Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мухаммед Мұстафаға (с.а.с), оның отбасына барлық сахабаларына салауттар мен сәлемдер болсын.
Дала төсін шежіре еткен дербес халыққа қашанда ар ождан қымбат, сол үшін де малым жанымның садақасы, жаным арымның садақасы деген сөзге тоқтаған. Қай істің болса да негізі түзелмей – өзі өркендемек емес, көштің беті түзелмей – болжаулы жерге жетпек емес.
Баланы тәрбиелеп өсірмек – ата-анаға қарыз. Сол қарызды мойнынан түсіру керек. Балалар сотқар, әдепсіз ғибадатсыз болып өссе, бұлардың ата-анасы бұлар үшін о дүниеде құдай алдында жауап берсе керек. Бала – адамның мәуесі, нағыз жанды суреті. Бала – ата-ананың жүрегінің алтын кілті, өмірінің жалғасы, бауыр еті, айнасы, сарқылмас бағы, балы, байлығы, көздерінің нұры, мақтанышпен көтерер туы, жайқалып өскен нуы, жүректерінің дамылсыз соғар жыры, тасыған мейірі, ақжарқын пейілі. Бала – гүл, күтімге зәру. Бала – гүл, күлкіге зәру. Бала – ата-ананың қолына берген Алланың аманаты. Оны имандылыққа тәрбиелеу міндет. Бала – көңілдердің көркі, жұптасқан жүректердің айнымас серті, шат-шадыман көңіл, жалғасқан қуанышты өмір.
Бүгінгі жас ұрпақ бұқаралық ақпарат құралдарынан сөз бостандығы, шығармашылық бостандық, адамның ақысы, пікір алуандығы жайлы жазбай таниды. Шекарадағы перде ысырылып адамдардың алыс-жақын жерлерге сапар шегуі күнделікті үйреншікті тіршілікке айналды. Бұл тараптағы тіршілікті бейнелеп айтқанда: Жаһанданудың ақ жал толқынында қалт-құлт етіп бір бесік ағып барады; Бесік ішінде қазақ деп аталатын бір ұлан қаннен қаперсіз ұйықтап жатыр. Жаһанданудың ақ жал толқыны бесікті аудара салуы да, тасқа соғуы да, сарқырамадан құлатуы да немесе толқынсыз тымық айлаққа алып келуі де мүмкін. Осындай ахуалда біз бір ғана жағымсыз тірліктен бас тартуға тиіспіз. Ол беймәлімсіздікте ғұмыр кешуден бас тарту. Жас балаға дүниедегі ләззатты нәрселердің бәрін дайындап жасап қойған дастарханнан пайда жоқ.
Дана халқымыз : «Әкесі ұрысса балаға – ол да достық, баласы ұрысса әкеге, жараса ма?!» деген екен. Екеуара әдептілік бұзылмауын ойлан. Осы тұрғыда, баланың әкеден – ақыл, анадан – мейір алып өскені нәтижелі болары ойда болса екен.
Ақиық ақын Қымбат Әбілдақызының– бала туралы өлеңінде:
Бала – бақыт, бала – базар, бала – өмір,
Балалықтың шат үнімен бал – өмір.
Баласы бар үйдің бәрі бақытты,
Баламенен қызығырақ бар өмір.
Балалардың тілі тәтті, өзі де,
Күлме олардың боямасыз сөзіне.
Бұлтиып ап, бұртиып ап бұйырып,
Қызметін жасататын өзіне…
Бала, бала! Жоқ олардың жаманы,
Үлкенге сын – әр аттаған қадамы.
Сөзбен емес, іспен үлгі бола алсаң,
Көргендерін өзі-ақ тоқып алады,
Бала деген – балғын ми ғой саналы. –деп жырлағандай, баланың тәрбиесіндегі олқылықтың тағы бір ұшы анасында. Себебі өз басын таза ұстап, алып жүре алмайтын нашар әйелден – намысты, жігерлі, ұлтшыл бала тумайды. Бөгденің сөзін құлаққа іле бермейтін енжар келіннің салтымызға сай сәлем салуын ширк деп миығынан күлетін жастардың саны артуда. Немесе батыстың қаңсығын таңсық көріп жартылай жалаңаштанып жүретін жасына да қариясына да көз үйреніп қалғаны, жүректі ауыртады. Алқынып, алкеуде боп жұртың алдына шығушы болма. «Атасыз туылған » дейтін кескекті қарғысға қаласың, деп ақыл үйретіп отыратын ақжаулықты әженің, ақ баталы атаның қазіргі сиқы осылай болып тұр. Кәрі қойдың жасындай ғана ғұмырым қалғанда оқты сөзді Алла Тағала естіртпесін де алдыма тоспасын. Алда жалда кем кетік боп жатса оның өзі сабақ. Дабыр қылмай сабыр қылғанның аты озық, ботам. Кезекті жерді Алланың өзі нұсқайды. Кезекті сөзді жетелі бала ұстайды.Тобың тобырлы болмай, толымды да шалымды болсын деп батасын беріп, ақылын айтып, жөн сілтеп отыратын көненің көздері кітаптардан ғана оқылатын аңыз әңгіме болып қалмаса жарар еді.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні. Ұлттың ұлт боп қалуының негізі-Тәуелсіздік. Басқаны былай қойғанда кезек күттірмейтін мәселелердің бірегейі дәстүр. Өмірдің ағысымен қарқынына сай көндігуге, шыдауға болатын нәрселер көп, ал, ұлттың жаны боп табылатын тіл мен ділге, салт- дәстүрге қағажу көрсету-ақтауға да ақталуға да келмейтін қылмыс.
Шымкент қаласы Абай ауданы «Бейімбет молда» мешітінің имамы: Талғат Абдукәрімұлы.