Қадір түні туралы қасиетті Құран Кәрімде және Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауатты мен сәлемі болсын) хадис шәріптерінде кеңінен баяндалған. Құранда «Қадір сүресі» деп аталатын арнайы сүре де бар. Онда былай делінген: «Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын»! «Біз оны (Құранды) Қадір түнінде түсірдік. Қадір түнінің не екенін қайдан білесің? Қадір түні мың айдан қайырлы. Ол түні әрбір іс үшін Раббыңның рұқсатымен періштелер және рух (Жәбірейіл періште) түседі. Таң атқанша тыныштық жалғасады» (Құран Кәрім 97/1-5). Осы сүредегі «қадір» сөзі ұлылық, абырой, мөлшер, құдірет мағыналарын білдіреді. Аяттарда Қадір түнінде ненің түсірілгендігі туралы нақты айтылмаған, тек «оны түсірдік» делінген. Ал, «Бақара» сүресіндегі мына аятта былай делінген: «Рамазан айы сондай бір ай, ол айда адам баласына тура жол және (ақ пен қараны) айыратын дәлел түрінде Құран түсірілді» (Құран Кәрім, 2/185). Осы аяттар негізінде Құранның Рамазан айында түсірілгені және Қадір түнінің де осы айда болатыны туралы қорытынды жасай аламыз. Жалпы, Қадір түнінің Рамазанның қай уақытында екендігі туралы Құран Кәрім мәлімет бермейді. Бұл туралы келтірілген хадистер әр түрлі түндерді алға тартуға болатынды көрсетіледі. Қазіргі кездегі ұстанымдар бойынша Рамазанның 26-нан 27-күнге қараған түнді Қадір түні деп бекіткен. Бұл Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауатты мен сәлемі болсын) кейінгі көзқарастар деуге болады. Өйткені, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауатты мен сәлемі болсын) тарапынан Құран Кәрімде Қадір түнін дәл қай түн екені туралы нақты мәлімет бергенде бұндай әр түрлі көзқарастар болмас еді деп ойлаймыз. Жоғарыдағы аятта Қадір түні не екенін білесің бе? деп, Пайғамбарға (оған Алланың салауатты мен сәлемі болсын) қарата айтуында да терең мағына жатқаны анық. Шын мәнінде, қадір түнінің қай түн екенінің нақты айтылмағанында да үлкен хикмет бар деуге болатындай… Расында да Рамазан айының барлық түндерін Қадір түні дей отырып, құлшылық жасағанға ешнәрсе жетпес… Басқасын айтпағанда тек жоғарыда келтірілген аяттарға ғана үңілетін болсақ мына мәселелерді анық көре аламыз:
- Құран Кәрім Рамазан айында түсірілген;
- Құран – барлық адамзат баласын тура жолға бастайды;
- Құран тура жол мен теріс жолды ажырататын анық дәлелдерді қамтиды;
- Құран Кәрім Қадір түнінде (ұлылык, абырой, мөлшер және құдірет түнінде) түсірілген;
- Адамдар Қадір түнінің не екенін толық түсіне алмайды; Бұл жерде біздер үшін жасырылған өзге де хикметтер бар.
- Қадір түні мың айдан да қайырлы;
- Қадір түнінде көптеген істер шешіледі, Алланың бұйрықтары орындалады, шектен тыс мөлшерде игі істер атқарылады.
- Қадір түні таң атқанға дейін тыныштық болады.
Технологиясы мен ілім-білімі жоғары дәрежеде дамыған және ерекше қарқында арта түскен қазіргі кезеңде адамзат баласы үшін ең маңыздысы адамзатты тура жолға бастайтын Құран Кәрімді жете түсінумен, терең зерттеумен шұғылдану абзал болмақ. Құран Кәрім Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауатты мен сәлемі болсын) ең үлкен мұғжизасы, ол ғасырлар өтсе де ескірмейтін, мәнін жоймайтын дара жол бастаушы, сарқылмас қайнар бұлақ, жүректердің жұбанышы, ақылдың кені, көздің нұры, иманның айнасы. Рамазан айы Құран айы. Сол себепті де Қадір түнінде жасалатын ең абзал құлшылық Құранды, қияметке дейінгі адамзатқа тура жолды көрсететін қасиетті кітабымызды оқу және түсіну – біздерге берілген ең ұлы нығмет. Осы орайда біздер үшін ерекше мән берілуге тиісті нәрселер – Құранды тек қана оқу емес, оның мағынасын жете түсіну, аудармаларды тура мағынасында оқу болмақ. Жоғарыда атап өткендей, бүгінгі адамзат өркениеті дамыған заманда Құранды түсіну үшін әр түрлі құралдар, көптеген мүмкіндіктер бар. Аудармалар, түсініктемелер, интернет торабындағы арнайы беттер, зерттеулер бар. Осыларды пайдалана отырып біздер Құранды толыққанды түсіну үшін барлық мүмкіндікті пайдалануымыз керек. Алла Тағала баршамызды Өзінің тура жолында жүруді жазсын, әмин!
Ахметжан Керімбек Әл Фараби аудандық мешіттің бас имамы