Дін және отан – екеуі де өте қасиетті ұғымдар. Бұл екеуі бір медальдің екі беті сияқты. Ел игілігіне тілектес діндарлар үшін де отаннан қымбат ештеңе жоқ. Аталарымыз ұзақ ғасырлар бойы армандап, бүгінгі ұрпақ әрең жеткен, талайлар аңсап өткен тәуелсіздік, егемендік үшін жанын қиған азаттықты көздің қарашығындай сақтауымыз керек.
Кім-кімнің де жапырақ жаяр жері – Отан. Отансыз бақыт жоқ. Сол себепті, әрбір адам туған жерін, отанын қастерлеуі керек. «Отанды сүю – иманнан» деген кең тараған мағынасы терең, қанатты сөз бар. Өйткені, иманды адам өз Отанын сыйлап, қастерлей алады. Имансыз адам отанның қадір-қасиетін білмейді. Біздің Отанымыз – тәуелсіз Қазақстан. Қазақстан біреу-ақ. Екі Қазақстан жоқ. Отанды ешкім сатып ала алмайды. Сол себептен де Қазақстан біз үшін өте қымбат. Сондықтан ары тарт та, бері тартқан, яғни, фитнаға, алауыздыққа жол бермей, отанның амандығын, халқымыздың ынтымағы мен бірлігін тілейік. Сол үшін білек сыбана еңбек етейік. Ал ынтымақты, иманды елді жау ала алмайтынын ұмытпайық.
Отан деген сөздің ұғымына тоқталып көрейікші. Отан деген не? «Отан» деп отбасы мен ошақ қасын, ауасын жұтып, суын ішіп жүрген, байлығы мол кең-байтақ жерді, қазыналы қарттармен, ақ жаулықты әжелеріміз тай құлындай бірге өскен құрбы-құрдастарымыз бар ауылды, қадірлі ата-ана, жарымыз бен баламыз жүрген елді айтамыз. Міне, осы туған ел мен жерге ие болу, амандығын тілеу – әрбір мұсылманның діни, әрі азаматтық борышы.
Отанды сүю дінімізде өте қадірлі іс болып саналады. Мәдинаға һижрат жасаған уақытында Адамзаттың ардақты елшісі хазірет Мұхаммед (с.ғ.с.) Хазрауа деген жерге жеткенде түйесін тоқтатқан екен. Кіндік қаны тамған Меккеге жабырқаған көңілмен қимай ұзақ қарап тұрып: – Уаллаһи, сен жер бетіндегі ең көрікті, ең сүйікті мекенсің. Мен үшін сенен артық жер жоқ. Егер тағдыр тауқыметіне ұшырамағанымда, өзіңнен бір сәтке де алыстамас едім, – деген.
Тағы бір жолы Ұхуд тауына қарап: «Біз Ухудты жақсы көреміз, Ұхуд та бізді жақсы көреді» дегені де тегіннен тегін емес. Бұл Пайғамбарымыздың туған жерге деген, туған жерінің әрбір өзен, көл, тау, тасына деген зор сүйіспеншілігін байқатады.
Бір хадисте:
عَيْنَانِ لاَ تَمَسُّهُمَا النَّارُ، عَيْنٌ بَكَتْ مِنْ خَشِيَةِ اللهِ ، وَعَيْنٌ بَاتَتْ تَحْرُسُ فيِ سَبيِلِ اللهِ
«Екі көз ақыретте тозаққа күймейді: біріншісі күнәсына өкініш білдіріп, оңашада егіліп жылаған көз, екіншісі Отанды қорғап шекара күзеткен көз»[1] делінген. Демек, «өлсек шейіт, қалсақ ғазимыз» деген асқақ мұратпен «А, Құдайлап» жауға шапқан жүрегі түкті батыр-баһадүрлеріміз ақ білектің күші, ақ найзаның ұшымен дұшпан жолатпаған кең байтақ жерге бабалар аманаты деп қарай білген жөн.
«Біз, қазақ деген мал баққан елміз.
Ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз.
Елімізден құт-береке қашпасын деп,
Жеріміздің шетін жау баспасын деп,
Найзаға үкі таққан елміз.
Ешбір дұшпан басынбаған елміз.
