Ұлы мақсаттарға қол жеткізуді қалап, пайдалы білім алып, өзгелерге де пайда тигізуді көздеген адам күнделікті өмірде үзбей кітап оқуды əдетке айналдырғаны дұрыс.
Айталық, жол жүргенде, аялдамада немесе қоғамдық көлікте отырғанда, жұмыста, үйде бос уақытты ұтымды пайдаланып, кітап оқуға тырысқан жөн.
Абай атамыз:
“Пайда ойлама, ар ойла, Талап қыл артық білуге.
Артық ғылым кітапта, Ерінбей оқып көруге”,- деп, кітапқа қарау керектігін ескертеді.
Ия, Бабаларымыз білім алудың маңызы жайында ұрпағына ұлағатты сөз қалдырған. “Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады”,
“Оқусыз білім жоқ, білімсіз күнің жоқ”, деп білімдінің ала алмайтын қамалы, аса алмайтын асуы болмайтынын меңзейді. Білім – діндарлық, тақуалық, шүкіршілік секілді жақсылықтардың бастауы.
Алланы тану, дұрыс құлшылық ету және жәннатқа апарар сара жол тек қана білімде жатыр.
Надандықтың қараңғылығын сейілтіп, адам баласының жолын жарық ететін – білім.
Қай заман болмасын білетін мен білмейтін тең болмайды.
Құран бұл ақиқатты әуелде адамзатқа: “Білетіндер мен білмейтіндер тең бола ма?”,- деп ескертті.
“Зүмәр” сүресі, 9-аят.
Дүние мен ақырет бақытының кілті – білімде.
Білім – амалдардың ең абзалы.
Білім мен хикмет – мүминнің жоғалтқан мүлкі, оны қайдан тапса алуы тиіс.
Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа ( оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мына хадисінде:
“Кімде-кім білім алу мақсатында жолға шығатын болса, Алла оның жәннатқа апарар жолын жеңілдетеді”,– деген.
(имам Мүслим).
Баршамызға белгілі кешегі үш жүз жылға дейін созылған бодандық дәуірі, жетпіс бес жылдық атеизм кезеңі халкымызды ата-баба дінінен алыстатып, рухани тозуға дейін жеткізді. Дегенмен, егемендік алып, тәуелсіз ел атанғанымыздың арқасында дінімізге еркін жол ашылды
Әрине, біз қашанда балаларға жан-жақты , имани тәрбие беруді жетілдіріп отыру – басты парыз дейміз. Бірақ көбіміз бүгінгі ұрпақтың, яғни ертеңгі ел тірегінің ақыл-парасаты мол, мәдениеті озық, саналы өсуі, оның кейін есейгенде жияр біліміне ғана байланысты емес, ең алдымен құрсақтан берілетін иманды әдет-ғұрып, өнегелі салт-дәстүр, ұлттық болмыспен келетін тәрбие көзінде жатқанын ескере бермейміз.
Қазіргі жастарды білімсіз, ештеңе көрмеген деп айта алмайсыз.
Ал ,бірақ олардың бойында ата-бабамыз қалыптаған ұлттық тәрбие өзегі бар ма? Өйткені мектепте боз балалардың топтасып қарашадай баланы зорлайтыны,
үлкенге – ізет, кішіге құрмет көрсетілмейтіні,
жап-жас қыздардың бірін-бірі шаштан сүйреп, нәзіктіліктен жұрдай болатыны, тепсе темір үзетін жігіттердің ұрлыққа түсіп, бір отбасын түгел қырып кететіні, өз тілін менсінбей, өзге тілде сайрайтыны,
ненің салдары деп ойлайсыз?
Әрине елге халыққа адал қызмет етіп, үлгілі ісімен өнеге болып жатқан айтулы азаматтар аз емес.
Дегенмен бұл өмірде бәрі өз уақытылы, өз орнымен қалануы тиіс.
Адам баласы туған елінің, халқының мүддесіне сай мемлекетке қызмет ете алуы керек.
Олай болмаған жағдайда өзгенің күйін күйттейді.
Сол үшін тәуелсіздіктің сыйын жақсы бағалап, ұл-қыздарымызды иманды етіп тәрбиелеу мақсатында мешіт жанынан ашылған сауат ашу, Құран курстарына қатыстырып, діни білімді жетілдіру – уақыт талабы. Балаларыңызды да жастайынан еліміздегі медресе колледж, жоғарғы оқуға беріп, рухани көкжиегін кеңейткен дұрыс.
