Бисмиллаһир-рахманир-рахим. Барлық мадақ бір Аллаһқа лайық. Аллаһ тағаланың салауаты мен сәлемі әлемнің рахым нұры Мұхаммедке, оның әулеті мен сахабаларына болсын!

Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) күллі жаратылыс пен  бүкіл адамзаттың ең асылы, ең қайырлысы, ең ардақтысы. Ол – Хақ тағаланың барша ғаламға жіберген рахымы мен мейірімі.

Аллаһ тағала Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) арқылы күллі адамзатқа қараңғылықтан жарыққа шығатын жолды нұсқады. Адасушыларды тура жолға салып, иман нәрімен сусындатты. Пенделерін ізгілікке бөлеп, мына жалғанның алдамшы екенін ұқтырып, ақиретке деген сенімін күшейтті.

Құран Кәрім арқылы ақиқатты жеткізіп, күпір мен иманның ара-жігін ажыратып берді. Пайғамбарымызды (с.ғ.с.)  бүкіл адамзат,  ізгі жандар ғасырлар бойы зарыға күткен-ді.

Тегі Мұхаммед ибн Абдуллаһ ибн Әбдімүтәліп ибн Һәшим ибн Әбдіманап ибн Құсай ибн Киләб ибн Мурра ибн Кағб ибн Лүә ибн Ғалыб ибн Фиһр ибн Мәлік ибн Надыр ибн Кинәнә ибн Хузайма ибн Мүдрака ибн Ілияс ибн Мұдар ибн Назар ибн Мағад ибн Аднан. Осылайша жалғасып түпкі атасы Ибраһим (ғ.с.) пайғамбарға барып тіреледі.Анасы Пайғамбардың (с.ғ.с.) анасы Әмина бинт Уаһб ибн Әбдіманап ибн Заһра. Меккенің ең текті әулеттерінің бірінен. Туған жылы  Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) Мекке шаһарының Бәни Һәшим әулетіне тиесілі бөлігінде піл оқиғасы жылы, раби-әууәл айының он бірі күні яғни миләди 571 жылдың 20 -сәуірінде дүйсенбі күні дүниеге келді. Әкесі Абдуллаһ Аллаһ Елшісі (с.ғ.с.) дүниеге келместен бұрын қайтыс болды. Атасы Әбдімүтәліп немересіне атын көкте де, жерде де мақтаулы болсын деп Мұхаммед (с.ғ.с.) деп қойды. Арабтарда бұрын-соңды мұндай есім болмаған еді. Сүт аналары Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) өз анасы Әминадан кейін Әбу Ләһәбтың күңі Сәубия емізді. Әбу Ләһәб Пайғамбардың (с.ғ.с.) туылуының құрметіне орай Сәубияны күңдіктен босатқан еді. Одан кейінгі сүт анасы – Халима ас-Сағдия. Аллаһ Елшісін (с.ғ.с.)  бауырына басқан Халиманың үйіне құт-береке орнап, мамыражай өмір сүрді. Шарапатты кеудесінің тазартылуы Пайғамбардың (с.ғ.с.) өмірінде оның шарапатты кеудесі төрт рет тазартылды.Бірінші рет төрт жасқа толғанда Жәбірәйіл (ғ.с.) және Микайл (ғ.с.) періштелер келіп, жүрегін қар суымен тазартады. Оның ішінен бір затты сылып  тастайды. Сонда Жәбірәйіл (ғ.с.): «Бұл сендегі шайтанның үлесі»,[2]- деген.

              Екінші  балиғатқа жеткен шағында.Үшінші  уаһи түсерден бұрын.Төртінші рет жеті қабат аспанға көтерілген Миғраж оқиғасында тазартылады.Анасының қайтыс болуы Межелі мерзім аяқталған соң кішкентай Мұхаммедті (с.ғ.с.) анасы Әмина сүт анасынан алып, күйеуінің қабірін зиярат етуге және  Мәдина шаһарында тұратын төркіні Бәни Нәжжар әулетін көріп қайту үшін сапарға шығады. Қайтарда ол кенеттен қатты науқастанып, көп ұзамай жолда көз жұмады. Әкесінен де, анасынан да айырылған алты жасар адамзаттың асылы әкесінің күңі Умму Айманмен Меккеге оралады.