Басымыздан сөз асырмаған елміз…» деген Қазыбек би бабамыздың отты сөзі жерімізге көз алартқан дұшпанды тәубесіне түсіре білген батырлар ұрпағы болғандығымызға дәлел. Халық даналығы «Отан үшін отқа түс, күймейсің» дейді. Бұл не деген сөз? Мәнін ойлап көрдік пе? Бұл Отанды қорғау жолында бәріне бара білуді, ештеңеден тайсалмауды білдіреді. Адамға алуан түрлі қасиет, дарын туған ортадан дариды. Сондай-ақ туған жер ата-бабаларымыздың сүйегі жатқан жер болғандықтан ұрпаққа перзенттік парыз жүктейді. Исламда бес нәрсені: Отаныңды, дініңді, ұятыңды, жаныңды, дүниеңді қызғыштай қорғау міндеттеледі. Осы құндылықтарды қорғау жолында қайтыс болғандар шейіт саналады. Ал шейіттердің ақыретте есепсіз жәннатқа барары мәлім. Құранда бұл жөнінде
وَلاَ تَقُولُواْ لِمَنْ يُقْتَلُ فِي سَبيلِ اللّهِ أَمْوَاتٌ بَلْ أَحْيَاء وَلَكِن لاَّ تَشْعُرُونَ
«Шейіттерді өлдіге санамаңдар. Олар тірі, Алла біледі, сендер білмейсіңдер»[2] делінген. Сондықтан Отанды қорғау жолында, ұлтымыздың жарқын болашағы үшін басын бәйгеге тіккендерді шейіттер қатарына қосып, Жаратушы Иемізден жәннаттан жай бұйыртуын тілейміз.
Халқымызда «Отан отбасынан басталады» деген де мәнді сөз бар. Отанды сүюге, туған елге деген құрмет сезімі жанұядан бастау алады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Барлығың жауаптысыңдар. Елбасы еліне жауапты. Отағасы жанұясына жауапты. Әйел жанұядағы дүниеге жауапты. Малшы малына жауапты. Әркім өз қарамағындағылардан жауапқа тартылады» [3] деген. Олай болса, балаға жастайынан жақсы тәрбие берумен туған елге құрметтеуді жанын қорғағандай дінін, отанын қорғау секілді құндылықтарды үйретуге де, отағасы жауапты болғаны. Бұл жөнінде Жүсіп Баласағұн бабамыз «Бала нені көрсе жастан ұядан, өле-өлгенше соны таныр қиядан» деген. Туған елге деген құрметті, патриоттық рухты өз ата-анасынан көре алмаған бала болашақта өзіне бала кезден таныс емес сезімді жатсынады.
Туған жерге деген сүйіспеншілік елді көркейтуге, білім іздеген жастардың талабына қолдау білдіруді де ұқтырады. Осы себепті Ислам дінінде ең жақсы садақа ілім жолындағыларға берілген садақа екендігі айтылған. Тарихта әлі күнге дейін мұсылман елдерінде жекелеген қайырымдылық қорлар арқылы студент жастарға шәкіртақы беріліп отырады. Бұл сол елдің болашағына жасалған қамқорлық екені сөзсіз. Өйткені, бір тағылымды кеңесте «Бір жылыңды ойласаң, егін ек. Он жылыңды ойласаң, ағаш ек. Жүз жылыңды ойласаң, ұрпақ тәрбиеле, білімге көңіл бөл» делінген. Соңғы ғасырлардағы ірі ғұламалардың «Мұсылмандарды артта қалдырып отырған үш кесел: білімсіздік, өзара алауыздық, кедейлік» деп атап көрсеткендей, бүгінгі күнгі көзі ашық, көкірегі ояу мұсылмандардың елге деген жанашырлығы жас ұрпақтың заманға сай озық білім алуына, сондай-ақ ұлтжандылық пен мұсылмандық тәліммен де сусындауында жатыр.
Ұлт жанашыры Ахмет Байтұрсынұлының «Балам деген жұрт болмаса, жұртым деген бала қайдан шықсын?!» деген ұлағатты пікірі де өте маңызды.