Егер біз діни сауатты, дінімізге берік, иманымызға кәміл болсақ, бізді ешқашан жау жеңе алмайды.
Бүгінгі қазақ халқының талай ғасырдан бері мұсылман болуы сол діни білімді атадан балаға жеткізіп келуінде.
Ата – бабалымыздың дұғасымен, тілегімен, мұрасымен, білімімен бүгінгі ұрпақ бар.
Ол ұрпақтың тәуелсіз мемлекеті бар. Аллаға шүкір.
Кісі өзіне мақсат еткен пайдалы мамандық жолында терең де, пайдалы білім алуы қажет.
Мен білемінге салынбай, оны үйрету, жеткізу, пайдасын бөлісу – ізгі де сауапты амал. Шәкірт тәрбиелеу, халыққа аянбай қызмет ету, жақсылықтың ізін жалғауға себеп бола білу – пайдалы білімнің жемісі.
Қазір білім үйренемін деген адамға тетік көп, мүмкіншілік мол.
Тіпті қолымыздағы ұялы телефон, оның ішіндегі қолжетімді программалар білімнің көкжиегін кеңейте түсуімізге себін тигізіп келеді.
Өкінішке қарай смартфонның ішіндегі түрлі әлеуметтік желілердің алыпқашпа әңгімелеріне, болмашы ойындар мен роликтерге алданып, алтын уақытты текке жоғалтып жатқандаймыз. Білімнен бақыт тапқан текті халықтың бүгінгі бейнесі осылай майдаланып, нәпсіқұмар істерге алданып жүргені бұл қоғамды алаңдатады. Қазір сөз қуатын заман емес, ой қуатын уақыт екенін ескергеніміз жөн.
Ақылды қолдану білімге жетелейді.
Білім –өзіңді, айнала құбылысты, әлемнің иесі Алланы тануға алып баратын бағасы жоқ құндылық.
Ең бастысы – білім елдің игілігіне, халықтың қажетіне жарайтындай болса, сол игі.
Хәкім Абай :
“Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады”- десе,
Алаш арысы Әлихан Бөкейхан :
“Ұлтқа қызмет білімнен емес, мінезден”, деген.
Білімнің берекесі әдеп арқылы келеді.
Хазіреті Омар (Алла оған разы болсын):
“Әдеп білімнен жоғары”,– деп бекер айтпаса керек.
Имам Мәликтің мынадай сөзі бар:
“Білімнен бұрын әдеп үйрену керек. Әдепсіздің білімінде қайыр жоқ”.
Ұстаз – ұлы тұлға.
Ұстаздың бойындағы бүкіл жақсы қасиетті сіңіріп, әдебін үйреніп, берген білімін алып, екеуін тең ұштастырған адам өзіне де, айналасына да пайдасын беріп, ізгіліктің сәулесін шашпақ.
Білім алушыға барлық жағдай жасалған.
“1-қыркүйек – білім күні”, деп жарияланған.
Арнайы бір күнді “Білім күні”деп атаудың өзі халқымыздың білімге деген талпынысын, білімге құштарлығын көрсете түссе керек.
Адамның оқығанын өзгелермен бөлісу, адамдарға үйретуінің де маңызы үлкен. Себебі, үйрету арқылы адам білгенін өз бойына одан әрі сіңіріп, білімінің бекуіне ықпал етуімен қатар өзгелердің де білмегенін білуіне себепші болады.
Ислам діні әр нәрсенің зекеті бар екенін ескерту арқылы әркімге өз мүмкіндігі жеткенінше қоғамдық істерге атсалысу керектігін ұқтырады.
Дәулеттілер түрлі қайырымдылық шараларға ұйытқы болу арқылы халықтың әл ауқатының артуына жағдай жасауға міндеттелсе, білімділердің зекеті – білгенін басқаларға үйрету.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні біз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, білімнің әр саласында өз үлесімізді қосып, түрлі ағымдарға бөлінбей , діни салада болсын дүниеуи салада болсын еңбек етіп, егеменді еліміз Қазақстанды жоғары мәртебелерге паш еткізуіміз керек.
Алла баршамызға екі дүниенің пайдалы ілімін нәсіп етсін!
ҚМДБ Шымкент қаласы, Қаратау ауданы орталық “Байғұт баба” мешітінің Найб Имамы Ербол Тастанбекұлы Қалшабеков