Айлардың сұлтаны Қасиетті Рамазан Айы, Алла Тағаланың пенделеріне нәсіп еткен шексіз мейірімінің бір айғағы. Бұл айда Аллаға мойынсұнған жұмыр басты пенделерге сауап жинаудың өте көп мүмкіндіктері берілген. Бұл туралы Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің мүбәрак хадистерінің бірінде:
«Мұсылмандар үшін бұл айдан қайырлы ай жоқ», – дейді. Басқа бір хадисте: «Бұл айдың басы – рахымшылық, ортасы кешірім, соңы жаһаннамнан азат болу. Кімде-кім осы айда қол астындағы адамдарға жақсылық жасас, Алла оның күнәларын кешіреді және оны тозақ азабынын құтқарады» және бір хадисте періштелердің ауыз ашатын уақытқа дейін ораза ұстағандардың күналары кешірілуін тілеиді.
Міне, осы хадистерде айтылғандай, Рамазан айында шексіз мейірімді Жаратушы Жаппар Иеміз жасалған игі істердің сауабын еселеп беріп, Өзінің жомарттық сипатын айдай әлемге паш етеді. Имам Байхақи риуаят еткен бір хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
«Кімде-кім Рамазанда Алла үшін кішкентай бір жақсылық жасаса, басқа айларда парыз өтегендей сауап алады. Ал, осы айда бір парыз өтеген адам басқа айларда 70 парыз өтегеннің сауабындай сауап алады», – деді. Жамандықтан тыйып, жақсылыққа жетелейтін осы бір ұлық айда садақамыздың сауабын сан еселеп, жасаған құлшылығымызды құзар шыңға көтеріп, сансыз сауап сыйлаған құдіретті Жаратушы құлдарын құзырына шақырып рақым қақпасы – Райанды айқара ашып, әзәзіл шайтанның аяғына кісен салып, ақиреттік азығымызды жинауға мұрсат берді. Міне, бұл түсінген жанға берілген телегей-теңіз, көл-көсір қазына. Ақиқатында, ізгілік істеп, Алланың алдында абыройға ие болудан асқан байлық болмас, сірә.
«Шынында, садақа Алланың азабының жалынын өшіріп, жаман өлімнен сақтайды», – дейді. Және бір хадисте: «Әрбір игі іс – садақа», дейді. Мінеки, ақиретте Алланың азабын жеңілдетіп, жәһаннамның жалынын өшіретін садақаның сауабы қандай керемет десеңізші!. Қасиетті Рамазан айы қайырымды жандар үшін мол мүмкіндіктер маусымы. Оразада жасалған әрбір қайырлы іс-үлкен сауап. Бірде Пайғамбарымыз Мұхаммедтен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір кісі: «Уа Алланың Елшісі, ең жақсы адам кім?», – деп сұрағанда, ол: «Ең жақсы адам – қоғамға, елге пайдасы тиген адам», – деп жауап берген екен. Басқа бір хадисте. «Алла Тағала ең болмаса бір түйір құрма, тіпті бір ұрттам сумен болса да қамқорлық жасағанға сауап жазады…» – деген.
Ораза адам жанын тазартып, жаман қылықтардан сақтайды. Қасеитті Құранда Алла Тағала былай дейді. «Ей, иман еткендер Күналардан сақтанып, тақуалыққа жетулерің үшін сендерге бұрынғыларға парыз етілгендей ораза парыз етілді» бұл аятта айтылғандай оразаның мақсаты мұсылманды тазартып, тақуалық дәрежеге жеткізу. Құрметті мұсылман жамағаты қасиетті ораза айы құтты, мұбарак болсын. Алла тағала баршамыздың оразаларымызды, берген садақаларымызды, әрбір игі ісімізді қабыл етсін.
ОҚО Арыс қаласының бас имамы Абдулқамал .А