Құлдарын тәрбиелеу мақсатында Алла тағала белгілі бір амалдарды орындауға немесе олардан бойымызды аулақ ұстауға шақырады. Жаппар Иеміз сүймейтін және мұсылмандардың бойында болуын да қаламайтын ұнамсыз қасиеттердің бірі – дүниеқұмарлық. Қасиетті Құран Кәрімде Алла тағала:
اِعْلَمُوا اَنَّمَا الْحَيوةُ الدُّنْيَا لَعِبٌ وَلَهْوٌ وَزينَةٌ وَتَفَاخُرٌ بَيْنَكُمْ وَتَكَاثُرٌ فِى الْاَمْوَالِ وَالْاَوْلَادِ كَمَثَلِ غَيْثٍ اَعْجَبَ الْكُفَّارَ نَبَاتُهُ ثُمَّ يَهيجُ فَتَريهُ مُصْفَرًّا ثُمَّ يَكُونُ حُطَامًا وَفِى الْاخِرَةِ عَذَابٌ شَديدٌ وَمَغْفِرَةٌ مِنَ اللّهِ وَرِضْوَانٌ وَمَاالْحَيوةُ الدُّنْيَا اِلَّا مَتَاعُ الْغُرُورِ
«Біліп қойыңдар! Шын мәнінде, дүние тіршілігі бір ойын, ермек, сән ғана. Өзара мақтанысу, сондай-ақ мал-дүние мен балаларды көбейтудің жарысы. Бейне бір өсірген өсімдігімен егіншілерді таң қалдыратын жаңбыр сияқты. Сосын қурап, сап-сары болғанын көресің. Содан кейін үгінді болады. Дүние тіршілігі де сол сияқты. Ал ақыретте (кәпірлер үшін) қатты азап, (мүминдар үшін) Алладан жарылқау, ризалық бар. Негізінде, дүние тіршілігі алданыштан басқа ештеңе де емес» [1], – деп дүние тірлігінің нағыз бет пердесін ашып берді.
Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с.) мына өмірдегі қызылды-жасылды қызықтарға көңіл бөлмей өмір сүрудің бірегей үлгісін паш етті. Бүкіл дүние уысына берілсе, зәредей қуанбайтын, бүкіл дүние уысынан шықса, еш ренжімейтін нағыз құлдың мінезін де ардақты пайғамбарымыздан байқаймыз. Ол үшін бүкіл ғаламды уысында ұстау мен жерден жай ғана тас тауып алудың арасында айырмашылық болмаған. Алла елшісінің бұл дүниені жүрегімен тәрк етуі осындай еді. Бірақ бұны бүкіл дүниеден безіп кету деп қате қорытынды шығаруға болмайды. Бұл тәрк ету жүрекпен болған. Алайда оны сыртқы өмір-тіршілігінде көрсетпейтін. Өйткені, бізге өмір сүрудің, табыс табудың ең қисынды жолдары мен түрлерін көрсеткен де пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) еді. Егер мұсылмандардың барлығы тіршілік жасауға қолды бір-ақ сілтеп, өмірден баз кешсе, Ислам әлемі қандай күйге ұшырап кетер еді? Дамып, өсер ме еді? Әрине, жоқ. Олай болса дүниені тәрк ету жүрекпен жүзеге асуы қажет. Алла Расулының (с.ғ.с.) пайғамбарлықтың ақ жолын алғаш аттаған сәттен бастап, ең соңғы күніне дейін мінез-құлқы еш өзгермеген. Жүрегінде дүниеге деген қызығушылық атаулы мүлдем болмаған. Иә, бүкіл әлем мұсылмандықты мойындап, ақиқатқа бас ұрғанда да, ол өзінің материалдық және әлеуметтік жағдайын жақсартуға бір де бір қадам баспады. Абдуллаһ ибн Масъуд (р.а.) жеткізген мына бір оқиға осы жайттың айқын дәлелі бола алады: «Бірде Алланың елшісі (с.ғ.с.) шидің үстінде ұйықтап тұрған кезінде денесіне шидің іздері түскен еді. Біз: «Уа, Алланың елшісі, саған бір нәрсе төсеп беруіміз керек еді!», – дедік. Ол: «Бұл дүниені қайтейін? Менің бұл дүниеге келуім – ағаштың көлеңкесіне сәл аялдап, сапарын қайта жалғастырып, ағашты тастап жүріп кеткен жолаушы тәріздімін»[2], – деді. Иә, пайғамбарымыздың таңдауы осындай болды. Ол дүниеге еш қызықпады. Қанша ауыр қиыншылықтарды басынан өткерсе де, осы мінезінен таймайтынын өмірімен дәлелдеді. Қасиетті хадис-шәріптерінің бірінде бұл дүниеде адамның ең негізгі қажеттіліктері жайлы былай деді:
لَيْسَ لِابْنِ آدَمَ حَقٌّ فِي سِوَى هَذِهِ الْخِصَالِ : بَيْتٌ يَسْكُنُهُ وَثَوْبٌ يُوَارِي عَوْرَتَهُ وَجِلْفُ الخُبْزِ وَالمَاءُ
«Адам баласының мыналардан басқа еш нәрсеге хақысы жоқ: тұратын үй, денесін жабатын киім және қара нан мен су»[3].
