Періштелердің көлемін жаратушы Алла анығырақ біледі. Дегенмен, қасиетті Құран аяттарында айтылған жағдайларға қарап, олырдың алыптығын аңғарамыз. Мәселен, Алла Тағала тозақтың есігін күзетіп тұрған періштелерді сипаттап, былай деген:
«Ей, иман келтіргендер! Өздеріңді де, жанұяларыңды да отыны адамдар, тастар болатын тозақтан сақтаңдар![1] Оның есігін қатал, өте күшті періштелер күзетіп тұрады.[2] Олар Алланың әмірлеріне асылық қылмайды, өздеріне бұйырылғанды (екі етпей) орындайды!».
Мысал ретінде Жәбірейіл періштенің алыптығын айтуға болады.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Жәбірейіл періштені шынайы болмысында екі рет көрген еді. Бұл туралы қасиетті Құранда мынадай аяттар бар:
«Ол оны көкжиекте анық көрді».[3]
«Ол оны екінші рет тағы көрді».[4]
Бірде Айша анамыз (Алла оған разы болсын) осы екі аят туралы пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) сұрайды.
– Бұл екі аятта Жәбірейіл періште туралы айтылған. Мен оны осы екі реттен басқа кезде шынайы болмысында көрген емеспін. Ол көктен түскен кезде аспан мен жердің аралығын тұтас алып тұрғанын көргенмін, – деп жауап береді пайғамбарымыз (с.ғ.с.).[5]
Бірде сахабалар Айша анамыздан (Алла оған разы болсын): «Сонан соң ол жақындап, төмендеді»,[6] – деген аяттың мәнісін сұрайды.
– Бұл Жәбірейіл періште болатын. Ол әдетте пайғамбарға (с.ғ.с.) адам бейнесінде келетін. Бірақ, сол жолы ол жаратылған періштелік болмысымен келді де, көкті тұтастай көмкеріп тұрды, – деп жауап береді оларға Айша (Алла оған разы болсын).[7]
Абдұллаһ ибн Масғұд атты сахаба былай деген:
«Расында, пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Жәбірейілді анық көрген. Ол алты жүз қанатымен көк пен жердің арасын көмкеріп тұрған».[8]
«Сөйтіп, ол Раббысының ең үлкен белгілерінің бірін көрді».[9]
Алла Тағала Жәбірейіл періштені Құранда былай сипаттаған:
«…Оған періштелер бағынады. Ол сенімді (елші)».[10]
Періштелердің қанаты
Періштелердің қанаттары болады. Біреулерінде екі қанат, енді біреулерінде үш, төрт қанаттан бар. Бұл туралы Жаратушы Иеміз баяндаған:
«Көктер мен жерді жаратушы Аллаға мадақ! Ол екі, үш, төрт қанатты періштелерді елші еткен. Ол жаратылыстарының қалағанын көбейтеді. Шынында, Алла барлық нәрсеге қадыр!».[11]
Осылайша періштелердің қанаттары бар екені, және олардың ерекшелігіне орай қанаттарының саны да әртүрлі екені мәлім болады. Жоғарыда біз пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) Жәбірейіл періштені көргенін, оның алты жүз қанаты бар екенін, әр қанатының арасы шығыс пен батыстың аралығындай екенін айтып өттік.
Періштелердің сұлулығы
Алла Тағала періштелерді сұлу, көркем, ізгі етіп жаратқан. Мәселен, Жәбірейілді (ғ.с.) Алла былай сипаттаған:
«Оған (Құранды) қуаты өте күшті, тұлғасы келісті (Жәбірейіл) үйреткен».[12]
Періштелер сондай көркем, келісті жаратылыс иелері деп, ал шайтандар сұмырай, сұрқай, көріксіз мақлұқтар деп қабылдаймыз. Сондықтан, көрікті, жақсы адамдарды «періштедей сұлу екен», «періштедей пәк екен» деп жатамыз. Бұған мысалды Құраннан да келтіруге болады. Мәселен, Жүсіп пайғамбарды (ғ.с.) көргенде естерінен тана жаздап таңқалған әйелдердің хәлі былай бейнеленген:
«Олар оны көріп таңқалғандары соншалық, қолдарын пышақпен кесіп отырғандарын да аңдамады, «Ей, Алла! Мынау адам баласы болуы мүмкін емес! Бұл періштенің өзі ғой!» – десті».[13]
Періштелер адамдарға ұқсай ма?
