Барлық мақтау күллі әлемдердің Раббысы Аллаға тән! Алланың игілігі мен сәлемі пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с), оның отбасы мүшелеріне, сахабаларына және олардың ізінен ең көркем түрде ергендерге болсын!

«Тәубе» терминінің тілдік және шариғи мағынасы

  Ибн Фәрис «тәубе» сөзінің тілдік мағынасы: «қайту, оралу» дегенді білдіреді»[1] деп айтқан.  Ал Ибн Мунзир: «Тәба иләллаһ» (Ол Аллаға қайтты) сөз тіркесі: «Өз күнәларынан құтылып, Аллаға бойұсынуға бел буды», – деген мағынаны білдіретінін айтқан[2]. Енді «тәубе» сөзінің шариғи мағынасы: Алладан қорыққандықтан күнәдан арылу; күнәнің жиіркенішті екенін сезіну; Аллаға бағынбағаны үшін өкіну; осыған ұқсас жаман, жиіркенішті әрі күнәлі істерге енді қайтып оралмау; нақты жігерлік танытып, шешім қабылдау және осы үшін барлық сақтық шараларын жүзеге асыру дегенді білдіреді.

  Имам Ибн Муфлих былай деген: «Тәубе – ол өткен күнәларды жасап, Аллаға бағынбағаны үшін өкіну, бұдан былай мұндай іс-әрекетке бармауға нақтылы шешім қабылдау және оны тастаудағы мақсат, дүниелік жетістікке жету, зиян нәрсені кетіру немесе біреудің мәжбүрлеуімен емес,  бәлки бір Алла тағаланың разылығы үшін өз қалауымен бас тарту»[3] .

  Хафиз ибн Хажәр былай деген: «Тәубе сөзінің шариғаттағы мағынасы: күнәнің жиіркенішті екендігін сезіне отырып тәрк ету, жасап қойғандығы үшін өкіне отырып, енді мүлде жасамауға шешім қабылдау және жасаған күнәсі біреудің хақысына тиісті болған болса, онда әлгі кісіге хақысын қайтарып, одан кешірім сұрау қажет»[4].

Тәубенің маңыздылығы және міндеттілігі

  Алла тағала былай дейді: 

  قُلْ يَا عِبَادِيَ الَّذِينَ أَسْرَفُوا عَلَىٰ أَنفُسِهِمْ لَا تَقْنَطُوا مِن رَّحْمَةِ اللَّهِ ۚ إِنَّ اللَّهَ يَغْفِرُ الذُّنُوبَ جَمِيعًا ۚ إِنَّهُ هُوَ الْغَفُورُ الرَّحِيمُ ﴿٥٣﴾ وَأَنِيبُوا إِلَىٰ رَبِّكُمْ وَأَسْلِمُوا لَهُ مِن قَبْلِ أَن يَأْتِيَكُمُ الْعَذَابُ ثُمَّ لَا تُنصَرُونَ ﴿٥٤﴾     

«[Оларға былай] айт: «Әй, өздеріне зиян жасаған құлдарым! Алланың мейірімінен күдер үзбеңдер! Расында Алла барлық күнәларды кешіреді. Расында, Ол – Кешіруші, Мейірімді! Өздеріңе апат келуден бұрын Раббыларыңа қайтыңдар, Оған бойұсыныңдар. Кейін жәрдем көре алмайсыңдар»[5]. Хафиз ибн Кәсир: «Бұл ізгі аят кәпірлерден және басқа адамдардан болған барлық күнәһарларға айтылған шақыру. Бұл аят күнәларды жасаудан бас тартып, тәубеге келген барлық адамдардың күнәларын, ол күнәлар қандай болмасын, тіпті саны бойынша теңіз көбігіндей болғанның өзінде Алла кешіретінін баяндайды»[6],- деген. Алла тағала былай деді:

  …وَتُوبُوا إِلَى اللَّهِ جَمِيعًا أَيُّهَ الْمُؤْمِنُونَ لَعَلَّكُمْ تُفْلِحُونَ ﴿٣١﴾

  «Әй, иман келтіргендер! Барлығың Аллаға тәубе етіңдер! Мүмкін жетістікке жетерсіңдер»[7]. Сондай-ақ, Алла тағала былай деді:

  …وَمَن لَّمْ يَتُبْ فَأُولَـٰئِكَ هُمُ الظَّالِمُونَ ﴿١١﴾

«Ал кімде-кім тәубеге келмесе, міне, солар залымдар!»[8]. Имам әл-Қуртуби былай деген: «Мұсылман үмметі барлық ізгі кісілердің тәубе етуге міндетті екендігіне бір ауыздан келіскен»[9].

