Бүгін ҚМДБ -ның Шымкент қаласы бойынша өкілдігі мен «Зекет және қайырымдылық» қорының ұйытқы болуымен ҚМДБ-ның Ізгі қоғам бағыты аясында Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «№2 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» КММ-де «Қариялар – ізгіліктің қазығы» атты рухани қайырымдылық шарасы ұйымдастырылды.
Игі шараға шаһар бас имамы Бақдаулет қажы Нұрматұлы, дінтанушы Мұхамеджан Естеміров, аудан бас имамы Ахметжан Керімбек, «Зекет және қайырымдылық» қорының өкілдері Айбек Азимбаев, Ержігіт Мамытұлы, қалалық «Әжелер» мектебінің жетекшісі Қалдыкүл Бекжанова бастаған әжерелеріміз қатысты.
Рухани шара Қасиетті Құран оқумен басталды. Әуелгі құттықтау сөзді шаһар бас имамы Бақдаулет қажы Нұрматұлына берілді. Бұл игі шара ҚМДБ-ның дін мен дәстүр және ізгі қоғам бағыты аясында өткізіліп жатқанын айрықша атап өтті.
Рухани шара аясында ақ дастархан жайылып, дәстүрге сәйкес 175 қария ата-әжелерімізге тақия, орамал тарту етті.
Жоғары деңгейде ұйымдастырылған шара соңында мекеме басшысы Шарбан Оразәліқызының атынан орынбасары Тәтті Ахметова ҚМДБ Зекет және қайырымдылық қорының өкілдеріне, қалалық «Әжелер» мектебінің мүшелеріне алғыс айтып, ризалық білдірді.
ҚМДБ-ның Шымкент қаласы бойынша баспасөз қызметі