Әл-Мисақ – араб сөзі. Қазақша мағынысы шарт, өзара келісім дегенді білдіреді. Бұл Адам атадан тарайтын барлық ұрпақтың әлі Адам атаның белінде тұрған кезіндегі келісім еді, яғни әлі бірде-бір адам баласы дүниеге келмей тұрған уақытта жасалған келісім. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) хадисінде былай делінген:

«Ақиқатында,  Алла Арафа күні әр адамды Адамның белінен тозаңдай етіп қаннан ажыратып шығарып, алдына қойып олардан сендердің Тәңірің мен емеспін бе деп сұрағанда олар мойындап, жауап берді». Бұдан Адамның белінде тұрған, әлі дүниеге келмеген кезден-ақ Алла оларға өзінің бір Жаратушы екенін таныстырғаны байқалады. Яғни, Адамның қиямет күніне дейін келетін ұрпақтарымен өзара келісім – Әл-Мисақ жасалған.

 Әл-Мисақтың қазақшасы шарт, өзара келісім болғанда Арафа  дегеніміз не? Арафа да араб сөзі. Қазақша мәні тану, білу дегенді білдіреді. Ал, Йаум – араб сөзі. Қазақша күн деген сөз. Арабша Йаум арафа дегеніміз қазақша Арафа күні болып шығады. Яғни, адам баласының Алланың бірлігін танып-білген күні  – Арафа күні. Нақты айтқанда бір Алланы танып, біліп, мойындап, өзара жасалған келісім Әл-Мисақ деп аталады. Осылайша Алла оларға бір өзінің ғана бар екендігіне куәлік еткізді. Оларды жаратқан бір Аллаға ғана сенулері керектігін білдірді. Бұдан біз адам баласының Адамның белінде тұрған  кезінде-ақ Арафа күні бір Алланы танып, Одан өзге Құдай жоқ деп айтқанын ұғамыз. Міне, осындай бір Алланы мойындап, иман айтқаннан кейін әр түрлі діндерге, сенімдерге бөлініп жүргендер – өзара келісімнен тайып, айнып жүргендер. Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) хадис шәрифінде: «Әрбір туылған бала Исламда болып туылады», – делінген. Өйткені Әл-Мисақтағы келісім бойынша балалар кімнен туылса да ол Ислам дінінде дүниеге келеді. Ал, ер жеткен соң әр түрлі дінге ажырайды. Біздер, мұсылмандар, пайғамбарларды бір-бірінен ажыратпаймыз. Өйткені олардың бәрі де Ислам дінінде. Оған Құран аяттары дәлел.

«(Ей, Мұхаммед!) Сен айт: «Біз бір Құдайға иман келтірдік. Біз өзімізге түсірілген (Құранға), Ибраһимге, Исмайлға, Исқаққа, Жақыпқа және олардың ұрпақтарына түсірілген (аяттарға), сонымен бірге Мұса мен Исаға, Тәңірі жіберген пайғамбарлардың бәріне иман келтірдік. Олардың ешқайсысын  алаламаймыз. Біз Аллаға бой ұсынғандармыз» – де» (Ғимран сүресі, 84-аят).

«Ислам дінінен басқа дінді көксейтіндердің ешқайсысының тілегі қабыл  болмайды, ол қияметте зардап шегеді» (Ғимран сүресі, 85-аят).

Қорыта айтқанда, пайғамбарлардың  бәрі де Алланың жолын ұстаған. Олардың  бәрі мұсылман, мақсаттары да, міндеттері де бір. Оларға Алла Тағаланың дінін  жеткізу, жәрдемдесу, көмектесу, ынтымақ, бірлікке шақырып, халықты хақ жолына салу жүктелген. Бұл – аса жоғары міндет. Алла Тағала Адамға ( ғ.с.) болашақта одан тарайтын ұрпақтарға қарауды әмір етті. Сонда Адам олардың ішінде байлар, кедейлер, көріктілер т.б. бар екенін көрді. Ол Алладан: «Тәңірім, барлық пенделерді бірдей, тең етіп жаратсаң қайтер еді?» – деп сұрады. Сонда Алла: «Менің қалағаныма шүкірлік ет», – деді. Адам олардың ішінде шырақ сияқты нұр шашып тұрған адамдарды көріп олардың кім екенін сұрағанда Алла: «Олар келешекте сенің ұрпақтарыңнан шығатын пайғамбарлар»,- деді. Мұның бәрі Алланың Адамның белінен шығарып, тозаңдай етіп жаратып  көрсеткен кезі еді. Әл-Мисақтан соң оларды қайтадан Адамның беліне қайтарып енгізіп қойды. Олардың әрқайсысы қашан уақыттары келгенде адам болып дүниеге келіп, осылайша қиямет күніне дейін жалғаса бермек. Қашаннан бері мұсылмансың дегенде  Әл-Мисақтан деуіміздің мәні, міне, осында. Барлық мақтау-мадақ мейірімді, рахымды Аллаға болсын!

Шымкент қаласы орталық мешіті

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38