Демек, адам баласының күнкөрісіне осылар-ақ жеткілікті болғаны. Сондықтан болар Омар ибн Хаттаб (р.а.) Алланың сүйікті құлы Мұхаммед (с.ғ.с.) туралы:
«Мен Расулалланың (с.ғ.с.) күні бойы тіске басар құрмасы да болмай аштықтан бүгіліп жүргенін көрдім!»[4] деп жүрек тербер сөз қалдырды. Қалай ойлайсыздар, он сегіз мың әлемге мейірім жаршысы болып жіберілген соңғы Елшіге қарнын тойғызып, ас ішсе жараспас па еді? Қасындағы саңлақ сахабалары оның жолында жұмыр бастарын пида ету былай тұрсын, ата-аналарын да құрбан етуге дайын болды. Олар Пайғамбар қаласа болғаны, қалаған асты үйіп алып келер еді.
Иә, ол қаласа патшалардай өмір сүруіне болар еді. Бірақ ол өзінің бұл дүниеге жіберілген мақсаты мен қызметі үшін қиын ғұмырды, рақат ғұмырдан артық көрді[5]. Бір күн аш болып жалбарынуды, бір күн тоқ болып шүкір етуді жөн санады және таңдау құқы берілгенде, құл пайғамбарлықтың патша пайғамбарлықтан артық екендігін білдірді[6]. Өйткені, оның өзі де үмбетіне өсиет еткендей, отбасымен өмір сүретін баспана, денесінің әурет тұстарын жауып жүретін киім және бір үзім нан мен судан өзгеге хақым жоқ деп санады. Осы аталғандардың қатарын Алла тағала Құран кәрімде былай деп толықтырған:
زُيِّنَ لِلنَّاسِ حُبُّ الشَّهَوَاتِ مِنَ النِّسَاءِ وَالْبَنِينَ وَالْقَنَاطِيرِ الْمُقَنطَرَةِ مِنَ الذَّهَبِ وَالْفِضَّةِ وَالْخَيْلِ الْمُسَوَّمَةِ وَالْأَنْعَامِ وَالْحَرْثِ ۗ ذَٰلِكَ مَتَاعُ الْحَيَاةِ الدُّنْيَا ۖ وَاللَّهُ عِندَهُ حُسْنُ الْمَآبِ
«Адам баласы үшін әйелдерден, балалардан, алтын, күміс қазыналардан, сәйгүлік аттардан, малдар мен егіннен келетін құмарлық әдемі (және тартымды) етілді. Олар дүние тіршілігінің сәні. Ал, негізінде баратын орынның ең жақсысы Алланың қасында» [7].
