Бүгін, 1-мамыр Қазақстан халқының бірлігі күні және Ораза айт мерекесі қарсаңында Шымкент қаласы әкімідігі мен Шымкент орталық мешітінің мұрындық болуымен отыз күн ораза бойы ұйымдастырылған республикалық «Рамазан қоржыны» атты қайырымдылық шарасының қорытындысы жария етілді.
Игі шараға Шымкент қаласының бас имамы Бақдәулет Абдрахманов, найб имамдар Мұсабек Ақтамберді, Мұхамеджан Естеміров, Қазыбек Сарыбаев, Омар Сәлімбеков, іс басқарушы Азамат Әбдікерімұлы, қалалық «Зекет және қайырымдылық» қорының жетекшісі Айбек Азимбаев т.б. жауапты тұлғалар қатысты.
«Шаһар әкімдігімен бірлесіп дәстүрлі түрде өтетін ауызашар дастарқаны орнына азық-түлік түрінде мұқтаж және көпбалалы отбасыларға қайырымдылық себетін үлестіру бастамасы жүзеге асырылды. Бұл игі бастамаға қаладағы барлық кәсіпкерердің қолдауымен күн сайын эстафета түрінде 500-1000 мұқтаж отбасыларға «Рамазан қоржыны» себеті таратылады. Оның ішінде күріш, қант, өсімдік май, шай, ұн, макорон, тәттілер, құрма т.б. салынған. Осы игі шараға қолдау көрсеткен барша жомарт жандарға алғыс айтып, ризалық білдіремін», – деді Бас имамы Бақдаулет Нұрматұлы.
Айта кетсек, биылғы жылы қасиетті Рамазан айындағы қайырымдылық шараларды үлестіру, тарату үшін 5 орын белгіленді. Жалпы, қала бойынша жасалған қайырымдылық шаралардың қорытындысы бойынша 32 мың отбасыға қайырымдылық көмек көрсетілді.
ҚМДБ-ның Шымкент қаласы бойынша баспасөз қызметі