«Дұға» – негізі араб тілінен енген сөз. Ол тілдік жағынан – сұрау, шақыру, қалау, жәрдем өтіну деген мағыналарды береді. Ал терминдік жағынан Аллаһ тағаланың құдіретінің, ұлылығының алдында құлдың өз әлсіздігін сезініп, Оған шынайы ниетпен бет бұрып мұң-мұқтажын өтеуге жәрдем, көмек сұрауы дегенді білдіреді.
Осы тұрғыдан алсақ, дұға – құл мен Ұлы құдірет иесі Аллаһ тағаланың арасындағы ең берік байланыс құралы. Мүмкіндіктері шектеулі пенденің асыл-мұраттарын құдіреті шексіз Жаратқанға білдіріп, жәрдем тілеуі.
Аллаһ тағала адамзатты ерекше махаббатпен жаратып, сансыз нығметке бөледі. Адамның жаратылуының басты мақсаты – Ұлы Жаратушыны танып-біліп, оған мінәжат етіп бас ию. Сондай-ақ дұға – ғибадат. Пенденің дәрежесін көтеретін құлшылық. Пенде неғұрлым кішірейіп дұға жасаса, Ұлы Жаратушымыз да оның мәртебесін соғұрлым жоғарылатып, биіктете түседі.
Жаратылысқа зер салып қарайтын болсақ, жанды-жансыздың бәрі де өз тілдерімен бір Аллаһты еске алып, оған зікір, мінәжат етіп тұрғанын аңғарамыз.
Бұл жайлы Құранда Аллаһ тағала: «Жеті қабат аспан мен жер, сондай-ақ жаратылыс атаулы Аллаһты пәктейді. Оны мадақтап пәктемейтін ешнәрсе жоқ. Бірақ сендер олардың тәсбихтарын (пәктеулерін) түсіне алмайсыңдар. Шынында, Аллаһ өте жұмсақ, аса жарылқаушы»[1], – дейді.
Құран кәрімнің дұғаға ерекше тоқталуы әрі Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) дұғаның қалай жасалу керектігін тәлім етуі бұл істің қаншалықты маңызды екенін ұқтырса керек. Сонымен қатар адамзаттың асылынан келіп жеткен жүздеген, тіпті мыңдаған хадистер де дұғаның артықшылығына баса назар аудартуда. Ғаламға рахым ретінде жіберілген Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) үмметіне дұғаны қай кезде, қалай жасау керектігін өмірімен өрнектеп, үйреткен. Оның өміріне зер салсақ, ешбір сәтін дұғасыз өткізбеген. Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) жеткен дұғалардың өзі том-том кітаптарға жүк боларлық. Ендеше, Құран кәрімдегі аяттар мен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бірқатар хадистеріне сүйеніп, мәселені талдап көрелік. Құранда Аллаһ тағала: «Жындар мен адамзатты тек Өзіме ғана ғибадат жасасын деп жараттым» [2] деп өмірге келуіміздің мақсатын көрсетсе, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Дұға – құлшылықтың негізі»[3], – деп құлшылық негізінің дұға екенін ұқтырған. Құлшылықсыз, дұғасыз өткен өмірде мән-мағына да болмайды. Өйткені, Құран кәрімнің мына аяты да құлшылықпен, дұғаның маңыздылығын айшықтайды: «Айт (Мұхаммед с.ғ.с.)!: Егер дұғаларың болмаса, Раббым сендерді қалай бағаласын?…[4]».
Иә, құлшылығымыз бен дұғамыз болмаса, біздің құнымыздың, қадір-қасиетіміздің жоқтығын ескертуде. Сондай-ақ Аллаһ тағаланың құлына өте жақындығы Құранда былай баяндалады: «(Мұхаммед с.ғ.с.) егер құлдарым, Мен туралы сенен сұраса: Мен оларға өте жақынмын, тілек тілеушінің дұғасына жауап беремін. Ендеше, олар да әмірімді қабыл етсін. Және маған сенсін. Бәлкім, тура жол табар»[5]. Яғни, Аллаһ тағалаға шынайы сеніммен мінәжат жасап, ықыласпен дұға етсе, оны естіп, міндетті түрде дұғасына жауап қайтарады. Сондай-ақ Аллаһ тағаланың: «Маған дұға етіңдер, сендерге жауап беремін»[6] деген уәдесі бар.