Бұл аятта бүгінгі қоғамда адамдардың өмір сүруінің басты мақсатына айналып үлгерген қызыл түлкі секілді алдамшы дүниелер тек осы өмірдің сәні ғана екендігі айтылған. Әрине, бұл айтылған мәселені дұрыс түсінген жөн. Мәселен, дүние қызықтарының қатарына әйел мен бала-шаға жатқызылған. Сонда отбасымыздан суынып кетуіміз керек пе деген сұрақ туындауы мүмкін. Жоқ, олай емес. Олар біздің құлшылық жасауымызға, мұсылманша өмір салтын ұстануымызға кедергі болмауы керек. Олардың сөзіне еріп, күнделікті жасайтын құлшылықтардан қол үзіп қалмау маңызды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Айша анамыздан рұқсат сұрап, түнгі құлшылығын жасайтын. Сол сияқты бүгінгі мұсылмандар да отбасына зияны тимейтіндей етіп құлшылық жасауы және құлшылыққа зиян келтірмей отбасына қарауы мақұл. Сондай-ақ көлік те бүгінгі қоғамның қажеттілігі. Алайда, ол сол тұрмыстық қажеттілікті өтесе болғаны. Дүние дінімізді, иманымызды ұмыттырмауы тиіс. Қысқасы, бұл аталғандарды иелену біздің мақсатымыз болмауы тиіс.
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мына хадисі иемденуге құмар болудың қаншалықты зиян екендігін көрсетеді: «Меншіктей беруге көп салынбаңдар, олай істесеңдер осы дүниені қалап (жақсы көріп) кетесіңдер»[8].
Шынында да, бүгін мұсылман кісілердің «Жұмысым көбейіп кетті, намаздарымды дұрыс оқи алмай жүрмін. Дүние, дүние деп жүріп Құдайымызды ұмытып қалатын түріміз бар. Бұған не істейміз?» деп ағынан жарыла уайымға салынып жатқанын көп естиміз. Оларға не деуге болады?
Бір ғалымнан: «Алланы жақсы көру жүрекке қалай орнайды?», – деп сұралғанда, «Жүректен дүниеқұмарлық кетсе, Алланы жақсы көру сезімі өзінен-өзі орнайды», – деп жауап беріпті. Сөйтіпті де, сұрапты: «Шыны ыдыстағы суды төгіп тастаса, не болады?». Қасындағылар: «Судың орнына ауа толады», – депті.
– Яғни су мен ауа бірге тұрмайды, солай ғой!
– Иә, дәл солай.
– Міне, жүрек те сондай. Онда екі махаббат бірдей орныға алмайды. Онда не дүниеқұмарлық болады, не Аллаға деген махаббат. Жүректен дүниеқұмарлық кетсе, Алланы жақсы көру сезімі өзінен өзі орнайды. Жиналған көпшілік:
– Жарайды, ал дүниеқұмарлық жүректен қалай шықпақ? – деп сұрапты. Сонда ақылман:
– Жүрегінде дүниеқұмарлығы жоқ адамның әдемі уағызымен, – деп жауап қайырған екен.
– Ондай кісілер болмаса ше?
– Олардың тірі болуы шарт па екен. Қайтыс болып кеткен болса да, терең иманды, тақуа жандарды, шын жүректен жақсы көрудің өзі жүректен дүниеқұмарлықты сылып алып тастайды. Әрине, оларды жақсы көру үшін алдымен тану керек.
– Қалай танимыз?