Демек отанға деген сүйіспеншілік ел игіліне жасаған жақсылықтармен өлшенбек. Әлі күнге есімдерін ел құрметтеген әл-Фараби, Иүгүнеки, Баласағұн, Ясауи, Бақырғани, Кердерілер – бәрі де отанды гүлдендірген, елге, жерге адал қызмет еткен жандар еді. Құранда ешбір жақсылықтың бекерге кетпейтіндігі, Алладан сауап жазылатындығы айтылған:
فَمَن يَعْمَلْ مِثْقَالَ ذَرَّةٍ خَيْراً يَرَهُ
«Кімде кім тозаңдай жақсылық жасаса, міндетті түрде сауабын алады» [4].
Мешіт-медреселердің бүгінгі күні ізгі жандардың қолдауымен қайта жандана бастауы да туған елге, отанды гүлдендіруге деген ниеттің көрсеткіші. Алла тағала оларды шексіз сый-сыяпатына бөлесін.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):
إِذَا مَاتَ الإِنْسَانُ انْقَطَعَ عَمَلُهُ إِلاَّ مِنْ ثَلاَثٍ : صَدَقَةٍ جَارِيَةٍ ، أَوْ عِلْمٍ يُنْتَفَعُ بِهِ ، أَوْ وَلَدٍ صَالِحٍ يَدْعُو لَهُ
«Адам қайтыс болғанда мына үш түрлі амалынан басқасының бәрі тоқтайды: садақа жария, ел игілігіне жарайтын ілім, дұға жасайтын ізгі ұрпақ» [5] деп, ел игілігіне жұмыс істеудің екі дүниеде де сауабы үзілмейтінін сүйіншілеген. Осы себепті сауап ниетімен қоғамның түзелуіне жұмыс істеу, жамандықтан тыйып, жақсылыққа шақыру (әмр бил мағруф уә нәһи анил мүнкар) – әрбір мұсылманның міндеті. Мұсылман үмбетін басқалардан артық еткен осы қасиет екендігі Құранда былай келтірілген:
كُنتُمْ خَيْرَ أُمَّةٍ أُخْرِجَتْ لِلنَّاسِ تَأْمُرُونَ بِالْمَعْرُوفِ وَتَنْهَوْنَ عَنِ الْمُنكَرِ
«Сендер жақсылыққа шақырып, жамандықтан сақтандыру арқылы игі үмбет болдыңдар» [6]. Демек, қоғамның игілігіне жұмыс істеу, қоғамды ізгілендіруге талпыныс әрбір мұсылманның міндеті болғаны. Халыққа деген ең үлкен жақсылық та осы. Ислам діні әр нәрсенің бір зекеті бар екенін ескерту арқылы әркімге өз мүмкіндігі жеткенінше қоғамдық істерге атсалысу керектігін ұқтырған. Білімділер білімін басқаларға үйрету арқылы білімінің зекетін берсе, дәулеттілер түрлі қайырымдылық шараларға ұйытқы болумен, қайыр садақа, зекеттерін беру арқылы халықтың әл ауқатының артуына жағдай жасауға міндеттелген.
Отанды сүйе білу іспен көрсетуді қажет етеді. Отанды сүю – туған елге қызмет ету деген сөз. Туған елге қызмет өте кең ұғым. Айталық, басшыларға бағыну. Бұл да ел ішіндегі тыныштықты сақтау, бүлік тудырмау үшін қажет. Пайғамбарымыз өз сөзінде «Қара нәсілді құл басшы болса да бағыныңыздар, қарсы шықпаңыздар» деп тапсырған. Өйткені, Құранда:
وَالْفِتْنَةُ أَشَدُّ مِنَ الْقَتْلِ
«Бүлік шығару – кісі өлтіруден де ауыр күнә» [7] делінген. Ендеше, елдегі, діндегі тыныштықты сақтау әрбірімізге міндет. Сол себепті басшыларға, мешіттерде имамдарға бағыну да тып-тыныш жатқан елді ала тайдай бүлдірмеу үшін аса қажет.