Иә, Аллаһ тағала – құлдарының барлық дұға-тілектеріне жауап беруші. Осы тұста кейбіреулер: «Қанша дұға етсек те сұрағанымыз берілмейді. Сонда бұл аятты қалай түсінуге болады?»,- деп жатады. Мына нәрсені білгеніміз жөн: дұғаға жауап беру бір бөлек те, оны қабыл алу бір басқа. Аятта Аллаһ тағала өзіне жасалған барлық дұға-тілектерге жауап беретінін айтты. Ал, дұғада сұралған нәрсенің беріліп, берілмеуі, яғни тілектің қабыл болып, болмауы Аллаһ тағаланың хикметі мен қалауына қарай қилы жолмен жүзеге асады. Осыған қатысты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Аллаһ тағала өзіне дұға жасаған барлық адамның тілегіне жауап береді. Оның дұғаларға жауап беруі – дұға жасаған адамға сұрағанын беруі арқылы, яки, дұғасының сауабын ақиретке жинауы немесе жасаған дұғасының көлеміндей күнәсін кешіруімен болады[7]. Бірақ кісі күнә нәрсені немесе туысқандық қатынастың үзілуін тілемесе әрі дұғам қабыл болмады деп асығыстық жасамаса болғаны»[8], – дейді. Яғни, Аллаһ тағала құлдың сұраған нәрсесін береді немесе сауабын ақиретке қалдырады әрі күнәларын кешіреді. Олай болса, қай жағдайда да дұға етудің пайдасы шаш-етектен.
Бұл мәселені қарапайым тілмен тағы да былай түсіндіруге болады. Мысалы, бір сырқат адам дәрігерді көмекке шақырып, белгілі бір дәріні сұрады делік. Дәрігер әуелі: «Иә, құлағым сізде, не болды?» деп, оның шақыруына ілтипат білдіріп, жауап береді. Бірақ сұраған дәрісі ауруына яки басқа бір ағзасына кері әсерін тигізер болса, ол дәріні бермейді. Орнына басқа бір дәрі беруі мүмкін.
Міне, дәл осы тәрізді Ұлы Жаратушымыз да құлдарының барлық жасаған мінәжат, дұға, тілектеріне жауап береді. Бірақ сұралғанның бәрін қолма-қол ұсына салмайды. Себебі, біз көбіне мына пәни дүниенің өткінші пайдасын ғана күйттеп, мәңгілік дүниемізге кері әсер тиер нәрсені сұраймыз. Сұраған нәрсеміз кейбір жалған сезімдеріміздің яки, асығыс қабылдаған шешіміміздің нәтижесі болуы ықтимал. Кейбір жақсылық деп пайымдаған нәрселеріміздің ақыры біз үшін жамандық болуы мүмкін. Құранда Аллаһ тағала: «Жек көрген нәрселерің сендер үшін қайырлы болуы мүмкін. Ал, жақсы көрген нәрселерің сендер үшін жаман болуы мүмкін. Аллаһ біледі, сендер білмейсіңдер»[9], – дейді. Сондықтан кейбір сұраған нәрселеріміз берілмеген жағдайда: «Дұғам қабыл болмады» дегеннен гөрі «Тілегімнің орындалмауы мен үшін қайырлы шығар», – деп Жаратқанның жазғанына риза болған жөн.
