Жаратқан Жаббар Хақ былай дейді: «Өздерің жақсы көргенді Алла жолына жұмсамайынша игілікке жетпейсіңдер» (Әл Имран, 92). Аяттың мәні пенде қашан мал-мүлкінің ең жақсыларынан қайырға, садақаға, зекетке бермейінше Раббының разылығына жетпейді дегенге саяды. Демек, Құдай Тағала разылығы үшін құрбандық шалғанда мұсылманның ықылас-ниеті, Иесінің әміріне бойсұнушылығы сыналады. Ибраһим пайғамбар (а.с.) сондай сынақтан өткен. Жалпы адамзатқа осы дүниеде мал-мүлік ақиреттегі азаптан сақтайтын қалқан, Алланың разылығына жетуге себепкер болуы үшін де берілген.
Төрт түлік малдан құрбанды не үшін шаламыз? Жалпы үй жануарларының жаратылысының сыры неде? Жануарлардың хұқығын адамдардікінен жоғары қоятындар айтып жүргендей оларды өлтіру қылмыс болып есептеле ме? Әлбетте, жоқ. Асылында, жер бетіндегі дүниелік қызықтар адамзат үшін жаратылды. Солардың ішінде төрт түлік те адамдардың мініс көлігі, киімі, жейтін асы болу үшін жаратылды. Бұл жайында Жаратушы Иеміз былай дейді: «Әрі Ол сендер үшін жылу (киім) мен пайда беретін түліктерді жаратты. Сондай-ақ сендер оларды жейсіңдер» (Нахыл, 5). «Һәм Біз әрбір үмбетке өздеріне ризық етіп берген түлік малдары арқылы Алланың есімін естеріне алулары үшін құрбандық орнын жасадық. Құдайларың бір Құдай. Оған мойынсұныңдар» (Хаж, 34).
Осылайша мұсылмандар құрбанды Құдай Тағаланың разылығы үшін әрі Оның әмірімен ғана шалады. Бұл жағынан алып қарағанда олар табиғи тепе-теңдікті бұзушы емес, керісінше, иләһи заңдылықты қалтқысыз орындаушылар.
Алла Тағала жануардың қанының аққанын, оның еті мен терісіне мұқтаж ба? Әлбетте, жоқ. Керісінше, біз – Құдайдың құлдары, Раббымыздың разылығына жету үшін осы құрбандықтарды шалуға мұқтажбыз. Қасиетті аятта айтылғандай Жаратқан Иеге керегі ол емес, пендесінің ақ пейілі, ықылас-ниеті ғана. Хақ Тағала былайша баяндайды: «Аллаға олардың еттері де, қандары да жетпейді. Алайда Оған сендердің тақуалықтарың ғана жетеді» (Хаж, 37).
Расында да, Құдай Тағала үшін маңыздысы құлшылықтың формасы емес, мағынасы. Пенденің ықылас-пейілі, тақуалығы басты назарда болмақ. Абайша айтқанда:
Алла деген сөз жеңіл,
Аллаға ауыз жол емес.
Ынталы жүрек, шын көңіл,
Өзгесі Хаққа қол емес!
Сондықтан да шын мұсылман бұл пәнидің сынақ екендігін, ал ақиреттегі жәннатқа жетудің жолы жеңіл еместігін терең ұғынады. Құлшылық амалынан алдын ниетінің шынайы болуына үлкен мән береді. Құрбан шаларда алдымен Раббысының разылығына деген ынта-қыласын күшейтіп, сосын малдың ең жақсыларының бірін таңдайды. Оның етін тек өзі ғана жемей, алдымен мұқтаж жандар мен туыстарға, көрші-қолаңға да ауыз тигізуді көздейді.
Құрбан шалу Алла Тағаланың берген сансыз нығмет-несібелеріне әрі жылдан жылға аман-есен жеткенге шүкіршілік ретінде һәм жыл бойы жіберген күнә-қателіктерді жуу үшін орындалатын ғибадат. Сондай-ақ, мұсылман шалған малының етінен бала-шағасына, ағайын-туысына, көршілеріне таратады, кедейлердің де аузы қызылға тиеді. Сол арқылы қоғамдағы береке-бірлік, ынтымақ, жанашырлық, ағайындық, татулық арта түседі.