Қандай да бір діни мәселеде талас туған жағдайда «бас-басына би болу емес» жүгінетін орын – Діни басқарма немесе Діни басқарманың жергілікті жердегі өкілетті имамы болуы тиіс. Бұл еліміздегі мұсылмандардың ұйымшылдығы, ауызбіршілігі үшін қажет. Бір елдің нанын жеп, бір жердің суын ішіп отырғандықтан мұсылман мұсылманға қаталдық танытпай, бауырмалдығын көрсетуі тиіс. Бұл – Исламның бұйрығы. Құранда
إِنَّمَا الْمُؤْمِنُونَ إِخْوَةٌ
«Күмәнсіз, мұсылмандар бір-бірімен бауыр» [8] делінген. Екі мұсылман ренжіссе арасын татуластыру әрі бұның үлкен сауап екендігі айтылған. Хадистерде: «Сіздер иманға келмейінше жұмаққа кіре алмайсыздар. Бір-бірлеріңізді жақсы көрмейінше иманға келе алмайсыздар. Сіздерге бір-біріңізді жақсы көруге септігі тиетін нәрсе айтайын ба? Араларыңызда сәлемдесуді жайыңыздар!» [9]
اَلْمُؤمِنُ لِلْمُؤمِنِ كَالْبُنْيَانِ يَشُدُّ بَعْضُهُ بَعْضًا
«Мұсылмандар бір-бірін мықтап ұстап тұрған қабырға тәрізді» [10] «Мүминдер бір-бірін жақсы көруде, жан ашуда, бір-біріне мейірімділік танытуда бір мүшесі ауырғанда басқа мүшелері қосыла сыздайтын дене тәрізді» [11] «Уа, Алланың құлдары! Бауыр болыңыздар! Мұсылман – мұсылманның бауыры. Оған әрқашан қол ұшын береді. Өзінен төмен көрмейді. Тақуалық деген осында. Адамға мұсылман бауырын қор санауы күнә ретінде жеткілікті» [12] делінген. Сол себепті әнсар мен мұһажир сахабалардың бауырластығы тәрізді қиналғанда бір-біріне қол ұшын созып, әрдайым көмекке әзір тұру, бір-бірін жақын тарту – бүгінгі мұсылмандарға ең бір жетпей жатқан қасиет деуге болады.
Мәдинаға келген мұһажир Абдуррахман ибн Ауф (р.а.) пен Әнсарлық Сағыд ибн Рәби екеуін Пайғамбарымыз бауыр деп жариялағанда, Саад Абдуррахманға: «Бауырым, Мәдиналылықтар ішіндегі ең дәулеттісі менмін. Ендігі жерде байлығымның тең жартысы өзіңдікі. Екі үйім болса, біреуі сенікі. Бау-бақшам да сондай. Өзің таңда», – дейді. Сонда Абдуррахман ибн Ауфтың оған: «Алла ниетіңді қабыл алып, байлығыңа берекесін берсін. Сен маған базардың қайда екенін көрсетсең болды, сол жеткілікті»[13], – дегені Исламда бауырластықтың қаншалықты шынайы болғандығына дәлел.
Туған елді сүю сол елдің ата-бабасынан келе жатқан дінін де құрметтеуден білінеді. Құранда:
إِنْ تَنْصُرُوا اللَّهَ يَنصُرْكُمْ
«Сендер Алланың дініне көмектессеңдер Алла да сендерге көмектеседі» [14] делінген. Олай болса, елімізде исламның өркендеуі – дін мамандарының ғана емес, әрбір көзі ашық мұсылманның міндеті екенін ұғынатын кез жетті. Бүгінгі күні дінге қол ұшын беріп, республикамыздың түкпір-түкпірінде мешіт, медресе салып беріп жатқан ағайындардың молайып келе жатқаны көңілге қуаныш ұялатады. Ендігі жерде діни ағарту істеріне де қол ұшын беру кезекте тұрған мәселе екенін ескерген жөн. Бірақ бұның барлығы да бір ғана Алланың разылығын көздеп, туған елге деген сүйіспеншілікпен атқарылуы тиіс. Ислам тарихына қарасаңыз, мұсылман елдерінде мешіт, медресе, кітапхана, көпір, монша, керуен сарай секілді халық игілігіне жарайтын істердің көбінесе жеке тұлғалардың қайырымдылығымен атқарылғанын көреміз.
Отанға деген сүйіспеншілік – халық игілігіндегі мүлікті көздің қарашығындай көру, талан-таражға салмау, кісі ақысына көңіл бөлу, ел мүддесіне жұмыла жұмыс істей білуді де қажет етеді.