Кейде асығыстық жасап, әлі пісіп-жетілмеген нәрселерді уақыты келмей жатып, шикілей жинап алуды қалаймыз. Аллаһ тағала осындай көңілі мен сезімдеріне ұнамды әр нәрсені сұрай беретін құлына ненің керекті, ненің қажетсіз, дүниесі мен ақиретіне қай нәрсенің пайдалы, қайсысының зиянды екенін жақсы білгендіктен, құлдың тілегін Өзінің хикметіне қарай береді яки сұрағанынан да абзалын нәсіп етпек. Мысалы, біреу Аллаһ тағаладан ер бала тілеуі мүмкін, ал Аллаһ тағала оған қатардағы ер баладан да қайырлы қыз бала нәсіп етуі мүмкін. Имранның әйелі Жаратушыдан ұл бала тіледі. Алайда, Ұлы Жаратқан оған ұл баладан да қайырлы қыз сыйлаған жоқ па? Имранның әйелі Иса (ғ.с.) пайғамбарды дүниеге әкелетін Мәриям анамызды босанған еді ғой.
Ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) айтқанындай «Дұға – ғибадат»[10]. Біз ғибадатты осы дүниеде пайдасын көру үшін жасамайтынымыз белгілі. Сол секілді дұғаны да ғибадат ретінде орындап, жемісін ақиретте көретіндігімізге сену керек. Сондықтан да дұғада сабырлық пен табандылық қажет. Осы тұста мына бір-екі ғибратты оқиғаны айта кетейік: Кезінде бір Мәлік ибн Динар деген әулие кісі өмір сүрген. Ол қажылыққа кетіп бара жатып, бір қызық оқиғаға куә болады. Тұмсығында наны бар бір құстың жол шетіндегі жартасқа түсіп шығып, аузындағы нанын тастап, қайта ұшып келіп жүргенін байқайды. Не де болса бұл жерде бір гәп бар деп, әлгі жартасқа өрмелей бастайды. Біраз жоғары шыққаннан кейін таң қаларлық көрініске куә болады. Аяқ-қолы маталып, шұңқырға тасталған бір кісіні көреді. Үсті-басы әбден күнге күйіп, терілері сыпырылып түсе бастаған екен. Ол өз көзіне өзі сенбей:
– Әй, сен адамсың ба, жынсың ба? – деп дауыстайды. Әл-дәрмені қалмаған әлгі бейшара ымдаған соң оны шығарып алады да не болғанын сұрайды. Сонда ол былай деп әңгімелейді:
– Мен қажылыққа кетіп бара жатқан едім. Біздің керуенге қарақшылар шабуыл жасап, жолдастарымның бәрін түк қалдырмай тонап кетті. Мен қарулы болғандықтан, оңайшылықпен беріспедім. Әбден алысып, осы жерге дейін қашып келдім. Ақыры ұстап алып, не бар, не жоқ бәрін тартып алып, аяқ-қолымды байлап шұңқырға лақтырып кете барды. Осылайша күнге қақталып жатқаныма тура бір апта болды. Күн өткен сайын аштықтан бұратылып, әлсіреген үстіне әлсірей түстім. Ақыр соңында ешқандай үміт қалмаған соң: «Уа, Аллаһ тағалам! Өзіңнің разылығың үшін аптап пен шөлге қарамай жолға шықтым. Қандай күйге тап болғаным Өзіңе аян. Өзіңнен басқа жәрдем етер ешкім жоқ. Өзіңе ғана сыйынып, жалбарынамын, мені құтқара гөр!» деп тіледім. Дұғамды бітіргенім сол екен тұмсығында наны бар бір құстың маған қарай ұшып келе жатқанын көрдім. Ол көкірегімен қонып, тұмсығымен нанды үзіп-үзіп аузыма салды. Шамалы болса да әлденіп алдым. Біраздан кейін қайдан әкелгенін қайдам бір ыдыспен су әкеліп, көкірегімен қонып, су ішкізді. Осылайша мені аштықтан құтқарды. Әлгінде де біраз нан әкелгені сол еді, артынша сен келдің.