– Кітаптары мен өмірбаяндарын оқу арқылы, – деді. Солар оқылғанда, жақсы көру сезімі пайда болады…
Иә, адамдарда жақсылыққа да, жамандыққа да қолдануға болатын бірқатар сезімдер бар. Солардың бірі осы құмарту сезімі. Егер біз бұл сезімді мал-мүлік, лауазым, мансап, байлық жолында қолдансақ, оларды қатты қалап, соңына түсіп алсақ, ол бізге Жаратушымызды да, иманымызды да, ақыретімізді де ұмыттырып жіберуі ғажап емес. Өйткені, Алланың соңғы елшісі (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Екі қасқырдың бір отар қойға тигізген зияны, адамның байлыққа деген құштарлығының дініне тигізетін зиянынан артық емес»[9], – деп осыны ескертсе керек. Екі қасқыр бір отар қойға шапса, не қалдырады дейсіз? Түк қалдырмай жарып тастайды емес пе? Олай болса, құрметті жамағат, отарымызды қасқырдан қалай қорысақ, жүрегімізді дүниеқұмарлықтан солай қорғауымыз қажет. Біз қаласақ та, қаламасақ та бұл дүниедегі байлықты осы жақта қалдырып кетеміз. Арғы дүниеге ештеңе де алып кете алмасымыз хақ. Мәңгілік өмірге бұл жақтан бір нәрсе алып барудың қажеті де шамалы. Ол жақтың байлығы онсыз да жеткілікті. Енді өзіңіз ой жүгіртіп байқаңызшы, біздің дүниеқұмарлығымыз мал-дүниені жинап-теріп арғы дүниеге алып кететіндей өмір сүретін адамдарға ұқсап кеткен жоқ па? Негізінен, нағыз ақиқат байлықтың кеніші сол жақта. Жәннат пен тамұқты өз көзімен көріп келген Алланың елшісі (с.ғ.с.) екі дүниенің парқын мынадай бір мысалмен түсіндірді:
مَا الدُّنْيَا فِي الآخِرَةِ إِلاَّ مِثْلَ مَا يَجْعَلُ أَحَدُكُمْ أُصْبُعَهُ فِي الْيَمِّ فَلْيَنْظُرْ بِمَ يَرْجِعُ؟
«Бұл дүние мен мәңгілік дүниенің айырмашылығын білу үшін, араларыңнан біреуің саусағын теңізге салсын да, одан не ілгеніне қарасын» [10].
Бейнелеп айтқанда, мына жалған мен мәңгілік мекеннің арасы теңіз бен көзге ілінбес тамшыдай деген сөз. Бұл біздің шектеулі ақылымызға лайықтап берілген мысал. Ал ақиқатында бұл екі өмірдің айырмашылығын ақылмен өлшеп, қиялмен таразылай алмасымыз даусыз. Сондықтан да қызыл түлкі секілді бір көрініп, жоқ болатын болмашы қызықтарға алданбау – мұсылман жұртының бір міндеті. Алла тағаланың жақсы көретін құлдары да әр нәрсеге құмар жеңілтек емес, салмақты мінезге ие болса керек. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мына бір даналыққа толы хадисі осы ақиқатты айғақтай түседі: Бір жолы Расулаллаға (с.ғ.с.) бір адам келді де: «Уа, Расулалла, маған орындасам, Алла мені жақсы көретіндей және адамдар жақсы көретіндей бір амал айтыңызшы?», – деп сұрады. Расулалла (с.ғ.с.) оған: «Бұл дүниеге қызықпа, сонда сені Алла жақсы көретін болады, адамдардағы нәрселерге қызықпа, сонда сені адамдар жақсы көретін болады», – деп жауап қайырды[11].
Хадисте Жаратушы иеміздің сүйіспеншілігіне бөленетін жоғары дәрежеге қалай жетуге болатындығы сөз болған. Бұны өсиет, мәнді хадис деп қарауымызға болады. Өйткені, сұраушы өсиет сұрап келген еді. Өсиет дініміздегі өте маңызды тақырыпты қозғап тұр. Себебі, адамдар үшін Алла тағаланың жақсы көруінен артық бақыт жоқ. Адамдарға жеккөрінішті болмау да салмақты мәселердің бірі. Өмірде бір адамның екінші адамды жақсы көруі, көбінесе, олардың бір-біріне деген ақысын өтеумен жүзеге асады. Ислам дінінің өзі Алла тағаланың ақысын өтеуге және адамдардың ақысын беруге негізделген. Кімде-кім Алла тағаланың ақысын өтесе, оны Алла тағала да жақсы көреді. Алла тағаланың ақысын өтеу деген не? Бұл – Алла тағаланың бұйрықтарын орындап, тыйымдарынан бас тарту. Сондай-ақ аталмыш хадистегі «ал адамдардағы нәрселерге қызықпа» дегенді «адамдардан еш нәрсе сұрама, олардың қолындағыға қызығып қарама, сонда адамдар сені жақсы көретін болады» деп түсінуге болады.Жаратушы иеміз біздің игілігіміз үшін екі дүниелік өмірімізге зиян келтіретін кейбір қылықтарға тыйым жасаған.Мысалы, Құранда:
وَلَا تَمُدَّنَّ عَيْنَيْكَ إِلَىٰ مَا مَتَّعْنَا بِهِ أَزْوَاجًا مِّنْهُمْ زَهْرَةَ الْحَيَاةِ الدُّنْيَا لِنَفْتِنَهُمْ فِيهِ ۚ وَرِزْقُ رَبِّكَ خَيْرٌ وَأَبْقَىٰ
«Біз олардың кейбіреуіне сынау үшін берген дүние тіршілігінің ғана сәні түріндегі нәрселерге көзіңді сүзбе. Раббыңның несібесі хайырлы әрі тұрақты»[12].