Хазірет Омар (р.а.) бірде сырттан бір кісі келгенде, дереу барып алдында тұрған май шамды ауыстырған екен. Әлгі кісі оның мәнін сұрағанда, «Мен бағана мемлекет ісін қарап отыр едім, енді жеке ісімді қарайтын болғаннан кейін өз май шамымды жақтым» деп жауап бергені тарихтан мәлім. Бұл хазіреті Омардың ел басқарып тұрған халифа кезінде мемлекет меншігіндегі затқа қаншалықты жауапкершілікпен қарағандығын көрсетеді. Сахабаларымыздың қай қайсысы да адалдығын осылай дәлелдей білген. Өйткені, олар ақыретте осы дүниеде істеген істерінің бәрі үшін сұрақ барына нық сенген. Ол сұрақтың оңай болмасын да тереңнен сезінген. Сондықтан да Алланың алдына ешкімнің ақысын жеместен маңдайлары жарқырап баруды қалаған. Бұл бүгінгі біздер үшін де ой салуы тиіс. Сол себепті қандай да бір ел мемлекет мүлкіне зор жауапкершілікпен қарайтын, мемлекет мүддесін өз мүддесінен жоғары қоя білетін, арды ақшадан биік қоятын ерлер көбейгенде ғана гүлденетіні белгілі. Бұл біз үшін қазіргі таңда ауадай қажет қасиет болып отырғаны баршаға аян.
Туған жердің көркейгенін қалаған әрбір азамат өз ісін жақсы меңгеруге талпынуы керек. Кәсібилігін арттырып, өз мамандығының шыңына шығуы тиіс. Құранда бұл туралы:
اِعْمَلُواْ فَسَيَرَى اللّهُ عَمَلَكُمْ وَرَسُولُهُ وَالْمُؤْمِنُونَ
«Еңбек етіңдер! Себебі, істеріңді Алла тағала, елшісі және жалпы мұсылмандар көреді»[15] делінген. Демек, мұсылман адам өз жауапкершілігіне алған жұмысына немқұрайлы қарамауы керек. Немқұрайлы қарау басқа адамдардың да жұмысына кері әсерін тигізетінін ескерген жөн. Осы орайда, Америка президенті Линкольннің балаларына «Кейін өскенде аула сыпырушы болсаңдар да, ісіне ұқыпты, ең жауапты жұмыскер сендер болуларың керек» деп кеңес беруі өте мәнді. Елдің әрбір азаматы осындай ниетпен, өзіне берілген істі ең сапалы деңгейде атқарғанда ғана туған елдің көркеюіне үлес қоспақ. Әйтпесе, үнемі басқаларды сынау, аяқтан шалудан аса алмаудың кері тартқаннан басқа елге берері шамалы.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисінде: «Ең жақсы адам – басқаға пайдасы тиген адам» дейді. Осы себепті туған елімді сүйем деген әрбір азамат ол айтқанын туған елге жасаған жақсылығымен дәлелдеуі керек. Саясаткерлер халық игілігін көздейтін мықты саясат жүргізуі керек. Балабақшаларда тәрбиешілер балаларға жақсы тәрбие, имандылықты үйретуі тиіс. Мектептерде ұстаздар сапалы білім беруге талпынып, дәрігерлер науқастарға қолдан келгенше жәрдем бергені жөн. Тәртіп сақшылары халыққа сенімділік ұялата білуі ләзім. Дипломаттар шет елдерде өз елін жақсы жақтарынан таныта білуі қажет. Өнерпаздар мен ақындар елдің, халықтың мұңын мұңдап, жырын жырлауы, халыққа имандылық пен ізгілікті дәріптеуі, отанға деген сүйіспеншілікті насихаттаған абзал. Имамдар халыққа Ислам дінінің құндылықтарын кеңірек жайып, елдің ауызбіршілігін арттырып, іс-әрекетімен үлгі болуы тиіс. Отанға деген сүйіспеншілік, құрмет – осындай кең ұғымды білдіреді. Сол себепті әркім қолынан келетін жақсылығын жасауға тырысуы қажет. Хадисте: «Ертең қиямет болатынын білсең де, бүгін ағаш ек» дейді. Міне, бұны туған жерге жақсылық жасауға асығу деп те түсінуге болады. Мәшһүр Жүсіп бабамыз да «Адам сол – адамдығын жұрты көрсе» деген.
