Сабыр айы
Пайғамбар (с.а.с.) ораза ұстаушыға былайша өсиет еткен: «Ораза күні сендердің ешқайсыларың жаман сөз айтып, даусын көтермесін. Ал егер біреу оны балағаттаса: «Мен оразамын, мен оразамын», – десін». Яғни ораза ұстаушы қандай жағдайда болмасын оразасын былапыт сөздермен, ұрыс-керіспен ластамай, сабырлылық танытып, ғибадатын мүлтіксіз түрде орындауы керек. Сонда ғана ғибадаты кәміл болып, Раббының дәргейінде қабыл болады. Өйткені ораза тек қана ішіп-жемнен тыйылу емес. Сондай-ақ, жаман әдеттерден, дөрекі сөздерден, теріс мінез-құлықтардан арылуы. Ал күнделікті үйреніп қалған дағдылардан, мінез-құлық кемшіліктерінен бірден арылу оңай емес. Ол бірте-бірте орындалатын іс.
Термези таратқан хадисте Пайғамбар (с.а.с.): «Ораза – сабырдың жартысы», – дейді. Десе дегендей, күні бойы ашқұрсақ жүріп, кеңпейілділік қалпын сақтай алу нағыз бекзаттыққа апаратын рухани шынығу.
Жалпы сабыр атаулы шарғи мағынада үшке бөлінеді: Алла Тағаланың құлшылығын орындауда сабыр ету, Алла Тағала тыйым салған нәрселерден тартынуда сабыр ету және Жаратқанның жазмышына көркем түрде сабыр ету. Мұндағы құлшылық-тағатқа сабыр етудің мағынасы намаз, ораза, зекет, қажылық сияқты парыз амалдарды қандай да бір қиыншылыққа қарамастан, ауа-райының қолайсыздығына, ахуалдың қысылтаяңдығына қарамастан көркем сабырмен орындау дегенді білдіреді.
Хақ Тағала Зүмәр сүресінің 10-аятында сондай сабырлы құлдардың сауабын есепсіз беретіндігі жайлы былай дейді: «Расында, сабырлылар сауаптарын хисапсыз түрде молынан алады». Алла Елшісі (с.а.с.): «Бұл ай – сабырлылық айы. Ал сабырдың сыйы – жәннат», – деп ораза айының қайырлы қорытындысымен сүйіншілеген.
Шүкіршілік айы
Мүбәрак рамазан айында ораза тұтушы бұрын мән бермей жүрген көптеген нығметтердің қадірін сезінеді. Ашығып, шөліркеп Жаратқанның ырзық-несібесінің, қара судың қадіріне жетеді. Күні бойы аш құрсақ жүретін жарлы-жақыбайдың жағдайын басынан кешіреді. Бойындағы жанашырлық, бауырмалдық сезімі оянады. Өзінен төменге қарап шүкірлік етеді. Қолда бар мүмкіндіктердің қадірін ұғынады. Оразаның осындай хикметті қырлары бар.
Асылы, Хақ Тағала құлдарының ішінен Өзінің нығметтеріне, ырзық-несібесісіне әрдайым шүкір етіп жүретіндерін жақсы көреді. Өйткені Жаратқанның берген ырзығына алғыс білдіру иманның ажырамас бөлігі. Себебі, Алла Тағала Өзіне күпіршіл болмай, шүкіршіл болуға бұйырған: «Мені естеріңе алыңдар, сонда Мен де сендерді есіме аламын. Маған шүкіршілік етіңдер, күпірлік етпеңдер» (Бақара, 152).
Раббысы берген өмірге, денсаулығына, материалдық және рухани байлықтарына алғыс білдіріп, лайықты түрде шүкір ету әрбір пенденің міндеті.
Ақиқатында, Алла Тағала құлдарының шүкірлігіне мұқтаж емес, керісінше, пенделер Раббыларының рахымына зәру. Аятта былай делінген: «Кім шүкірлік етсе, расында ол өзі үшін шүкірлік етеді. Ал кім шүкірсіздік етсе, расында Раббым Бай һәм Жомарт» (Нәміл, 40).