Олай болса, дүниеге қатты құмартпаған жөн. Өйткені, байлық атаулы мұсылман үмбеті үшін үлкен бір сынақ. Байлық беру арқылы Жаратушы иеміз өз құлдарын сынайды.
Бұл жөнінде Алланың елшісі мынадай бір хадис қалдырған: «Расында, әр үмбеттің бүлігі бар, менің үмбетімнің бүлігі байлық болады»[13].
Құран Кәрімде Алла тағала жалған дүниенің жалғандығы, алдамшылығы туралы былай дейді:
يَا أَيُّهَا النَّاسُ إِنَّ وَعْدَ اللَّهِ حَقٌّ ۖ فَلَا تَغُرَّنَّكُمُ الْحَيَاةُ الدُّنْيَا ۖ وَلَا يَغُرَّنَّكُم بِاللَّهِ الْغَرُورُ
«Әй, адам баласы! Шын мәнінде, Алланың уәдесі хақ. Дүние күйбеңі сендерді алдап қоймасын. Сондай-ақ азғырушы (шайтан) да сендерді Алла жөнінде алдап жүрмесін» [14].
Жаратушы Раббымыздың мейірімділігін көрдіңіз бе? Біздің әлсіздігімізді, сенгіштігімізді, ермелігімізді ескеріп, осынау сақтандыру, қорғау мәніндегі аят түсірген. Әйгілі ғалым Хасан Басри осы аятты оқығаннан кейін былай депті: «Дүние күйбеңі сендерді алдаусыратпасын» дегенді кім айтып тұр? Сол дүниені Жаратушының өзі айтып отыр. Дүние тіршілігін оны жаратушыдан артық кім білмек? Сақтаныңдар, ей адамдар, дүние тіршілігінің алдамшылығынан сақтаныңдар! Дүниенің жас баладай алдандыратын ойындары өте көп. Біреуі бітсе, екіншісі басталады. Не деген әурешілік! Адал табысының есебін беретінін, арам жолмен табылған табыстар үшін азапталатынын біліп тұрып, осынау қым-қуыт тірлікті таңдайды. Ақырет қиындықтарын еш уайымдамайды. Есеп күнін де ойламайды. Әрбір ісін тек Алла разылығы үшін жасамайды. Дініне зиян келіп жатса, мән бермей қоя салады да, дүниелік пайдаларына зиян келсе, жылап-сықтай жөнеледі». Иә, шынында да, адамдардың бұнысы несі?
Бір күні Мейірім жаршысы Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Әбу Һурайраға: «Әй, Әбу Һурайра, саған дүниені шын бет-бейнесімен көрсетейін бе?», – деп сұрады. – Иә, көрсетіңіз, – дегенде, Алла елшісі оны Мәдинаның қоқыстары төгілетін жерге ертіп барды. Онда жыртық киімдер, адамның түрлі ластықтары, тіпті адам сүйектері де шашылып жатыр еді. Соларды нұсқады да, «Сен көріп тұрған мына сүйектер де бір кезде сендер сияқты дүниені пайда қылумен шұғылданып жүрген еді. Міне, қазір еттерінен ажырап, саудырап сүйектері ғана қалды. Бірте-бірте әбден шіріп, топыраққа айналады. Ал мына нәжістер адамдар бұрын жеген жылы-жұмсақ тағамдар еді. Қайдан болса, әйтеуір тауып, ауызға тоғытушы еді. Қазір қарашы, жұрттың бәрі бұлардан аулақ қашады. Ал мынау тозығы жеткен маталар бір кездерде әдемі, әсем киімдер еді. Қазір ше? Жел олардың тоз-тозын шығарған. Мына сүйектер олар мініп алып, жер-жерді шарлап, шапқылап жүрген көліктерінің сүйектері. Міне, дүниенің жағдайы мен ақыры осы. Енді дүние тірлігі үшін жылағысы келгендер жыласын».
