Бақдәулет қажы НҰРМАТҰЛЫ, Шымкент қаласының бас имамы
Қасиетті кітабымыз Құранда «Қадір» деген арнайы сүре бар. Бұл сүре 5 аяттан тұрады. Атауы алғашқы аяттағы «лейләтульқадр», яғни «Қадір түні» сөзінен алынған. «Қадір» сөзі «тағдыр», «құдірет», «өлшем», «қадір-қасиет» деген мағыналарды білдіреді. Сүреде қасиетті Қадір түні жайлы айтылады.
Алла Тағала осы сүреде былай баяндайды: «Біз оны (Құранды) қадір түні түсірдік. Қадір түні не екенін білесің бе, (Алла білдірмесе,) қайдан білесің? Қадір түні мың айдан да артық. Ол түні періштелер мен Рух Раббыларының рұқсатымен әр түрлі іс атқару үшін лек-легімен түскен үстіне түсе береді… (Әсіресе риясыз құлшылықпен өткізгендер үшін) ол түн таң бозарып атқанға дейін мейірім мен есендік түні болмақ».
Осы ретте Қадір түні кезінде орындалатын абзал амалдар жайлы баяндап өтуді жөн көрдік. Бұл түні, ауызашар кезінде көп дұға жасаған абзал. Ауызашар кезінде жасалған дұға Алланың құзырында сөзсіз қабыл болатындықтан көп дұға жасап, Жаратушы Жаббар Иемізден екі дүние бақытын сұрап, күнәларымыздың кешірілуін тілеуіміз тиіс.
Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл жайлы: «Үш адамның дұғасын Алла Тағала кері қайтармайды. Ол: ораза ұстаушының ауызашарда жасаған дұғасы, әділ имам немесе әділ билеушінің жасаған дұғасы, жәбір көрген пенденің жасаған дұғасы. Расында Алла мен осы үшеуінің арасы еш пердесіз, дұғалары жедел қабыл болады» деген.
Абдулла ибн Әмір ауызашар кезінде: «Раббым! Өзіңнің мейірімділігіңмен жалбарынып сұраймын! Сенің рақымшылдығың барлық нәрседе кең! Менің жасаған күнәларымды кешіре гөр!» деп дұға ететін.
Қадір түнінде Алла Тағала Жәбірейілге (оған Алланың сәлемі болсын) бір топ періштемен жер бетіне түсуге әмір етеді. Сөйтіп олар таң атқанға дейін тұрып, отырып, намаз оқып Алланы еске алып тұрған барлық мүміндерге Алланың сәлемін жеткізеді де, олармен амандасып, жасаған тілектеріне «әмин» деп қосылады. Таң намазы шыққан соң Жәбірейіл (оған Алланың сәлемі болсын) періштелерге: «Уа, періштелер қауымы! Өз мекендеріңе қайтыңдар!» дейді. Сонда олар: «Уа, Жәбірейіл (оған Алланың сәлемі болсын)! Алла Тағала Ахмет үмбетінің мұқтаждықтарына қандай жауап қатты» деп сұрайды. Сонда Жәбірейіл (оған Алланың сәлемі болсын): «Алла Тағала оларды өз қорғауына алып, ғапу етіп, күнәларын кешірді. Тек араққа салынған, ата-анасын сыйламай, қарсы шығатын, туған-туыстарымен араласпайтын, үнемі бауырына кектеніп жүретін адамнан теріс айналды» деп жауап берді.
Қадір түнінде Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айтқан дұғаны жасаған абзал. Бір күні Айша анамыз (Алла оған разы болсын) Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, Алланың елшісі! Қадір түні кірген уақытты білсем, қандай сөз айтайын дегенде, Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Аллаһумма иннәкә афуун кәримун тухиббу әл-афу фафу анни» деп айт!» деген. Бұл дұғаның мағынасы мынадай: «Я, Раббым! Расында Сен өте кешірімді әрі жомартсың және кешіруді жақсы көресің. Мені де кешіре гөр!».
Қадір түнінде көбірек Құран оқып, сауап алуға тырысқан абзал. Құран оқудың, жаттаудың артықшылығы өте көп. Соның бірі – Құран оқыған адамның жүрегін тот баспайды. Су тиген темір тоттанатыны секілді, жүректі де тот басады. Ал оны тазартатын ем – Құран оқу. Құран оқудың, оны жаттаудың, оған амал етудің сауабы көп болғаны секілді, оны тыңдаудың да пайдасы мол. Алланың сөзін естіген адам жұпар иіске бөленгендей күй кешеді. Бұған қатысты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Құранның мысалы аузы жабылған хош иіссудың құтысы секілді. Егер оны ашсаң, жұпар иісі аңқиды. Егер оны ашпасаң, жұпар иісі пайдаланылмай тұрады. (Міне, бұл өзің оқыған) Құранның және (оқылмай) көкірегіңде қалған Құранның мысалы». Міне, осындай аят-хадистер біздің Құранға деген махаббатымызды, Құдайдың сөзіне деген құштарлығымызды оятады.
Қадір түнінде көп намаз оқыған абзал. Намаз – Алла мен құл арасындағы байланыс негізі. Бес уақыт намазды орнымен оқып, үлкен күнә жасамаған адамның кіші күнәлары кешірілетіні жайлы аяттар мен хадистер бар. Құранда Алла Тағала «Анкабут» сүресінде: «(Ей, Мұхаммед!) Саған уахи етілген кітапты оқып, намазды орында. Күдіксіз намаз арсыздық пен жамандықтан тыяды» деп баяндаған.
Қадір түнінде Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көп салауат айтып, оның шапағатын тілеген абзал. Алла Тағала Қадір түніндегі игі амалдарымызды қабыл етіп, өз мейіріміне бөлегей. Әмин!