Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақ елін күллі мұсылман қауымының қасиетті мерекесі Ораза айтпен құттықтады. Мемлекет басшысының құттықтауы Ақорданың ресми сайтында жарияланды.

«Сіздерді барша мұсылман қауымы үшін қасиетті Ораза айт мейрамымен шын жүректен құттықтаймын! Отыз күндік оразадан кейін келетін бұл мерекені халқымыз қашанда ерекше сезіммен, зор қуанышпен қарсы алады. Рухани тазаруға және кемелденуге бастайтын Рамазан айын ұлықтап, бір-біріне ізгі тілектерін арнайды.

Ораза айт әр мұсылманның жүрегіне имандылық нұрын себеді. Жұртты жақсылық жасауға, қанағатшыл, қайырымды және кешірімді болуға үндейді. Біз халқымыздың осындай бірегей қасиеттерінің арқасында бірлігімізді бекемдеп келеміз.

Исламның асыл құндылықтары Жаңа Қазақстанның да руханиятын өркендетуге септігін тигізері сөзсіз. Айт қабыл болсын!» делінген Президент құттықтауында.

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38