  Алла Елшісі (с.ғ.с) былай деген: «Уақыт өте келе, Алланың ізгі құлдарының өзі күнә жасамаса жүре алмайтын болады»[10]. Осы және осы секілді хадистер әрбір иман келтірген адамда күнәлар және кемшіліктер бар екеніне меңзейді. Дегенмен, күнәларының саны және ықыласты түрде әрдайым Алладан кешірім сұрау жағынан қарағанда, адамдар арасында өзіндік айырмашылықтар бар.

  Әнас (р.а) Алла Елшісінің (с.ғ.с) былай айтқаны турасында хабар береді: 

  عَنْ أَنَسٍ أَنَّ النَّبِىَّ – صلى الله عليه وسلم- »قَالَ كُلُّ ابْنِ آدَمَ خَطَّاءٌ وَخَيْرُ الْخَطَّائِينَ التَّوَّابُونَ .«سنن الترمذي

«Барлық Адам баласы қателесуші. Бірақ сол қателесуші пенделердің ішіндегі ең жақсылары – тәубе ететіндері»[11].

  Алла тағала кешіруді және күнәлары үшін тәубе етушілерді жақсы көреді.

  Себебі, күнәсін мойындап, Аллаға шын ықыласпен тәубе ету – Алланың сүйікті құлдары болған Пайғамбарлардың (с.ғ.с) амалы. Омар ибн Абдул-Азиз өзінің мұсылмандарға жасайтын үндеулерінде былай деп айтыңдар деп уағыздайтын: «Арғы аталарың Адам (а.с) айтқандай:

  قَالَا رَبَّنَا ظَلَمْنَا أَنفُسَنَا وَإِن لَّمْ تَغْفِرْ لَنَا وَتَرْحَمْنَا لَنَكُونَنَّ مِنَ الْخَاسِرِينَ ﴿٢٣﴾

  «Раббымыз, біз өзімізге зұлымдық жасадық. Егер Сен бізді кешіріп, мейіріміңе бөлмесең, әлбетте зиянға ұшыраушылардан боламыз»[12].

  Нұх (а.с)  айтқандай: 

   …وَإِلَّا تَغْفِرْ لِي وَتَرْحَمْنِي أَكُن مِّنَ الْخَاسِرِينَ ﴿٤٧﴾

  «Егер мені кешірмесең, мейіріміңе бөлемесең, мен зиянға ұшыраушылардан болармын»[13].

  Ибраһим (а.с) айтқандай: 

﴿وَالَّذِي أَطْمَعُ أَن يَغْفِرَ لِي خَطِيئَتِي يَوْمَ الدِّينِ ٨٢﴾ 

  «Ол сондай Алла Қиямет Күні қателерімді жарылқауын үміт етемін»[14]

  Мұса (а.с) айтқандай: 

  ﴿قَالَ رَبِّ إِنِّي ظَلَمْتُ نَفْسِي فَاغْفِرْ لِي فَغَفَرَ لَهُ ۚ … ١٦﴾

  «Раббым! Рас өзіме зұлымдық жасадым. Мені кешір!»[15].

  Алла Елшісі (с.ғ.с): «Әй, адамдар! Аллаға тәубе етіңдер және Одан кешірім сұраңдар. Мен күніне жүз мәрте Оған тәубе етемін»[16], – деп айтатын. 

Тәубенің шарттары

  1. Алла тағала алдында ықыласты түрде кешірім сұрау.
    Алла тағала былай айтты: 

﴿يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا تُوبُوا إِلَى اللَّهِ تَوْبَةً نَّصُوحًا… ٨﴾

«Әй, иман келтіргендер! Аллаға шынайы түрде тәубе етіңдер»[17].

Алла Елшісі (с.ғ.с) былай деген: «Расында, Алла өзінің разылығы үшін ықыласты түрде жасалған амалдарды қабыл етеді!»[18].

  1. Күнә жасауды тоқтату.