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деген:
«Маған бірқатар пайғамбарлар көрсетілді. Мұса (ғ.с.) – арықтау келген, Шануға тайпасының адамдарына ұқсаған кісі екен. Мәриямның ұлы Иса пайғамбарды (ғ.с.) да көрдім. Ол мен танитындардың арасында Уруа ибн Масғұдқа қатты ұқсады. Ибраһимді де (ғ.с.) көрдім. Ол мен танитындардың арасынан сендердің сүйікті достарыңа[14] қатты ұқсайды екен. Мен Жәбірейілді де (ғ.с.) көрдім. Ол Дахиге ұқсаған екен».[15]
Періштелердің өзара ерекшеліктері
Періштелердің саны қанша екенін Алланың өзі ғана біледі. Дегенмен, олардың түр-сипаты, атқаратын міндеті, дәрежесі тұрғысынан бір-бірінен ерекшеленетіні мәлім. Олардың Алла құзырындағы орындары да әр бөлек:
«Біздің әрбіріміздің белгіленген орнымыз бар».[16]
Мәселен, Жәбірейіл періште Алланың құзырында жоғары, құрметті орынға ие. Себебі, ол пайғамбарларға Алланың аманат еткен уахиін жеткізеді, адамзаттың тура жолға түсуіне себепкерлердің бірі саналады.
Сол сияқты, Бәдір соғысына[17] қатысқан періштелер де құрметке ие саналады.
Бірде Жәбірейіл:
– Бәдір соғысына қатысқан бауырларың туралы не айтасыңдар? – деп сұрайды пайғамбарымыздан (с.ғ.с.).
– Олар ең абзал мұсылмандар! – деп жауап береді ол кісі (с.ғ.с.)
– Бәдір соғысына қатысқан періштелер де біздің арамызда сондай құрметке ие! – дейді сонда Жәбірейіл (ғ.с.).[18]
Періштелерде жыныстық ерекшеліктер болмайды
Алла Тағала жаратылыстарын Өз қалауынша жаратады, қалауынша бейнелейтіні, тағдырын қалауынша белгілейтіні ақиқат. Әрбір жаратылысқа өзіне тән ерекшеліктерді, қасиеттерді нәсіп етеді. Мәселен, ғалымдардың зерттеулерінен мәлім болғандай, жұлдыздардың жарығы бізге жету үшін миллиондаған жарық жылына тең уақыт керек екен. Бұл өте көп уақыт. Ал, Жәбірейіл періште Алланың қалауымен жеті қат аспаннан жердегі Мұхаммед пайғамбарға (с.ғ.с.) көзді ашып-жұмғанша уахи жеткізіп отырғаны расында таңқаларлық жәйт емес пе?! Мұның бәрі де Алланың құдыретіне, қалауына байланысты.
Дегенмен, осыны түсіне білмейтін, жүректері имансыз қаңыраған[19] пенделер періштелерді де, Алланы да жоққа шығаруға, Құранды ойдан шығарылған дүние деп күстаналауға тырысқаны белгілі.
Ал, Алланың бар екенін білгенмен, Оны тану жолында адасқандар да періштелерге байланысты сан түрлі жорамалдар айтқаны белгілі. Мәселен, ертедегі араб мүшріктері періштелерді әйел жынысты деп пайымдаған. Ең сорақысы, оларды Алланың қыздары деп сенген.