Қамқор ата құшағында

          Жетім қалған Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) атасы Әбдімүтәліп бауырына басады. Немересін ерекше жақсы көрген ол өте мейірбан, әрі ақылшысына айналады. Алайда, мұндай бақытты шақтар ұзаққа созылмайды. Сүйікті немересінің болашағының жарқын болуын тілеумен болған қайырымды қария да арада екі жыл өткен соң дүниеден озады. Көкесі Әбутәліптің тәрбиесінде Пайғамбарды (с.ғ.с.) сегіз жасында көкесі Әбутәліп өз тәрбиесіне алады. Ол әкесі Абдуллаһтың  бірге туған бауыры болатын. Аллаһ Елшісі (с.ғ.с.) осы үйде Әбутәліптің басқа балаларымен бірге өсіп, ер жетеді. Бауырының артында қалған жалғызын  Әбутәліп те қатты жақсы көретін. Есейіп, ержеткен соң  оны өзі үйлендірді. Пайғамбардың (с.ғ.с.) кәсібі Пайғамбардың (с.ғ.с.) бала кезінде ең алғаш шұғылданған жұмысы қой бағу болатын. Жалпы, көптеген пайғамбарлардың алғашқы кәсібі мал бағу болған. Бұл кәсіпті сегіз жастан бастады. Ал, он екі жасынан көкесі Әбутәліппен бірге саудаға ден қоя бастады. Бұлт оқиғасы Пайғамбар (с.ғ.с.) көкесіне ілесіп, Шам еліне сапар шегеді. Олар Дамашыққа жақын жердегі Бусра деген ауылдың маңына келіп аялдайды. Мұнда аса тақуа Бахира деген христиан монахы жас балаға көзі түсіп, оның болашақ пайғамбар екенін бірден біледі. Бар ғұмырын өз ғибадатханасында құлшылықпен өткізіп келе жатқан монах керуенді көлегейлеп  келе жатқан бұлтты байқап, жолаушыларды үйіне қонаққа шақырады. Қонақтар үйге кіргенімен, бұлт керуеннің үстінен қозғалмайды. Өйткені, болашақ Пайғамбар (с.ғ.с.) да түйелердің жанында қалған болатын. Бахира Әбутәліптен сол баланың да дастарханнан  дәм татуын өтінеді. Мұхаммед (с.ғ.с.) келген соң Бахира: «Бұл баланың әкесі кім еді?» – деп сұрайды. Әбутәліп: «Оның әкесі – менмін», – дейді. Сонда монах: «Оның әкесі тірі болмауы тиіс еді ғой», – деп бой бермейді. Әбутәліптің мойындамасқа амалы қалмайды. Мұны естіген  Бахира: «Елдеріңе қайтыңдар. Мына баланы біреу-міреу байқап қалса, қастық етіп жүрер», – деп ескертеді. Осылайша керуен келген ізімен Меккеге оралады. Фижар соғысы Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жиырмаға толғанда Құрайыш пен Кинана бірлесіп Қайыс пен Илан тайпасына қарсы соғыс ашады. Бұл шайқасқа көкелерімен бірге жас  Мұхаммед (с.ғ.с.) те қатысады. Ол ағайындарына садақ жебелерін дайындап беріп тұрады. Арада біршама уақыт өткенде тараптар ортақ келісімге келіп, соғыс аяқталады. Бұл шайқас Фижар (бұзушы) деген атпен тарихта қалған. Өйткені араб тайпалары бұл айда бір-бірімен жауласпайтын.  Фудул келісімі Фижар шайқасынан кейін құрайыш тайпасының көсемдері Абдуллаһ ибн Жудған әт-Тимидің үйіне жиналады.  Олар бұдан кейін соғыста және басқа  да қиыншылыққа тап болғандарға  көмек беруге бірауыздан келіседі.  Аллаһ Елшісі  (с.ғ.с.) бұған  куә болады. Өзіне Пайғамбарлық (с.ғ.с.) келгеннен кейін: «Ислам дәуірінде сондай келісімге шақырылсам, сөзсіз мойынсұнатын едім», – деген.