Қиямет күнінде таудай амалмен барған кісілер Алла тағаланың құзырына шығарылады. Оларға жәһаннамға кірсін деп бұйрық беріледі. «Олар намаз оқитын ба еді?» деп сұралғанда, Пайғамбарымыз: «Иә, намаз оқитын, ораза ұстайтын, тіпті түнде тұрып та намаз оқитын, бірақ дүние тірлігінен оларға бір нәрсе ұсынылса, адал-арамдығына қарамай ұшып тұрады, тек соны ойлап басы айналып қалады, – деп жауап берді.
Пайғамбарымыздан «Уа, Расулулла, адамдардың ішінде дүниеге еш қызықпайтын кімдер?» деп сұралады. Ол: «Қабір мен өлімді есінен шығармайтындар. Олар дүниенің әсемдіктеріне мән бермейді, мәңгілікті жалғаннан жоғары санайды, өміріне де қатты көңіл бөлмейді. Өздерін өлілер қатарында санайды», – деп жауап берді.
Сондай-ақ Алланың елшісі (с.ғ.с.) мынадай бір мәні терең өсиет қалдырды: «Кімде-кімнің таңертең тұрғанда, ең бірінші ойы дүние және дүние тіршілігі болса, Алла оның жүрегіне үш түрлі қайғы-қасірет салып қояды: 1. Еш құтылмайтын қорқыныш, үрей; 2. Бір бітпейтін қым-қуыт тірлік; 3. Түгесілмейтін өмірлік қажеттіліктер».
Шариғатымыздың адалдық аясында жақсылыққа құмарлыққа жол берілген. Мысалы, пенде өзінің құлшылығы, ғибадаты және білім-ғылым жолында қанша құмарлыққа салынса да, рұқсат. Тіпті бұл жағдайларда қарапайым болайын деп ұялудың өзі орынсыз. Алланың ізгі құлдары бұл мәселеде тамаша үлгі көрсетіп кетті. Дін жолында небір адам төзгісіз қиындықтарға душар болса да, дінінен бір қадам да кері баспаған сахабалардың өмірі осыны көрсетпейтін бе еді? Мусъаб ибн Умәйр (р.а.) сондай өнегелі өмірдің үлгісін көрсеткен сахабалардың бірі. Хаббаб ибн әл-Арат (р.а.) ол туралы былай баяндады: Сауабымызды беретін Алланың дидарына талпынып, Пайғамбармен (с.ғ.с.) бірге Меккеден Мәдинаға көштік. Арамызда кейбіреулер бұл дүниеден сыйын алмай қайтып кетті. Солардың арасында Мусъаб ибн Умәйр (р.а.) болды. Ол артында ала жамылғы ғана қалдырып, Ухуд шайқасында өлді. Біз жамылғымен оның басын жапқан кезде аяғы ашылып қалатын да, аяғын жапсақ, басы ашылып қалды. Сонда Алланың елшісі (с.ғ.с.) бізге оның басын жауып, ал аяғын тәтті иісті қамыспен жабуға әмір берді[15]. Міне, қараңызшы, сондай Алла жолында қасық қаны қалғанша күрескен жарықтық Мусъаб қалай өтті өмірден? Оны патшалардай аттандырса, жараспас па еді? Иә, жарасар еді. Алайда Пайғамбарымыз оның өз сый-сыяпатын арғы дүниеде толығымен алуын қалады. Болмаса, ондай сахаба үшін екі құлаш бөз табылмас па еді. Бәлкім, мұндай өлімнің хикметі де сол шығар! Бәлкім, Алла тағала үшін бұл дүниенің ешбір маңызы жоқтығы, оның мейірімділігінің жүзден тоқсан тоғыз бөлігі арғы дүниеде көрінетіндігінен де болар. Сахл ибн Саъд ас-Саъди (р.а.) Расулалланың (с.ғ.с.) былай деп айтқанын жеткізді: «Егер бұл дүниенің Алла тағала үшін масаның қанатындай маңызы болса, онда Ол имансызға бір жұтым су да татырмас еді!» [16].
