Бақдәулет АБДРАХМАНОВ, Шымкент қаласының бас имамы

Араб тілінде «الحج» «Әл-Хаж» деп – құр­мет тұ­тыл­ған қа­сиет­ті жер­ді зия­рат ету мағына­сын біл­ді­ре­ді. Ал ша­ри­ғат­та­ғы тер­мин­дік ма­ғы­на­сы – қажы­лық айла­ры деп ата­ла­тын ар­найы уа­қыт­та Сауд Ара­бияда­ғы Мек­ке қа­ла­сы­ның жанында­ғы Ара­фат тауын­да ғиба­дат ниеті­мен бір ме­зет тұру, со­сын Қағ­ба­ны тауап ету жә­не қа­жы­лық­тың ар­найы бас­қа амал­да­рын орын­дау ар­қы­лы ат­қарылатын ғи­ба­дат.

  Мекке – мұсылмандардың қасиетті шаһары, оның «мүкәррәмә»  («аса қадір тұтатын») деген теңеуі бар. Алла Тағаланың сөзі жазылған Құран Кәрімде Меккенің  «Умм әл-Қура» («қалалардың анасы»), Бакка (шаһарлардың көне атауы), «әл-Бәләд әл-әмин» («Қауіпсіз қала») деп те атайды.      Мекке шаһары Қызыл теңіз жағалауындағы Жидда қаласынан 74 шақырым жерде таулы аймақта орналасқан.        Ибн Омар (Алла оған разы болсын) Алла елшісінің (с.а.с.):

(بُنِيَ الْإِسْلامُ عَلَى خَمْسٍ شَهَادَةِ أَنْ لَا إِلَهَ إِلَّا اللَّهُ وَأَنَّ مُحَمَّدًا رَسُولُ اللَّهِ وَإِقَامِ الصَّلَاةِ وَإِيتَاءِ الزَّكَاةِ وَصَوْمِ رَمَضَانَ وَحَجِّ الْبَيْتِ)

Мағынасы: «Ислам бес негізге: Алладан басқа тәңір жоқтығына және Мұхаммед Алланың елшісі екендігіне куәлік беруге, намазды атқаруға, зекет беруге, Рамазан оразасын ұстауға және Қағбаға қажылық жасауға орналасқан» ,–деген (әл-Бұхари).

Демек, қажылық жасау – Исламның басты тіректерінің бірі, шамасы келген кісі Алланың үйіне қажылық жасамайынша кәміл мұсылман бола алмайды. Бірақ мұсылманға өмірінде бір рет қана қажылық жасау парыз, бұл да болса Алла Тағаланың кеңшілігі.

Қазақстан қажылары ұлы сапарды өтеу үшін қажылықтың «التمتع« – «таматту′» амалына ниет етуі қажет.

Бұл сөзінің тілдік мағынасы: ыңғайлы жағдайды пайдалану, қажетіне жарату, рақаттану дегенді білдіреді. Ал шариғаттық тұрғыда таматту′ қажылығы дегеніміз – қажылық атқарылатын айда умра жасап, үлкен қажылық басталатын күнге дейін Меккеде тұрып, қажылықты атқару деген түсінікті білдіреді. Қазақстандық азаматтар қажылықтың осы түріне ниет етеді.

Қажылық парыздары

Қажылықтың парыздары – үшеу:

  • «Ихрам» – Мекке Мухаррамға кіргеннен кейін, миқат деп айтылатын жерде қажылық ету ниетімен «Ихрам» кию;
  • «Уқуф» – арафа күні бесін намазынан кейін «Арафат» тауына бару;
  • «Тауаф» – құрбан айттың бірінші күндерінде немесе 2-3 күндерінде  Қағбаны тиісті тәртібімен 7 рет айналу.

Қажылық уәжіптері

Қажылықтың уәжіптері бесеу:

  1. Құрбан айт күнінде таң намазынан кейін «Муздалифада» болу;
  2. «Сафа мен Маруа» таулары арасында жүру, 7 мәрте «сағи» ету;
  3. Айт күндері тас лақтыратын орында шайтанға тас лақтыру;
  4. Үйге қайту ниетімен Меккеден шығар алдында тағы да Қағбатулланы тауап ету;
  5. Құрбан айт күндерінде парыз тауапты орындағаннан кейін, шашын алдыру немесе кысқарту. Қажылықтын бұдан басқа амалдары көп: олардың кейбіреулері – сүннет, кейбіреулері мустахаб болады.