Бибі Хадишаға үйленуі

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) шыншылдық қасиеті Оны (с.ғ.с.) бүкіл елге танымал етіп, абыройын асқақтатты. Аллаһ Елшісі (с.ғ.с.) болашақ жары Хадиша бинт Хуайлидтің сауда керуеніне басшылық жасап жүрді. Бірде Хадиша Мұхаммедтің (с.ғ.с.) қасына көмекші ретінде қызметшісі Мәйсараны қосып жібереді. Мәйсара Меккеге қайтып оралған Хадишаға Мұхаммедтің (с.ғ.с.) адамдармен қарым-қатынастағы шыншылдығы мен адалдығын жыр етіп айтады.  Басқалармен тіл табысуы сауданы берекелі етіп, мол пайдаға қарық болғанын тамсана отырып әңгімелейді. Осыдан Хадишаның Мұхаммедке (с.ғ.с.) деген ынтызарлығы арта түсіп, Нафиса бинт Мунаббиһ атты әйел арқылы сөз салғызады.  Болашақ Пайғамбар(с.ғ.с.) бұл жайында көкелерімен ақылдасып, Хадишаны айттыруға көкесі Әбутәліпті жібереді. Бибі Хадишаның мәһрі Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) тұрмысқа шығарда Хадиша анамыздың белгіленген мәһрі 468 грамдай алтын болды. Бибі Хадиша құрайыш тайпасы әйелдерінің ішіндегі ең тектісі, әрі көріктісі және мал-мүлік жағынан да артығы болатын. Мекке жұрты оны қадірлеп «Таһира» – «пәк таза» деп атады. Бай-манаптардың көбісі оған үйленуді армандады. Бірақ ақылды әйелдің таңдауы Пайғамбарымызға(с.ғ.с.) түсті. Бұл кезде болашақ Пайғамбардың (с.ғ.с.) жасы жиырма бесте, ал Хадиша (р.а.) анамыздың жасы қырықта еді.

Тапқырлық

Пайғамбар(с.ғ.с.) отыз беске келгенде Қағбаның қабырғаларын сел шайып кетіп, араб тайпалары оны қайта тұрғызуға кіріседі. Алайда, олар қасиетті қара тасты орнына қою мәселесінде бір мәмілеге келе алмайды. Өйткені, мұндай үлкен мәртебеден барлығы да үмітті еді. Соңында олар «Бұл таласқа өз төрелігін  Қағбаға бірінші келген кісі айтсын» деген тоқтамға келеді. Сол кезде Аллаһтың қалауымен қасиетті құлшылық орнына болашақ Пайғамбар Мұхаммед (с.ғ.с.) кіріп келеді. Оны көрген көпшілік  қатты қуанады. Өйткені, Ол (с.ғ.с.) өмірінде өтірік айтпаған ең сенімді әрі әділ болатын. Мән-жайға қаныққан болашақ  Пайғамбар (с.ғ.с.) бір матаны жайып, оның үстіне қасиетті қара тасты қояды. Әр тайпаның бір-бір өкілі матаның шеттерінен ұстап, тасты орнына жайғастырады. Тайпа көсемдері бұл тапқырлыққа дән риза болысып, тарасады.

 