Жаратушы иеміздің дүниеге бұлай қарауы біз үшін сабақ болуы қажет. Дүниенің құны көк бақырға да тұрмайтынын реті келген жерде нақты мысалдармен сахабаларына түсіндіріп отырудан еш жалықпайтын. Ардақты Пайғамбарымыздың дәл осы мазмұнды қуаттай түсетін мынадай бір хадисі де бар: Бірде Расулалла (с.ғ.с.) өзіне бір топ болып ерген сахабаларымен базарға барғанда, өліп жатқан бір лақты көріп, оны құлағынан ұстап көтеріп: «Қайсыларың мынаны дирхемге сатып аласың?», – деп сұрады. Ел: «Ешқандай ақшаға сатып алғымыз келмейді, біз оны не істейміз?», – деді. Ол: «Осыны сендерге бергенін қалар ма едіңдер?», – деді. Ел: «Алланың атымен ант етеміз, өлексе түгіл, тірі болса да біз оны қаламас едік, өйткені оның құлағы қораш, тым кішкентай екен?», – десті. Сонда Пайғамбар (с.ғ.с.): «Алланың атымен ант етемін, бұл дүниенің қадірі Аллаға осы лақ құрлы жоқ»[17], – деді.
Сонда кейде адам баласының күн демей, түн демей аласұрып, іздейтін дүние ертеңіміз үшін аса көп пайда алып келмесі анық. Тек қана Алла тағала біреуге мал-дүние берсе, ол оны күндіз-түні Алла жолында үлестіруден шаршамай жүрсе, міне сол адамға қызықсақ болады. «Ей, Алла тағала, маған да сондай дүние бұйырсаң, мен осылай жұмсар едім-ау» деп ниет етіп, сауапқа кенелуге де болады. Алайда дүние, дүние деп жүріп, тура жолымыздан адасып кетуден Алла бәрімізді сақтасын. Дүниеге қатты құштар болуды Пайғамбарымыз (с.а.с) келешекте болатын істерден хабар берген хадисінде де уайыммен еске алыпты: «(Бір күні) ұлттар бір-бірін дастарқанға шақырған адамдардай сендерге қарсы шығу үшін жиналады». Бір сахаба сұрады: «Біздің аздығымыздан ба?». Алланың сүйікті елшісі (с.ғ.с.): «Жоқ, керісінше, сендер сол күні өте көп боласыңдар. Бірақ селмен аққан шөп-шалам секілді… Ол күнде Алла дұшпандарыңның жүрегінен сендерге деген қорқынышты алып тастайды да сендердің жүректеріңе «уәһнді» салып қояды», – деді. Сонда бір сахаба: «Уа, Расулулла, «уәһн» деген не?», – деп сұрады. Сонда Алла елшісі (с.ғ.с.): «Өлімді қаламау мен дүниеқұмарлық!» [18], – деп жауап қайырды. Енді ойланып көрелік. Мұсылмандар көп болса да, жердің асты-үстіндегі қазыналарынан айырылуына себеп болатын мінез де осы дүниеқұмарлық екен.
