Адам мен шайтанның арпалысы туралы бұрынғылардан мынадай қисса қалған. Ертеде бір қауым шайтанның азғыруы мен арбауына түсіп, ен далада өсіп тұрған үлкен бір дарақ бәйтерекке неше түрлі жіп таспалар байлап, оны қасиетті, киелі ағаш деген дақпырт таратады. Ақырында аңқау ел сол ағашқа сыйынып, табынып, барлық арман-тілектерін сол жерге барып айтып, құрбандықтарын сол жерге барып шалатын болыпты.
Бұл оқиғаны естіген жақын маңда тұратын бір тақуа пенде қатты ашуланады. Алланың жолын тастап, қайдағы бір ағашқа табынғаны несі деп әбден кейиді. Сөйтіп шаппақшы болып қолына балтасын алып адамдар жоқ кезде әлгі ағашқа барады. Ойын іске асыру үшін балтасын құлаштап көтере бергенде ағаштың артынан малғұн шайтан сумаң етіп шыға келеді. «Бұл ағашты шаппа, бәлеге ұшырайсың», – дейді шықылдайды шайтан. «Қайдағы бір қураған ағашты қастер тұтқызып, қара халықты адастырдың, малғұн», – деп айқай салады тақуа. Шайтан тақуаны райынан қайтармақшы болып: «Сен бұл ағашты шапқаныңмен олар табынатын басқа нәрсе тауып алады ғой. Басқаларда нең бар, өз ғибадатыңды жасай бермейсің бе?» – деген уәж айтады. Шайтанның шатпағына ашуланып, қатты қаһарланған тақуа: «Алладан басқа нәрсе табынуға лайықты емес», – деп шайтанға тап береді. Екеуі біраз алысады. Ақырында тақуа шайтанды олай бір, былай бір алып ұрып, әбден діңкесін құртады. Сонда ерегістен ештеңе шықпасына көзі жеткен шайтан бір қулық ойлайды. Ол тақуаға жаны ашыған адамның пішінімен: «Уа, тақуадар пенде! Ерегістен екеуміз де еш пайда таппаймыз. Сен кедей адамсың ғой. Үйіңе қайт та, алаңсыз құлшылығыңмен айналыса бер. Мен сенің жастығыңның астында күніне екі динар ақша салып қояйын. Ал бұл ағашты шабуды Алла тікелей саған жүктемеген шығар. Ол шынымен қаласа, бұл ағашты құртатын бір елшіні жіберуге құдіретті ғой. Ал бұл сенің міндетің емес. Өзің табынбасаң болды емес пе?» – деп әбден азғырады. Шайтанның бұл сөзін естіген тақуа ойланып қалады. «Расында да, менің шаруам не? Ту алыстан келіп, осы ағаш үшін әуре боламын ба? Оның үстіне күніне екі динар ақшаны маған кім береді?» – деп, ақшаға қызығады. «Мақұл, солай-ақ болсын! Бірақ күніне екі динар алып тұратын болайын!» – деп бұйырады ол шайтанға. «Енді ақылға келдің. Екеуміз де міндетімізден құтылдық», – дейді шайтан. Сөйтіп, тақуа үйіне қайтады.
Ертеңіне таңертең ұйқысынан тұрып, жастығының алып қараса, астында екі динар алтын теңге жатыр екен. Бұрын-соңды мұндай ақшаны ұстап көрмеген пақыр тақуа шат-шадыман болып қуанады. «Құда да риза, құдағи да риза! Сол ағаш менің немді алған. Табынатын топастар табына берсін! Өзімнің иманым да берік, ұпайым да түгел. Құдайдан басқаға құлшылық қылмаймын. Дұрыс қылдым», – деп долбарлайды. Екінші күні таңертең жастығының астынан тағы да екі динар алады. Ал үшінші күні әдеттегідей жастығының астын ашып қараса.. ештеңе де жоқ! Жастығын әрі қарайды, бері қарайды. Ақыры болмағасын, бүкіл төсегін ақтарып қарайды. Тасбақа да жоқ! «Қап! Бұл шайтан мені алдап соқпақшы! Көрсетейін мен оған кіммен ойнап жүргенін!» – деп ашуына мінген тақуа қолына балтасын қайта алып тура ағашқа қарай барады.
Шайтан оның алдынан жолығады. Тақуа сөзге келместен онымен дереу алыса кетеді. Әрі алысады, бері алысады. Байқайды, шайтан баяғыдай емес, кәріне мініп алған. Бойына әлдеқандай күш біткен бе, қалай? Әл бермейді. Ақырында біраз текетірестен соң тақуа шайтанның астына түсіп, жеңіліп қалады. Бұл іске аң-таң болған ол шайтаннан: «Ей, нақұрыс! Біріншіде мен сені оп-оңай жеңіп едім. Енді сен мені қалай жеңдің?» – деп сұрайды. Сонда шайтан: «Ей, надан пенде! Сенің алғашқы ашуың бір Алланың хағы үшін болған еді. Сондықтан да жеңдің. Ал екінші ашуың екі динар үшін болды. Сол үшін жер құштың», – деп жауап береді.
Шымкент орталық мешіті