Алла тағала былай деген:

﴿قُل لِّلَّذِينَ كَفَرُوا إِن يَنتَهُوا يُغْفَرْ لَهُم مَّا قَدْ سَلَفَ ….٣٨﴾

«Сондай кәпір болғандарға: «Егер олар жамандықтан тыйылса, өткен күнәлары кешіріледі…»,-деп айт»[19].

Ал Алладан кешірім сұрай отырып, бірақ өз күнәсін тоқтатпаған адамның тәубесі жайында айтатын болсақ, әуелгі сәләф салихтар бұл жайында қатты ескертпе сөздер айтқан. Мәселен, Ибн Аббас (р.а) былай айтқан: «Күнәсіна өкінген кісі мүлде күнә істемегенмен бірдей, ал күнәсі үшін кешірім сұрап, күнәсін жалғастыратын адам Раббысын мазақ еткен адам тәрізді»[20].

Имам әл-Фудәйл ибн Ийәд: «Күнәдан арылмай кешірім сұрап дұға ету – өтірікшілердің тәубесі!»[21],-деген.

Алла Елшісі (с.ғ.с) былай деген: «Егер Алланың құлы күнә жасаса, оның жүрегінде қара дақ пайда болады, ал егер күнәсін тоқтатып, кешірім сұрап, [күнә жасағаны үшін] өкінсе дақ кетіп қалады. Егер күнәні жалғастыра берсе, дақ үлкейе береді және бүкіл жүректі жаулап алады. Бұл жөнінде [Алла] Тағала:

﴿كَلَّا ۖ بَلْ ۜ رَانَ عَلَىٰ قُلُوبِهِم مَّا كَانُوا يَكْسِبُونَ ١٤﴾

«Жоқ, олардың жүректерін істеген қылықтары орап жапты»[22], – деп айтты»[23].

  1. Күнә жасағаны үшін өкіну.

Алла Елшісі (с.ғ.с) былай деген: «Күнә жасағанына өкіну – тәубе жасағандықтың белгісі»[24]. Имам әс-Синди былай деген: «Өкіну күнә жасаған себепті болу керек! Егер адам, мысалы, шарап ішкенде [күнә істеп қойғандығы үшін емес] ақшасы жұмсалып кеткендігіне өкінгені сияқты, басқа бір себеппен өкінсе, мұндай өкінудің тәубеге ешқандай қатысы жоқ!»[25].

  1. Кешірім сұрап дұға ету.

Күнә жасаған себепті өкіну – тәубенің ең маңызды шарттарынан болғанына қарамастан, сонымен бірге ықыласты түрде өкіну үшін Алла тағаладан адам тілімен де кешірім сұрау керек. Мұны Алла былай деп бұйырады: 

﴿وَأَنِ اسْتَغْفِرُوا رَبَّكُمْ ثُمَّ تُوبُوا إِلَيْهِ ٣﴾

«Раббыларыңнан кешірім сұраңдар. Сонан соң Оған тәубе етіңдер»[26] . Сонымен қатар Алла Елшісі (с.ғ.с) былай деген: «Алла тағала былай айтады: «Әй, Адам баласы, расында, сен Менен кешірім сұрап, Менен үмітіңді тоқтатпайынша Мен сенің жасаған күнәларыңа қарамастан, кешіріп отырамын! Әй, Адам баласы, егер сен аспандағы бұлттарға /’анан ас-сама / жететін күнәлар жасап, кейін Менен кешірім сұрасаң, Мен сені кешіремін! Әй, Адам баласы, егер сен Маған көлемі бүкіл жерді жауып тұратын күнә жасап, бірақ Менен басқа ешкімге құлшылық етпейтін болсаң, онда Мен саған міндетті түрде, сол күнәләріңнің бәрін жабатын кешірім сыйлаймын!»»[27]

Сонымен қатар, кешірім сұрағанда ынта-жігер таныта отырып, талап ету түрінде сұрау керек. Ал егер «Иә, Алла, қаласаң мені кешір» деген сияқты т.б. осыған ұқсас сөздерді айтудан Пайғамбар (с.ғ.с) қайтарған. Әбу Һұрайра (р.а) Алла Елшісінің (с.ғ.с) былай айтқанын жеткізді: «Ешқайсыларың Алладан күнәларының кешірілуін өтінгенде: «Иә, Алла, егер қаласаң мені кешір, Иә, Алла, егер қаласаң мені мейіріміңе бөле»,-деп айтпасын, керісінше жігерлік танытсын. Өйткені Алланы ешкім бір нәрсеге мәжбүрлей алмайды»[28].