Туған елге деген құрмет үлкенді сыйлау, кішіге ізет білдіру, сондай-ақ мәдениеттілікке бет бұрумен де қалыптасады. Хадисте:
لَيْسَ مِنَّا مَنْ لَمْ يَرْحَمْ صَغِيرَنَا وَيُوَقِّرْ كَبيِرَنَا
«Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетпеген бізден емес» делінген. Демек, ақ сақалды аталарымыз бен ақ жаулықты аналарымызды, жасы үлкен аға, әпкелерді құрмет тұту, қарындасты қарындас, ініні іні деп сыйлай білудің де елді құрметтеуге жататынын ұққан жөн. Осы орайда бүгінгі күні жастарды имандылық пен ибалылыққа тәрбиелеу турасындағы насихатты күшейтудің басты орында тұрғанын ұмытпауымыз қажет.
Отанға жанашырлық үнемі елдің тілеуін тілеуді, жүрген ортаны таза ұстауды да қажет етеді. Ата-бабаларымыз әрдайым баталарында елдің, жердің, халықтың амандығын тілегені осының айғағы. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде «Алла лағынеттеген екі нәрседен сақ болыңыздар. Адам жүретін жолдар мен көлеңкелейтін орындарды ластау»[16] деу арқылы адамдар жүретін жерлерді, қоғамдық орындарды, қоршаған ортаны таза ұстауға шақырған.
Отанды, елді атақ алу, абыройға кенелу үшін емес, ұрпағым, елім болашақта жетім болмасын, Отансыздықтың азабын тартпасын деп қорғау керек. Жер бетінде Отансыз ұлттар қаншама?! Оларды жер-жерде дәл біздің еліміздегідей бауырына басып, жақсылық жасап отыр деп тағы айта алмаймыз. Жергілікті ұлттың ызғарына тоңып, қаһарына ұшырап отырғандары қаншама?! Біздің де ұрпағымыз біреудің қас-қабағына қарап жәутеңдемесін, біреудің қолына қарап дәметпесін десек, атадан қалған асыл мұраны сақтап, ақылды ұрпақ тәрбиелеу – мүлт кетпес парызымыз болу керек. Осы орайда «Халықты сүйем деп байбалам салмай, оған тек жан жүрегімен ғашық бола білу керек» деген .
Иә, туған ел, туған жер үшін жасалатын жақсылықтардың барлығы ізгі ниеттен, иманнан туатыны даусыз. Сол себепті «Отанды сүю – иманнан» деген сөздің мәні терең.
Данышпан, дана, ойшыл әз Төле би:
Бұл қазақтың баласы,
Тегінде нені көрмеген.
Неше бір жайсаң данасы,
Шешенде болған сөзбенен.
Көсемде болған ойменен,
Бірақ соның бәрі де.
Ыдырап жатқан қазақтың,
Қоса алмады бастарын.
Мен боламын дегендер,
Ақтамады сенімді.
Көкірек қаққан хандарың,
Лауазымға таласып.
Быт-шыт қылды елімді,
Береке бітім келместен.
Аз дұшпаннан жеңіліп,
Қайыстырды белімді, – деп, аһ ұрып өтті дүниеден. Одан кейінгі Абылайлар да, басқалар да қазақтың басын қоса алмай зарлап кетті. Қазақ – алауыздықтан езілген, жаншылған, тапталған, көрмегені жоқ халық. Талай рет тарих сахнасынан жойылып та кете жаздады. Міне осындай қасіреттен жұрттың басын қосып құтқарған, ел етуді мемлекет болып, өзгелермен терезесі тең тұруды іске асыруды Алла тағала Нұрсұлтан Назарбаевқа нәсіп етіпті. Нұрекең – елім, жерім, отаным, тілім, дінім деп еңіреп, ел үшін бар күш-қуатын сарқа жұмсап, ыстығына күйіп, суығына тоңып жүрген азамат. Ән де салады. Күй де тартады. Домбырада да ойнайды. Ана тілінде майын тамызып сөйлей де алады….
(Ислам және өркениет)