Хира үңгірінде

Өзіне пайғамбарлық келместен бұрын Мұхаммед (с.ғ.с.) Мекке сыртындағы таудың Хира атты үңгірінде Ибраһим (ғ.с.) пайғамбардың  ғибадатымен жұрттан жырақ, оңаша  Аллаһ тағалаға құлшылық жасайтын. Қырыққа толған шағында сол әдетімен үңгірде ғибадат  етіп жатқанда оған (с.ғ.с.) Жәбірәйіл (ғ.с.)  келіп: «Оқы!» – деп бұйырады. Ол (с.ғ.с.): «Мен оқи алмаймын», – дейді. Сонда Жәбірәйіл  (ғ.с.) Оны (с.ғ.с.) қатты қысып,  босатып жібереді де: «Оқы!» – дейді. Мұхаммед (с.ғ.с.): «Мен оқи алмаймын», – дейді. Жәбірәйіл (ғ.с.) оны тағы да қысып: «Оқы!» – деп әмір етеді. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Мен оқи алмаймын», – деп қайталайды. Сонда Жәбірәйіл (ғ.с.): «Жаратқан Раббыңның атымен оқы! Адамды ұйыған қаннан жаратқан. Оқы! Раббың сенің ардақты! Ол қаламмен үйреткен» («Алақ» сүресі, 1-4-аяттар), – деп Құраннан алғашқы аяттарды уаһи етеді. Содан кейін (ғ.с.): «Уа, Мұхаммед(с.ғ.с.)! Расында, сен АллаҺтың Елшісісің(с.ғ.с.)!» – деді де көзден ғайып болды. Бұл  оқиғадан қатты қорыққан Пайғамбар (с.ғ.с.) үйіне келіп жұбайы Хадишаға (р.а.)  болған жәйтты  толық айтып береді.

 Уарақа ибн Нуфил  Уарақа ибн Нуфил ибн Әсәд ибн Абдулузза  Хадишаның (р.а.)  әкесімен туысқан ағасы еді. Хадиша (р.а.)  Пайғамбарды (с.ғ.с.) оған ертіп барып, болған оқиғаның  сырын сұрайды. Уарақа өз заманының оқымыстысы әрі тақуа  болатын.  «Мұхаммедтің көргені Мұса (с.ғ.) пайғамбарға түскен Намус (Жәбірәйіл  (ғ.с.) періште» ), – деп, оған пайғамбарлық келгенін хабарлайды. Ол: «Кәрі қойдың жасындай жасым қалды. Ондай бақытты күндерді, сірә көре, алмаспын», деп қатты өкінеді.

 

Уаһи түрлері

  1. Пайғамбар (с.ғ.с.) ұйықтап жатқанда көретін шынайы түсі.
  2. Періштенің Пайғамбардың (с.ғ.с.) көзіне көрінбей оның жүрегіне салатын уаһиы.
  3. Періштенің адам кейпінде келіп хабарлауы.
  4. Қоңырау соғылғандай қатты дауыспен келуі. Бұл Пайғамбар (с.ғ.с.) үшін ең ауыр уаһи түрі болған.
  5. Періштені Аллаһ тағала жаратқан шынайы алып бейнесінде көруі.
  6. Аллаһ тағаланың Миғраж түні періштесіз тікелей түсірген уаһиы.
  7. Аллаһ тағаланың Өз сөзін Пайғамбарға (с.ғ.с.) періштесіз түсіруі.

 

Жасырын шақыру

 Бұл оқиғадан кейін  Аллаһтың әмірімен Пайғамбар (с.ғ.с.) өзіне жақын адамдарды жасырын түрде Ислам дініне шақыра бастады. Дінге ер кісілерден  ең бірінші досы Әбу Бәкір (р.а.), әйелдерден жұбайы Хадиша (р.а.), балалардан Әли ибн Әбутәліп (р.а.), құлдардан қызметшісі Зәйд (р.а.), күңдерден Умму Айман (р.а.) кірді. Ал,  Әбу Бәкірдің (р.а.)себепші болуымен бес адам исламды қабылдайды. Олар: Осман ибн Аффан (р.а.), Зубәйр ибн Аууам (р.а.), Әбдірахман ибн Ауф (р.а.), Сағыд ибн Әбу Уаққас (р.а.) және Талха ибн Убайдуллаһ (р.а.). Осыдан соң Пайғамбар (с.ғ.с.) жария үгіт кезеңі келгенше үш жыл бойы өзінің жақындарын Ислам дініне шақырумен болды.