Қажылық амалдары

Қажылар Мекке Мухаррамға жеткенше «миқат» деген жерлердің біреуіне тоқтап, мұрттарын қысқартып тырнақтарын, артық түктерін алады, үстіндегі киімдерін шешіп, ғұсыл қылып тазаланып, «Ихрам» киімдерін киеді. Ал әйелдер өз киімдерімен жүреді. «Ихрам» киімі «изер» мен «рәддә» атты екі кең мата болады.

Изермен кіндік қатарынан төмен жақты орап қояды, рәддәны желкесіне, арқасына салып қояды.

Ихрам киімдерін кигеннен кейін, екі бас нәпіл (қосымша) намаз оқып, мына сөздерді айтып, қажылық етуге ниеттенеді:

Аллаһумма инни уридул-хәжжә фә йәс-сирһу ли уә тәқаббәлһу минни.  

Мағынасы: «Уа, Раббым! Ақиқатта мен қажылық етуді ниет еттім, енді Сен оны маған жеңіл ет және оны менен қабыл ал».

Ниет етіп, дауыстап мына сөздерді оқиды. Тәлбие деп аталады: 

 لَبَّيْكَ اللهُمَّ لَبَّيْكَ لَبَّيْكَ لَا شَرِيكَ لَكَ لَبَّيْكَ إِنَّ الْحَمْدَ وَ النِّعْمَةَ لَكَ وَالْمُلْكَ لَا شَرِيكَ لَكَ

Оқылуы: «Ләббәйкәл-лаһумма ләббәйк. Ләббәй-кә лә шәрикә ләкә ләббәйк. Иннәл-хамдә, уән-ниъмәтә, ләкә уәл-мулк. Лә шәрикә ләк».     

Мағынасы: «Уа, Алла! Міне, мен Сенің алдыңдамын. Міне, мен Сенің алдыңдамын. Сенің ешбір серігің жоқ, міне, мен Сенің алдыңдамын. Расында мадақ та, нығмет те, мүлік те Саған ғана тән. Сенің серігің жоқ» (Муслим , Хаж  19).

Бұл күн мейрам болғандықтан қажылар көтеріңкі көңіл күйде болып, Алланың өзіне берген үлкен нығметіне бөленіп шаттанады. Бұл күнде Аллаға мадақ айтып: 

الله أَكْبَرُ، الله أَكْبَرُ، لاَ إلَهَ إِلاَّ الله وَاللهُ أَكْبَرُ، الله أَكْبَرُ وَ لِلَّهِ الحَمْدُ

Оқылуы:«Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар, Лә иләһә иллаллаһу уаллаһу әкбар. Аллаһу әкбар уә лилләһил-хамд» деген зікір сөздермен бастайды.

Мағынасы: «Алла Ұлы! Алла Ұлы! Алладан басқа құдай жоқ! Алла Ұлы және мақтау Аллаға тән».

Ниет етіп, осы сөздерді айтқаннан кейін, қажылық ихрамды деп есептеледі, сол бойымен Меккеге кетеді.

Құрбан айт күнінде шаштарын алып парыз болған тауафты орындағанша ихрам киімімен жүреді. Қажылық уақыттарында әдепсіз сөздер сөйлемей, жақындық қылмай, әйелдерінің денесіне қолдарын тигізбей, күнә істер істемей, адамдармен таласпай, жабайы жан иелерін өлтірмей, инемен тігілген киімдер кимей, бастарына сәлде не басқа да киімдер кимей, аяқтарына тігілген аяқ киім кимей, бастарына және беттеріне бір нәрсе қаптамай, иіс майлар жақпай, шаштарын не басқа түктерін қырмай, тарамай, тырнақтарын алмай, сақалдарын майламай және бастарын сабынмен жумай жүреді. Бұл айтылған істерді ғана істеу дұрыс емес. Егер де осы істердің біреуін істесе, ол адамдарға не кұрбан шалу немесе садақа беру ләзім (тиіс).