  1. Осы күнәні қайта жасамауға нақты шешім қабылдау.

Алла тағала былай айтты:

وَالَّذِينَ إِذَا فَعَلُوا فَاحِشَةً أَوْ ظَلَمُوا أَنفُسَهُمْ ذَكَرُوا اللَّهَ فَاسْتَغْفَرُوا لِذُنُوبِهِمْ وَمَن يَغْفِرُ الذُّنُوبَ إِلَّا اللَّهُ وَلَمْ يُصِرُّوا عَلَىٰ مَا فَعَلُوا وَهُمْ يَعْلَمُونَ ﴿١٣٥﴾ أُولَـٰئِكَ جَزَاؤُهُم مَّغْفِرَةٌ مِّن رَّبِّهِمْ وَجَنَّاتٌ تَجْرِي مِن تَحْتِهَا الْأَنْهَارُ خَالِدِينَ فِيهَا ۚ وَنِعْمَ أَجْرُ الْعَامِلِينَ ﴿١٣٦﴾

«Ал олар қашан арсыздық істесе, не өздеріне зұлымдық жасаса, Алланы естеріне алып, күнәлары үшін кешірім сұрайды. Күнәларды Алладан басқа кім кешіреді? Сондай-ақ, олар жасаған істеріне біле тұра қасарыспайды. Міне солардың сыйлықтары Раббылары тарапынан кешірім және астарынан өзендер ағатын жұмақтар. Олар онда мәңгі қалады. Амал істеушілердің сыйлықтары нендей керемет!»[29] . Ән-Нуғман ибн Башир былай айтқан: «Мен Умар ибн әл-Хаттабтан» «Аллаға шынайы тәубе етіңдер!»[30]  деген аят жайлы сұрағанымда, ол былай айтты: «Бұл – жасаған күнәң үшін өкіну және оған ендігәрі қайтпау, не оған қайтуға ынтаның болмауы»[31].

  1. Зұлымдық жасалған адам алдында айыбын жуып-шаю.

Егер мұсылман ұрлаған жағдайда, не біреуге материалды немесе денесіне зардап тигізсе, сол адамның айыбын түземейінше, не хақысын қайтармайынша, не кешірім сұрамайынша жоғарыда айтылған шарттар жеткілікті болмайды. Әбу Һұрайра (р.а) Алла Елшісінің (с.ғ.с) былай айтқанын жеткізеді: «Өз бауырының абыройына немесе басқа бір нәрсесіне байланысты зұлымдық жасаған адам, динарлар мен дирхамдар жоғалмай тұрған кезде, күнәсі үшін кешірім сұрасын! Өйткені, егер ол адамда жақсы амалдар болса, (Ақырет күнінде, жәбір көруші оған) жәбір көрсеткеніне қарап амалдарын одан алып кетеді. Ал егер ол адамда жақсы амалдар болмаған жағдайда, жәбір көрушіден жаман амалдар алынып соған беріледі»[32].

  1. Тәубе тек өлім алдындағы қырылдау мен күн батыстан шыққанға дейін қабыл болады.

Алла тағала былай деді:

﴿وَلَيْسَتِ التَّوْبَةُ لِلَّذِينَ يَعْمَلُونَ السَّيِّئَاتِ حَتَّىٰ إِذَا حَضَرَ أَحَدَهُمُ الْمَوْتُ قَالَ إِنِّي تُبْتُ الْآنَ وَلَا الَّذِينَ يَمُوتُونَ وَهُمْ كُفَّارٌ ۚ أُولَـٰئِكَ أَعْتَدْنَا لَهُمْ عَذَابًا أَلِيمًا ١٨﴾

«Жаман істер жасап жүріп, ал өздеріне өлім келген кезде: «Енді мен істеген күнәма өкініп, Аллаға бойұсынуға қайттым /тәубе еттім/»,-деп айтатындардың және кәпір күйінде өлгендердің тәубелері қабыл етілмейді. Міне, соларға Біз күйзелтуші азап әзірледік»[33].
Алла елшісі (с.ғ.с): «Расында, Аса Құдіретті, әрі Ұлық Алла пенденің тәубесін өлім алдындағы қырылдауларына дейін қабыл етеді»[34], – деп айтқан.