Бұл туралы Жаратушы Иеміз былай деген:
«(Мұхаммед (с.ғ.с.),) олардан жақсылап сұрашы, Раббыңа қыздар тиесілі екен де, оларға ұлдар тиесілі бола ма екен?! Әлде, олар періштелерді әйел жынысты етіп жаратқанымызды көрген бе екен?! Олар қашанғы жалғандықтарына салып, «Алла туған» дегенді айтады. Шынында, олар нағыз өтірікшілер. Сонда олар қыздарды ұлдардан артық көргені ме?![20] Сендерге не болған, үкімді қалай шығарасыңдар?! Сендер ойланып, (Алланың перзенті жоқ екенін) ұғына алмадыңдар ма?».[21]
Қиямет күні Алла Тағала мұндай күпірлік сөзді айтушыларды азаптайды, не себепті олай айтқандарын сұрайды. Алла туралы білмейтініңді айту – үлкен күнә:
«Рахымды Алланың құлдары болып табылатын періштелерді олар әйел текті етіп алды. Періштелерді жаратқан кезде, олар соған куә болып тұрған бе екен?! Олардың мұндай сөздері жазылып алынады да, (қиямет күні) сұралады».[22]
Періштелер ішіп-жемейді
Алла Тағала нәсіп еткен қабілеттері мен қасиеттеріне, табиғаттарына орай, періштелер ішіп-жеуге мұқтаж етілмеген. Бұған мысал ретінде Ибраһим пайғамбарға (ғ.с.) Алланың әмірімен қонақ болып келген періштелерді айтуға болады. Ибраһим (ғ.с.) қонақ туралық салтымен оларға дастархан жайып, тағам әзірлейді. Бірақ, олар ешқандай дәмге қол созбайды, жемейді. Хазіреті Ибраһим (ғ.с.) бұдан шошынып қалады. Бірақ, қонақтар өзінің кім екенін баяндаған соң, оның жүрегі орнына түседі:
«Саған Ибраһимнің құрметті қонақтары туралы хабар жеткен бе еді? Олар оның үйіне кіргенде сәлемдесті. Сендерге де сәлем болсын, ей, бейтаныс қонақтар!» – деді Ибраһим. Ол ақырын ғана жанұясына барды да, семіз бұзауды (сойып) алып келді. «Дәм алып отырыңыздар!» – деді оларға. (Олардың жемегенін көріп), іштей сескеніп отырды. Сонда олар: «Қорықпа!» – деді де, оны білімді перзенті болатынын айтып қуантты».[23]
«Олардың тағамға қол созбағанын көріп, оларға күмәнмен қарады әрі іштей сескеніп қалды. «Қорықпа! Негізінде, біз Лұттың қауымына жіберілген елшілерміз», – деді олар».[24]
Осы және осы мәндес аяттарды негізге ала отырып, ғұламалар періштелердің ішіп-жемейтінін тұжырымдаған.
Періштелер шаршамайды
Періштелерге Алла нәсіп еткен қасиеттердің бірі – шаршамау. Олар тағат-ғибадат етуден, Алланың әмірлерін орындаудан әсте шаршамайды. Басқаша айтқанда, олар шаршау дегеннің не екенін білмейді. Бұл туралы мынадай аяттар бар:
«Олар (Аллаға) күндіз-түні мадақ айтудан шаршамайды!».[25]
«Егер олар тәкаппарланса, (білсін): Раббыңның құзырындағы періштелер Оны күндіз-түні мадақтаумен болады, және олар бұлай етуден еш жалықпайды!».[26]
[1] Бұл жерде жанұяның басшысы саналатын отағасы өзі үшін де, қарамағындағы жанұясы үшін де Алла алдында жауапты екенін көрсетеді. Сол үшін оның өзі Аллаға тағат-ғибадатты болып, жанұясын солай тәрбиелеуі керек. Аятты Сүфиян әс-Сәури: «Әрбір отағасы жанұясына діни ілімді үйретуі, Ислами әдепті сіңіруі керек», – деп түсіндірген. Ал, пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Бәрің де бақташысыңдар және әрбірің қарамағыңдағылар үшін жауаптысыңдар!» – деп ескерткен (Бұхари).
[2] «Тахрим» сүресі, 6.
Ибн Касир тәпсірінде бұл періштелердің сипаттары былайша баяндалады: «Тозақтық қауым айдалып тозақтың есіктеріне барғанда, оны қырық мың періште күзетіп тұрғанын көреді. Олардың жүздері қап-қара болып түнеріп тұрды. Алла олардың жүрегіне тозаңдай да мейірім салмаған. Олардың үлкендігі соншалық, екі иығының арасында құс екі ай тынбастан ұшар еді».
[3] «Тәкуир» сүресі, 23
Аяттың түсу себебі ретінде мына оқиға айтылады:
Пайғамбарымыз Мұхмаммед (с.ғ.с.) бiр күнi Жебiрейiл перiштеден: «Мен сенi жаратылған шынайы болмысыңда көрсем бола ма?» – деп сұрайды. Сонда Жәбірейіл перiште болмысымен көкжиектен көрiнедi. Оның алты жүз қанаты жер мен көктi тұтастай көмкерiп тұрады, басы аспанға тiрелсе, аяғы жердi алып жатады. Мұндай алып жаратылысты көрген пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сескенiп қалады. Сонда Жебiрейiл перiште былай дейдi:
– Ей, Мұхаммед! Сен менi көрiп таңданбай-ақ қойсаң да болады. Сен Исрафил перiштенiң алыптығын көрсең ғой! Оның басы Аршының астында тұрса, аяқтары жетi қат жердiң астын алып жатады. Ал, осындай алып болмыс Алланың қаһарынан қорқып, жиырылғанда, торғайдай-ақ болып қалады.