Бір тал шашының өзі құрмет көрсетуге лайық Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өз үмбеті үшін қатты уайым жеп, қамыққаны да осы дүние сүйіспеншілігі еді. Амр ибн Ауф әл-Ансари (р.а.) мынадай бір хадис риуаят етеді: Бір жолы Алланың елшісі (с.ғ.с.) Әбу Убайда ибн әл-Жәррахты Бахрейнге жиналған жизияны (салық) алып келуге жіберді. Әбу Убайда ақшаны алып келді. Оны білген ансарлар таң намазына Алланың елшісімен (с.ғ.с.) бірге келді. Алланың елшісі (с.ғ.с.) таң намазын оқығаннан соң шаруаларды реттеуге кетпекші еді, бірақ қасына келгендерді көрді де сәл жымиып: «Сендер Әбу Убайда Бахрейннен бір нәрсе әкелгенін есітіп келіп тұрсыңдар-ау», – деді. Олар бас изесті. Бұған Пайғамбар (с.ғ.с.): «Онда сендерді қуандыратын нәрсеге қуаныңдар да, үміттеніңдер! Бірақ Алланың атымен ант етемін, мен сендер үшін кедейліктен қорықпаймын, менің сендер үшін қорқатыным, сендерге дейін өмір сүргендерге берілгені сияқты сендерге де мына дүние жақсылықтарының бәрі беріледі ме екен және олар сияқты бір-біріңмен бәсекелесесіңдер ме екен, сонда ол оларды құрдымға түсіргендей сендерді де жояды!»[19], – деді.
Иә, Пайғамбарымыз осыны ойлап қамықты. Біздің дүние әлегіне түсіп кететінімізден қорықты. Сөйтсек, оның жөні де бар екен-ау! Айналаға көз жүгіртіп көрейікші. Таңертең көзімізді тырнап ашқаннан бастап, бұл дүние бізді еліктіріп әкетіп жатқан жоқ па? Әрлі-берлі зырылдап жатқан көліктер, жүйткіген поездар мен ұшақтар еш тоқтаусыз ненің соңына түсіп кеткен? Анаған да, мынаған да асығамыз. Әрбір ісіміздің ақыры не боларын бір сәт те ойланбай, сүңгіп кетеміз. Ертең ақырет күнінде Алланың алдына барғанда, абырой әпере қояр ма екен? Бұрынғы атақты дүниеқұмарлардың соңынан кетіп бара жатқан жоқпыз ба осы? Әрине, бұл айтылғандар дүние атаулыдан безіп кету деген сөз емес. Бірақ Алланың бергенін Алланың жолында қолдануға шақыру ғана. Әйгілі сахаба Әбу Зәрр Пайғамбарымызбен бірге мынадай бір оқиғаға куә болғанын әңгімелеп берген: Бірде біз Пайғамбармен (с.ғ.с.) бірге Мәдинаның тастақты тұсынан өтіп бара жатқанбыз, ол Ухудқа қарап тұрып: «Әй, Әбу Зәрр!», – деді. «Мұндамын, Алланың елшісі!», – дедім. Сонда ол: «Мына жағдайда ғана Ухуд тауының көлеміндей алтынның иесі болу мені қуантар еді, егер ертеңіне дейін оның тек қарыздарымды өтеуге қалатындай мөлшерін қалдырсам, ал қалғанын осылай, осылай таратсам», – деп мүбәрак қолдарын оңға, солға және артына сілтеп көрсетті. Біраз жол жүргеннен соң Пайғамбар (с.ғ.с.): «Расында, ақырет күні байлардың дүниесін осылай, осылай таратпағандарынан басқаларының бәрі кедей болып шығады»[20], – деп тағы да қолдарын оңға, солға және артына сермеп көрсетті де: «Алайда ондайлар аз болады!», – деді қамығып. Міне, мал-дүниені Пайғамбарымыз көрсеткендей, жұртқа оңды-солды таратып, тұрмысы нашар жарлыларға қамқор болып жатсақ, ол неге керек болмасын! Сөзсіз, керек! Алайда оған алданып қалмаудың қамын жасап қоюымыз қажет-ақ. Сөзімізді мына бір жүрек тербер оқиғамен аяқтаймыз: Хақ Пайғамбар хазіреті Әбу Бәкір және Омармен түн ортасында Мәдинаның бір көшесінде ойламаған жерден кездесіп қалып, бір-бірінен түн жарымында неге сыртқа шыққанын сұрады. Сонда үшеуінің де жауабы бір жерден шығып еді: «Аштық итермеледі»…
Иә, үшеуі де Алла үшін барын беріп жүрсе де, өздеріне азық боларлық бір тілім нан таба алмағаны үшін дөңбекшіп ұйықтай алмай, сыртқа шыққан еді[21].
Шымкент қаласы орталық мешіті