Алла Елшісі (с.ғ.с): «Қиямет күні батыстан күн шықпайынша келмейді, ал ол сол жерден шығып, адамдар соны көргенде, олардың барлығы иман келтіреді, бірақ сол мезетте айтқан имандары оларға еш пайда бермейді»,-деп, келесі аятты оқыды:

﴿ …يَوْمَ يَأْتِي بَعْضُ آيَاتِ رَبِّكَ لَا يَنفَعُ نَفْسًا إِيمَانُهَا لَمْ تَكُنْ آمَنَتْ مِن قَبْلُ أَوْ كَسَبَتْ فِي إِيمَانِهَا خَيْرًا ۗ قُلِ انتَظِرُوا إِنَّا مُنتَظِرُونَ ١٥٨﴾

«Раббыңның белгілерінің кейбіреулері келген күні, бұрыннан иман келтірмеген немесе сенімі бойынша бір қайыр істемеген біреудің иманы пайда бермейді»[35] .

  1. Күнә жасағаннан кейін тездетіп тәубе жасау керек.

Жасалған күнә үшін тәубені бірден жасау қажет. Себебі күнә жасалғаннан кейін тәубе ету ұзаққа созылса, онда күнә адам баласының рухына әсер ете бастайды. Алла тағала былай дейді:

﴿إِنَّمَا التَّوْبَةُ عَلَى اللَّهِ لِلَّذِينَ يَعْمَلُونَ السُّوءَ بِجَهَالَةٍ ثُمَّ يَتُوبُونَ مِن قَرِيبٍ فَأُولَـٰئِكَ يَتُوبُ اللَّهُ عَلَيْهِمْ ۗ… ١٧﴾

«Шын мәнінде, білместікпен жаман іс істеп қойып, содан кейін жақын арада істеген күнәсі үшін шынайы өкініп, Аллаға бойұсынуға қайтатындардың (тәубеге келетіндердің) тәубесін қабылдау Аллаға тән. Міне, солардың тәубесін Алла қабыл етеді»[36].

Алла Елшісі (с.ғ.с): «Расында, сол жақ кітапшаның иесі (жаман істерді жазатын періште) күнә жасаған мұсылман құлдың кітапшасының үстінде өзінің қаламын алты сағат бойы ұстап тұрады. Егер ол тәубе етіп, Алладан кешірім сұраса, сол күнәні лақтырып жібереді. Олай жасамаса бір күнә деп жазады»[37], – деген. 

  1. Күнәдан кейін ізгі амалдар істеу қажет.

Күнәдан кейін ізгі амалдар жасау сол күнәнің өшуіне себеп болады, ол жайында Алла тағала былай деді: 

﴿إِنَّ الْحَسَنَاتِ يُذْهِبْنَ السَّيِّئَاتِ ۚ…١١٤﴾

«Расында, ізгі амалдар жаман амалдарды жояды!»[38].
Ал Алла Елшісі (с.ғ.с): «Жаман амал жасап, кейін ізгі амал жасаған адам – үстіне қысып тұрған сауыт киіген адам секілді. Бір ізгі амал жасаса, сауыттың бір жүзігі босайды, кейін басқа (ізгі амал жасаса), екіншісі (босайды), осылай ол (шешіліп) жерге құламайынша жалғаса береді»[39],-деген.

  1. Тәубе намазы

Әбу Бәкір (р.а) былай деген: «Мен Алла Елшісінің (с.ғ.с) былай айтқанын естідім: «Егер Алланың бір құлы күнә жасаса, осыдан кейін дұрыс түрде дәрет алса, сосын екі рәкат намаз оқып, Алладан кешірім сұраса, Алла оны міндетті түрде кешіреді». Кейін келесі аятты оқып берді: «Ал олар қашан арсыздық істесе, не өздеріне зұлымдық жасаса, Алланы естеріне алып, күнәлары үшін кешірім сұрайды. Күнәларды Алладан басқа кім кешіреді? Сондай-ақ, олар істеген істеріне біле тұра(ол үшін кешірім сұрауға) қасарыспайды. Міне солардың сыйлықтары Раббылары тарапынан кешірім және астарынан өзендер ағатын жұмақтар. Олар онда мәңгі қалады. Амал істеушілердің сыйлықтары нендей керемет!»[40] .



