Бүгін ҚМДБ-ның діни білім және кадр дайындау бағыты бойынша Шымкент орталық мешітінде 2022 жылғы балаларға арналған жазғы лагерлер мен діни сауат ашу курстары ашылу мәжілісі ұйымдастырылды.
Мәжіліске Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Шымкент қаласының бас имамы Бақдаулет Абдрахманов, қалалық дін істер басқармасының бөлім басшысы Ғалымжан Тахирұлы, «Шымкент» медресе-колледжінің директоры Талғат Әсембай, найб имам Мұсабек Ақтамберді, қалалық діни оқу ағарту саласына жауапты маман әрі найб имам Қазыбек Сарыбаев, қалалық «Дархан дала» отандық туризм саласы бойынша жетекшісі, шаһар бас имамының орынбасары, дінтанушы-магистр Мұхамеджан Естеміров, «Тауаф» қажылық компаниясының қалалық бөлімінің жетекшісі Азамат Әбдіркемұлы, қалалық әдеп кеңесінің жетекшісі Бекайдар қажы Әміре және «Әйел-қыздар» сектерінің мүшелері мен мешіт имамдары, ұстаздары қатысты.
Мәжілісті шаһар бас имамы Бақдаулет қажы Нұрматұлы ашып, жүргізіп отырды. Шара аясында қалалық діни оқу ағарту саласына жауапты маман әрі найб имам Қазыбек Сарыбаев «Жазғы діни сауат ашу курс жұмыстарын жүйелеу» тақырыбы аясында баяндама оқыды. Онда арнайы сынып бөлмелері мен оқу құралдарымен жабдықтау, қатысушылардың, шәкірттердің жол қауіпсіздігі сынды қажетті ақпараттар берілді.
Сондай-ақ, шаһар бас имамы Бақдаулет қажы Нұрматұлы барша қатысушыларға ҚМДБ-ның діни білім және кадр дайындау бөлімінің меңгерушісі Смайл Сейтбековтың тарапынан әзірлеген «Балаларға жазғы лагер курстарының оқу бағдарламасы» құжатын таныстырып, жазғы курстарда осы құжат негізінде жұмыстар жүргізілетінін атап өтті.
Жалпы, биылғы жылы қала бойынша 88 мешіттің 65 мешітінде балаларға арналған күндізгі жазғы лагерлер мен діни сауат ашу курстары ұйымдастырылады.
ҚМДБ-ның Шымкент қаласы бойынша баспасөз қызметі