Алланың Елшісі (с.а.с.) өз үмбетіне нығметке шүкір етудің сырларын анықтан түсіндірі берген. Суһайбтан (р.а.) жеткен риуаятта Пайғамбар (с.а.с.) былай дейді: «Мүміннің ісі неткен ғажап! Шындығында оның барлық ісі қайырлы. Бұл мүміннен басқаға жазылмаған. Егер оның басында қуаныш болса, Аллаға шүкір етеді де, сонысына сауап-сый алады. Егер оған бір жамандық төнсе, оған сабыр етеді де, онысына да сауап алады. Алланың мұсылманға жазған әрбір тағдыры қайырлы». (Мүслім риуаят еткен).
Шариғат пайымында шүкіршіл жүрек ең үлкен байлықтардың бірі. Ибн Аббастан (р.а.) жеткен хадисте Алланың Елшісі (с.а.с.): «Кімге мына төрт нәрсе нәсіп етілсе, оған дүниенің де, ақыреттің де игілігі берілген болады: шүкір етуші жүрек, зікір етуші тіл, сынаққа сабырлы тән және өз нәпсісінде де, жарының малына да еш жамандық қаламайтын әйел», – деген. (Бәйһақи риуаят еткен).
Пайғамбардың (с.а.с.) өзі шүкір етуде үмбетіне үлкен үлгі болды. Ол (с.а.с.) түні бойы Раббысына құлшылық қылып, табаны жарылып кеткенше намаз оқитын. Сонда жұбайларының бірі: «Уа, Алланың Елшісі! Неге олай етесіз? Бұрынғы да, кейінгі де күнәларыңыз кешірілген жоқ па?» – дегенде, ол (с.а.с.): «Олай болса, шүкір етуші пенде болуым керек емес пе?» – деп жауап берген. (Бұхари мен Мүслім риуаят еткен хадис).
Тіршіліктің түрлі кезеңдерінде бастағы бақтың қадірін біліп, шүкір ету нағыз иманды пенденің белгісі. Бірде Пайғамбар (с.а.с.) сахабаларына шығып: «Уа, сахабаларым! Қалай тұрдыңдар?» – деп сұрайды. Сонда сахабалар (р.а.): «Аллаға мүмін болып тұрдық, уа, Расулалла!» – деп жауап қайырады. Пайғамбар (с.а.с.): «Имандарыңның белгісі қандай?» – деп сұрайды. Сахабалар (р.а.): «Бәле-жалаға сабырлылық, халімізге шүкіршілік, тағдыр-қазаға разылық танытамыз», – дейді. Сонда Алла Елшісі (с.а.с.): «Олай болса, Қағбаның Иесімен ант етейін, сендер нағыз мүмінсіңдер», – деген екен.
Расында, Алла Тағаланың адамзат үшін көк пен жерден төгіп жатқан нығметтердің саны шексіз. Алла Тағала былай дейді: «Сондай-ақ, Ол (Алла) сендерге сұрағандарыңның бәрін берді. Егер Алланың нығметтерін есептейтін болсаңдар, санына жете алмайсыңдар. Расында адам өте әділетсіз әрі шүкірсіз» (Ибраһим, 34).
Сол нығметтердің бірі денсаулық пен бос уақыт. Тәннің саулығын буын сырқырап, сырқаттанғанда ғана білеміз. Әрбір пенденің ең басты қазынасы – өмірі. Ол өмір жолы жылдардан, айлардан, күндерден, сағаттардан, мезеттерден тұрады. Сол уақыттың қадірін біліп, Раббының разылығы үшін мүлтіксіз пайдаланып жатқан пенде кемде-кем. Сондықтан Пайғамбар (с.а.с.) осы айтылған екі нығметтің әрдайым назардан тыс қалатындығын үмбетіне ескертіп: «Адамдардың көбі екі нығметтің қадірін дұрыс білмейді. Олар – денсаулық пен бос уақыт», – деген. (Бұхари, Термези риуаят еткен).
Мұсылман пенде нығметке қуанып, белгілі бір табысқа жеткенде Аллаға шүкіршілігін білдіруі керек. Ол үшін шын ықыласпен «Әлхамдулилләһ» деп айтудың өзі жеткілікті. Рахымдылардың рахымдысы Раббымыз бізді Өзінің нығметтеріне шүкір ететін шүкіршіл пенделерінен қылғай.
Шымкент қаласы орталық мешіті