 

Жария  шақыру

Аллаһтан жария үгіт туралы әмір жеткенде Пайғамбар (с.ғ.с.) қауымын жинап алып: «Егер мен мына таудың арғы жағынан сансыз қолы бар дұшпан келіп шабуыл жасағалы тұр десем сендер маған сенер ме едіңдер?» – деп сұрайды. Сонда олар: «Әрине, сенеміз. Өйткені, сен ешқашан да өтірік сөйлемегенсің», – десті. Сонда Пайғамбар (с.ғ.с.)  өзінің Аллаһтың Елшісі (с.ғ.с.) екендігін айтып: «Лә иләһә иллаллаһ («Аллаһтан басқа Құдай жоқ») десеңдер құтыласыңдар!» – деді. Бұған меккеліктердің ешқайсысы  жауап қатпады. Олардың арасында тек Әбу Ләһаб қана Пайғамбарға (с.ғ.с.) тіл тигізіп, балағаттады. Осы оқиғадан кейін адамдар біртіндеп жаңа дінге кіре бастады. Ал, Меккені билеп тұрған құрайыш тайпасының басшылары  Пайғамбарға (с.ғ.с.) иман келтіргендерге қорлық көрсетіп, қудалауға кірісті.

Эфиопияға қоныс аудару

Аллаһқа серік қосушы меккеліктердің қуғындауы  қатты күшейген кезде Пайғамбар (с.ғ.с.) бір топ мұсылмандарға діндерін сақтап қалу үшін Эфиопияға  көшуді бұйырады. Онда Нәжжаши атты әділ патша бар екендігін айтты. Қоныс аударушылардың саны он бір ер, бес әйел болатын. Бұл исламның бесінші жылы еді. Алайда,  олар сол жылдың өзінде Меккеге қайта оралды. Олар: «Меккеде жағдай түзеліп, адамдардың көпшілігі иман келтірді» деп ойлаған болатын.  

Эфиопияға екінші рет көшу

Меккеге келген олар  мұндағы жағдайдың жақсармағанына көздері жетіп, Эфиопияны қайта бетке алады. Бұл жолы олардың саны көбейіп, сексен екі ер, он сегіз әйел болды. Бұл алғаш уаһи түскеннен кейінгі алтыншы жыл еді.  Мұсылмандар екінші мәрте қоныс аударғаннан кейін оларды кері қайтару үшін құрайыштар Эфиопия патшасы Нәжжашиге Амр ибн Ас бастаған бір  топты жіберді. Алайда әділ патша Амр ибн Аспен бірге мұсылмандардың өкілі Жағфар ибн Әбутәліптің де сөзін тыңдаған соң  мұсылмандарды Меккеге қайтарудан бас тартады.

Құрсауда

Мұсылмандарды азаптаумен діндерінен қайтара алмасын білген құрайыштың қаныпезер рубасылары жиналып, барлық иман келтіргендер мен һәшим, Мутталиб әулеттерімен  қарым-қатынасты  үзетіндіктерін  мәлімдейді.  Басқалардың олармен сауда-саттық жасауларына қатаң тыйым салады. Мұсылмандар үшін өте ауыр болған бұл кезең үш жылға созылады. Азық-түлік таусылып, әбден ашыққан мұсылмандар  ағаштардың жапырақтарын, өсімдік тамырларын қорек етеді. Кейбір  жомарт жандар  оларға көмектесуге барын салды.  Олар құрайыш рубасылары мен мұсылмандар арасындағы жасалған келісім-шартты жоймақшы болады. Қағбаның ішінде сақтаулы тұрған құжатты көріп барлығы таң тамаша қалысады. Өйткені келісімдегі «Аллаһтың атымен» деген сөзден басқа жазудың барлығын тышқан жеп тастаған болатын. Осындай қиын-қыстау кезеңде  мынадай кісілер мұсылмандарға қолынан келгенше көмек қолын созды :

 

  1. Һишәм ибн Амр
  2. Зуһәйр ибн Әбу Умәйя
  3. Әл-Мутғим ибн Адий
  4. Әбул-Бухтури ибн Һишәм
  5. Зумға ибн әл-Әсуәд.

 

Қаралы  жыл

Алғаш уаһи түскеннен кейінгі оныншы жылы Пайғамбарды (с.ғ.с.)   үнемі қолдап,жанынан табылған көкесі Әбутәліп дүние салады. Артынша бірнеше күннен кейін рухани тірегіне айналған,  сүйікті жұбайы Хадиша (р.а.) қайтыс болады.  Екі бірдей жақынан айырылған  АллаһЕлшісі (с.ғ.с.)     қатты қайғырады. Бұл ислам тарихына қаралы жыл деген атпен енді.