 

Ең жақсы кешірім сұрау дұғасы

Шаддад ибн Аус (р.а) Алла Елшісінің (с.ғ.с) былай деп айтқанын жеткізді:

«Алладан кешірім сұрап жасаған дұғалардың мырзасы (патшасы) мына сөз: «Иә, Алла, Сен – менің Раббымсың, Сенен басқа құлшылыққа лайықты еш нәрсе жоқ; Сен мені жараттың, ал мен – Сенің құлыңмын, мен Саған берген уәдеме шамам жеткенше бекем боламын. Өзім жасаған зұлымдықтан пана іздеп Өзіңе сыйынамын, Сенің маған жасаған мейіріміңді мойындаймын, сондай-ақ жасаған күнәләрімді мойындаймын, кешір мені, өйткені, расында, Сенен басқа ешкім күнәләрді кешірмейді!» Осы сөздерге адам толығымен сеніп күндіз айтса, сосын сол күннің кешіне дейін қайтыс болса, онда Жұмақ тұрғындарының қатарында болады әрі осы сөздерге толығымен сеніп кешке айтса, кейін сол түннің таңына дейін қайтыс болса, онда Жәннат тұрғындарының қатарында болады»[41].

اللّهـمَّ أَنْتَ رَبِّـي لا إلهَ إلاّ أَنْتَ ، خَلَقْتَنـي وَأَنا عَبْـدُك ، وَأَنا عَلـى عَهْـدِكَ وَوَعْـدِكَ ما اسْتَـطَعْـت ، أَعـوذُبِكَ مِنْ شَـرِّ ما صَنَـعْت ، أَبـوءُ لَـكَ بِنِعْـمَتِـكَ عَلَـيَّ وَأَبـوءُ بِذَنْـبي فَاغْفـِرْ لي فَإِنَّـهُ لا يَغْـفِرُ الذُّنـوبَ إِلاّ أَنْتَ

/Аллаумма, Әнтә Рабби, лә иләһа иллә Әнтә, халәқта-ни уа ана ‘абду-кә, уа ана ‘алә ‘аһди-кә уа уа’ди-кә ма-стата’ту. Ә’узу би-кә мин шарри ма сана’ту, әбу-у лә-кә би-ни’мати-кә ‘аләййа, уа әбу-у лә-кә би-занби, фа-ғфир ли, фа-инна-һу лә йағфиру-з-зунуба иллә Әнтә!/

Жасаған күнәні жария етудің харамдығы жайында

Күнәні жасаған күні жария етуге тыйым салынған. Өйткені Алла Елшісі (с.ғ.с) былай деген: «Менің үмметімнің барлығы мейірімге бөленеді, тек (өз күнәларын) жария айтушылардан басқа. Мұндай адамдарға түнде күнәсін жасап, бірақ Алла тағала оның күнәсін жапса, ал таң атқанда ол өзі: “Әй, пәленше, мен мынадай күнә жасадым”, – деп айтады. Осылай, ол түнде Раббысының жамылғысының астында болады да, ал таң атқанда Алланың жамылғысын лақтырып тастайды»[42].

Ибн Умар (р.а) айтып бергендей, Мағиз әл-Асләми зина жасағаны үшін таспен ұрылғаннан кейін, Алла Елшісі (с.ғ.с) былай деді: «Алла харам еткен, бұл жиіркенішті істен (зинадан) сақтаныңдар! Егер кімде-кім осы нәрсені жасаса, Алла оны жасырғандай, жасаған ісін жасырсын және Оның алдында тәубе етсін. Ал біреудің күнәсі бізге мәлім болатын болса, біз оны Алла тағаланың Кітабына сәйкес жазаға тартамыз!»[43].

Әли ибн Әбу Тәліп (р.а) былай деген: «Өз күнәсін айтып жүрген адам мен соны естіп басқаларға жеткізген адам да екеуі бірдей күнәһар»[44].  Бірақ егер адам өз күнәларын жасырмай айтып жүрген болса, оны ол жоқта артынан еске алу ғайбат болып есептелмейді. Бұл жайында Хасан әл-Басри айтқан болатын[45].

Әуелгі мұсылмандардың көркем насихаты

Ибн Аббас (р.а) былай деген: «Кешірімі сұралған күнә үлкен емес, бірақ оны қайталап жасай берсе кішкентай емес»[46].

Хасан әл-Басри былай деген: «Ей, Адам баласы, күнәға тәубе етуден гөрі күнәні тастау оңай!»[47]

Имам әл-Аузағи былай деген: «Мен Біләл ибн Сағдтың: “Күнәнің кішкентайлығына қарама, кімге қарсы келіп жатқандығыңа (яғни Алланың ұлықтығына) қара!” – деп айтқанын естідім»[48].

