«Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық Заң 2007 жылы 4 маусымда қабылданды. Осы Заңға сәйкес жыл сайын 4 маусым Қазақстан Республикасында Мемлекеттік рәміздер күні ретінде мерекеленеді.
Мемлекеттік рәміздер – бұл кез келген мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін, оның ажырағысыз атрибуттарының бірі. Қазақстан Республикасында Мемлекеттік ту, Мемлекеттік елтаңба және Мемлекеттік әнұран мемлекеттік рәміздер болып табылады. Мемлекеттік үш нышанды таңдау үшін 1992 жылдың басында Жоғарғы Кеңес президиумы жұмыс тобын құрып, арнайы шығармашылық комиссия тағайындады. Оның құрамына Салық Зиманов, Ербол Шәймерденов, Серікболсын Әбділдин, Серік Әбдрахманов және т.б. қайраткерлер кірді. Осыдан кейін бүкіл Қазақстан көлемінде Елтаңба, Ту, Әнұран нұсқаларына конкурс жарияланды. Бір ғана тудың өзіне 600 адамнан 1 200 нұсқа түссе, Елтаңбаның 245 жобасы, әнұранның 750 үлгісі байқауға қатысты.
Эстетикалық сипатымен де, тарихи, саяси, экономикалық символизмге сәйкес келуі бойынша да үздік туынды ұсынған байқау жеңімпаздарын қазір халық мемлекеттік нышан авторлары ретінде таниды.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік туы – ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тік бұрышты көгілдір түсті мата. Тудың сабының тұсында ұлттық өрнек тік жолақ түрінде нақышталған. Күн, оның шұғыласы, қыран және ұлттық өрнек бейнесі алтын түстес. Ту – мемлекеттің егемендік пен біртұтастықты білдіретін басты рәміздерінің бірі. «Флаг» термині «vlag» деген нидерланд сөзінен шыққан және белгіленген көлем мен түстегі, әдетте елтаңба немесе эмблема түрінде бейнеленген, діңгекке немесе бауға бекітілген мата ұғымын білдіреді. Ту ежелден елдің халқын біріктіру және оны белгілі бір мемлекеттік құрылымға сәйкестендіру міндетін атқарып келеді.
Тәуелсіз Қазақстанның Мемлекеттік туы ресми түрде 1992 жылы қабылданды. Тудың авторы – белгілі суретші Шәкен Ниязбеков.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы – дөңгелек нысанды және көгілдір түс аясындағы шаңырақ түрінде бейнеленген, шаңырақты айнала күн сәулесіндей тарап уықтар шаншылған. Шаңырақтың оң жағы мен сол жағында аңыздардағы қанатты пырақтар бейнесі орналастырылған. Жоғарғы бөлігінде – бес бұрышты көлемді жұлдыз, ал төменгі бөлігінде «Қазақстан» деген жазу бар. Жұлдыздың, шаңырақтың, уықтардың, аңыздардағы қанатты пырақтардың бейнесі, сондай-ақ «Қазақстан» деген жазу – алтын түстес.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік елтаңбасының авторлары – белгілі сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы дөңгелек нысанды. Бұл – Ұлы дала көшпенділері айрықша қастер тұтқан өмір мен мәңгіліктің символы.
Бұрын «Менің Қазақстаным» әні ретінде танымал болған Қазақстанның гимні тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша 2006 жылы 6 қаңтарда еліміздің Парламентінде бекітілді. Бірінші рет ол 2006 жылы 11 қаңтарда Мемлекет басшысының салтанатты ұлықтау рәсімінде орындалды.
Музыкасы – композитор Шәмші Қалдаяқовтікі, сөзі – Жұмекен Нәжімеденов пен Нұрсұлтан Назарбаевтікі.
Әнұран – мемлекеттің басты рәміздерінің бірі. Гректің «gimneo» сөзінен шыққан «гимн» термині «салтанатты ән» деген мағынаны білдіреді. Әнұран ел азаматтарын тиімді әлеуметтік-саяси тұрғыдан топтастырып, этномәдени тұрғыдан теңдестіру үшін негізгі мәнге ие, маңызды дыбыстық рәміз саналады.
Тәуелсіз Қазақстанның тарихында еліміздің мемлекеттік әнұраны екі рет – 1992 және 2006 жылдары бекітілді. Мемлекеттік рәміздер күнінде Туымызды, Әнұранымыз бен Елтаңбамызды құрметтеу, оны халыққа дәріптеу сынды игі іс-шаралар жүзеге асады. Ұрпақты ұлтжандылыққа, отаншылдыққа тәрбиелеуде айтулы күнінің маңызы ерекше.
Асыл дініміз Ислам рәміздерге ерекше мән береді. Ислам дінінің ардақты пайғамбары Мұхаммед с.а.с мұсылман жандар үшін маңызды оқиғалар кезінде ту мен жалау ұстаған. Хадис ғалымдары өз кітаптарында ту мен жалауға қатысты арнайы тарау арнаған. Отан – құрмет пен бағалауға лайықты құндылық. Әнұранымыз шырқалғанда орнымыздан тұрып, құрмет көрсететініміз сондықтан. Бұл – мұсылман мемлекеттерінде көрініс тапқан жақсы үрдіс. Шариғатымыз мемлекеттік ту көтерілгенде, әнұран орындалғанда құрмет көрсетуге рұқсат береді.
Мемлекеттік рәміздер – әр азаматқа ерекше жігер мен патриоттық сезім сыйлайтын құндылықтар. Көк туымыз көкте желбіреп, әнұранымыз әркез шырқалып, елтаңбамыз елдігіміз бен бірлігіміздің символына айналғай.
Алла Тағала ұрпағымызды иманды, ұлтжанды етіп, еліміз бен жеріміздің болашағы жолында аянбай еңбек ете беруін нәсіп еткей. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, халқымыз ғұмырлы болғай.
А. Жолдасқызы,
Шымкент қаласының дін істері
басқармасы«Дін мәселелерін
зерттеу орталығы» КММ маманы
ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі