеде бір дұшпан бар, ол – азаптанып, қиналып жүріп жинаған мал-мүлік, дүниеміз. Осы дүниеде мал-дүниесі ұры-қарыдан қорғаймыз деп басымызға қауіп-қатер төндіріп, дұшпанымызды көбейтсек, ал енді қиямет күні өзіміздің дүниеміз өзімізді жылан-шаян болып шағар.  Зекетті тек малдан ғана бермейді, әртүрлі нисабы бар мүлік, заттан да береді. Мысалы алтын, күміс, ақша сияқты. Кімде кімнің қорасы толы мал, үйі толы алтын, күміс, ақша болса, бірақ олардан зекет бермесе, ол адамның қиямет күні көрер азабы, қиыншылығы туралы Құран Кәрімде: «Ей, иман келтіргендер! (Кәпірлердің) бірінші дін қызметкерлері, сопылары елдің мал-мүлкін, анығында, қифнетпен пайдаланады, адамдардың ақ дінге кіруіне көлденең тұрады. Алтын-күміс жинағандарға, оны Құдай жолына жұмсауға қимайтындарға оның бодауына қатты азап бар екенін білдір» («Тәубә» сүресі, 34-аят),- делінген.

Зекет бермегеннің күнәсі туралы Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деген: «Күніне аспаннан 72 түрлі жамандық пәле түседі, оның біреуі яһудилерге, енді біреуі насараларға, қалған 70-і әдейі зекет бермегендерге» деген.

Ал енді зекет бермеудің қиямет күнгі болатын азабы туралы Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінде былай делінеді: (Әбу Хурайрадан рауаят болған). Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтты: «Кімде-кімнің түйесі көп бола тұрып зекет бермесе, қиямет күні оның ең семіз түйесі келіп оны тебер, ал егер кімде-кімнің қойы көп болып, бірақ зекет бермесе, қиямет күні ең семіз қойы келіп тұяқтарымен оны таптап, мүйізімен сүзер. Зекет бермегеннің намазы да қабыл емес»,- деді.

Шайтан Ібіліс Қызырға (ғ.с.) айтты: «Ей, Қызыр, сен біл, мен Мұхаммед (с.ғ.с.) үмбетін зекет беруден азғырамын. Ол кісіні бірінші – кедейлікпен қорқытармын, екінші – дүниемен қызықтырармын, сүйтіп мал-дүниесінен зекет бермей менімен бірге тозаққа түсер»,- деді.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтты: «Төрт түрлі адам қабірден тұрғанда бірден тозаққа барар. Солардың біреуі – шамасы жетіп тұрса да малынан зекет бермеген адам»,- деді. Егер де ешкім тәубеге келіп, нисапқа толған малынан зекет бермесе, Алла тағала жауын жаудырмас еді, ол кезде жерге шөп шықпай, мал өсіп-өнбес еді.

Зекеттің пайдалары мен хикметтері:

