Пайғамбарлардың міндеті – Алладан келген уахиды, парақшалар мен кітаптарды халыққа толық жеткізу, адамдарды жақсы жолға бастау, жамандықтан тыю, Алланың бұйрығын бұлжытпай орындап отыру. Мұсаның (ғ.с.) дініне сенген сол замандағы адамдардың бәрі арабша муслиму Мусаби (қазақша Мұса мұсылмандары) деп аталады. Яғни,  Таурат бұрмаланбай тұрған кездегі сенген қауымдар мен адамдар Мұса мұсылмандары деп аталған. Ал, Таурат өзгеріске түскеннен кейінгі сенушілерді әһлі кітап, яғни кітап иелері деп атайды.

 Исаның (ғ.с.) кітабы – Інжілдің Алладан түскен таза кезіндегі сенушілерді арабша муслиму Исаби деп атайды. Ал, өзгерту, ауыстыру, бұрмалау, ауытқуға түскеннен кейін сенушілер әһлі кітап, яғни кітап иелері немесе кітап түскендер делінеді. Мұхаммедке (с.ғ.с.) түскен Құранға сенушілер арабша муслиму Мухаммади, яғни Мұхаммед мұсылмандары деп аталды. Ақиқатында пайғамбарлардың бәрінің діні – Ислам. Адамның (ғ.с.) өзі де Ислам дінінде болған. Шиш (ғ.с.), Ыдырыс ( ғ.с.) пайғамбарлар да таза мұсылмандар еді. Оған дәлел Құрандағы: «Адамдардың бәрі бір дінде болған», – деген аят (Бақара сүресі, 213-аят).

  Алла Тағала Әли Имран сүресінің 19-аятында:« Ислам – Алланың хақ діні», – деген. Алланың хақ  діні Ислам екен, онда басқа діндер қайдан келді, қалай пайда болды? Адам, Шиш, Ыдырыстар уақытында кәпір, күпір деген сөздер болмаған да, естілмеген де. Бұл діндер солар дүниеден өткеннен кейін, анығын айтқанда Адам (ғ.с.) дүниеден өткен соң мың жылдан кейін пайда бола бастады. Діндердің түрі көбейіп, неше түрлі сенімдерге жүгіртті. Адамдар пұтқа, көп құдайға, отқа, айға, күнге, жұлдызға, табиғатқа, тасқа, ағашқа т.б. сенетін болды. Күпірлік те, кәпірлік те сол кезден басталды. Сөйтіп, күпірлік, кәпірлік неше түрлі діндер шығып, халық бір Алланы ұмытып өздері білген жолдарға түсе бастады. Ақырында Нұх (ғ.с.) кәпірлерге, түрлі діндерге қарсы бірінші пайғамбар болып келді. Бірінші пайғамбар деп аталуының себебі ол отқа, пұтқа, көп құдайларға т.б . табынушыларды бір Аллаға шақырды. Нұх  950 жыл өмір сүріп, бар өмірін Алла жолына сарп етті. Бұл күпірлік, кәпірлік, өздері жасаған дінге сенудің соңы топан суға әкеліп соқтырды. Халықтар топан суға кетіп қырылды. Нұхтан кейін Ибраһим (ғ.с.) келді. Ол да Нұхтың жолын жалғастырды. Ибраһим (ғ.с.) жұлдызға т.б. табынушыларға қарсы күрес жүргізді. Ибраһим де көп қорлық-зорлық көрді.

Бірінші кезең Адамнан (ғ.с.) бастау алып, Ибраһимге (ғ.с.) дейін жетті. Адам (ғ.с.) мен Ибраһимнің (ғ.с.) арасында өткен осы дәуірлер алғашқы кезең деп аталады. Бірінші кезеңдегі оқиғалардан хабардар болыңыздар. Бұл кезеңде ру, тайпа, халық, ұлт болған жоқ, сол себепті дағуа, үгіт, насихат тек қана от басында, қауымдар мен жамағаттар арасында жүргізілді. Ол кезде діни кітаптар ғана емес, тарихтың да болмағандығынан жылдар мен ғасырлар туралы айтылмады. Сол кезден бері келе жатқан отқа, пұтқа, көп құдайға, күнге, айға, жұлдызға, тасқа, ағашқа, қабірге, табиғатқа табынушылықпен әлі күнге дейін күрес жүруде. Қаншама  пайғамбарлар келіп, қанша дағуа, үгіт, насихат жүргізілсе де адам баласы осы адасушылықтан әлі арыла алмай келеді. Пайғамбарымыз Мұхаммедтен (с.ғ.с.) дүниеден қанша пайғамбар өткенін сұрағанда 124 мың деп жауап берген екен. Қаншасы расул деп сұрағанда 313  депті де, қалғандарын нәбилер деп атапты. Расул мен нәбидің айырмашылығын да түсіндіріп беріпті.

Расул – араб сөзі, қазақша елші деген мағынаны білдіреді. Елшінің қызметі елдер арасындағы мәселелерді шешіп, бір-біріне жақындастырып, достық қарым-қатынасқа шақыру болып табылады.  Ал, Алланың расулының қызметі – Алладан түскен кітапты, уахиды халыққа жеткізіп, оны толық түсіндіру, жақсы жолды көрсетіп, хақ жолына бастау. Ал, нәби араб сөзі, қазақшасы хабаршы. Нәбидің міндеті – өзіне жүктелген істі дер кезінде жеткізіп, хабар беру. Оған басқа тапсырма міндеттелмеген.  Расулге шариғат парақшалары немесе кітаптар түскен. Нәби болса өзінен бұрын өткен расулдың шариғатын қолдайды. Расулге уахи Жебірейіл періште арқылы келеді. Ал, нәбиге дауыс есту немесе түс арқылы беріледі. Расул Жебірейіл періштені көреді және сөйлеседі. Керек кезінде Жебірейіл періште тікелей хабарласып тұрады. Нәбиге Жебірейіл періште көрінбейді де, келмейді де, уахи да әкелмейді. Ал, пайғамбар деген парсы сөзі, арабтың расул, нәби деген екі сөзінің орнына қолданылады. Пайғамбар дегенде расул мен нәбиді түсінеміз.

Шымкент қаласы орталық мешіті

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38