Мәлік ибн Динар өз көзіне өзі сенбей аң-таң қалды. Ақыры әлгі адамның аяқ-қолын шешіп, керуенге жеткізіп салды. Осы кезде олар әлгі құстың аспанда қалықтап ұшып, шиқылдап жүргенін көрді. Әулие Мәлік ибн Динар құстың бұл қылығын:
– Бұл құс саған былай деп жатқандай: «Аллаһ тағаладан шын көңілмен сұрасаңдар, Ол дұғаларыңды қабыл етеді. Күтпеген жерден орайын келтіріп, құстардың өзін көмекке жібереді»[11] деп жорыған екен. Иә, атам қазақ «Шын жыласа, соқыр көзден жас шығады» деп бекер айтпаған ғой. Тағы бірде Әбул Ғариб әл-Исфахани деген машайық болған екен. Ол Тарсұс қаласын өте жақсы көрсе керек. Шираз шаһарында жүрген кезде қатты ауырып, төсек тартып жатып қалады. Әл үстінде жатқан ол басына жиналып отырғандарға қарата:
– Өліп кетер болсам, мені осы кәпірлердің мазаратына көміңдер. Аллаһтың разылығы үшін сұраймын. Менің басқа ешқандай тілегім жоқ,- дегенде, қасындағылар аң-таң қалып:
– Уа, хазрет! Бұл сөзіңізді қалай түсінуге болады? – деп сұрайды. Сонда ол:
– Мен Аллаһ тағалаға ұдайы: «Уа, Жаратқан! Саған аз да болса қадірім болса, мені Тарсұста жанымды ала гөр!» деп жалбарынудамын. Бірақ, осы жерде көз жұматыныма қарағанда, Аллаһ тағаланың алдында ешқандай қадір-қасиетімнің жоқ екенін түсіндім. Сондықтан да менің тілегімді орындасаңыздар екен, – дейді.
Таң қаларлығы сол, әл-Исфахани көз жұмбастан біраз бұрын шамалы жазылып, өзінің сүйікті қаласы Тарсұсқа кетеді. Көп ұзамай сол қалада қайтыс болады. Оның қабірі қазір осы Тарсұста екен.
Мұндай оқиғаны алыстан іздемей-ақ өз өміріңізге де зер салсаңыз, талай қиналған кезде Жаратқанның жар болып, көмектескенін байқаймыз. Алайда, пенделікпен оның барлығын ұмытып кете баратымыз да шындық. Иә, Аллаһ тағаланың құдіретінде шек жоқ. Оған шын көңілмен сену қажет. Дұға – иманымыздың айнасы. Сеніміміздің беріктігіне қарай, дұғаға деген құлшынысымыз да көбірек болуы қажет.
«Дұға жасасам да, жасамасам да тағдырда не жазылса соны көремін» деп дұғаға немқұрайлы қарамау керек. Өйткені, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Дұға басымызға түскен және келейін деп тұрған қиындықтан шығуға пайда береді» деген. Яғни дұға арқылы басымызға түскен ауыр жағдайдан құтылуға тырысамыз. Өйткені, дұғадан асқан қару жоқ. Сонымен қатар дұға келгелі тұрған түрлі қиындықтың (пәленің) алдын алады.
Кейбір ғалымдар «Ғафир» сүресіндегі: «Маған құлшылық етуден паңсынғандар қор болып, тозаққа кіреді»[12] деген аяттағы құлшылық етуді дұға деп тәпсірлеген. Өйткені, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Дұға – ғибадат» дегеннен кейін осы аятты оқыған. Олай болса, дұға жасамағандар – тәкәппарлық танытқан болып саналады. Ол дегеніңіз, Аллаһ тағаланың құдіретіне сенбеушілік қой. Ал, бұл иманның кемшіндігін аңғартады. Сондықтан аятта қатаң ескерту жасалған. Ал дұға жасаудың өзіндік шарттары мен әдептеріне келесі санда тоқталайық.
Шымкент қаласы орталық мешіті