Сөзіміздің соңында, барлық мақтаулар Аллаға болсын және Алланың игілігі мен сәлемі Мұхаммедке болсын!

muftyat.kz «Жұма уағызы» кітабынан

[1] «Муғжәм мақаис» 1/357

[2] «Лисән араб» 1/223

[3] «Әдәб әш-шарғия» 1/84.

[4] «Фатхул-Бәри» 11/103.

[5] «Зумар» сүресі, 53-54-аяттар.

[6] «Тәфсир Ибн Кәсир» 4/345.

[7] «Нұр» сүресі, 31-аят.

[8] «Хужурат» сүресі, 11-аят.

[9] «Тәфсир Қуртуби» 5/90.

[10] Әт-Тәбарани «Әусат». Хадис сахих.

[11] Әт-Тирмизи 2499, Ибн Маджаһ 4251. Имам Хаким, имам Ибн Қаттан хадисті сахих деген.

[12] «Ағраф» сүресі, 23-аят.

[13] «Һуд» сүресі, 47-аят

[14] «Шуғара» сүресі, 82-аят.

[15] «Қисас» сүресі, 16-аят.

[16] Мүсілім 2702.

[17] «Тахрим» сүресі, 8-аят.

[18] Ән-Нәсәи 3140. Хафиз Мунзири, имам Ирақи және хафиз Ибн Хәжәр хадисті сахих деген.

[19] «Әнфәл» сүресі, 38-аят.

[20] Ибн Әби әд-Дунья «әт-Тауба» 85, Байһақи «ас-Сунан кубра» 10/154.

[21] «Азкар» 492.

[22] «Мутаффифин» сүресі, 14-аят

[23] Әт-Тирмизи 3334, Ибн Мәжәһ 4244. Имам Әбу Иса әт-Тирмизи, имам Ибн Ади, хафиз Ибн Хәжәр хадисті сахих деген.

[24] Ибн Мәжәһ 4252. Ибн Хиббан, Хаким, әз-Зәһәби, Ибн Хәжәр хадисті сахих деген.

[25] «Шарх Сунан Ибн Мәжәһ» 4/492

[26] «Һуд» сүресі, 3-аят

[27] Әт-Тирмизи 3540. Имам әт-Тирмизи мен имам Музани хадисті сахих деген.

[28] Бұхари 6339, Мүсілім 4/206

[29] «Әли Имран» сүресі, 135-136-аяттар.

[30] «Тахрим» сүресі, 8-аят.

[31] Ибн Әби Шейба 901, Хаким 2/495. Хафиз Ибн Хәжәр хадистің иснадын сахих деген.

[32] Бухари 2449.

[33] «Ниса» сүресі, 18-аят.

[34] Әт-Тирмизи 2537. Имам ән-Нәуәуи хадисті сахих деген.

[35] «Әнғам» сүресі, 158-аят, Бұхари 4635, Мүсілім 157.

[36] «Ниса» сүресі, 17-аят.

[37] Әт-Табарани «Кабир» 2/25, Байһақи «Шуғаб иман» 2/349. Хасан хадис.

[38] “Һуд” сүресі, 114-аят.

[39] Ахмад 4/145, әт-Табарани «Кабир». Хафиз Мунзири және Хайсами хадисті сахих деген

[40] “Әли Имран” сүресі, 135-136-аяттар». Әбу Дәуіт 1521, әт-Тирмизи 406, Ибн Мәжәһ 1395. Имам Әбу Иса әт-Тирмизи, хафиз Ибн Кәсир және шейх Ахмад Шакир хадисті сахих деген.

[41] Бұхари, 6306.

[42] Бұхари 6069, Мүсілім 2990.

[43] Хәкім 4/425, Байхақи 8/330. Имам Хаким, әз-Зәһәби, Ибн ас-Сакан және Ибн Муләққин хадисті сахих деген.

[44] Бұхари «Әдәбул-Муфрад» 324.

[45] «Файдуль-Къадир» 3/323.

[46] Әт-Табари 5/41, Ибн Әби Хатим 3/943. Иснады сахих.

[47] «аз-Зауажир» 1/45.

[48] Ибн Мубарак «әз-Зуһд» 71

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38