  1. Алла Тағала Құранда өзінің әмірлерін орындап, тыйған тыйымдарын жасамаған құлдарын ақыретте сый-сыяпатқа кенелтіп, өзінің мейіріміне бөлейтіндігі турасында сөз беріп, уәде еткен. Зекет те Алла Тағаланың бұйырған әмірлерінің біреуі, сондықтан орындаушысы уәде етілген сый-сыяпатқа кенеліп, Алланың ризашылығына шомары сөзсіз. Сонымен қатар, зекет – «Тәубе» сүресінің 103-аятында білдірілгендей күнәлардың кешірілуіне себеп. «Олардың малдары көбейіп және өздері күнәлардан тазалануы үшін мұсылмандардың малдарынан садақа ал».
  2. Жалпы адам баласының бойында дүние-мүлік, байлыққа деген қомағайлық пен қанағатсыздық және байлығымен басқаларға тәкаппарлану, паңдану сияқты жаман сипаттар бар. Зекет ғибадаты адамды осы өзімшілдік, сараңдық, дүниеқорлық, тәкаппарлық сияқты жиіркенішті қылықтардан сақтап, кішіпейілдік, жомарттық және кеңпейілдік сияқты жақсы сипаттарға тәрбиелеп, баулиды. Байлығының бір бөлігін тек қана Алла ризашылығы үшін пақыр отандастары мен діндестеріне тегін беретіндей көңілге ие болған мұсылман баласы әрқашан елін, халқын, отанын ойлайтын азаматқа айналары сөзсіз.
  3. Зекет – қоғамдағы бай мен кедейдің арасындағы байланысты жақсартып, бауырмалдыққа тәрбиелейді. Мәселен, кедейлерге мейірімділік танытып, жағдайларына қарасқандықтан кедей де байларға құрметпен қарап, олардың дүние-мүліктеріне сұқ көзденбейді. Қызғанып, қастандық ойламайды. Осылайша қоғам бақытты, сенімді ғұмыр кешеді.
  4. Зекет – қоғамдағы кедей-кепшіктердің орташа өмір сүрулеріне ықпал жасап, мемлекетті әлсіздіктен сақтайды.
  5. Зекет – капиталдың тек қана байлардың арасында айналып тұратын күш болуына бөгет жасайды. Пайғамбарымыз (с.а.у.) «Зекет-Исламның көпірі» (Һайсәйми, Мажма’уз-зәуайд, 3/62)  – деп, әлеуметтік өмірдегі табиғи түрде бай, кедей деп бөлінудің зекет арқылы бір дастарқан басына жиналатындығын ишарат етуде. Өйткені, зекет – бай мен кедейді жақындастыратын маңызды ғибадат. Ислам діні «Өзім тоқ болсам болды, өзгенің өмірем қапқанында шаруам жоқ» немесе «қиындығын сен көр, қызығын мен көрейін» – деген сияқты қара басын ғана ойлайтын өзімшілдікке  қарсы шығу арқылы бай-кедей арасындағы қайшылықтардың алдын алады. Алла бұл дүниені адамдардың барлығына толық жететіндей нығметтерімен безендірген. Сол нығметтерді әділ бөліске салмаған мына дүниеде көптеген қиыншылықтар кездесуде. Соның кесірінен ат төбеліндей ғана топ рахат  өмір сүріп, жай халықтың көбі қиыншылық пен жоқшылықтан көз ашпауда. Міне, зекет – кірістің таратылуындағы осы теңсіздікті жойып, әділеттікті орнататын, байларға жүктелген сауабы мол, мәні зор ғибадат. Қысқасы, зекет – хадисте айтылғандай, байдың мейірімділігін, кедейдің құрметін тудыратын, оларды өзара дәнекерлейтін иләһи көпір.
  1. Зекет ғибадаты – Алла Тағала берген байлыққа деген шүкіршілік. Зекет беруші мұсылман қолындағы байлықтың Алла Тағала берген жақсылық екенін ұғынады. Өзінен де зерек, қабілетті, денсаулығы мықты талай адамдардың бұл нығметтен мақрұм екендігін түсініп, сол нығметтерді өзіне нәсіп еткен Алла Тағалаға шүкір етеді. Әр нығмет өзіне сай шүкір талап етеді. Ілімнің шүкірі оны басқаға үйретумен, дене мүшеміздің шүкірі ораза ұстап, намаз оқу тәрізді ғибадаттармен орындалатыны сияқты, байлық нығметінің де шүкірі мұқтаждарға көмектесіп, зекет беру арқылы жүзеге асады. Яғни, байлық нығметінің шүкірі аузымызбен айтылатын «Аллаға шүкір» деген сөзбен ғана шектелмейді.
  2. Зекет пәле-жаладан, апаттан, ауру-сырқаудан сақтайды. Байлықтың құрып кетуіне тосқауыл жасайды. Пайғамбарымыз: «Малдарыңды зекет беру арқылы қорғаңдар, ауруларыңды садақа беру арқылы емдеңдер, тілейтін дұғаларыңмен бастарыңа келетін пәлелерге дайындалыңдар» – деп түсіндіреді. (Кашфул-хафаа, 1/361)
  3. Зекет – қоғамдағы ұрлық-қарлық, алдап-сулау, адам тонау, кісі өлтіру сияқты жаман әдеттердің кеңінен жайылуына бөгет қояды. Мұқтаж адамдардың өмір сүрулеріне керекті материалды көмек зекет сияқты заңды жолмен қамтамасыз етілгендіктен, қоғамдағы аталмыш болымсыз кереғар көріністер өздігінен тоқтайды.
  4. Барлық мүшесімен бірге қоғам бүтін саналады. Әркім өзіне кіріс кіргізу барысында қоғамның басқа мүшелерінен тікелей немесе жанама түрде пайдаланады. Байдың байлығының пайда болуында қоғамның да ықпалы бар екеніне кім дауласар? Қоғамнан тыс жапан далада жеке басы өмір сүргенде қолындағы байлығы пайда болар ма еді? Сондықтан байдың байлығында кедейдің де есесі бар екенін ұмытпағанымыз жөн. Беретін зекетіміз – өмір сүріп жатқан қоғамымызға деген рақметіміз бен бізге сол байлық нығметін нәсіп еткен Ұлы Жаратушымызға шүкіріміздің белгісі.
  5. Шайтан адамды «Зекет берсең, аш – жалаңаш, кедей болып қаласың» – деп, қорқытып, шайтан адамды барынша азғырады. Шындығында зекет малымыздың азаюына емес, көбейіп, өсіп-өнуіне себеп. Құранда бұл шындық былай баяндалады: «Шайтан сендерді кедейлікпен қорқытып, жаманшылық жасауды бұйырады. Ал Алла сендерге өз тарапынан кешірімі мен кеңшілігін уәде етеді...» (Бақара сүресі, 268-аят), «Алла өсімнің берекетін кетіріп жояды, ал садақасы берілген малды берекеттендіріп арттырады» (Бақара сүресі, 276-аят). Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір хадисінде берілген садақаның байлықты азайтпайтынын айтады: «Садақа малдан ештеңе азайтпайды» (Муслим, бирр/69).
  6. Зекет берген адамның жан жүрегін, ішкі сезімін керемет қуаныш билеп, ерекше ләззат құшағына кіргендей күй кешеді. Өмірдің қысымынан, дүние-мүліктің ауыртпалығынан, жүректің қаттылығынан арылады. Батыс елдерінде материалдық өмірмен етене байланысып кеткендіктен рухани тоқырауға ұшырағандарға психологтар жаңа емнің түрі ретінде мұқтаж адамдарға көмек көрсетуді ұсынуы кісі ойлантарлық. Хақ Тағала әр жақсылықтың есебін қолма-қол жүрекке рухани рахат құю арқылы сездіреді. Бұны ешбір материалдық рахаттан алу мүмкін емес. Зекеттің мұсылмандарды жалқаулыққа, масылдыққа, жатып ішерлікке тәрбиелеп дағдыландырмайтындығын айта кеткеніміз жөн болар. Өйткені, Пайғамбарымыз: «Берген қол – алған қолдан қайырлы» – деп мұсылмандарды әрқашан тер төгіп, еңбек етуге шақырады. 

Алла тағаланың бізге берген мал-мүлік дүниесін харамға емес, жақсы амалдарға және шариғат үкімдеріне сәйкес ысырапсыз жұмсайық. Кедей-міскіндерге қайырлы болып көмек жәрдем етіп, ахирет сауабын табайық. Әмин!

Шымкент қаласы орталық мешіті

 

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38