Қажылардың әрбірі құрбан айт күндерінде ихрамы тәмам болғанша, жалаңаяқ, жалаңбас күйінде ихрам киімдеріне оранып дәруіш сияқты болып жүреді. «Тәлбия» айтылатын орындарда Тәлбия  айту керек.

Ихрамды адамдарға үйге кіруге, жеу, ішу, ұйықтау, ғибадат қылуға, дәрет алуға, ғұсыл құйынуға, моншаға түсуге, белдеріне бір зат немесе ақшаны байлауға, шатырмен не күнтосармен көлейгейленуге, аяқтарына табанынан ыстық өтпесін деп бір зат ілу шариғат үкімінде рұқсат етіледі.

Әйелдердің қажы тауабында алты түрлі айырма бар:

  1. Әйелдер ихрам байламайды, өздерінің киімімен жүреді;
  2. Инемен тігілген киімдерді кие береді;
  3. Бастарын ашып жүрмейді;
  4. Тәлбиені дауыстап айтпайды;
  5. Шаштарын қысқартпайды;
  6. Хайз себепті үзірлі болса, парыз тауапты қазаға қалдырады.

Қажылық етушілер Мекке Мухаррамға келгеннен кейін ең алдымен Қағбатуллаға кіреді. Қағбаны көре салып, тәкбир және таһлил айтып, Алла Тағаладан тілектерін сұрап дұға етеді. Қағбатуллаға кіргеннен кейін Қағбанын бұрышындағы «Хәжәр әсуад» атты мүбарак тасты көргеннен соң намаздағы сияқты қолдарын құлақтарына дейін көтеріп, тағы да тәкбир және тәһлил айтады. Мүмкіншілік болса, ол тасты сүйеді. Содан кейін жеті мәрте Қағбаны айналып, сүннет болған тауапты істейді, кейін «Мақам Ибраһим» деген жерде Қағбаға қарап, екі ракат намаз оқиды, одан кейін ішіндегі «Зәм-зәм» деген құдықтың жанына келіп, суын ішеді және беттеріне, бастарына себеді.

Мешіттен шыққаннан кейін, «Сафа» және «Маруа» атты екі кішкентай тау арасында жүріп, «сағи» етеді.

Содан кейін, сегізінші зулхижжаға дейін Меккеде тұрады, тілегендерінше   Қағбатулланы тауап және «сағи» етіп, игі орындарға зиярат етеді.

Сегізінші зулхижжада ертелеп қажылар әрқайсысы бір-бірлеп Мекке Мухаррамнан шығып, «Мина» жазығына барып жиналады. Ол жерде бір кеш қонғаннан кейін, тоғызыншы зулхижжада таң намазын оқығаннан кейін, «Арафат» тауына көтеріледі. Ол жерде бесін намазы уақыты болғаннан кейін жамағат боп, бесін мен екінті намаздары қосылып оқылады.

 

Арапа күнінде сіз білмейтін сыр көп

Алла Тағала ардақтаған әрі жасалатын құлшылықтарды артық еткен күндердің бірі – Арафа. Алайда, қарапайым халықтың көпшілігі бұл күнді құрбан айтқа дайындық немесе бауырсақ пісіріп, дастарқан қамын ойлайтын күн ретінде қалыптастырған. Шын мәнінде, Арафа күнінде ашылмаған құпия көп. Бұл күні армандарыңыз орындалып, жәннатқа жол табуыңыз да ғажап емес. Мақаламыз дәл осы Арафа күні туралы толығырақ ақпарат беруді көздейді… 

Арапа – зұлхижжа айының тоғызыншы күні әрі қасиетті Құрбан айт мейрамының алдындағы күн. «Арапа» сөзі «танысу», «білу» деген мағынаны береді. Яғни бағзы заманда Меккеден 20 шақырымдай жердегі Арафат жазығында адамзаттың атасы Адам (оған Алланың сәлемі болсын) мен Хауа анамыз табысып, танысқан. Бұл күні қажылық рәсімнің ең басты шарты – Аллаға ғибадат етілетін қасиетті орын саналатын Арафат жазығында тұру парызы атқарылады. Ал Пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың  оған салауаты мен сәлемі  болсын): «Қажылық дегеніміз – Арафат. Кімде-кім Арафатқа үлгерсе, қажылыққа үлгерген болады», – деген. (Әбу Дәуд, Тирмизи). Демек, кімде-кім Арафатта бір сәт те тұрмаса, қажылық ғибадатын орындамаған болып саналады екен. Қажылар қаншама жолды осы жерде дұға жасау үшін бағындырады. Арафатта болатын күн – қажылықтың шыңы. Қажылар бұл күнді тек қана дұға тілеумен өткізеді.

