Кеше, яғни 19-шы наурыз күні Мақтарал аудандық «Нұғман» мешітіне Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Республикалық ислами діни бірлестігінің жанынан құрылған Республикалық ақпарат- насихат тобының мүшесі, белгілі ғалым Ерсін Бекайдарұлы Әміре келді. РАНТ мүшесінің насихатын тыңдауға ауданның түкпір- түкпірінен халық жиналып, мешіт іші жамағатқа толы болды. Алғы сөзді Аллаға мадақ, Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға салауатпен бастаған ұстаз Ерсін Әміре әрбір жанызаттың өліммен қауышатынын,яғни, адамдардың дүние салардағы соңғы демі жайлы уағызбен бастады. Екі сағаттай уақытқа созылған уағыз ішінде: Құранның ұлықтығы, қазіргі заманғы діни ахуалдарды талқылау, Пайғамбар (с.а.с) салып кеткен сара жол- соның ішінде көркем мінезділік, іштарлық пен тәкаппралықтан айығу секілді тақырыптар қозғалды. Көңілге қонымды насихатымен жамағатты өзіне баураған ұстазымыз соңғы сөзінде ел үшін, дін үшін жан ұшыра қызмет атқарудың маңыздылығын атап өтті. Уағыз- насихат соңында мешіт жамағаттары арасынан: спирттік өнімдер мәселесі, діни экстремизммен күресу жолдары, тәлкіге түскен тағдыр мәселелері секілді бірнеше сұрақтар қойылды. Жамағат әрбір сұрақтарына толыққанды жауап алды. РАНТ, ЖАНТ топ мүшелерінің кездесуі алдағы уақыттарда жалғасын табады деген сенімдеміз.
Мақтарал аудандық «Нұғман» мешітінің баспасөз қызметі