Шариғаттағы үкімі
«Құрбан» сөзі араб сөзі. Мағынасы «жақындау» дегенді білдіреді. Демек, мейіріміне лайықты ізгі істер жасау арқылы Жаратқанға жақындау. Ал құрбан шалу шариғаттағы анықтамасы «Құдайға құлшылық ниетімен ереже-шарттарын ескере отырып мал шалу». Араб тілінде айтта сойылатын құрбандық мал «ұдхия» деп, ал айттың өзі «ъидул-адха» деп аталады. Ал түркі халықтарында «құрбан шалу», «құрбан айты» сөздері қолданылады.
Ислам дінінде құрбан шалу һижраның екінші жылы міндеттелді. Осы жылы нәзіл етілген аятта Алла Тағала: «Раббыңа намаз оқып, құрбан шал!» – деп бұйырды. (Кәусар сүресі, 2). Пайғамбар (с.а.с.) сахабалары бұл ғибадаттың мәнін сұрағанда: «Құрбан шалу – Ибраһим (а.с.) бабаларыңның салып кеткен жолы. Құрбандыққа шалған малдарыңның әрбір тал қылшығы үшін сауап аласыңдар», – деп жауап берген.
Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.с.) жыл сайын үзбей құрбан шалып отырды. Ханафи фиқһ ғалымдары бұл бұйрықтың мұсылман үмбетіне де қатысты екенін айтып, құрбан шалуды уәжіп (міндетті құлшылық) ретінде қарастырған. Бұны Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен хадисте Пайғамбар (с.а.с.): «Жағдайы бола тұра құрбандық мал шалмаған кісі біздің мешітімізге жақындамасын», – деп қатаң ескерткен.
Құрбан шалу кімдерге уәжіп?
Балиғат жасына толған, ақыл-есі түзу, зекет беретін мал-мүлік мөлшеріне ие, жолаушы емес әрбір мұсылманға құрбан шалу уәжіп. Зекет беретін мөлшер 85 грамм алтынға, яки соның құнына тең келетін қаражат. Құрбан шалу уәжіп болуы үшін осы мөлшердегі қаражаттың бір жыл бойы қолда болуы шарт емес. Құрбан айты қарсаңында болса да жеткілікті. Ал осы мөлшердегі қаржысы болмаса да басқалармен бірігіп ірі қара шалса, не жеке өзі қой шалса, құрбандығы қабыл.
Қандай мал шалынады?
Құрбандыққа бір жасар қой-ешкі, екі жасар сиыр, бес жасар түйе шалынады. Сойылатын мал арық, ақсақ, соқыр, құлақсыз шұнақ, мүйізі сынған болмауы керек. Әртүрлі кемшіліктерден ада, толыққанды түлік болуы тиіс. Құдай жолында ең жақсы малды шалмай разылыққа жетуді ойлаудың өзі әбес іс. Әли Имран сүресінде Жаратқан Ие былай деп ескертеді: «Өздерің жақсы көргенді Алла жолына жұмсамайынша игілікке жетпейсіңдер».
Әнес сахаба (р.а.) Алла Елшісінің (с.а.с.) құрбандыққа мүйізді, ақ ала екі қошқарды тәкбір айтып өз қолымен шалғандығы туралы жеткізген. Қой-ешкі бір адамның атынан шалынады. Ірі қара малды жеті кісі бірігіп шалуға болады. Шамасы жеткен адам өз атынан бірнеше мал шалса да болады. Құрбандық малды басын құбылаға қаратып, «Бисмилла, Аллаһу әкбар!» деп бауыздайды. Құрбандықты айттың үш күні шалуға болады.
Қашан шалынады?
Құрбандық айт намазынан соң шалынады. Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Біз алдымен айт намазын оқимыз, сосын құрбан малымызды шаламыз», – деген.
Құрбан айт намазынан кейін бастап, айттың үшінші күнінің ақшам уақытына дейін шалса болады.
Шымкент қаласы орталық мешітінің баспасөз қызметі