Кейін ғұсыл кұйынып, тазаланып, сол Арафатта құбылаға қарап, зікір айтып және тілектерін тілеп, дұға етеді. Күн батқаннан кейін, ақшам намазын оқымай, Муздалифа деген жерге келеді. Құптан намазының уақыты болғаннан кейін ақшам мен құптан намаздары қосып оқылады. Сол кешті Муздалифада өткізіп, таң намазын оқығаннан кейін сол жерде және тілек тілеп, дұға кылады.

Таң атқаннан кейін Минаға қайтып, ол жерде тиісті орында жеті мәрте «Жамраһ» тастарын атады. Әр тасты лақтырғанда, тәкбир айтады. Одан кейін, Минада құрбан шалып, садақа береді. Бұдан кейін ер адамдар шаштарын алып не қысқартып дұрыстайды. 10, 11, 12 зұлхижжада Мекке Мухаррамға қайтып, парыз болған тауапты өтеп, ихрамдарын тәмамдайды. Ихрамдары тәмам болғаннан кейін оларға ихрам уақытында істеуге болмайтын істердің күнәлі болмағандарын істеулеріне болады.

Мүсәпір болған қажыларға айт намазын оқу уәжіп болмайды. Сол үшін қажылардын көбісі айт намазын оқи алмай қалады. Егер уақытында үлгіріп жетіп қалса, Мекке не Минада оқиды.

Қажылар Меккеден шығып, үйлерін өбеді. Қағбаның «Муттәзәм» атты жерінде және оның пердесіне беттерін тигізеді, «Зәм-зәм» суын ішеді.

Зәмзәм – бітпес қайнар бұлақ. Оны Жәбірейіл (ғ.с.) қанатымен ұрып ашқан. Бұл бұлақтан нәресте Исмаил (ғ.с.) және анасы Хажар ішкен. Пайғамбарымыздың (Алланың  оған салауаты мен сәлемі  болсын) жүрегін жуған су да зәмзәм. Зәмзәм суының мың бір қасиеті бар.

Хадисте: «Жер бетінде ең жақсы су – зәмзәм суы. Ол әрі ас, әрі дертке шипа», – делінген. (Имам Бұхари). Тағы хадисте:  «Зәмзәм суын қандай ниетпен ішсең, соған жарайды[5]» деген, мен зәмзәмді ішкен кезде Алла Тағаладан пайдалы ілім сұрадым», – деген екен. Пайғамбарымыздың (Алланың  оған салауаты мен сәлемі  болсын) зәмзәм суын ішкені, дәрет алғаны және басына құйғаны жайлы дерек бар. Сонымен бірге, мес ыдыстарға құйып науқас адамдарға ішкізгендігі де айтылады.

Қағбатулладан және мүбәрак болған жерлерден айырылысатындарын естеріне түсіріп, жылап қоштасады. Дүние және ақырет мақсаттарын тілеп, көп дұға оқиды. Мешіттен шыққанда, беттерімен Қағбаға қарап, арттарымен шегініп шығып кетеді.

 

Қос шаһардың киелі орындарына зиярат ету

Қажыларға Мекке қаласы мен Мәдина Мунаууараға барып, Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (Алланың  оған салауаты мен сәлемі  болсын.) қабір-шарифі «Раузату-мутаһһарына» зиярат ету – үлкен мустахабтардың бірі.  Мекке, Мәдинада зиярат ететін жерлер және мүбәрак орындар өте көп. Әр жерді өз тәртібімен зиярат ету керек.

Екі қалада қажыларға зиярат ету әдептері мен ережелерін үйрететіп, түсіндіретін діни басқарма тарапынан  арнайы уағызшы имамдар бекітілген. Білмеген нәрселерді олардан сұрап, біліп алуы тиіс.

Қорыта айтқанда, ұлы сапарға ниет еткен мұсылман қауымы алдымен қажылыққа рухани һәм тән жағынан зор дайындықпен бару қажет.  Ел аман, жұртымыз тыныш болсын!

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38