Осы оқиғаны әңгiмелеп бергенде имансыздар бұған сенбей, жалған санайды, тiптi жынды деп айыптауға дейiн барады. Сонда Алла Тағала пайғамбарымызды (с.ғ.с.) жаладан арашалап, айтқаны ақиқат екенін нықтау үшін осы аятты түсіреді.
Бұл хабар Құртуби тәпсiрiнде баяндалған.
[4] «Нәжім» сүресі, 13.
[5] Хадисті Имам Мүслим риуаят еткен.
[6] «Нәжім» сүресі, 9.
[7] Хадисті Имам Мүслим риуаят еткен.
[8] Имам Бұхари риуаяты.
[9] «Нәжім» сүресі, 18.
[10] «Тәкуир» сүресі, 19-21.
Құртуби аят тәпсіріне байланысты былай дейді: «Оған Алла Тағала Өз әмірлерін мүлтіксіз орындайтындай қуат берген. Мәселен, ол Лұт пайғамбардың (ғ.с.) сөзін тыңдамай, азғындыққа белшесінен батқан қауымды жою үшін олардың мекенін қанатымен көсіп алып көкке көтеріп, сонан соң қала-қонысымен, адамдарымен бірге төңкеріп тастаған».
[11] Фатыр сүресі, 1.
[12] «Нәжім» сүресі, 5-6.
[13] «Жүсіп» сүресі, 31.
[14] Яғни, пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өзіне.
[15] Хадисті Имам Мүслим риуаят еткен.
Бұл жерде періштенің шын мәнінде оған ұқсап жаралғаны негізге алынбаған. Ол адам кейпіне енген кезде көбіне осы Дахи атты кісінің бейнесін қабылдайтын болған екен.
[16] «Саффат» сүресі, 164.
[17] Бәдір соғысы һижраның екінші жылында, рамазан айында болған. Бәдір деген Мадинадан сексен шақырымадай қашықтықтағы елдімекеннің атауы. Мұсылмандар мен кәпірлер арасындағы ең алғашқы соғыс өрті осында тұтанды. Мұсылмандардың саны 300-ден сәл ғана астам еді. Ал, кәпірлер мыңнан астам әскермен келген болатын. Мұсылмандардың көңіліне қобалжу кіреді. Сонда Аллаһ Тағала оларға көмекке періштелердің әскерін жібереді. Мұсылмандар бұл соғыста жеңіске ие болады, кәпірлердің сағын сындырады.
[18] Имам Бұхари риуаяты.
[19] Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Жүрегінде Аллаһтың бір аяты болмаған пенде қаңырап тұрған үй сияқты», – деген. Имам Бұхари риуаят еткен. Ғұламалар хадисті: «Қаңырап иесіз тұрған үйді жын-шайтандар мекен ететіні сияқты, қаңырап тұрған жүректер де шайтанның ордасына айналады», – деп түсіндірген.
[20] Надандық (жәһилият) дәуіріндегі арабтар қыздарды аса жек көргені тарихтан мәлім. Олардың біреуі қызды болса, онысы үшін жұрттан ұялатын, масқара қорланатын. Тіпті, намысқа тырысатындары соншалық, нәрестелерін қыз болғаны үшін тірідей көміп өлтіретін. Өздері осылай құрметтемеген қыз баласын енді келіп Аллаға таңады, «періштелер Оның қыздары» деп айтады. Егер Алла перзентті болуды қаласа, неге ұлды болмайды, неге қызды болуы керек?! Осындай логикалық сұрақтар қою арқылы Құран аяттары олардың сенімдері жалған, адасушылық екенін көрсетеді.
Бұл мәселеге байланысты мынадай аяттар бар:
«Тірідей көмілгендер, қандай күнәсі үшін өлтірілгенін сұраған кезде» («Тәкуир» сүресі, 8-9).
«Оларға әйелің қыз тапты делінсе, жүздері түнеріп, өздерін ашу кернейді» («Зухруф» сүресі, 17).
«Көктер мен жердің иелігі Аллаға тән. Ол қалағанын жаратады. Кімге қаласа ұлдар береді, кімге қаласа қыздар береді. Немесе, ұлдар мен қыздарды жұп-жұбымен береді. Сондай-ақ, қалағанын бедеу қылады. Шынында, Алла – білімдар, қадыр!» («Шура» сүресі, 49-50).
[21] «Саффат» сүресі, 149-156.
[22] «Зухруф» сүресі, 19.
[23] «Зәрият» сүресі, 24-28.
[24] «Һуд» сүресі, 70.
[25] «Әнбиә» сүресі, 20.
[26] «Фуссилат» сүресі, 38.
Шымкент қаласы орталық мешіті