Таиф қаласына сапар

Көкесінің қазасынан кейін  құрайыштардың Пайғамбарға (с.ғ.с.) деген қарсылығы  күшейе түскені соншалық, әбден шарасы таусылған  Аллаһ Елшісі (с.ғ.с.) сырттан жәрдем іздеп Таиф шаһарына барады. Алайда, қала халқы Нәбидің  (с.ғ.с.) дағуатына құлақ салмайды. Керісінше тас лақтырып, қуады.  Аллаһ тағала Оған  (с.ғ.с.)     тау періштесін жіберіп, егер  қаласа  қаланың үстіне  тауды төңкере салатындығын айтады. Сонда рахым  Пайғамбары (с.ғ.с.): «Жоқ, мен олардың ұрпақтарынан еш серік қоспай, жалғыз Аллаһқа табынатын мұсылмандар шығады деп үміттенемін», – деп жауап қайырады.

Исра және миғраж мұғжизасы

«Исра» сөзі «түнгі сапар», «миғраж» «жоғары көтерілу» деген мағынаны білдіреді. Мәдина қаласына қоныс аударудан бір жарым жылдай  бұрын бір түні Пайғамбарға (с.ғ.с.) Жәбірәйіл (ғ.с.) періште келеді. Оның қасында тек пайғамбарлар ғана мінетін Бурақ (қазақтың «пырақ» сөзі осыдан шыққан) атты жүйрік жануар бар екен. Пайғамбар (с.ғ.с.) Жәбірәйілдің (ғ.с.) айтуымен осы жануарға мініп Бәйтул-Мақлиске (Иерусалим шаһарына) бір сәттте-ақ жетіп барады. Әл-Ақса мешітінде оны  басқа пайғамбарлар  күтіп отыр екен. Пайғамбар (с.ғ.с.) оларға имамдық етіп, бірге намаз оқиды. Бұл Оның (с.ғ.с.) басқа пайғамбарлардан артықшылығына дәлел. Сосын Жәбірәйіл (ғ.с.) періштемен бірге көкке көтеріледі. Аспанның бірінші қабатында Адам (ғ.с.) пайғамбармен  кездеседі. Екінші қабатта Иса (ғ.с.)  және Жақия (ғ.с.)  пайғамбарлармен  жолығады. Үшінші қабатта Жүсіп (ғ.с.)  пайғамбарды  көреді. Төртінші қабатта Ыдырыс (ғ.с.) пайғамбарды көрсе, бесіншісіндн Һарун (ғ.с.)  пайғамбарға  жолығады.  Одан кейін Мұса (ғ.с.)  пайғамбарды кездестіреді. Жетінші қабатқа  көтерілгенде Меккедегі Бәйтулла-Қағбаның дәл үстінде орналасқан Бәйтул-Мағмурды, оған қажылық жасап жатқан сан мыңдаған періштелерді көреді.  Сосын әлемдердің шегі – Сидратул-Мунтаһаға  барады. Осы жерде Жәбірәйіл  (ғ.с.) тоқтап, Пайғамбарға (с.ғ.с.): «Енді  алға жүрсең өтесің, ал мен жүрсем күйіп кетемін», – деп осы жерде қалатындығын айтады. Пайғамбар (с.ғ.с.) одан әрі ешбір жаратылыс иесі басып көрмеген орынға жалғыз өзі барып, Раббысымен сөйлеседі. Аллаһ тағала осында намазды  бес уақыт намазды парыз етеді. Пайғамбар (с.ғ.с.)  Исра және Миғраж оқиғаларын бір-ақ түнде басынан  кешіреді. Ол таңертең жиналған қауымға түнде болған керемет мұғжизаны әңгімелеп бергенде   дұшпандары мен кейбір иманы әлсіздері бұған сенбей, сенімдерінен шығып кетеді.

Шымкент қаласы орталық мешіті

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38