Патша түс көреді, сол түсінен шошып балгерлерін, даналарын жинап, оларға түсінде жеті семіз сиырды жеті арық сиыр жеп жатқанын және жеті көк дән мен жеті қурап қалған дән көргенін айтып, шешуін сұрайды. Бірақ олардың ешқайсысы патшаның түсін жори алмайды. Олардың жауабына патшаның көңілі толмайды.
«Мен түсімде жеті арық сиырдың жеті семіз сиырды жеп жатқанын және жеті жасыл масақ пен жеті қураған масақ көрдім», – деді патша бірде. – Ей, данышпандар! Егер сендер түс жоруды білсеңдер, осыны жорып беріңдер» (Жүсіп сүресі, 43-аят).
«Бұл бір шатасқан түс екен, – десті олар. – Біз мұндай шырма-шату түсті жори алмаймыз» (Жүсіп сүресі,44-аят).
Патшаның түсі туралы әңгіме шарап құюшының да құлағына жетеді. Оның есіне бірден Жүсіп түседі. Ол патшаға зынданда Жүсіп деген жігіт жатқанын, наубайханашы екеуінің түсін тура жорып бергенін, патшаның түсін де соның жори алатынын айтады. Патша оны Жүсіпке жұмсайды. Ол Жүсіпке барып, оның тапсырмасын патшаға айтуды ұмытып кеткені үшін кешірім сұрап, патшаның көрген түсін жорып беруін өтінеді.
«Әлгі зынданнан құтылған және (Жүсіпті) ұзақ уақыттан соң есіне түсірген адам «Бұл түстің жоруын мен айтып бере аламын, тек мені (Жүсіпке) жіберіңдер», – деді» (Жүсіп сүресі, 45-аят).
«Ей Жүсіп! О, шыншыл (ағайын), жеті арық сиырдың жеті семіз сиырды жеп жатқаны және жеті жасыл масақ пен жеті қу масақ туралы түстің жоруын бізге айтып бер. Мен оны айтып барайын, олар да білсін (сенің қасиетіңді)», – деді» (Жүсіп сүресі, 46-аят).
Жүсіп патшаның түсін жорып, жақында қиыншылық болатынын, бірақ одан құтылу жолы да бар екенін айтып: «Мысырда егін жеті жыл бітік шығады, сондықтан сіздер бидай, арпа егіңдер, оны мұқият орып алып, сақтаңдар, шашып-төкпей үнемдеңдер, қор жинаңдар. Содан соң жеті жыл құрғақшылық болып, егін шықпай қалады, сонда сақтағандарыңды жұмсайсыңдар, одан тек тұқымдық аз ғана бөлігін алып қалыңдар. Өйткені құрғақшылық жылдардан соң тағы да жайлы жыл келеді, оны сонда егесіңдер. Алла егіндеріңді суаруға жаңбыр жібереді», – дейді.
«(Жүсіп) айтты: «Әдеттегідей жеті жыл астық егесіңдер, одан орып алғандарыңды жеу үшін бастырған біразынан басқасын масағында сақтайсыңдар» (Жүсіп сүресі, 47-аят).
«Содан соң жеті ауыр жыл келеді. (Осы кезде) бұрын жинаған астықтарыңның біразынан (ұрыққа сақтағаннан) басқасын жеп бітіресіңдер» (Жүсіп сүресі, 48-аят).
«Содан соң (молшылық) жылдар келеді. Ол кезде жауын – шашын көп болады. Адамдар жемістерден түрлі – түрлі ішімдік ағызып алады» (Жүсіп сүресі, 49-аят).
Қастандықтың анықталуы
Шарап құюшы патшаға түстің жоруын жеткізді. Патша бұл жорудың дәлелді екенін түсініп, Жүсіпті алып келуді бұйырды. Жүсіпке елші барып, патшаның қалауын жеткізді. Бірақ Жүсіп өзіне жасалған қастандық анықталып, жабылған жаладан ақталғанша зынданда жата беретінін білдірді. Мұны естіген Патша әйелдерді жинап, уәзірдің әйелін де шақыртты. Сөйтіп, олардан Жүсіптің қандай зұлымдық жасағанын сұрады. Әйелдер оның еш жамандығын көрмегендерін айтты. Зылиха да оның адалдығын, даналығын, ақылдылығын, осының бәріне өзінің кінәлі екенін мойындап, оның әрі қарай да жапа шеге беруін қаламайтынын білдірді.
« (Қызметші патшаға Жүсіптің жоруын айтқан соң) «Дереу оны осында әкеліңдер», – деді. Жіберген адамы Жүсіпке барғанда: «Әміршіңе қайтадан бар, – деді Жүсіп. – Содан соң баяғыдағы қолдарын кескен әйелдер туралы (не білетінін) сұра. Ал, менің Тәңірім олардың сұмдығын жақсы білетіні даусыз» (Жүсіп сүресі, 50-аят).
«Жүсіппен көңілдес болмақ болған кездеріңде сендерде қандай жай болған еді?» – деп сұрады (патша әйелдерден). «Алла сақтасын, – деді әйелдер. – Жүсіптің қылдай да қиянатын білмейміз». «Шындықтың беті ашылды, – деді Әмірдің әйелі. – Өзіммен көңілдес болуды одан менің талап еткенім рас еді. Ал, ол адал күйінде қалды» (Жүсіп сүресі, 51-аят).
«Менің бұлай еткенім, – деді (Жүсіп). – Әмір жоқ кезде оның әйеліне қиянат жасамағандығымды және сұмдардың айлаларын Алланың ілгері бастырмайтынын әмірге білдіру үшін істегенім» (Жүсіп сүресі, 52-аят).
«Мен өзімді ақтамаймын, нәпсі деген, шынында да, жаман істерге бұйырады. Егер одан Тәңірдің рахымымен аман қалатын адам болса, оның жөні басқа. Менің Тәңірім, шынында да, кешірімді әрі мейірімді» (Жүсіп сүресі, 53-аят).
«Пайғамбарлар тарихы» – кітабынан.
Тағылымы мол бұл кітапты араб тілінен аударып, жинақтап ұсынушы – елімізде алғаш рет Муфтият құрып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасын қалыптастырған тұңғыш муфтиіміз, терең білім иесі, әлемге танымал Ислам ғалымы Ратбек қажы Нысанбайұлы. Ол – Қазақстанда Исламның қалыптасып, өркендеуіне зор үлес қосқан, Ислам институтын ашып, ұстаздық етіп, одан бірнеше буын имамдар даярлап шығарған дін қайраткері.
Шымкент қаласы орталық мешіті